АЗЫҚТЫҢ ҚАМБАСЫ
26.08.2016
1766
0

едигеНегізі, «кітап оқудың орнына  интернет желілеріне үңіледі…» деп қарастыру дұрыс емес деп ойлаймын. Кітап оқу мен интернет желіле­рінен өзіне керегін іздеу екі бөлек дүние. Егер мақсат өзіне керек дү­ниені табу болса – интернет желі­лерін пайдалану өте тиімді әрі қажет. Технологиялық дамудың қазіргі жастарға берген үлкен мүмкіндігі.


Едіге АЛПЫСБАЙ,
экономист, кәсіпкер

Сондықтан сұрақты екі бөлек қарастыру керек: 1. Жастардың кі­тап оқудан алыстауы 2. Әлеу­меттік желілерге шамадан тыс байлану, уақыттың көбін сонда жұмсау. Әуелі кітаптан баста­йық. Менің ойымша, білім жүйе­сінің ең басты міндеті – баланы кітапқа үйір қылу болуы тиіс. Егер бала кітапқұмар болса, қа­жетті білімнің бәрін үйрене алады. Оның ішінде  – көркем әдебиетке (қазақ әдебиетіне) баланы әуес қылудың ең дұрыс жолы – оған ана тілін дұрыстап сіңіру. Себебі, кітап оқу­дың екі түрлі берері бар. Біріншісі – ақпарат, екіншісі ләззат. Яғни егер ғылыми, пәндік, танымдық кітаптар оқығанда алатын білі­міміз, көркем әдебиет оқығандағы оның сю­жеттік желісі, ненің қалай өрби­тіні – бұл ақпарат. Ал шебер жазу­шының туындысын оқып отырып тілінің шұрай­лылығы мен сөз саптауынан жү­рек­тің елжіреп, бойды діріл билеп, кейде үрейге, кейде қобалжуға, кейде уайымға, кейде қуанышқа, кейде қанағатқа бөлену – бұл көркемдік, эстети­калық, рухани ләззат деп есеп­теймін. Енді қара­ңыз: техноло­гияның дамуының арқасында ақпарат алудың формалары көбейді. Бұрын көп нәрсені тек кітаптан алуға болар еді. Ал қазір, оны интернеттен, теледидардан, әлеуметтік желілерден де ала беруге болады. Тіпті, көркем әде­биет­тің өзінің «ақпараттық» бөлігін алудың түрлі формалары бар. Мысал ретінде айта кетейін, бірде ұлыма тапсырма бердім: «Алпамыс батырды оқып, сосын мазмұнын айтып бер», – деп. Келесі күні келіп: «Әке, мазмұнын айтуға дайынмын»,– деді. Сөйт­сем, кітабын оқымай, мульт­фильмін көріп алыпты, пысықтық танытып. Демек, көркем әдебиет­тің сюжеттік желісін де кітап оқы­май-ақ білуге болады қазір: кинолар, сериалдар, мультфильмдер, бейнероликтер, деректі фильмдер, т.б. Бірақ кітап оқудың «ләззатын» ештеңе алмастыра алмайды. Сіз айтып отырған көркемдік эстетика осы болса керек. Ал жастарды бұдан мақұрым қылмау үшін, жа­ңағы айтқа­ным­дай, ана тілін жас­тайынан сіңіру керек. Сонда ол адам ана тілінде жазылған шығар­маларды аңсап тұратын болады. Сюжеті үшін емес, басқасы үшін емес – тілі үшін, самал желдей есіп отыратын көркемдігі үшін. Жалпы, сөздің құдіреті керемет қой. Бір сөйлемдегі сөздердің орнын қалай орналастырғаныңа байланысты – адамға әсері де әр түрлі болады. Кей­бір жазуды оқи бастағаннан-ақ денеңді ерекше толқу билеп алатыны болады. Ол – жазушының шеберлігі. Өз басым, ақпарат алу үшін көп оқитын адаммын. Әр түрлі тілде оқимын. Алайда, арасында ана тіліндегі көркем әдебиетті қолыма алғанда  – ауылға демалысқа барып қайт­қандай әсер аламын. Мысалы, жақында ғана көптен ойда жүрген Әбіш Кекілбаевтың әңгімелерін жүктеп алып оқи бастадым. Бөлек дүниеге енгендей боласың. Шағын ғана әңгімелер. Сюжеттік иірімдер жоқтың қасы. Бірақ оқи бергің ке­леді, оқи бергің келеді. Сөздің құ­діре­ті, тілдің байлығы, жазу­шының шеберлігі! Екінші бір үлкен мәселе – осындай әсер беретін туындылар­дың жазылуы мен оның «марке­тингі». Кеңес Одағы кезінде жазушы тек жазатын еді де, оны басу, тарату, жарнамалау,  т.б. «маркет­инг­тік» қызметтерді үкімет атқара­тын. Жүйе солай болатын. Ал нарықтық жүйе­нің талабына сәйкес – бұл функцияны баспалар істеуі тиіс. Әлемдік тәжірибе солай. Тиісті инвестициясын салып, жазу­шы­ның қаламақы­сын төлеп, кітапты басу құқығын сатып алып, оны жарнамалап, таратып, содан тиесілі пайдасын табуы тиіс. Бізде қазір осы тұсы осалдау сияқты. Жазушылар «ешкім оқы­майды»  деп налыса, оқырмандар «оқитын нәрсе жоқ» деп кейиді. Демек, арадағы шынжыр үзіліп қалған. Нарықтық заманның талабы сол –  өнімің қанша құнды болға­нымен, оны дұрыс ұсына біл­ме­сең, жеткізе білмесең, сата ал­майсың. Бәсекеге қабілетті түрде сапалы басылған, тартымды дизайн­мен, тиісті жарнамасымен барлық сөрелерде тұруы керек кітаптар. Тек сөрелерде емес, электронды форматта да ұсынылуы керек тиісті электронды дүкендерде. Сонымен, көркемдік эстетикадан алыс­тауы­мыз­дың себебі – бірін­шіден, оқыр­ман болатындай жастар тәрбиелеуді ұмытыңқырап қал­ғанымыз, екін­шіден – сұра­нысты қанағаттан­ды­рарлықтай  өнімдерді нарыққа ұсыну жүйесі жолға қо­йылмауында деп ойлаймын. Ал жастардың кітап оқудан алшақтап, уақыттың көбін еш пайдасыз, шамадан тыс әлеумет­тік желілерге жабысып қалуының салдары – рухсыз­дыққа, қиялсыз­дыққа апарары сөзсіз. Мәселе тек кітап оқымауда емес. Мәселе – өмірдің мәнін, уақыттың қадірін дұрыс түсінбеуде болса керек. Түсіну үшін – ойлану керек. Ойлану үшін – азық керек. Азықтың қамбасы – кітап.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір