ЕРІКТІ АУЫЗҒА…
26.08.2016
977
0

Т3леубек

Қайран бабаларымыздың қайсыбір мәтелі бүгін қалайда… нелеу болып қалып жатыр, әлгі… нелеу. Мысалы, олардың: «Ерікті ауызға бөрікті бас сияды» дегендері бүгінде олай емес. Бірақ бұл мәтелді алғаш айтқан бабамызды кінәлауға әсте болмайды, себебі: оның заманында бастауыш, жетіжылдық, орта мектеп, техникум, училище, институт, университет, аспирантура атымен жоқ-ты. Яғни: ғылым кандидаты, доцент, доктор, академик… деген атақтар да Кеңес өкіметі орнағаннан кейін пайда болды ғой. Сонымен, «көп сөйлеп созбайын» да, мынау 16 сөзді оқуларыңызға ұсынайын: «…Қазір ақын да, жазушы да халықтың жоғын жоқтап жатқан жоқ, олар барынша мақтауын асырып, «ауруын» жасырып жүрген жандар».

Қалай? Түсінікті ме?..

Соттың үкіміндей бұл 16 сөзді осы гәзеттің өткен аптадағы (19-25 тамыз) санында жария­ланған «Сөз қадірі кеткен заман» атты ма­қаладан үзіп алдым. Тақырыбы кө­зімді де, көңілімді де бірден бау­­рады. Оның үстіне авторы – Ті­леубек Дөрбетхан мырза саясат­танушы екен! Өзім­нің де сая­сат­тан хабар-ошарым бар бол­­ған соң, кәнеки, бас салып оқи жөнелейін бағана! Бәрекел-ді!.. Дұрыс-ақ!.. Тілекең судыратып жазғанды мен суылдатып оқып шықтым. Демімді алып, еп­теп ойланып едім, бір тұсында бір­­түрлі бірдеңе бар сияқтанды. Ша­ғын мақаланы көзіммен шарлап отырып, бабаларымыз: «із­де­ген жетер мұратқа» дегендей, әлгі бір­деңені тауып алдым. Ол – мынау 16 сөз.

Бүгінде бізде неше жүз ақын-жазу­шы барын білмесем де (оны осы мақалаға оң батасын берген гә­зет редакциясының басшылары білетін шығар), солардың бә­рін Т.Дөрбетхан мырзаның ар­дан бұрын мақтауды ойлайтын обалсыздар ретінде «списать» етіп, қолын қойып, мөрін баса сал­ғанын көрдім. Өйдә-ә-ә!..

Оу, үлкен-кіші қаламдаста­рым! Сонымен сөйтіп, осымен «сау­дамыз бітті», ә?! «…барынша мақ­тауын (кімнің? – Ғаббас) асы­рып, «ауруын» жасырып жүрген жан­­дармыз», күні ертең жана­за­мыз­­ды шығаратын молданы із­деп тауып, алдын ала келісім жа­­сасуға кірісеміз бе, қайтеміз?! Саясатшы Т.Дөрбетхан мырзамен даулас­па­йық. Бабалары­мыз­дың бүгінгі ұр­пақ­тары – біз – «Ерік­ті ауызға есек арба  да сия­ды» заманда екенбіз ғой!

Алайда, менің бір «жұба­ны­шым» бар. Гәзеттің «Бүгінгінің сауа­лы» айдарымен, «Мақтаудан бұ­рын арды ойла» деген тартымды  ортақ тақырыппен жарияла­ған төрт мақала-пікірді түгелдей оқып шығып, тағы  да ептеп ойланып едім… жазған төрт саясатшы да: «Ендігісін айтпаймын, ішің біл­сін әлуәйға» басқан екен. Ең бол­маса біреуі: Пәленбай Түглен­баев арынан бұрын мақ­тауды ой­лап, Түгленбай Пәлен­баевты бы­лай деп босқа мақтады, деп бір мы­­сал келтір­сеші! «Оқ­тары» те­рек­ке де, бұтаққа да тимей, дөй да­­лаға кетіпті. Демек, біздің  ақын-жазушыларымыз «апырым-ай» де­сіп абыржитын дерек болмай шық­ты. Иә, мен соған «жұбан­дым» және: «Егер редакция маған осылардай ма­қала-пікір жазуға тап­сырыс берсе, шіркін-ай, әлем­нің атақты әдебиетші-сын­шы­ларының, ақын-жазушылары­ның, ғалым­дары мен сая­­сат­шыларының жазып кеткендерінен дәйек сөзді вагондап жинап алып, гә­зет­тің 24 бетін жалғыз өзім толтырып отырар едім!» деп «арман­да­дым».

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!