ТАҒДЫР МЕН ТАҚЫРЫП
02.09.2016
2542
0

8951630247_fe6a9c232a_kӘдебиет жайлы әңгіме туа қалса, алдымен қаламгер шеберлігі сөз бола кетеді.Оны тану әркімнің танымына байланысты. Жақсы мен жасықты айырмастан сөреге сықастыра жию бір кездегі мәдениетке саналды ма, әйтеуір үй сайын кезігетін құбылыс еді. Қазір сол сөрелер жалаңаш, бейне жайлаудан ел көшкендегі сары жұртқа айналған сып-сипалаң көрініс.  Кітаптан қашық қона бастаған қазақ ауылында әдебиет туралы әңгіме қозғаудың өзі қызықсыз ба екен деп қорқатының да рас. Сөйтсе де ой әлемінің қозғалысында кімді не алаңдататынын білгіміз келіп, әдебиетшілерге хабарласқан едік…


АсылбекулыСерік АCЫЛБЕКҰЛЫ,
сыншы, драматург

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ – ҚҰДАЙДЫ, АҚИҚАТТЫ ІЗДЕУ

Жалпы, мен өз басым белгілі бір та­қы­рып­тар туралы «Міне, осылар нағыз ұлт­тың дамуын айқындайтын тақырыптар»  деген секілді үзілді-кесілділеу тұжы­рым­дарға қосыла бермеймін. Нобель сый­лығының лауреаты, аса талантты орыс жазу­шыларының бірі И.А.Буниннің көр­кем әдеби шығармалардың кейіпкерлері ту­ралы: «Не все равно, про кого говорить? Зас­луживает этого каждый из живших на зем­ле», – дейтіні бар. Осыны тек әде­биет­тің персонаждары хақында ғана емес, оның көтерген тақырыптары туралы да айтуға болады,  меніңше.

Тақырыпты жазушы таңдамайды, оны жазу­шы бейнелеп отырған образдардың тағ­дыры тудырады. Егер Л.Н.Толстой «Мен өз кейіпкерлерімнің осыдан бес-он ми­нут өткеннен кейін қандай қарекеттер жа­сап кететінін алдын ала біле алмаймын» деген болса, бұны кемеліне келген осы бір көркемсөз алыбының оқырмандар алдындағы қылымсуы деп емес, нағыз өмір шындығы деп ұққанымыз жөн.

Егер маған «Қазіргі замандағы біздің дәуі­ріміздің геройлары кімдер?» деген сұ­рақ қойылса, мен: «Жер жүзіндегі 16,5 млн. қазақтың кез келгені осы заманның ге­ройы болуға лайық, егер сол адамның ба­сындағы қайғы мен мұңды, үмітті, орын­далмас армандарды, бір сәттік ба­қыттан басы айналған қуанышты  сәттерді өмірдің өзіндей ғып жаратып бере алатын қазақ суреткері табылып жатса» дер едім. Жалпы, көркем шығармашылық ең алдымен еркіндікті, шексіздікті сүйеді ғой, сон­дықтан көркемсөз өнері, көбінесе, әде­биет теориясының қалыптасқан қи­сын­дарына бағына бермейді, үнемі тыңнан соны соқпақ, жаңа жол салып отырады. Осыған сәйкес көркем өнердің теориясы да үнемі жетілу үстінде болады.  Ал енді диа­лог, сұхбат дегенге келетін болсақ, бір қа­зақ жазушысының, ұмытпасам, Тұр­сынбай Жандәулет қой деймін «Өмір деге­німіз – әйел мен еркектің арасындағы мәң­гілік сұхбат», – деп айтқаны бар еді. Мен не­гізінен осы пікірге қосыламын. Адамзат­тың осы бір  әйел мен еркек деп аталатын бір-біріне қарама-қарсы қос полюсы кейде бірін-бірі ренжітіп жатады, кейде өліп-өшіп сүйіп жатады, кейде бір-бірін сәл нәрседен қызғанып, бостан-босқа шәт-шәлекей болады, сөйтіп, осылардың бәрі жиналып келіп, демі оттан да ыстық адам­заттық өмір деген кісі түсініп болмайтын қоғамдық феноменді туғызады.  Осыларға қарағанда жазушы, драматург  немесе ақын «Мен осы қандай тақырыпты жазып отырмын, ол осы заман үшін қаншалықты актуальді» деп бас қатырмай-ақ, «менің осы әдеби кейіпкерлер деп дабырайтып отыр­ған пақырларым, қаншалықты шыншыл, олардың істеп жүрген іс-әрекеттері, адам­дық мұраттары, характерлері мына біз­дің қайнап жатқан тіршілігіміздің ақи­қатына қаншалықты сай шығып жатыр» деп толғанса, қанеки. Өйткені, негізінен көркем әдебиет дегеніміз – Құдайды, ақи­қат­ты іздеуден басқа ештеңе емес қой.


еркингул2Еркінгүл СОЛТАНАЕВА,
филология ғылымының кандидаты

БІР ТАҚЫРЫП,  ЕКІ МӘСЕЛЕ

Жалпы, әдебиетті өмірдің көркем моделі деп қарастыратын болсақ, кез келген тақырып қоғамда болып жатқан жағдайлардан хабар береді, ол тақырыптар әр елдің өз ерекшелігінен туындайды. Қазақ әдебиеті тарихына үңілсек, көтерілген тақырыптар ауанының  ұлан-ғайыр кеңдігін көруге болады. ХХ ғасыр әдебиетінде шартты түрде тарихи, экологиялық, саяси-әлеуметтік, өнер адамы, махаббат, өндіріс, т.б. деп жіктеген көптеген тақырыптардың барлығы молынан қамтылды. Бұл жағынан келгенде ақын-жазушыларымызға өкпеміз жоқ.

Нобель сыйлығын алған жазушы Мо Янның «Бақа» деген туындысында қытай қоғамы үшін аса өзекті – күштеп түсік тастату тақырыбы көтерілген. Осы тақілеттес тақырып
А.Алтайдың «Түсік» әңгімесінде де бар. Бірақ бір тақырып қозғалғанымен, екі шығармада көтерілетін мәселелер әр түрлі. Яғни бүкіл адамзатқа тән тақырыптарды игеруге деген талпыныс біздің әдебиетте де жүріп жатыр. Мәселе, осы тақырыптардан туындайтын көркемдік шешім қай деңгейде және халыққа қаншалықты дәрежеде жетіп жатқандығында. Бізде осы бар әдебиетіміздің насихатталуы, жарнамалануы кемшін. Оқырман мен автор арасындағы диалог әлсіздеу. Кеңестік кезеңде газет беттерінде жарияланған оқырман хаттарынан да тақырыптарға деген халықтық әлеуметтік тапсырысты байқауға болатын еді, әдебиеттің әлеуметтік маңызы ескеріліп, тақырыптарға саяси идеология белгілеген айқын әлеуметтік тапсырыс болды, ал енді қоғамдық формациялар ауысқан өтпелі кезеңдерде тақырыптардың біршама сейіліңкі болуы тән сипат. Дегенмен, қоғамның даму үдерісі өзекті тақырыптарды өзінше екшеп алға тартып отырады. Мәселен, ұлттың өзін-өзі бірегейлендіруі, даралауы, ұлт болмысы секілді тақырыптар бүгінгі әдебиетте айқын байқалып келеді.

Биліктің белгілі бір саяси-идеологиялық тапсырысынан туындайтын тақырыптар  қазіргі қазақ поэзиясының кіші көлемді мадақ жанрларынан да байқалады. Негізі биліктің тапсырысынан емес, дәуірдің әлеуметтік-рухани сұранысынан туындаған тақырыптар діттеген жеріне жететінін тарих дәлелдеген.


мадина омарова сурет (2)Мадина ОМАРОВА,
жазушы

АУЫЗ ДАРБАЗА, ТАЛҒАМ ТӨМЕН

Негізі әдебиетте, проза жанрында тақырыптың немесе кейіпкердің үлкен-кішілігі проблема емес. Публицистикада бәлкім маңызды шығар. Көркем шығармада ақтық нәтиже – жазушы шеберлігіне, тұлғалық сипатына байланысты. Себебі, кез келген көркем шығарма оны дүниеге әкеліп отырған адамның өнімі, оның интеллектуалдық, көркемдік, дүниетанымдық, рухани жиынтығы. Туындыны жазушының жеке басынан бөлек алып, дара зерттей алмайсыз.

Талант жоқ, интеллект бар. Интеллект жоқ, талант бар. Талант та, интеллект те жоқ. Қазіргі әдебиеттің сексен пайызын осы үш комбинация құрайды. Олардың барлығы өз арамыздан шыққан. Бәрінің ниеттері таза, әдебиетке қызмет етіп жүр. Қазіргі ахуалды, талғамды қалыптастырып отырған да солар. Және олар мүлде кінәлі емес. Кінәлі – біз. Шартты түрде біз дейік, біз дегеніміз – бәрін көріп, біліп отырған, бірақ күреске жоқ, «әй, қойшы, бәрібір, не боса о болсын» дейтін енжар топ.

Мен жақында Фейсбук желісіне қайта қосылдым. Бұрын болғанмын, содан кейін осыдан шамалы жыл бұрын өзімді өшіріп тастадым. Уақытты мағынасыз, еш пайдасыз көп жейтіндігі үшін. Енді қайта қосылдым. «Бұрынғыдай көп отырмаймын, оның үстіне достарды да саралап қабылдаймын». Көп адамның ой-пайымынан туған «өнімдердің» өте зиянды, сана-сезім үшін, талғам үшін қауіпті болатынын осы әлеуметтік желіде отырып түсіндім. Себебі, бұл ешкімді шетке қақпайтын, кез келген адамның кез келген пікірін мыңдаған адамға таратып беретін мінбер ғой. Сосын бәрі   жазылады. Жүргенін, тұрғанын, ішкенін, жегенін, анаған қарап не ойлап қалғанын, мынаған қарап не ойлап қалғанын… Суретке түсіріп салады. Ақыл айтады, қуанады, еркелейді, қарсы болады, жақтайды, тіке де, жанама да жарнама жасайды, ақталады, қайғырады… Өте қорқынышты жағдай. Түбі не боларын кім біліпті, бірақ  қоғамды мәңгүрт етудің керемет құралы екені анық.

Шығармашылық та осы тектес. Тек Фейсбук сол шығармашылықтың тым қарабайыр, анайы формасы. Жазып отырған адамның тұлғалық ерекшеліктері маңызды. Ол тұлғалық ерекшелікті, саралықты жалпы бұқара көпшіліктен күте алмайсыз. Ондай адамдар бірен-саран ғана. Ал қазір жазу, әдебиет, саясат, журналис­тика – шынын айту керек, вокзал болып кетті. Барлығы жазады. Оларға біреудің мойындағаны, жариялағаны керек емес. Интернет бар. Құлақтары қалқиған ауыл баласын да, өңдері боп-боз қала баласын да қазір Интернеттен табасыз. Олар үшін көркемдік норма да, стандарт та – Фейсбукта немесе Ютубта ең көп «лайк» жинайтын ағайлар мен апайлар. Осындай көзге көрінбейтін, ішке дендеп еніп кеткен нәрселерден ертеңгі күніміздің, соның ішінде әдебиетіміздің сапасы құралады. Қалай болар екен дейсің…

Осы мәселеге қатысты сөз қозғалғанда мектепте қырық жыл істеген бір апай айтып еді. «Байқайсың ба, қазір геноцид жүріп жатыр» деп. Бұл отызыншы жылдары советшелеп тіке келген қырғын емес, елеусіз жүріп жатқан сойқан. Құндылық жоқ. Білімге құштарлық жоқ. Барлығы сол тест сипатында. Бір сұрақ, төрт жауап, біреуін таңда. Тұрмыста жолы болғыш, бірақ сабаққа жоқ  бір құда баламыздың тестке кіріп, долбармен белгілеп шығып 98 балл жинағаны бар, «енді түспедің бе бір оқуға» десек, «ой, сосын қайтып оқимын» дейді ыржалақтап.

Осындай жағдайда біздің елде интеллектуалды, таза әдебиет қалыптасады дегенге сенбеймін.

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір