ТАРИХ ПӘНІ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК
02.09.2016
1929
0

00ba54c6569435b57180edec9d0fea18Тарих пәнінің ұстазы болғандықтан шәкірттеріміз бізге еліміздің өткені  жайлы сұрақтарды көбірек қояды. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдық мерейтойы қарсаңында жеке ел атануымыз үшін қан кешкен бабалар ерлігін, арманын көбінің білгісі келеді.

Кейінгі уақытта «тәуелсіздік бізге қанмен келмеді» дегенді көп айтатын болып алдық қой. Қазақстан тарихы ғылымын кезең-кезеңімен зерттеп жүрген ғалымдар 1929-31 жылдары біздің елде ірілі-ұсақты үш жүзден аса көтеріліс болғанын айтады. Бұл көтерілістердің барлығы да Кеңес Одағына қарсы шыққан, тәуелсіздік жолындағы Ұлт-азаттық қозғалыстардың жал­ға­сы емес пе еді? Тіпті, біздер оқушы кезімізде Исатай-Махамбет, Сырым Датұлы бастаған көтерілістерді кедей таптың билеуші мен байларға, хандарға қарсы көтерілісі деп оқыдық. Осы күні оқушыларға ол көтерілістердің де ұлт­тық тәуелсіздік жолындағы, орыс отаршыл­ды­ғына қарсы дүмпу екенін жалықпай айтып келе­міз. Тіпті, «қылышынан қан тамған» деп сурет­тейтін Кеңес Одағы тұсында да еліміздің тәуелсіздігін аңсаған басшылар болды. Ол жайында Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз еңбегінде былай дейді: «1980 жылдың басындағы бір оқиға ойыма келеді. Біз бірде оның (Д.Қонаевтың) ұшағы­мен республиканың күнгейінен теріс­кейіне бардық. Кенет мені қасына шақырып алып: «Біздің республикамыз қандай үлкен! Шіркін, өз алдымызға дербес мемлекет болсақ қой», – деп сыбырлап, саусағымен аузын басты. Мұндай нәрселерді ол ылғи, әуелі, ұшақта да сыбырлап айтатын» (Н.Назарбаев. «Ғасырлар тоғысында». Алматы, 1996, 47-б.).

Ұлттың тәуелсіздікті аңсауы, қанмен, термен дербестікке ұмтылуы жайлы әңгімелегенде тарихшы Талас Омарбековтың: «Қаласақ та, қаламасақ та тәуелсіз ел болар едік деп айта ал­май­мыз. Өзіміз әрекет жасамасақ, тәуелсіз ел болу үшін жанын қиған құрбандарды ақтап, ұрандар көтермесек, тарих жазбасақ, халықтың азаттық сүйгіш қалауы болмаса, әрине, тәуелсіз­дік орнамас еді. Тәуелсіздік – Ұлт-азаттық қоз­ғалыстардың заңды нәтижесі», – деген сөзіне әбден қосыласың.

Оқушыларға қазақ тарихының әр кезеңі жайлы сабақ өтіп, түсіндіріп тұрғанда олардың ең алдымен ұлты бастан кешкен ауыр кезеңдерді еш ұмытпауы керегін бойларына сіңіргің келеді. Талай бабаларының көмусіз қалғанын, сұраусыз өлім құшқанын, іздеусіз тентіреп, жан-жаққа бассауғалаған кезеңдерді де бастан өткергенін әрдайым есте сақтаса дейсің.

Әрине, еліміз бастан кешкен небір ғажап сәттер, жеңісті кездер, ел мәртебесі биіктеген уақыттар да баршылық. Сонда да, соншама құрбандықпен келген тәуелсіздіктің қадірін түсінуі үшін ұлттың бары мен жоғын,  қазасы мен қайғысын да біліп жүруі тиіс қой.

Сара ҚОЙБАҒАРОВА,
№145 мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір