ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАЗАҚҚА ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАДІРЛІ
26.08.2016
1685
0

4-940x360Ширек ғасыр бұрын егемен ел болдық деп әулиеге ат айттық, қорасанға қой айттық. «Қазақ енді ел болады» деп бөркімізді аспанға аттық. Осы уақыттың ішінде тәуелсіздікті сезіну өлшемі немен белгіленетініне көп алаңдай қоймадық. Енді қарасақ, арамызда кеңестік жүйені көксеп, қайта орнауына тілекші болып жүрген қандастарымыз да баршылық екен. Қазаққа білім-ғылымды үйреткен, қазақтың көзін ашқан орыс деп санайтын бауырларымызға қарсы уәж айту да оңай емес. «Бабаларымыз тау мен тасты көшіп қонып қараңғы күн кешкен. Ресейге қосылмағанда бізге өркениет қайдан келсін?», – деп көкитін оларға тәуелсіздіктің құны көк тиын секілді көрінеді кейде.  Осындай келеңсіздіктерге қалай жол беріп алдық? Неге әлі күнге қазақ қоғамындағы індеттерге қарсы иммунитет қалыптастыра алмай келеміз? Уақыт сынына шыдас беретін табандылық қазаққа енді қанша уақыт серік болады? Сананы сан саққа жүгіртетін алуан сұрақ бар. Солардың бір парасына бүгінгі «Дөңгелек үстелімізде» жауап іздеп көрмекпіз.

 

Куандык ШамахайҚуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ БАЯНДЫ ЕТУДІҢ ТЕТІГІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Қазіргі таңда совет кезіндегі кей­бір көріністерді айтып, оның бә­рін артықшылыққа балайтындар бар. «Жұмыссыздық атаулы жоқ еді», «жоғары білім алу тегін болатын» дегендей бір­қа­тар әлеуметтік саланың ар­тық­­­шы­лығы үшін қазіргі тәуел­сіздікті са­тып жіберсек, «ит той­ған же­ріне» дегеннің кері кел­мей ме?!

Негізінен ондай әңгімелерді жиі қозғап, ностальгияға тым бе­рілетіндер шын мәнінде, отар­лықты емес, өздерінің жас­тық дәурендерін сағынып еске алып жатқандарын аңғармайтын да секілді. Бірақ сол совет қо­ға­мында Батыс елдеріне ресми са­пармен барған жауапты тұл­ға­ларының өзі сауда орындарын аралап дефицит тауарлар іздеп кететін еді ғой. Советтіктер өз дү­кендерінен іздеген тауарларын ақшаға сатып алуға таба ал­майтын. Мәскеудің қара база­рында біреудің үстіндегі был­ғары курткасы мен бұтындағы джинсы шалбарын пышақ оқтап тұрып шешіп алатын тонаушылар болған. Батыстың тауары үшін кісі өлтіруге дейін баратын. Қазіргі жастарға айтсаң, аңыз-әпсана естігендей сен­бейді. Ал қазақ жерін шикізат базасына, тіпті ядролық қаруды тексеретін сынақ алаңына айналдырды емес пе?!

Адам ағзасы үшін жүрек пен ми қаншалықты керек болса, ел-жұрт үшін мемлекетінің тәуел­­сіздігі мен азаматтарының жеке басының бостандығы сон­ша­лық­ты маңызды болмақ. Абай меңзе­ген «толық адам» болу­дың ірге­тасы еркіндік болса, мемлекеттің ел болып тұруы үшін тәуелсіз дербестігі бәрінен қымбат. Адам мен мемлекет ара­сындағы сабақ­тастық деген мә­селенің өзі осыдан туындайды.

Ежелгі грек ойшылдарынан бастап, талай дәуірдің ғұлама ға­­лымдары мемлекет тәуел­сізді­гі­не сипаттама бергенде оны же­­ке адамның өмірлік мақса­ты­нан бөліп қарамаған. Аристотельге жүгінсек, адам баласының табиғи тума сипатының өзі көп­шіл­дігі мен ұжымшылдығы, яғ­ни ол қоғамдық ортада өмір сү­руге ғана лайықталған. Жалпы, бәріміздің пешенемізге жа­зылғаны – ұжым­дасып, қауым­дасып ғұмыр кешу. Сонда ғана ба­қытты бола аламыз. Адам жал­ғыз жүріп өзінің ең қара­пайым қажеттіліктерінің өзін өтей алмайды. Сол себептен де, отбасын құрады. Отбасының қолынан келмейтінін ауыл-аймағы, ұжымы береді. Олардың да қолдарынан келмейтінін елі, мемлекеті өтейді. Олай болса, мемлекеттің құрылуының өзі табиғи заңдылық емес пе.

Аталмыш заңдылықтар жү­зе­ге асырылғанда, ауыл-аймақ шең­бе­рінен асып, тіл-діл, салт-дәстүр секілді ортақ құндылық­тар­мен қатар, ұлттық мақсат-мүд­де туындайды. Мемлекетті әс­кери қару-жарақтың күшімен де құрып, азаматтардың басын күш­пен біріктіруге болады. Бі­рақ оның жүзеге асуы күш қол­данумен, бостандықты шектеумен, ұлттық мүддені аяққа тап­таумен жүріле­тіндігіне қазақ хал­қы үш ғасырға жуық уақытта әбден көз жеткізді. Сондықтан тәуелсіздіктің баға­сын білуге тиіс­піз.

«Тарихын білмеген адам ор­ман­да адасқан маймылмен тең» демекші, мәдени мұрамыз бен төл тарихымызды жетік білгенде ғана тәуелсіздіктің құнын сезіп, бағалай аламыз. Тәуелсіз дербес ел болудың басты өлшемі өз же­рінің шекаралық аумағының біртұтастығын көздің қарашы­ғын­дай сақтау болса керек.

Егер шекара берік болмаса, мем­лекет тарихын, ұлттық мәде­ние­тін, салт-санасын көрші ел­­дер лайлап құрдымға жібереді. Сон­дықтан ел шекарасын әлде­бір одақтың әскері емес, өз ұл­ты­­мыздың жауынгерлерінің кү­зетуі тәуелсіздікті баянды ету­дің тағы бір елеулі кепілі деп бі­лемін.

Тәуелсіздік деген ұғымның өзі ең алдымен мемлекеттің же­ке дара ел ретінде қалыптасуымен тығыз сабақтасатындықтан, сая­си жағынан дербес әрі өзгеге кі­ріптар болмауы тиіс. Өз аза­мат­­тарының құқығын толықтай қор­ғай алатын және саяси-эко­но­ми­калық және құқықтық жа­ғынан кепілдендірілген бол­ғаны абзал. Ұлттық жазуы мен тіліне, мемле­кеттік дәстүріне, хал­қының ортақ мүддесіне адал үкіметі болғанда ғана тәуел­сіздікті толықтай баянды етуге бо­лады. Ал әркімге бір жалтақ­та­ған, өзіндік тиянақты позициясы жоқ, шет жұрттан бір­де­мені байқап қалса, бәрін көзсіз көшіруге дайын тұратын үкіметі мен шенеунігі көп болса, ондай тәуел­сіздіктің болашағы бұлың­ғыр.

Айналып келгенде, тәуел­сіз­дік­ті баянды етудің, оны кепіл­ден­­дірудің басты тетігі өз қолы­мыз­да. Ол үшін әлем­дік қа­уым­­­­­­­дастықпен екіжақты пай­да­лы әрі тең дәрежеде қарым-қа­тынас жасау, кез келген жағ­дайда ұлттық мүддені ештеңеге айырбастамау, сатпау, жемқор­лықтан, парақорлықтан аулақ болу.

Ел тәуелсіздігіне қатысты игі­лік те, тарихи жауапкершілік те әр кезде билік тізгінін ұстаған лауа­зымдылар мен шешім шы­ғару­шыларға жүктеледі. Олар­дың өз тарихи міндеттерін қалай атқаруына сай еліміздің тәуел­сіздігі мен оның мән-мағынасы айқындалмақ.

 

Зиябек КабылдиновЗиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарихшы

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ӨТЕ НАШАР

Біз тәуелсіздікті қалай сезі­ніп жүрміз? Тәуелсіздік, азат­тық, егемендік ұғымдарының мә­нін дұрыс түсіне алдық па де­ген сауалға келсек, біз тәуел­сіз­дікті толығымен дұрыс сезі­ніп жүрген жоқпыз және дұрыс түсіне алма­дық. Себептері: Бі­рін­шіден, қазақ еліне Ресейдің ақ­парат шабуылы күшті. Ресей­дің азаматтары телевизиясынан қан­дай идеологилық және пси­хологиялық әсер алса, қазақ қо­ғамы да дәл сондай әсерде бо­лады. Бір мысал айтайын. Жуырд­а орыс телевизиясына құмар отыз жастағы азаматпен сөйлес­тім. Байқоңырда қазақ мек­тебін бітірген тап-тамаша қа­зақтың жігіті: «Біз Ресейсіз өмір сүре алмаймыз. Біз оларсыз құримыз», – дейді. Мен оған: «Мен жиырма жыл бұрын Ресей­дің Омбы жағында жүріп орыс сая­сат­керлерінен осы әңгімені естіп едім. Олар: «Біздің, яғни орыс­тың сантехниктері Қа­зақ­станнан кетіп қалса, қолынан ештеме келмейтін қазақтардың шаруасы бітеді», – деп еді. Мен оларға қазақ егеменді ел бола ала­тынын дәлелдеп баққанмын. Қазір сантехниктердің көбі қа­зақ­тар. Саған басқа қандай дә­лел керек?!», – деп әлгі жігітті ұялт­тым. Сонда байқағаным, ол жігіт бүкіл ақпаратты орыс каналдарынан алады екен. Санасы әбден улан­ған. Қазір біреулер «референдум» жасауға елімізге кіріп кетсе, осындай намыссыз жер­лестеріміз қазақтың егемен­дігіне дауыс бермейді. Осылар­дың бетін бері қаратуға күш са­лу керек. Екін­шіден, бізде идео­­­логия өте нашар жағдайда. Елі­мізде қарапайым халықпен кім және қалай жұмыс жасап жүр­генін мен бүгінге дейін тү­сін­беймін. Қайта,1994 жылға дейін Омбыда жүріп, апта сайын «казвечерлерді» ұйым­дас­ты­рып тұратын едік. Жас сту­дент­терді жинап қазақтың тілін, та­ри­хын, ділін, дінін насихаттап, әжептәуір жұмыс тын­ды­ратын­быз. Арасында спорттық ойындар, би ұйым­дастырып, қа­зақтың рухын көте­ретін дә­рістер оқитын едік. Дәл қазір де би­лікке қазақи идеологтар керек. Сонда ғана біз тәуелсіз­ді­гі­міз­ді сақтап қаламыз. Үшін­ші­ден, бізде жемқорлық, «команда» деген үрдістер билеп кеткен. Тіп­ті жемқорлықтан біз әлемнің бі­­рінші «ондығындамыз»!? Осын­дай жаман әдеттерге әуес­тенген кейбір азаматтар еге­мен­дікті дұрыс бағаламайды. Сон­дықтан да бірінші кезекте осы дерттерге шипа боларлық шара қол­дану қажет. Төртіншіден, ха­лықтың тұрмысы соңғы жылы өте нашарлап кетті. Егер билік өз халқына өзін-өзі асырай алатындай жағдай жасамаса, тұр­мыс­тан қиналған жұртшы­лық үшін кімнің қол астында болсақ та дұрыс күн көрсек болды деген түсінік пайда бола бастайды. Сонда оларға басқарушы Қытай ма, АҚШ па, Ресей ме бәрібір бо­лып қалады. Сондықтан тәуел­сіздікті сақтауға ең әуелі біз­ді басқарып отырған үкімет ты­рысса игі. Бесіншіден, бізде қазір әділетсіздік етек жайып барады. Қай жерге бармасаң да – осы! Жауапты, шешуші қыз­меттердің тізгінін білімді әрі ақи­­қаттан аттамайтын таза аза­маттарға бермейінше, пат­риот­­тық рух төмен күйі қала береді. Өзінің күш-жігерін елге, ха­лық­қа дұрыс пайдалана ал­ма­ған адам, жабық күйінде қалады. Өзімен-өзі тұйықталып, ақыры елден кетуге, басқа елден әділдік іздеуге мәжбүр болады. Алтыншыдан, ЖОО-да тарихын таныту арқылы ұлттың рухын кө­те­ріп, намысын жани түсетін «Қа­зақстан тарихы» пәні­нің ор­ны­на енді «Қазіргі Қазақ­стан та­рихы» пәнін оқытатын бол­дық. Ендігі жерде патриоттар қайдан шықсын!?

Ал енді тәуелсіздікке деген құр­­мет сезімі әлсіздігінің басты се­бептеріне келсек, колхоз-сов­хоз ыдырағаннан кейін қалада үйсіз-күйсіз жүргендердің саны көбейді. Ел азаматтарының қақ жартысы кредитке белуардан ба­тып, қай­ғыға көмілді. Мен жуыр­да несиені 21 пайыздық өсім­мен алдым. Ал кішкене қа­на Чехияда несиені 3 пайызбен береді екен. Бұның өзі халықты қанау емес пе? Осылайша жұрт­тың жағдайы төмендеп, шетелге шығатындардың саны сиреді. Жиі-жиі болатын девальвация жа­лақымыздың жартысын жұ­тып алды. Ең ақыры әлеуметтің зейнетақы қорына да билік қол салды. Жұмыссыздық бұрынғы­дан бетер көбейді. Ал қымбат­шы­лық халықтың алқымынан алып барады. Кең байтақ деп мақтанатын қазақ даласының ұлтарақтай жеріне зар болған қандастарымыз орыс пен өзге ұлттардың есік алдында пәтер жалдап күнелтуде. Осылай әу­пірімдеп күнелтіп жүрген халық билікке қалай сенсін? Уәдесі айтылған жерде қалатын шенеу­ніктерге тіпті де иек артудан қал­ған. Жалпы, бізде мем­ле­кет­тік менеджмент әлсіреді. Тәуел­сіз­­дік­тің құны арзандады…

Ашығын айтқанда, осы күні Кеңес Одағын аңсайтындар емес, Ресейге қосылғысы келе­тін­­­­дер­дің саны өте көп. Оның се­бебі, бірін­шіден, ел тұрғын­да­ры­ның 30 пайы­зы қазақ емес, орыс­тар жә­­не орыс тілділер. Олар пси­хо­ло­гиялық тұрғыда Кеңес Одағын аң­сайды. Кеңес ода­ғының соңғы 30-40 жылының жақсылығын көргендер қазақта да аз емес. Ал халықты қан қақсатқан ашар­шы­лықты, саяси қуғын-сүргінді өз дәрежесінде түсіндіріп, тарихи бағасын бере алмай келеміз. Екін­шіден, қазіргі Ресей – Кеңес Одағының мұрагері. Ресейде біз­ден гөрі халықтың тұрмысы жо­ғары және кеңес уақытынан ке­ле жатқан әлеуметтік қол­дау­лар өте көп. Мысалы, олардың аза­маттары зейнетке 55 және
60 жаста шығады. Тіпті мұғалім­дер және тағы да басқа категориялар 40 жастың ар жақ бер жа­ғында зейнетке шыға алады. «Материнский капитал» деген сер­ти­фи­катпен облыстық орта­лық­­тар­дан пәтер немесе жер үй са­тып ала алады. Ауылдағы мек­теп мұға­лім­дерге отын көміріне дейін үйіне әкеліп береді. Жа­ла­қылары жоғары. Мысалы, Ас­танадағы мектеп ұстазы орташа есеппен 70 мың теңге жалақы алса, Мәскеу­дегі орыс әріптесі біз­дің валютамен 5 есе артық ала­ды. Олар бағаны да бір дең­гей­де ұстап тұра алады.

 

Байгараев ННұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты

ӘДІЛ, ТАЗА, БАЙ, ТЫНЫШ, ТҰРАҚТЫ ҚОҒАМҒА ДЕГЕН ҚАЖЕТТІЛІК БАР

Меніңше, «тәуелсіздіктің қа­діріне неге жете алмай жүр­міз?» деген сұрақ тым біржақты қойылған. Тәуелсіздікті те­реңі­нен түсінетін де, мәнісін ұғатын да халық, жаңа ұрпақ жеткілікті. Оқушылар мектепте жүрегіне қо­лын қойып, жан-тәнімен таңер­тең әнұран айтқанда, Го­ловкиннің кезекті жеңісіне дүйім жұрт қол соққанда, Олимпиадада спортшыларымызға бә­ріміз біржұдырық жанкүйер болып, жетістіктеріне қуанған­да, Елбасы шапан киіп, елді Нау­­рызбен құттықтағанда бұл се­зім ерекше байқалады. Оған қоса, шетелде өз қаражатына не­­месе «Болашақ» бағдарла­ма­сы­мен оқитын жастар да мемле­ке­тіміз туралы мағлұматы аз жат­жұрт­тықтарға Қазақстанды тек жақсы жақтан танытуға ты­ры­сады, оған өзім талай куә бол­дым. Мұның бәрі тек Тәуел­сіз­діктің арқасы дер едім. Бұл бос пафос сөздер емес. Себебі жо­­ғарыдағы әрбір әрекет, қа­дам­ның артында өз еліңнің бар екен­дігіне, оның дербес екен­ді­гі­не сенім сезіледі. Аталған се­нім болмаса, елімізде шетелге жап­пай көшу байқалар еді. Өзім Анг­лияда босқын күрдтерді көп кез­дестірдім. Неге? Себеп біреу – егемен елі жоқ, ал туған жерін­де сұрапыл соғыс жүруде. Содан амалсыз жырақта жан бағуда.

Алайда, ел болған соң ала да, құ­ла да болады. Жұмыс тап­па­ған, тапса, ондағы командалық жүйе­ден шаршаған, оған ілінсе де, жемқорлықтан көз ашпаған­дар түйіншегін жинап, мұхит асуға даяр. Қолынан келгені кет­ті де. Бұл тізбектелген әлеу­мет­тік проблемалардың салдары. Бірақ алдымыздан кедергі кез­дессе, бәріміз шабаданды жи­нап, қаша берсек, алып жер кім­ге мұра? Мал екеш  мал да алды­нан шыққан терең өзенді бой­­­ламай, кешіп өтуге тырысады.

Бұдан бөлек, бізде әлі де кін­дігі Кеңес Одағымен жабысып ту­­ғандар бар. Олар Сталинді әу­лие тұтып, сол замандағы 5 тиын­дық шұжықтың дәміне құш­тарланып, келмеске кеткен дәуірді аңсап отырады. Олардың жа­сы, негі­зінен, 40-тан жоғары. Бі­рақ әлеу­меттік желінің ық­па­лы бар, Ресейден тарайтын ақ­па­раттың күші бар, бұл кесел бі­раз жас өрен­дерге де кейде жұ­ғып қала­тынын фейсбук парақ­ша­ларынан байқап қалам. Міне, бұл тәуел­сіздігімізге ең қа­­терлі қауіптің бірі. Оған Ук­раи­надағы соғыс дәлел. Украин пас­портын 20 жыл ұстаса да, суын ішіп, нанын жесе де, жеме-жемде бүлікті қолдап, елді бөліп, көр­шісіне бүйрегі бұрып кеткен­дер жүз мыңнан асып кетті.

Әрине, жоғарыдағы проблемаларды бүгіндегі көпшілік айтатын ұлттық идеологиямен ше­шіп тастау мүмкін емес. Се­бебі, бүгінгі нарық уақытында адам­да идеологиядан бұрын әділ, таза, бай, тыныш, тұрақты қоғамға деген қажеттілік бар. Үкіметтің міндеті әр азамат өзін Қазақстанда судағы балықтай еркін әрі қажетті сезі­нетін, мүм­кіндіктер тең берілген қо­ғам­ды одан әрі қалыптастыру. Мұн­дай қоғамда жаңа жұмыс та, бизнес ашу да, пәтер де мәңгі проб­лемаға айналмайды. Сәй­ке­сінше, ұлтына қарамай, әр қазақ­стандық осы елде отбасын құра­ды, қаражатын құяды, ірге­тасын қалайды, яғни Қазақстан­ның қорғаушысына айналады.

Бұдан бөлек, арамызда Ре­сей­­дің армиясына, Ұлыбрита­ния­ның монархиясына, Жапо­ния­­ның экибанасына, АҚШ-тың IT технологиясына, Франция­ның ас-суына тамсанатындар бар. Иә, әр адамда таңдауға да, там­сануға да құқық бар. Бірақ біз ұлттық идеологиямызды 30 секундтық жасанды әрі жаттанды роликтермен емес, өз армия, өнер, тарих, ғылы­ми жетістік, әде­биетімізді ашып көрсететін, қызықтыратын дүние­лермен на­сихаттасақ, өзгеге мойны бұры­латындардың саны азайып, өзімізге үңілетіндер көбейер еді. Соңғы қадамдар тәуел­сіз­дік­ті құнттаушылардың санын арттырудың негізгі жол­дарының бірі деп есептеймін.

Дайындаған Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір