БАСТЫ БІЛІМ – МАМАНДЫҚ
02.09.2016
1251
0

Бал5абаев1 қыркүйек – еліміздегі мектеп жасындағы бүкіл бала білім ордасына ағылатын күн. Олардың армандары  – асқақ, бәрі де өмірден өз орындарын тауып, мықты азамат, керемет маман болып шыққысы келеді.

 

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Барлық ата-аналардың да тілегі сол, өздері әлпештеп өсірген ұл-қыз­дары биік белестен көрініп, жақ­сы мамандыққа қол жеткізіп, қатар құр­быларының ортасынан жарқы­рап көрінсе екен дейді.

Біздің де тілегіміз осы – мектеп та­балдырығын аттаған әрбір бүл­дір­шін болашақта оқуын ойдағыдай бі­тіріп, ойлаған арман-мақсаттарына жетулері керек.

Дегенмен, осыған орай бір сұрақ ойға оралады: ал сонда жақсы ма­ман­дық  деген не, өмірден өз орнын табу дегенді қалай түсінуге болады? Бұған біздің халқымыздың жауабы, негізінен, дайын және оның жауабы біреу-ақ – қалайда институтқа, не уни­верситетке түсіп, жоғары білім алу керек!

Ал бірақ бұл мәселенің екінші жа­ғының да бар екендігі, яғни жо­ғары білім алған жас сол маман­дығы бойынша жұмыс таба ала ма, егер тапса, ол жұмыс қолынан келе ме, жоқ па – бұл мәселе ешкімді де онша ойландырмайтыны жиі байқалады. Яғни бізде әйтеуір жоғары білімнің дипломын алсақ болды, аржағын кө­ре жатармыз деген түсінік барынша кең тараған.

Бұл – өте алаңдататын жағдай.Өйт­­­кені, мамандықты дұрыс таң­да­мау­дың салдарынан қазір бізде тегін не­месе ақылы түрде оқып, жоғары бі­лім алған, бірақ кейін бұл маман­дығы бойынша жұмыс істей алмай, амалдың жоғынан басқа кәсіппен айналысып кеткен жастар барынша көбейген. Мұндай жағдайда адам­ның өмірден өз орнын табуы қиын екен­дігі айтпаса да түсінікті. Не ауыл­дан, не қаладан дұрыс жұмыс та­ба алмай, бос жүретіндердің де ба­сым көпшілігі осындай кісілер екен­дігі анық.

Осыған орай, мына мәселені атап айтқымыз келеді – өркениетті ел­­­дердің бәрі де жастарға жоғары бі­лім беру барысында ең алдымен өз­деріне болашақта қанша мөл­шер­де, қандай мамандар керек екендігін үнемі есептеп, ескеріп отырады. Со­ған орай, Жапония сияқты елдерде орта мектепті бітіргендердің отыз пайыз­дайы ғана жоғары оқу орында­рына түседі. Ал қалғандары орта кә­сіптік мамандықты меңгеріп, сол ма­мандық бойынша жұмыс істей­ді.

Еуропа елдерінде де әрбір жас мек­тепті оқып жүріп-ақ, белгілі бір кә­сіпті меңгеріп, кейін осы маман­ды­ғын жетілдіріп, өмірден өз орнын сол мамандық арқылы табады.

Біздің елімізде білім саласында жыл сайын бірі бірінен өтетін керемет реформалар қолға алынуда; бі­рақ соған қарамастан өзге өркениетті мем­лекеттердің бәрінде әлдеқашан жү­зеге асқан орта кәсіптік білім беру мәселесі Қазақстанда барынша кенже қалып тұр. Әрине, Білім және ғылым министрлігі техникалық жә­не кәсіптік білім беру мәселесін ан­да-санда айтып қояды, бірақ оны нақ­ты бір жүйемен, айқын бағыт-бағ­дарламамен қолға алу жүзеге ас­пай келеді. Бұл ретте, басқаны бы­лай қойғанда жұрттың бәрі жоғары бі­лім алса, кәсіптік мамандық ие­герлері атқаратын егін егу, мал өсіру, құрылыс салу, ең аяғы киім тігіп, та­мақ істеу сияқты қарапайым жұ­мыстарды кім істейді деген мәселе ешкімнің де қаперіне кірмейтін сыңайлы. Осының салдарынан бү­гін­гі таңда Қазақстанда жұмыс табу қиын, әсіресе, ауылдық жерлерде жұ­мыссыздық етек алған деген әң­гімені жиі естиміз. Көріп те жүрміз. Бі­рақ соған қарамастан, Қазақстанға көр­ші елдерден сан мыңдаған гас­тер­байтерлер келіп, неше түрлі кә­сіппен айналысып, күнін көріп жүр.

Яғни бүгінгі таңда Қазақстанда ең жетіспейтіні – орта білімді арнаулы кәсіптік мамандық иелері болып тұр. Және оларға деген сұра­ныс уа­қыт өткен сайын арта түспек. Соған орай, орта кәсіптік маман­дықты же­тік меңгерген жастар ешқашан жұ­мыссыз қалмайды; өскенде ал­дың­ғы қатарлы азамат болады.

Әрине, үш тілде білім алған жақ­сы, ағылшын тілін білген де дұрыс, бі­рақ әрбір адам жас кезінен өзінің бейімі бар, қолынан келетін кәсіптік мамандықты дәл таңдап, жетік иге­ріп алмаса кейін өмірден өз орнын табуы өте қиын болады.

Бүгінгі таңда баласы мектепке ба­ратын әрбір ата-ана бұл мәселеге ай­рықша назар аударса екен дей­міз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір