«ЖҮЙЕЛІ СӨЗ – ЖҮЙЕСІН, ЖҮЙЕСІЗ СӨЗ – ИЕСІН ТАБАДЫ…»
02.09.2016
6430
0

e2ae3f70498235104e3337dc5095efdeЖазушылар одағы төңірегінде дау-дамай, талас-тартыс кешегі кеңестер кезінде де толастаған емес. Сол кезеңдердегі Одақ басшыларын, ұлттық әдебиетіміздің өрістеуіне қалтқысыз қызмет еткен даңқты тұлғаларымызды жікшілдік пен топшылдықтың көрігін қыздырушы бекбикелер түрлі алыпқашпа, өсек-аяңның ауласына аз қамаған жоқ еді. Біздің қайсыбір қаламгерлеріміз сол «аурудан» әлі де айықпағанға ұқсайды. Осындайда «Аяғы лас адам есіктен төрге дейін былғайды, аузы лас адам бесіктен көрге дейін былғайды» деген мәтел еріксіз еске оралады…

Таяуда сол бір белгілі топ «болмағанды болды» етіп Қазақстан Жазушылар одағы төңірегіндегі еш дәлелін таппаған «ескі әуенге толы ескі пластинканы» қайта қойыпты. Осыған дейін бұл алыпқашпа әңгімелерге Құрылтайда, Пленумдарда, қаламгерлердің жекелеген жиындарда Одақ басшысының тарапынан әлденеше рет жауап берілген. Жазушылар ұйымын әр саққа жүгіртіп, қалың оқырман қауымды адастыра алмай әлекке түсіп жүрген сол санаулы қаламгерлер «берген жауапты ел ұмытып үлгерген шығар» дегендей, араға екі-үш жыл салып ара-тұра бас көтеріп қояды. Ешнәрсе де ешқашан ұмыт қалмайды.

Бәрі де ел есінде. Әгәрәки, сол дау қуып жүрген дәукестердің өздерінің есінен шығып кеткен болса, еске салайық.

2012 жылдың 25 маусымы күні Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өткен «Кеңістік. Қоғам. Қаламгер» атты басқарманың төрт көзі түгел жиналған VІ Пленумындағы қорытынды сөзінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин нақты жауап берген болатын. Соны оқырман назарына қайыра ұсынып отырмыз.

 

ОразалинНұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы

 

Қадірлі әріптестер! Бүгінгі пленум талқысына ұсынылған бі­рінші мәселеге орай, мінбеге кө­теріліп, жиырмаға тарта қа­лам­гер-әріптестеріміз өз ойларын ортаға салды. Бес сағатқа со­зылған мәжілісте сөй­леу­ші­лерге барынша мүмкіндік бе­ріл­ді, сөзге жазылған 38 жазушының қал­ған 18-і бізді айыпқа бұйыр­мас деп ойлаймын… Сөз жетпей қал­ған ағайындар өз ойларын ба­сылым беттерінде жариялап, құн­ды-құнды пікірлері мен ұсы­ныстары болса, ортаға салулары­на болады…

Енді… Баяндаманы талқылау ба­­рысында айтылған кейбір пі­кір­­лер мен тілектерге, сын-ес­керт­­пелерге, сондай-ақ, әдеби ор­­тада жинақталып қалған қай­сы­­бір пікірлерге тоқталып, анық­­тама айтуға, жауап беруге рұқ­сат етіңіздер!

Бірінші – бірер айдан бері үз­діксіз айтылып, секретариат пен төраға атына бағышталып ке­ле жатқан «Бір жылда 42 қа­лам­герге халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығы бірден берілді» де­ген әңгіме туралы. 42 сыйлық еке­ні рас! Бірақ бір жыл емес, бұл сыйлық соңғы бес жылға тарта мер­зім ішіндегі шығармаларға бе­рілген сыйлық. Бұрынғы сый­лық­тар да, орташа есеппен, жы­лы­на 8-10 шығармаға берілетін. Бұл жолы ұйымның 75 жылдығы мен қаржы дағдырысы қалып­тас­тырған кедергілерге қарай, сый­лық мерзімінен көп кешігіп бе­рілді. Сыйлықтардың жалпы саны 42 болғанымен, жылдарға шақ­қандағы саны 8-9-дан аспайды.

Екінші – әдебиетке есімдері белгісіз біреулерді, белгісіз жас­тарды «топырлатып» аласыздар деген сөз де ара-тұра бас көтеріп, соңғы қабылдауда 70-ке тарта адам­ды бір-ақ алыпсыздар» деген «гу-гу» әңгіме…

Мұнда да үш жылдан астам уа­қыт қабылданбай, жатып қал­ған, шығармашылық кеңестері мен мүшелікке қабылдау комиссиясы созыңқырап алғаннан бол­ған «әттеңнің» бары рас. Жыл­ға шаққанда 23-25-тен ке­леді. Бір айта кететін нәрсе, сый­лық та, мүшелікке қабылдау да Оразалиннің «айттым-біт­ті­сі­мен…» жүрмейтіні. Іріктеу, сұ­рып­тау жұмыстары болады. Тө­рағаға  дейін  кепілдеме бе­ру­­ші­лер жауапкершілігі мен шы­ғар­ма­шы­лық кеңестер тал­қы­сы, онан соң комиссия отырысы болатынын неге ұмы­та­сыз­дар? Ұйым жұ­мысы, жарғы нормаларына сай, коллегиялды түрде, демок­ра­тиялық жолмен талқылау, дауыс беру үлгісімен атқарылады. Секретариат пен төраға алдына жет­кенше, мәселе осындай «тар жол, тайғақ кешуден», яғни біраз сүз­гіден өтетінін ескеру керек. Оның үстіне жар­ғыда да, республика заңдарында да мұндай мә­селеде шек қою көрсетіл­ме­ген.

Иә. Әдебиет – аламан. Аламан тәртібі – «жүзден – жүйрік, мың­нан – тұлпар» озу. Одақ мү­шелігіне қабылдауда жастарды көбірек тартуымыздың себебі де осында. Әдебиеттің тынысын ашып, айдынын кеңейту. Тоқса­ныншы жылдардың соңында да мұндай сынды естігенбіз… «35 жасты бір Форумның тұсында бір-ақ  алдың» деген мін тағылған болатын… Сол жастар – бүгінде сөз өнерінің жүгін көтеріп жүр. Дарындылар! Маралтай, Жарас, Әмірхандардың тобы солар!..

Үшінші – Шығармашылық үй туралы.

Үй орнында. Ешкім ешқайда көшіріп әкеткен жоқ. Бұрын жал­ға берушінің есебінен 10 бөл­мені жазушыларға жеңіл­де­тілген бағамен ұстадық. Үш мер­зім тамағы, жеке бөлме, телефон байланысы, тоңазытқышы бар, күндік бағасы – 2500 теңге болатын. Қалған қыруар шығын, егер үш жұлдызды қонақ үйдің есебімен айтар болсақ, күндік бағасы 10 000 теңге деген күннің өзінде, Одақтың иығына әр күн 7500 теңге шығынға түсіп отырды. Біздің ағайындар сол күндік шығыны 2500 теңге тұратын қар­жының өзін қымбат көрді. Өзін-өзі қаржыландырып, өлі­нің ақтық міндетін, тірінің мерейтойын атқаруды мойнына алып, материалдық көмекті былай бе­ріп, ғимараттарды сақтау мен үш басылымның, Орталық Аппарат қызметкерлерінің ай­лық шы­ғы­нын, мұның сыр­тын­дағы қарас­ты­рылмаған өзге де шы­ғын­дар­ды жауып отыру оңай шаруа емес. Осының бәрі – бюджет есе­бінен (мемлекеттік тап­сы­рыс­тан бөлек) бес тиын ал­май­­тын қо­ғамдық ұйымның иығында тұр­ған жүк…

2007 жылдың қыркүйегінде кіріс-шығысымызды түгендей оты­рып, екі жылдай ұйымның мой­нына «масыл» болған он бөл­м­енің тағдырын біржола шешуге бел будық. Екі жыл ішінде небәрі 12 адам ғана әлгіндей мөл­­шердегі шығынмен Шығар­ма­шылық үйдің есігін ашып, аз-кем аялдады. Бұл шығын Жа­зу­шылар одағына тиімсіз бол­ды. Сондықтан хатшылық­тың ұйға­рымымен Шығарма­шы­лық үй жалға алушыларға то­лы­ғымен берілді. Жалдан түс­кен қаржы әр тиынына дейін есеп­теліп, ұйым тіршілігіне жара­тылып келеді. Осында бір жазу­шы ағамыз (Қаб­деш Жұма­ділов) сөз арасында: «қаза берсе, табылады…», – деп қалды. «Басқа тартса  аяқ­қа, аяққа тартса бас­қа жетпей» ілділдалап, әр шы­ғы­нын әзер жауып келе жат­қан қалам­герлер ұйымының «жоқ үстінде отыр­ған» тіршілі­гі­нен жасырып-бүгер ештеңеміз жоқ. Жа­қында ұйымның есеп-қиса­бын, кіріс-шығысын, бар-жоғын түгендеген үлкен тексеру болды. Төрт айға жуық табандатып оты­рып жүргі­зілген арнайы мемле­кеттік құры­лымдар (фискальды орындар) қорытындысын жария етіп, мәресіне жетті. «Қазу» деген сөздің ар жағы белгілі, тексеру ғой. Ондай індетіп қазу, тек­серу өтті. Бұл тексеру «реви­зия­лық комиссияның» жұмысын жеңілдетіп берді-ау деп ойлаймын. Ұйымның есеп-қисабы да, ұйым басшылығының қолы да, ары да таза… Алаңдамаңыздар!

Ұзын сөздің қысқасы, Елбасы шешімімен, Жазушылар ода­ғына 49 жылға ақысыз негізде пай­далануға берілген ғимараттар заңға сәйкес жалға беріліп, мем­ле­кетпен жасалған шарт бойынша өз мақсатына сай, яғни ұйым­ның жарғылық міндеттерін жү­­зеге асыруға бағытталып ке­леді. Ендігі бір қалың елдің құл­а­ғын елеңдетіп, жиі-жиі айтылып жүрген әңгіме – Оразалин мына қызметте 16 жыл отыр деген сөз. Рас! Үстіміздегі жылы, мен осы қызметке келгеніме 16 жыл толады. Мен бұл қызметті жалынып, жалбарынып ешкімнен сұрап алған жоқпын. «Маған дауыс беріңіз, мені сайлаңыз» деп қайсыңыздың алдыңызға бардым? Төрт көзіңіз түгел отыр­сыздар, айтыңыздаршы! Үш құрылтай өтті… Алғашқы екі құ­рылтайда баламалы негізде, соңғы құрылтай ашық дауыспен, ба­ламасыз негізде сайладыңыз­дар. Өздеріңіз солай шештіңіздер. Еш­кім зорлаған жоқ. Бәрі қалам­гер­лердің еркімен болды. Алғаш­қы екі сайлауға түскен әріптес­те­рім­нің қай-қайсысы да осы қыз­метті атқаруға лайықты, әде­биетте өз орындары бар талантты қаламгерлер еді…

Екі сайлауда да шардың басын маған бұрдыңыздар. Сеніп сай­ладыңыздар. Сенімді ақтау­ға мен де күш салдым. Не бітті? Қа­лай бітті? Нені атқардым? Қа­лай атқардым? Бәрі көз алда­рыңызда өтіп келеді…

Тоқсаныншы жылдардың то­палаңында тоз-тозы шығып, шаңы­рағы ортасына түсе жаз­да­ған ұйым тіршілігі мен қаламгер тағ­дырын ұмыта қоятындай бол­дық па?! Сол тұста – ұйым басы дауға түскен жылдарда қасымда жүрген, мені қолдаған, ақыл-кеңестерін берген, тіпті күш бі­рік­тіріп, сотқа да, отқа да бірге бар­ған аға буын ақсақалдары­мыз­­дың көбі бүгін арамызда жоқ. Ел арасындағы атақ-абы­рой­ларын алдыға салып, қажетті же­рінде биліктің ең жоғарғы са­тысы – Елбасы алдына дейін бар­ған сол ағаларымызды қалай ұмы­туға болады? Дүниеден ерте­рек кеткен қатарлас, өкшелес әріп­тестерімді де жиі-жиі еске ала­мын… Аруақтары риза болсын бәрінің!

Мен мұны неге айтып отыр дейсіздер?..

Соңғы бір-екі жыл ішінде әр­ түрлі басылымдарда, әрқилы бас­қосуларда «Оразалин ұзақ отыр­ды, орнын бергісі жоқ» де­генді желеу етіп, орынсыз әңгіме айтушылар пайда болды. Оны ай­тушылар, өкінішке орай, қиын кезде ұйым тағдырына сел­­соқ қарап, тіпті ұйымның та­рап ке­туін тілеп, қарсы ағыс ішін­де жүргендер. Онда, әрине, ша­ңы­рағы ортасына түсудің ар жақ-бер жағында жүрген, ыды­раудың сәл-ақ алдында тұрған ұйым әлгі шіркіндерге керек бо­ла қойма­ғаны, рас. Енді… Жағдай өзгерді. Одақ, иығын сілкіп, өмір­ге қайта келді! Түледі. Үй қайт­ты. Ғима­рат­тары күрделі жөндеуден өтті. Елбасы қол­дауы­ның арқасында қолдан шы­ғып кеткен үш бірдей әдеби ба­сы­­лым («Қазақ әдебиеті», «Жұл­­дыз», «Простор») Одақ ие­лі­гіне қайта оралды. Жазушылар одағының тұрмысы да, жұмысы да жанданды.

Өзгерген ұйым мен қайтқан ба­сылымдары бар ықпалды төр­ге қызығушылар көбейді. Турасын айтсақ, Жазушылар одағы айналасындағы әңгіменің қара көрігін үрлеушілер – осылар. Қа­зақта «Күн ашықта – мойның­да, күн тұтылса – қойныңда» дей­тін сөз бар. Менің ойымша, дау атаулының көзі – «өзгерген, жаңарған ұйымды кім бас­қара­ды? Тізгінді қайтсек қолға аламыз». Осы!

Қаламгерлер қауымына айтарым – осындай пиғылды дәу­кестер мен күйе жағушылардан сақ болу. Қиын кезде өз ұйымын қорғау қолынан келмеген «күн тұ­тылғанда аулақтап», «күн
ашы­л­­ғанда жалпақтап» жаны­мыз­дан табылатындардың ұйым­ды бас­қарып, опа береді де­ген­ге сенуге бола ма?! Болмайды!

Адам білмейтін «жолбике» га­зеттер біресе Жазушылар ода­ғына, біресе ұйымның арғы-бер­гі тарихына, тарихи тұлғаларға тас атты. Алыптарымыздың ар­уа­­ғын қозғады, қорлады. Ауыр-ауыр сөздер айтты. Кекету мен мұқатудың, «жаптым – жала, жақтым – күйенің» алуан-алуан қи­тұрқылықтары іске қосылды. Қазақтың тініне түсетіндей ала-құла, алашұбар пікірлер жиіледі. Айтуға келгенде, сол сөзді айтуға ауыздары барған әлгі ойы дүм­білез пенделер аруақты ұйымды қорлау арқылы өздерін өзі қор­ла­ғандарын, өз кәсіптерінің қа­дірін өздері кетіргендерін біле ме? Әй, қайдам?! Білмейді ғой!.. Көзі көруден, құлағы естуден қал­ған ондай жазушысымақтарға не айтуға болады?!

Осындай «қорлау», «жаралау» бағытында менің де атыма біраз тас атылып, күйе жағылып келе­ді. Он алты жыл ішінде атқарыл­ған істің бәрін жоққа шығарып, қай­дағы бір «мәңгі төраға» деген не­гізсіз жалған әңгімені ойлап тауып, ағаш атқа теріс қаратып отыр­ғызғылары бар… Өтіріктің аты – өтірік! Ол бола қоймас. Өті­рік ешқашан өрге баспайды. «Мәң­гі төраға» дейтін әңгіменің не­гізсіз екені жайлы неше дүркін ай­тылды. Қайталап жатқым кел­мейді. «Қамқорлық кеңесі» мен «Құрметті төраға» дейтін нор­малардың да ұйымға қажет екені, оны заңды түрде Жарғы­ның соңғы редакциялық нұсқа­сы арнайы шақырылған конференция делегаттарының жүз пайызға жуық дауысымен бекі­тіл­гені белгілі. Ол туралы да қай­­талап жатуды қажет көрме­дім. Өткен жиында да айтылды. Газетке де жарияланды…

Жә! Алланың пешенеге жаз­ғаны жазушылық дейтін кәсіп екен. Көнуге тура келеді, әрине… Төраға болу, болмау, әрі-беріден соң осы отырған ұйым мүшелері­нің қолындағы шаруа! Сайлау, сайламауды сіздер шешесіз­дер…

Қаласаңыздар отырамыз. Ұйым шаруашылығымен айна­лы­сып, тәртені қайта мойынға ілеміз. Басқаны сайлап жат­саңыз­дар, тілегімізді айтамыз, бітпей жатқан қаншама қыруар іс бар… Тапсырамыз. Жолын ай­та­мыз. Қолдан келген көме­гі­міз­ді береміз. Түптеп келгенде, мә­селе бір-ақ нәрсеге тіреледі – әдебиеттің ел өмірі мен қоғам­да­ғы орнын жүдетіп алмау үшін кү­ресе білу! Сол күресте қалам­гер­лер ұйымының орны айрық­ша екенін ұмытпауымыз қажет. Ұйымның Жарғысы бар. Сол жар­ғыға сай басшысын сайлап, қосшысын анықтау – парыз. Сол жарғы аясында әрекет жасап, қо­ғаммен диалогқа шығып отыруымыз қажет… Билікпен де жүйе­лі, бағдарлы жұмыс жүр­гі­зіп, әдебиеттің, әдебиетшілер қауымының ел өміріндегі мін­детін анықтап, жазушылар­дың өлі-тірісін түгендеу – парыз.

Ең бастысы, ұлт әдебиетін өріс­тету үшін аянбауымыз керек! Осының бәрін атқару табан­дылықты керек етеді.

Жазу – осы отырған қай-қай­­­сымыздың да тағдырымыз. Мен де осы ортаның бір мүше­сі­мін. Қолына қалам ұстаған, өз тағ­дырын Сөз дейтін киелі де қа­сиетті өнерге байлаған адам­дар­дың бірімін! Жүйелі сөздің – жүйесін, жүйесіз сөздің, айналып келіп, иесін табатыны туралы дана халқымыз қалай тауып айтқан.

Жиынның бірінші мәселесі Сөз өнерінің тағдыры мен тау­қыметі жайлы болғандықтан, қо­рытынды сөзімізді сәл кеңірек айтып, әдеби орта мен қоғамдық пікірді «әрқилы жолға» салуға ұмтылушылардың бар екендігі жайлы ойымды жасырып, бүгіп жатпадым. Ашық  айттым. Ар­тық па, кем бе? Бағасын өздеріңіз бе­ре жатарсыздар. Сөз сөйленді. Ой айтылды.

2012 жыл, 29 маусым
«Қазақ әдебиеті».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір