АҚ БҰЛТТЫ АҚЫН
02.09.2016
1414
0

АкынАқын боп түс көріп, ақын боп оянатын, ақын боп қиял кешіп, ақын боп жер басатын, ақын боп ақ жол тілеп, ақын боп нұр шашатын адам аз ба әлемде. Көп деп те айта алмаймыз. Ақын елдің жүрегі ғой, бүлкілдеген бүйрегі ғой, мейірленген бауыры ғой, қайраттанған жігері ғой. …Ілгеріде көнекөз қариялар айтушы еді: «Бір емшілер болады, дауасы күшті: науқасты жазып, аяғынан тұрғызып, өзі талықсып кететін» деп. Ақын да осындай емші іспеттес. Оның ем-домы – сұлу һәм сырлы сөзі. Өз басым ақын Сақыпжамал Өтеғалиеваның өлеңдерін оқыған сайын, ала көңіл ойдан айығып, кең тыныстап қаламын. Кейде ой тереңіне бойлап, мәңгіліктің құндылықтарымен тазарамын, бойымды тіктеймін.

Өнер айдынындағы С.Өте­ға­лиева­ның шығармашылық жолы, ақ­желкен өлеңі ешкімдікіне ұқсай бер­мейді. Бәрі де табиғи десек, дөп ке­леді. Алғаш таңдап-тауысқан ма­мандығы есеп-қисап жағы. Де­ген­­мен, ол әрқашан өнер ауылына қоң­сы қонған. Бәлкім, жолын поэ­зия-құдірет осылай бұйыртып тұр­ған болар. Қазақстан кітап па­ла­тасындағы киелі орта, еліміздің өнер­ге қатысты түрлі оқу орын­да­рын­дағы шығармашыл орта Муза әуе­нін кеудесінде күмбірлете туған Са­қып-қызды, Жамал-аруды қа­сиет­ті поэзия мінберіне көтере бер­ген, көтере берген.

Аспанға ұшып

Сыя алмай тұрған, туған жер,  саған кезім бұл.

Ақ бұлтты құшып,

Сәуле мен нұрдың арасын көңіл кезіп жүр.

Әрі асып кетіп,

Тұп-тұнық көктің көргім кеп көзбен көркемін,

Қиялды кешіп,

Арманға жетіп…

Осы сәт өзім еркемін, – дейді ақын. Міне, нағыз ақын осы­лай сөйлесе керек, осылай қиял­дың қиянына шықса керек. Поэ­зия­ның өз заңдылығы бар. Оны өмір заңдылығын бес саусақтай бі­летін жан да оңай түсіне алмайды. Ақынның аспан кезуі, арман тыл­сымына бойлауы, бұлтқа оранып, күн мен айды аймалауы, тіпті ымыртқа жұтылуы – поэзия заң­ды­лығы. Бұл сезім мен ойдың тоқ­сан түрлі сырын аңғартады. «Ақын боп туу» деген ұғымның мәнісі осын­да.

Халқымыз: «Алуан-алуан жүй­рік бар, әліне қарай шабатын» дей­ді. Осы тұрғыдан келгенде, Са­қып­жамал ақын – өнер жарысына, яки поэзия бәсекесіне уа­қы­ты­­нан кеш қалып қатысқан шы­ғар­­машыл тұлға. Сондықтан та­­би­ғаты ұяң да қанағатшыл ақын үшін «өнер жарысы» – өте шартты ұғым. Турасын айтсақ, ол бәсеке үшін емес, поэзия үшін жазады. Ал­ғашқы жыр жинағының кештеу жарық көруінің себебі де осыдан. Ол перзентіне арнаған жүрекжарды сөзінде:

Анаң мүмкін шынымен ақын шығар,

Ақындыққа жанымен жақын шығар.

Әйтеуір бір жалын бар жүрегімде,

Өртеп кейде, шоқ қылар шала жансар, – дейді. Бұл – өнер додасы алдындағы то­сырқау емес, періште сынды жан­ға өнер киесі жөнінде сыр айту.

…Баукең, атақты Бауыржан Мо­мышұлы көзі тірісінде С.Өте­ға­лиеваның алғашқы өлеңдерін бас­пасөз бетінен көріп, бір әріптес інісіне: «Мына қарындасымыз тәр­биелесе қазақтың Ахматовасы бол­ғандай екен», – депті. Бұл ойсыз бе­ріле салған баға емес екеніне ақын өлеңдерін оқып, толық көз жеткізе аламыз. Суреткер қол­дан­ған сөз, тіркес, сөйлем, бейне, рә­міз, емеурін астарында сезіммен сыр үйлесім тапқандай, бір тылсым әуенде сыңғырлағандай, шын­даса ақ бұлтқа ұласып кететін құ­лашын сездіргендей.

Соңғы жылдары Сақыпжамал ақын өзінің ақындық жолында жаңа стихия тапты. Оны әлем әде­бие­тінің жыр жауһарлары баурап ал­ды десе болғандай. Ақын әр таң­ды әр поэзия титанымен ен­ші­ле­седі. Олар кімдер дейсіздер ғой, ай­тайық: Генрих Гейне, В.А.Жу­ковс­кий, Ф.И.Тютчев, М.Л.Ми­хай­лов, И.Се­верянин, А.Блок, А.Фет, К.Бальмонт, Анна  Ахматова, Расул Ғам­затов, Булат Окуджава.

С.Өтеғалиева қазақша сөй­лет­кен Ахматова:

Терезе алдап шақырғандай

сыздықтатып сәулесін,

Қарлы боран қысқан құстай

әйнекке ұрған кеудесін.

Құйттай тірлік өмір үшін

қызыл қанға боялып,

Жыр ұшырған пәк жүрегім

Сондай болып жүрмесін, – дейді. Түу, мұны оқу қандай ауыр еді… Алайда, сәтті аударма көзден жас­ты парлатса да, әсем де қай­ғы­лы бейненің алдында бас иесің. Не­месе Сақыпжамал ақын қала­мы­мен Г.Гейне бүй дейді:

Көзқарас – ұшы-қиырсыз,

Жүрекке құйып сезім-нұр.

Жымыңдап күлген ай-жұлдыз,

Аспанға ұқсар кезім бұл.

Ау, мұндай аудармаларды са­ғын­­ғанымыз қашан! Сарғайып күт­кеніміз қашан! Осы аударма жыр­ларының түп-тамырынан Ұлы Абай, кешегі Қуандық Шаңғытбаев әсерін сезгендейміз. С.Өтеғалиева ау­дармалары бүгінгі қазақ көрке­м­ө­нер тәржімесінің ерекше сүр­леуін көрсете алады деуге негіз бар. Осындайда тіпті орыс аудар­ма­сы­ның әулиесі В.А.Жуковскийдің: «Ау­дармашы прозада – құл, поэ­зия­да – ақынның бәсекелесі», – деген сөзі еске түседі.

Ақын суреткер болуы қажет. Бұ­ған сөз бар ма! Десек те, біздіңше, ақын алдымен азамат болуы керек. Ж.Аймауытұлы осылай деген, С.Есе­нин де  осылай  деген.  Ал Са­қып­­жамал ақын не дейді? Тың­далық:

Жұмбағыңды, қызық Ғалам!

Шеше де алмай қызықтаған,

Махаббатын, жан алауын

Бір өзің деп, суытпаған –

Мен бір балаң, Туған далам!

Арманы мен пәк жыры киіз туыр­лықты алаштың аспаны мен ақ бұлтын құшқан ақынның риясыз сөзі бұл. Сақыпжамал жырлары мен тым нәзік сырлары оқу­шысын әлдилейтініне, жа­ды­рататынына, рухтандыратынына, ең бастысы, ойлантатынына сенеміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір