ТАРИХТЫҢ ҚАСІРЕТТІ БЕТТЕРІ
02.09.2016
3266
0

Взрыв29 тамыз – қазақ халқы үшін қасіретті күн. Осыдан 67 жыл бұрын Кеңес үкіметі Семей өңірінен 22 килотонналық ядролық бомбаның алғашқы сынағын өткізді. Жергілікті уақытпен таңғы сағат 7-де орын алған қуатты жарылыс бір мезетте бүкіл  аймақты радиациялық күлге орады. Ал бұл күн бір жағынан қасиетті деп айтатын себебіміз, дәл осы күні, осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 29 тамызда Елбасының жарлығы­мен жабылған болатын. Қазір­гі таңда бұл 29 тамыз күнін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бірауыздан қабыл­дап, осы мерекені Қазақстанның бастамасымен – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып белгіленді.

Неге Семей жерінде полигон құрылды деген сұрақтың жауабын іздегенде Кеңес Одағының басшылары сынақ алаңы ретінде Семей өңірін таңдауын мұндағы халықтың аздығымен және коммуникация желілерінің жақындығымен түсін­дір­ген. Тек осы себептерден ғана құрбан­дыққа шалу үшін адам саны қандай бол­уы керек деген сұрақ туындайды. Те­мір жолдың екі жүз километрін үнемдеу­ден гөрі, жалғыз да болса, адамның өмірі арзан бағаланғаны ма?

Кеңестер Одағының сол кезеңдегі бас­шылығы ядролық қаруды сынау ала­ңын Семей өңірінен таңдауында арам жымысқы саясат болғанын жасырып қай­теміз. 2 млн. гектардан астам поли­гон аймағына жатқызылған жер үш облыс көлемінен, Семей, Павлодар, Қара­ғанды өңірлерінен кесіп алынған бо­­ла­тын. Онда жер үсті, әуеде, жер астында барлығы 456 ядролық сынақ жүр­гізіл­ген. Оның барлық жиынтық қуаты Хироси­маға тасталған бомбадан 2,5 мың еседен де асып түседі.

Ядролық сынақтар жүргізілу үшін Семей облысының Абыралы ауданы жабылып, Абай ауданының көп жерін полигон бауырына басты. Павлодар облысынан Май ауданының үштен бір аумағы, Қарағанды облысынан бес елді мекен жабылып, халық босып, басқа елді ме­кен­­дер­ді паналауға мәжбүр болды. Әсі­ресе, Семей өңіріндегі Абыралы ауданын жабу халыққа моральдық, материал­дық жағы­нан ауыр соққы болды. Бұл үнсіз қырғын­ды Сталин бастаған қані­шерлер қазақ халқына қасақана жасады. Себебі, бір кез­дері Сталиннің өзін салиқалы пікірле­рі­мен тұқыртқан Ә.Бөкейханов, М.Шо­қай, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Смағ­ұлов және т.б. алашордашылар осы Семейде тұрып, тәуелсіз қазақ елін жариялап, Мәскеуге барып, пікірлерін дәлелдеген. Ленин бастаған коммунистер ол пікірлерге құлақ асып, Қазақстанды автономиялық республика деп жариялатып, шекарасын белгілеп берген. Міне, осыған шамданған Сталин бастаған отаршылдар тобы қайткенде де Семей өңірінің атын тарихтан өшіруге тырысып, топырағын күл, әйелі мен еркегін құл етуді көздегені жасырын емес. Әйт­песе, Ресейде бүкіл адам аяғы баспаған жер болмады дейсіз бе, анау Қиыр Солтүс­тіктегі адам аяғы баспаған елді мекендер неге таңдалмаған?!

Бірақ қанқұйлы басшылар мен қос­шы­ларының ойлағанын Жаратушы Ием болдыра қоймады. 1949-89 жылдары 40 жыл қырғын жасаса да қазақты радиа­ция ала алмады. Қазақтар Американың Невада штатындағы үндістерден де өміршең, төзімді екенін әлемге паш етті. Онда полигон зардаптарынан жапа шеккен әр отбасына жылына 100 мың доллар кө­мека­­қы беріп отырса, Семей халқы Кең­ес­тер Одағы мен оның мұрагері Ресейден көк тиын да алған жоқ.

Бұл жарылыстар арқылы Кеңес үкі­меті әлемге өзінің ядролық қуатын көр­се­туге тырысты. Ал қарапайым қазақс­тандықтар оның зардабын әлі күнге дейін тартып отыр.

Мен тоқталғым келіп отырған екінші мәселе: ядролық сынақ  жүргізілген алғашқы жылдардан бастап, оның қазақ халқына зор алапат зияны бар екенін Кеңес басшыларына ойын ашық айтқан абзал азаматтар жайлы болмақ. Олардың қатарында ең бірінші  жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімдері ерекше. Өйткені, бұл тұлғалар сонау 50 жылдары радиациядан уланған сол жерлерде бірнеше  рет болып, Семей өңіріндегі атом-ядролық сынауларға қар­сы ойларын Мәскеу университетіндегі кездесулерде, жазушылармен жүздескен­де, Алматыда ғалымдар алдында сөйлеген сөз­дерінде  айтып жүрді. Олар 1952-53 жылдары өз еңбектеріндегі, пікірле­рін­дегі «ұлтшылдық» үшін ғана емес, жері­міздегі ядролық қауіп туралы айтқан сөздері үшін де қудаланды. Семей поли­гонындағы ядролық сынақтар туралы алғашқы болып Мұхтар Әуезов 1957 жы­лы Токиодағы атом және сутегі бомбасына тыйым салуға арналған Халықаралық конференцияда айтқан болатын.

Ал Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев 150 адамнан құралған экспедиция жасақтап, Семей өңірін үш жыл зерттеп тексеру нәтижесін­де 12 томдық материал жинап бастыр­ған.

Одан кейін қазақ халқының ауыр тағдыры мен жерінің қайғылы жай-күйін ашына айтқан тағы бір үлкен қайраткер Мұхаметқали Сужиков. Сол 50 жылдары Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Мұхаметқали Сужиков полигонды жабуды өтініп, 1958 жылы  Мәскеуге Н.Хрущевқа хат жібер­ген. Мұхамедқали Сужиковтің тарихи ерлігі тебірентпей қоймады. Олардан қандай жауап келгені белгісіз, алайда, арада үш ай өте бере «Правда» газетінде Сужи­ковке облыстың ауыл шаруашылы­ғын ақсатты деген айып тағылып, ол қызметінен босатылған.

Семей полигонын жабуға өлшеусіз үлес қосқан, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, әрине, Кешірім Бозтаев. Ол Семей обкомының бірінші хатшысы бола отырып,1989 жылы 20 ақпанда КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтің атына хат жолдап, Семей сынақ полигонында ядролық сынақтар­дың тоқтатылуын талап етті. КСРО әс­кери-өнеркәсіптік кешенінің қарсылы­ғына қарамастан, полигонды жабу жолында 1991 жылға дейін үздіксіз күрес жүргізді. Кешірім Бозтаевтың Семей ядролық полигонын жабудағы, ядролық сынаудан зардап шеккен жұртқа әлеумет-тік қамқорлық жасау мәселесін шешудегі еңбегі орасан зор.

Семейдегі ядролық полигонды жабу жолындағы күресте ерекше атап өтетін тағы бір тұлға, жазушы Әнуар Әлімжанов. Ол 1989 жылғы 17-19 шілдеде Семейде өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Полигон жабылуға тиіс!» деп баяндама жасаса, екінші рет 1990 жылы қарашада Лондонда: Ядролық қарусыз-дану ұлттық комитетінің конференциясында және Ұлыбританияның Қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде де Әнуар Әлімжанов: «Мен қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл  жарылыстардың бәрі біздің жеріміз­дің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайын­дағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті, киелі жер». Осындай адамзаттық проблеманы қазақтың баласы Әнуар Әлімжанов әлемге әйгіледі. Өкініштісі, Әнуар Әлімжановтың бұл еңбегі қазір назардан тыс қалуда. Өйткені, елімі­з­де ядролық қаруға қарсы ұйым­дастырылған көптеген іс-шараларда оның еңбегі еленбек түгілі, есімі ауызға да алынбады. Сонымен қатар, бейбіт елге қырық жыл қырғын жасап келген Семей ядролық полигонын жабуға бір кісідей атсалысқан қоғамдық қозғалыстардың да орны ерекше. Солардың қатарында 1989 жылдың ақпанында құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы және 1990 жылдың шілде айында құрыл­ған «Азат» азаматтық қозғалысы. Бұл ұйым­дар республика халқынан кеңінен қолдау тауып, ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, ел арасында бейбіт шерулер ұйымдастырып, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті.

Әрине, Семей ядролық полигонын жабу туралы соңғы нүктені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойды. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ  полигонын  жабу туралы Жарлық­қа қол қойды.  Халыққа қаншама қасірет әкелген ядролық сынақ алаңын жабу арқылы қазақ елі әлем назарын өзіне аударды. Сөйтіп,  ядролық  қарусыздануды қолдаған Қазақстан бейбітшілік жолын таңдауымен жаһанға таныла бастады.

Берік ЖҰБАНЫШОВ,
т.ғ.к., аға оқытушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір