ЖАН АПА! СЕНДЕ АРМАН ЖОҚ!
02.09.2016
1767
0

677820_1998546357_________(Ф.Оңғарсыноваға)

 

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

 

 

Жан Апа! Сенде арман жоқ!

Азаулының Аймадет

Ер Доспамбет ағасы

сақсыры қанға толғанда,

жапанда жалғыз қалғанда,

Уа, кімдермен мұңдасқан?..

Қарға бойлы Қазтуған,

бұлт болған айды ашқан,

мұнар болған күнді ашқан,

билер атты би соңы,

би ұлының кенжесі

Сен – солардан қалған бір дастан…

Қапы бір кеткен жерімде,

«Қап!» дегізбей сүйеген.

Оттан көйлек тіктірген,

От негіздес кием ең!

Махамбеттен кешегі

қалған соңғы тұяқтай.

Ұстын болып жүруші ең,

Ұлтқа біткен ұяттай.

Жаралады жұртыңды,

Саған қарай жауған оқ.

Өз басыма өзімнен,

артық бүгін жау да жоқ.

 

Жан Апа! Сенде арман жоқ!

Қасарған жауға суырған,

қассақтың ақинағындай,

тәңіри нұрмен жуынған

жүректің от-иманындай.

Сипаған мыңның маңдайын,

Алаштың алақанындай.

Құз-жардан ерте ұшырған,

Қыранның балапанындай

Құпия бүккен ішіне

Нарынның шағылдарындай.

Тоғыз балл толқын долданып

Жартасқа соғылғанындай.

Ғажайып ғұмыр сүрдің, Сен!

 

Жарқ етіп қарап, жалт ойнап,

Жауына ессіз атылған.

Қасиетсіздер алдыңда,

Қамыстай басын жапырған.

Мейірімін төккенде,

Суынған жүрек жылынған.

Қазақтың ақын ұл-қызы,

Баурыңа келіп тығылған.

Қоңыр жұртың жатқанда,

Қыз басыңды құрметтеп.

Дандайсыған біреулер,

Дәргейіңде дірдектеп.

Өктемдікті алдына

жығып берген Өлеңнің.

Сендей Өртті, дүние-ай,

Жаға алар ма ел енді?..

Өзің жаққан бір сәуле,

Өшірмедік, ой кештік.

Өзімшіл көптің ішінде

Өлеңмен ғана сөйлестік.

Жәдігөй күлкі жылпостан

Жиіркенуді үйрендік.

Сүйер болсақ қалтықсыз

Өртенуді үйрендік.

Шындық атқа мінгенше

Көзді ілмеуге үйрендік.

Ішің жылап тұрса да

Сездірмеуге үйрендік.

Шын өмірдің шыңылтыр,

Қарлы ызғарын сезген күн,

Жұрт ішінде осылай

Жалғыз қалып үйрендік.

 

Өлең дертін өзекке,

Өлгенімше артып ап.

Жел өтінде қалдық-ау,

Жапырақтай қалтырап.

Өзен бойлап тал еккем,

Жазмыш болса өседі.

Қуратпаса мына елдің,

Есебі мен өсегі…

Көзі жоқтың өзі жоқ,

Біздің ғұрып тым қатал.

Мың бір өлең жазсақ та,

Мөлдір, мөлдір мұң жатар.

 

Жан Апа! Сенде арман жоқ!

Жайықтың беті сіре мұз,

Таяр ма екен табаным.

Қиянатқа төзе алмай,

Бебеу қақты сағағым.

Ақиқатқа өзіңдей,

Қарау қайда бұлтармай.

Боқтық жесе біреулер,

Тояттап ең сұңқардай.

Саған енді бәрібір,

Аспантаудан әрі асқан.

Оспадарлар ойнайды,

орыныңа таласқан.

Жын ұрғаннан жұқана,

Жұрттың бәрі данышпан.

Өресізді қайтейін,

Өлігіңмен алысқан.

Дүние деген осы енді –

Ғадауат та, ғажап та.

Күншілдік пен қызғаныш,

Бар ма, Апа, о жақта!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір