БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ КИЕСІ
26.08.2016
2255
0

1432813631__mg_7537Бұрын ата-бабамыз «балалы үй базар» деген сөзге  шаңырағы мен босағасы берік, үйі күлкіге толы, дастарқаны мол, пейілдері кең, отбасы ошақ қасы берекелі деген мағына бергені белгілі. Жалпы, адамзат нәрестенің ің­гәсі, сәбидің күлкісі, бал­дыр­ған­ның бал тілі, балаларының қы­зы­ғы үшін малын да, керек болса жанын да садақа қылған ғой. Тегінде адамзаттың ұрпақ жал­ғас­тығы, қоғамның өркендеуі, елдің болашағы мен мемлекеттің қауіпсіздігі тікелей балалар денсаулығына  байланысты екені ақиқат.  Бірақ өмір болған соң әркімнің  көзінің қарашығындай көретін балалары, егеменді елдің ұрпақтары ауырмай тұрмайды, солардың ауруларын дер кезінде анықтап емдейтін жалпы педиатрияның бірегей саласы – балалар хирургиясы.

Осы салада 60 жылға жуық күн демей, түн демей мұзбалақ болып,  балалар хирургиясының жалынына шарпылып, отына күйіп, мыңдаған балаларға шипагер болып, ата-аналардың құрметіне бөленіп жүрген жан­дардың бірі, Казақстан балалар хирургиясы­ның негізін өз қолы­мен қалап қа­ра шаңырақ дәре­жесіне көтер­ген, бүгінгі күні Қазақ­стандағы балалар хирур­гиясының  аты аңызға айналған абыз атасы болып саналатын медицина ғылы­мы­ның докторы, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР ҰҒА академигі, Ормантаев Камал Сәруарұлының еңбегі ұшан теңіз.

К.Ормантаев 1936 жылдың 11 қарашасында қасиетті Сыр өңі­рінде Қармақшыдан 20-25 шақы­рым жердегі Байзақ және Жайлау тоғайының ортасында орналасқан Калинин совхозы­ның Қорқыт стансасынан 15 шақырымдай ауылында  дүниеге келген.

Сәруар ақсақалдың Камалдан бұрын дүниеге келген 3 ұл баласы мен  3 қызы сәби кезде­рінде әр­ түрлі аурулармен ауырып, шетінеп кеткен екен. Балалары тұрмай өле берген соң анасы екіқабат кезінде жатырындағы шаранаға мерейле­ніп,  тілеуін тілеп, бір балгерге ба­­рып жолы­ғады. Ол кісі: шыра­ғым, ұл туа­сың, атын Камал қой. Одан кейін тағы бір ұл туасың, оның атын Самал қой деп батасын беріпті. Сол  көріпкелдің айтқаны келіп,  бүгінгі абыз ақсақал Камал мен бауыры Самал жарық дү­н­иенің есігін ашқан  екен.

Балалық бал дәурен шағы 1932-1933 жылдарғы аштықтан кейінгі заман мен Ұлы Отан со­ғысы кезіндегі ауыртпалыққа тұспа-тұс келіп, жалаң аяқ, жа­лаң бас болып туған ауылында өтеді. Әкесі Сәруар елін, жерін жаудан қорғау үшін, күші басым фашист басқыншылармен жан­пидалық­пен Сталинград қан-майданда соғысқа қатысқан. Жарақат алып оралған.

1942 жылы анасының кітап пен нан салуға арнап тігіп берген дор­баны көтеріп ауылдан 2 шақы­рым жердегі бастауыш мектепке барады. Мектепке, өзі айт­пақшы – «дұрыстап та бармайды, үйден сабаққа деп шығып кетіп,  жолда ойнап, қарным ашқанда нанымды жеп, мектептен қайтқан балалармен үйге қайтатынмын,  тек әкем «бұл болмайды» деп бірде ұрысқан соң ғана оқуға бет бұрып, үздік оқитын балалардың қата­рына қо­сылдым» деп  еске алады  балалық шағын.

Орта мектепті Қармақшыда Жүніс деген туысы мен ұлты шешен молданың, кейіннен мектеп интернатта тұрып оқып, 1953 жылы үздік бітіріп шығады.

Адам болатын бала алысқа қа­рай­ды дегендей, қазақша тәр­бие алған, қазақ мектебін бітіріп  орыс тіліне шорқақ жасөспірім Камал өткен ғасырдың 50-ші жылдары басында  бойдағы талап жетегі арқасында, оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ екенін түсінген күш-жігердің айдауымен өмірі көрмеген Алматы қаласына, он­дағы Мемлекеттік медицина инс­титутының педиатрия фа­куль­те­тіне оқуға түсуге бел буады. Ме­ди­цина институты, оның ішінде педиатрия факультетін таң­дау әке тілегі, яғни кеңесі болған. Ол кісі: «балам, сен Алма­тыдағы медицина институтына оқуға бар, өйткені сенің алдын­дағы бірге туған 6 бауыр­­ларыңның шетінеп кеткенін өзің білесің,  екіншіден,  мен қанды соғыста әскерлердің жанын алып қалған  дәрігерлерді ерен еңбек­терін көп көрдім, адамға өмірден басқа  қымбат нәрсе жоқ», – дейді. Ол заманда Әке тәрбиесін көрген, Әке сөзі мен тілегін бұлжытпай орындау қазақ жастарына тән қасиет еді ғой. Сөйтіп, Қармақ­шыдан 1953 жылы бір мектепті бітірген 13 бала Алматы­ға, бәрі медицина институтына оқуға түсу­ге аттанады. Орыс тілінде әупірім­деп емтихан тапсырып, оның ішінде орыс тілінен  шығарма жазып, ауылдан келген 13 баланың арасында тек Камал Сәруарұлы  арманына жетіп, оқу­ға түседі. Ол кезде оқуға түсу әр­кім­нің маң­дайына жазыла  бер­мейтін  бақ десе де болады.

Сонымен орысшасы шамалы студентке бастапқы оқу жылы өте қиын соғады. Сабақ түгелімен орыс тілінде, оған қоса латын ті­лін меңгеру керек. Бірақ қай­сарлығы бар, мінезі бар, қабілеті бар, талабы таудай студент бірінші курс емтихандарынан үздік деген баға алып, екінші оқу жылынан бастап  жоғар­ғы стипендия ала бастайды.

Бала анадан екі түрлі мінезбен, бірі – ішсем, жесем, екіншісі  жан құмары – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген талаппен туады  деп Абай атамыз айтқан ғой. Соны білген Камал қиын­дықтың бәрін шыдап, бірінші курстан бас­тап ойлаған мақсатына жетуге белсене кіріседі. Профессор П.П.Иса­ев, проф. М.С.Саулебекова, проф. С.О.Глозман,  проф. Х.Қ.Сәт­паева, проф. М.И.Брякин басқар­ған анатомия, биохимия,  пато­ло­гия­лық физиология, хирургия ка­федраларындағы студенттік ғылыми үйірмелерге белсене қа­тыса бастайды. Ғылымға тояттай бастаған, білім алудан, ғы­лыми ізденуден жалықпаған Камал бесінші курста қазіргі Ниж­ний Новгород, алтыншы курста Саратов қалаларындағы КСРО сту­денттерінің ғылыми  форумдарында баяндама жасап, онда Одақтың балалар хирур­гиясының  негізін салушы проф. С.Д.Терновскийден батасын алады. Осылардың бар­лығы білімге, ғылымға деген құш­тарлығын өршіте түседі. Сонымен К.Ормантаев 1959 жылы АММИ балалар емдеу факультетін «қызыл» дипломмен тәмамдайды.

Балаларға деген мейір­бан­дығы, ішкі сезімталдығы, сәби­лердің жанын түсінетін жүрек нә­зік­тігі – аузынан ана сүті кеппеген, белінен бесік табы кеппеген бала­лардың хирургі болуға басты себеп болады. Жас жігітке бұл талғам ана сүті мен әкесінің тілеуінен дарыған болар. Ойлаған мақсатқа жету жүрек ісі ғой. Жалпы, К.Ормантаев­тың  қазіргідей болып қалыпта­суына білімді, адамгершілігі зор, өмірлік тәжі­рибесі мол танымал адам­дардың септігі көп тиеді.  Жас маманның білім мен ғылымға деген ынта­лығын көрген доцент Ф.Х.Мұсабаева «бұлақ көрсең – кө­зін аш» деген қағидаға сай К.Ор­ман­­таев­қа балалар хирургиясына мамандығы бойынша, сол кездегі белгілі ғалым, проф. М.И.Брякин басқаратын ауруха­налық хирургия кафедрасына ординатураға оқуға түсуге қол ұшын созады. Ол кезде балалар хирургиясы әлі жеке сала болып бөлінбеген, сондықтан балалар үлкен адамдардың ауруханасында емделетін және операцияны  үлкендердің хирургі жасайтын. Осы  жылдардан бастап көкірегінің көзі бар Ормантаев Камал Сәруар­ұлы талмай ізденіс, ерінбей еңбек­тену, күндіз-түні балаларды емдеу мен ота жасауға машық­тануды, ұйқысыз том-том кітап­тарды, күр­делі ғылыми еңбектерді үздіксіз оқуды әдетке айландырып, жұ­мыс­тан рухани ләззат сезіне бас­тайды. Сол кезде-ақ балалар хи­рургі тек ота жасауға ғана емес, бұл мамандық өмірдің есігін жаңа ғана ашқан, өз иммунитеті жоқ, ағзала­рының морфологиялық құрылымы мен қызметі жетіл­меген, сыртқы ортаға енді ғана бейімделе бастаған нәрестелер мен оңы мен солын аң­ғара білмеген, жан мен тән күйзелі­сіне ұшырап, ата-аналарынан ауыр қалде ажырап, әркімнің бетіне үрке қарап, бойларын үрей билеген сәбилерді алғаш маңдайынан сипап, мейірімділік көрсететін, сыр­қа­тын дер кезінде анықтап, оларға тиімді ота жасап, бала­лардың болашақ тағдырын шешетін осы балалар хирургтары екенін, үлкен­дердің дәрігер­лері­мен салыстыр­ған­да, ауруға шал­дыққан бір баланы уатып,  көз жасын құрғатқан үлкен сауап екенін түсінеді.

Қайрат етер мезгілде, жүк кө­те­рер нардай бол  деген қағиданы ординатурада оқу кезінде ұстам қылған жас маман талабын байқа­ған проф. М.И.Брякин оны ас­пиратураға қабылдайды. Нәти­же­сінде  1966 жылы «Балалардың миы шайқалуы» деген  тақырыпта кандидаттық диссертация қор­ғайды. Бұл Қазақстанда балалар хирургиясы саласында  және қазақ аза­маты қорғаған ең бірінші кан­ди­даттық диссертация болатын. 1965 АММИ балалар хирур­гия­сының ассистенті болып орналасады.

Тегінде адамның арманы не­ғұрлым биік болса,  оны сәттілік те тосады дейді ғой. 1966 жылы қазан айында Қазақстанға Мәс­кеуден КСРО Медицина Ғылымы Ака­де­мия­сының Педиатрия ғылыми зерттеу институтының директоры, академик М.Я.Студиникин мен Медицина академиясының жоғар­ғы аттестациялау комиссия­сы­ның мүшесі, атақты ғалым, жоғарыда аталған ғылыми орталық­тың балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі  проф. А.Г.Пугачев келеді. Осы жерде ұйымдас­ты­рыл­ған  Ғылыми  кеңесте Қазақстан­дағы ба­лалар хирургиясының дамуы мен болашағы туралы  ­К­.С.­Ор­ман­таевтың жасаған баяндамасын тыңдаған проф. А.Г.Пугачев:  сен жақсы баяндама жасадың, мен сені сыртыңнан білем, өйткені жақында ғана сенің кандидаттық дис­сер­та­цияңды бекіттік, құттықтаймын, – дейді. Се­нің талабың да, білімің де жақсы екен. Ғылым қуған адам ізденімпаз, табанды болуға тиіс. Қандай қиын­дықтар болса да алға қойған мақ­сат­тан таймау керек, біз жақында Одақ көлемінде бір ғы­лыми зерттеу жұмысын бастайық деп жатырмыз, сен доктарантураға кел, – деп ұсыныс жасайды. Өзі ұнатып таң­даған мамандық рухани қанағат­тан­дырғандықтан және  төккен тері мен еткен еңбегі еш  кетпегенін, білім асыл қазыналы сандық еке­нін, оны ашатын кілт еңбек екенін, адам мен адамды теңес­тіретін бі­лім екенін, шабыт тек іздеген адам­ға жұғысты болатынын, ғы­лым бас­қа жазған талант пен ұзақ өмір­дің арқауы екенін  жете түсінген К.С.Ормантаев қуана бірден келі­седі.

Сөйтіп, 1967 жыл 20 қаңтар күні Мәскеуге докторантураға аттанады. Бірақ көп ұзамай тамағы ауырып, аяғы күп болып ісіп кетеді,  қаражат аздығы сезіле бастайды, оның үстіне Алматы­дағы бала-шағасын сағынып, торығып, бәрін жиып қойып Алматыға қай­туды ойлап жүреді. Сөйтіп құбы­лып жүргенде, ойда-жоқта Мәс­кеуде жүрген Қазақ­стандағы дә­рі­герлер білімін жетіл­діру инс­титутының ректоры А.Апсаттаров пен  кейін­нен Алматы Мемлекеттік медицина институтының ректоры болған проф. К.Маскеев жолығып қала­ды. Оларға ойын айтады. А.Айдарханов ағалық жасап: «Әй, Камал, мұндай азын-аулақ қиын­дыққа шыдамай Алматыға қайтам дейсің, оның дұрыс емес, жұрт сені оқи алмай келді деп сөз қылады, Мәскеуге жердің үстімен келіп астымен қайтасың ба, қазақ деген намысшыл халықпыз ғой, қой ондай ойыңды, жігер мен қайра­тыңды жанып, шыдап бақ, ақы­лым­ды тыңдасаң, еңсеңді түсір­мей, оқуыңды жалғастыр», – деп кесіп айтады.

Сол сөзден кейін бойына тың күш бітіп, ғылымға деген құл­шынысы бұрынғыдан да арттып, алған бетінен қайтпай, 1971 жылы 35 жасында «Балалар өкпесінің екі жақты созылмалы іріңді ауруларын хирургиялық емдеу тәсіл­дері» деген тақырыпта  докторлық диссертация қорғайды. 1972 жылы профессор атағы беріледі. 32 жа­сында-ақ Алматы медицина инс­титутының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болады.  Адамның көңілі ғылымға шын мейірленсе, білім ғылымның өзі де адамға  мейірленеді, тез қол­ға түсе­ді деген осы шығар. Сөйтіп, К.С.Ормантаев ғылым докторы, про­фессор, балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болып шыға келеді.

Жас ғалым өз бойындағы  мол білім мен тәжірибесін тек болашақ педиатрлар мен  балалар хирургтарын дайындаумен шектемей, бала­лардың көптеген туа және жүре пайда болған ауруларын анықтау, операция жасау жұмыс­тарына да белсене кіріседі. Өзге­лерді үйретіп жүріп, өзі де тәжірибе жинай бас­тайды. Камал Сәруар­ұлының ті­ке­лей белсене араласуымен балалар хирургиясы пәнін педиа­трия­лық факультет студент­теріне ғана емес, емдеу факультеті студент­те­ріне де оқыту жолға қойылды. Бү­гін­гі  күні  К.С.Ор­ман­таев бірнеше мың дәрігерлер дайындаған ұлағатты  ұстаз.

Балалардың хирургиялық ауруларды дұрыс анықтап, дұрыс емдеу, асқынулар мен тіпті өлім-жітімді мүмкіншілігінше азайту  мақсатында білімді   жас мамандар дайындаудың қажеттілігін, жас­тардың ғылымдағы жолын ашу, олардың еңбегін бағалау үлкен ғалымның парызы екенін жете түсінген Камал Сәруарұлы өз білі­мін, өзінің  білімге деген сенім­ділі­гін жастарға уағыз айтып емес, үлгі көрсетіп, оларды ғылымға ынталандыра бастайды. Сөйтіп, алдына игілікті мақсат қоя білген ғалым  Қазақстандағы балалар хирурги­сы­ның ғылыми тәжірибелік мекте­бінің негізін қалайды, балалар хирургиясы ка­федрасын Қазақс­тандағы ғылыми, тәжіри­белік және ұйым­дастыру орталы­ғына ай­налдырады, оны КСРО деңгейіне көтереді.

Академик Камал Сәруарұлы нейрохирургия, травматология, комбустиология, урология, өкпе хирургиясы және т.б. салалары бойынша жаңа ғылыми зерттеулер жүргізді.  Басты көңіл бала­лардағы бас-ми жарақаттарына бөлінді. 20 жылдық еңбектің нәтижесінде К.С.Ормантаев мамандар ықыла­сы­на ие болған «Балалардағы ауыр бас-ми жара­қаттары» атты тың,  ғылыми ой тұжырымы толымды монография  жазады. Ол 1982 жылы Кеңес Одағы «Медицина» баспасынан  жарық көрді.

Жалпы, Камал Сәруарұлы ғылыми жетекшілігімен 16 док­тор­лық, 120 кандидаттық диссертациялар қорғалады. Ол тек ғылыми атақ дәреже емес, балалар денсау­лығының  өзекті мәсе­лесін шешуге, балалардың өмірін қорғауға  бағытталған ғылыми ізденістер. Ол  310-нан аса ғылыми жұ­мыстардың, 40 әдістемелік нұсқаулардың, студенттер мен дәрігерлерге арналған 4 оқулық­тың, балалар хирургиясы бойынша кеңестік нұсқаулардағы 9 тараудың және «Балалардағы остемиелит кезінде сүйек өзегін жуу» (1979)  және «Балалар травматологиясы» (1978)  атты екі  моног­рафияның авторы. Соңғысы ҚСР ДСМ әл-Фараби атындағы сыйлығымен марапатталды. Тегін­де ғалымның жазған кіта­бының төрешісі сол саланың мамандары ғой. Жоғарыда атал­ған ғылыми еңбектер жоғары ба­ғаланған деп айта аламын. шәкірттерімен бірге ауыр жара­қаттар мен әр түрлі себеп­ті перитониттер мен өңештің химиялық күйіктеріне және туа-біткен даму ақауларына ота жасауда бірқатар жаңа әдістерін ойлап тапты және тәжірибелік жұмысқа енгізілді. Олар 22 өнертапқыштық куәлігі мен 5 патенті арқылы дә­лел­­денді. Кейде К.С.Ормантаев балалар хирургиясы мамандығын таңда­маса, бүгінгі күні еліміздегі балалар хирургиясының дамуы қандай дәрежеде болар еді деген де ой келеді. Еліміздің балала­рының бақыты үшін  жаралған адам шығар деп те жорамалдаймын.

1980-1985 және 1993-2001 жылдары К.С.Ормантаев ҚР «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтының» директоры болып тағайындалады. Директорлық қызметін атқарған жалпы 13 жыл ішінде ол жаңа салынып жатқан облыстық балалар ауруханасы ғимаратына  «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтын»  көшіріп, онда балалар және нәрес­телер хирургиясы бөлімін ашады, балалар хирургиясы мен педиат­рия­ның әр түрлі мәселе­лерін  клиникалық тәжірибеге енгізу және ғылыми зерттеу жұмыстарына  ерекше назар аударады.

Сол жылдары Россия,  Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Өзбек­с­тан, Қырғызстан елдерінің ғылы­ми-зерттеу орталықтарымен тығыз ғылыми байланыста болды. ҚСРО делегациясы құрамында Чехословакия (Братислава, 1972);  Австрия (Инсбрук, 1974); Швеция (Стокгольм, 1980); Түркия (Анкара, 1993, 1995, 1996); АҚШ (Сан-Франциско, 1981); Туссон, (1993); Айова, (1996);  Атланта, (1997); Индия (Нью-Дели, 1994); Жапония (1994); Египет (Каир, 1995); Гонконг (1997); Голландия (Амстердам, 1998); Германия (Берлин, 1999); Мальта (2000); Ирландия (Дублин, 2002); Англия (Лондон, 2002) сияқты елдерде ғылыми баяндама жасап, аталған елдермен ғылыми қарым-қаты­нас­ты, ауруды анықтау мен емдеудің замануи жаңа технологиялық тә­сіл­дерін  тездетіп тәжірибелік жұ­мыс­қа қолдануға өз үлесін қоса­ды.

Сонымен қатар, К.С.Ормантаев еліміздегі «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми тәжі­рибелік журналдың ұйым­дас­тырушысы, бас редакторы болады.  Ресейден шығатын «Хирургия», «Детская хирургия» және  Орталық Азия медициналық  жур­налдар­дың редколлегия мүшесі.

1981 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. 1989 жылы Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1994 жылы толық мүшесі, 1995 жылы Қазақстанның алдын алу медицина Академиясының вице-пре­зи­денті болып сайланады, 1999 жылы Камал Сәруарұлы баста­ған ғалым­дар «Балалардың  травматология және ортопе­дия­лық ауруларын  емдеу жаңа технологиясы» ғылыми еңбегі үшін «ҚР ғылым, техника және білім саласындағы мемлекет­тік сый­лық­тың  Лауреаты» марапатына ие болады. Сол жылы Камал Сәруарұлы «Парасат» ор­дені­мен марапатталды. 2002-2003 Қазақ­стан үкіметтік емес меценаттық ұйымдар қоғамы «Жыл дәрігері» номинациясы бойынша «Алтын адам», 2004 жылы ғылым мен білімге сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі  үшін «Платина» сыйлығымен марапатталды. Қазақ­стан педиатрлар ассоциация­сының құрметті президенті. Ол өзі туып-өскен аудан мен Қызылорда облысының Құрметті азаматы. Қандай зор та­бысқа ие болса да ғылы­ми ізде­ністен еш айнымаған, ғылымның шыңына шықтым, жеткенім осы шығар деп ойламаған академик К.С.Ормантаев, осы күнгі дейін ғылымның даму бағы­тына бас-көз болып жүр. Білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет осы шығар.

Ормантаев Камал Сәруарұлы тағы бір ерекше қасиеті өзінің тұжырымы мен ұстамын еш уа­қыт­та жасырып, шешуші сәтте тайсақ­тап бұғып қалмайтын және жел қалай соқса солай бағытын өз­гертпейтін, парызға мейлінше адал,екі жарылып өмір сүретін адам емес. Жайдақтық пен  кең­қолтықтық тән емес. Шын­дықты кімнің болса да бетіне басып айтады. Биліктегілер тыңдай ма, жоқ  қос құлағын бітеп, естігісі келмей ме, шындықты жасқанбай айтады. Зиялы қауымның ең басты парызы – шындықты батыл айту, ал біздің басты міндетіміз кемшіліктерді түзеу, әлеуметтік әділеттікті қолдау, жетістік­тері­мізді ешкім тартып алмайды деп санайды. Педиатрия факультеті жабылуы туралы, ұрпаққа қауіп төнді деп айтпаған, жазбаған, бармаған жері, шырылдамаған есігі қалмады. Қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалары да академикті қатты ойландырады. Осы сұрақ бойынша ол теледидардан және бұқара­лық ақпарат құралдарында бір­неше рет сұхбат берді. Ондағы Камал Сәруар­ұлы­ның есебі аса қарапайым, оның бәрі өз қара басының қамы үшін емес, тек ұрпақ болашағы.

К.С.Ормантаев тек ғылыми жұмыспен араласып қоймай, өзінің сөзімен, ісімен, адамдық және азаматтық көзқарасымен еліміздің қоғамдық  өміріне белсене ара­ласқан ұлттық тұлға. Соның айғағы кезінде  «Азат» және «Азамат» қо­ғам­дық қозға­лыстардың ұйым­дас­тырушысы, белсенді мүшесі болған.

Камал Сәруарұлы үлгілі отбасы, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жанындай жақсы көретін құдай берген немерелері бар. Сыйласатын ағайын-туыстары, әріп­тес­тері баршылық. Қазақтың жай­саң мен жақсы­ларымен дастар­қандас адам.

Осындай өмір ләззатын сезін­беген, ата-аналары қызығына тоймаған сәбилерге операция жасамастан бұрын он рет ойланып, жүз рет толғанып, мың рет өлшеп, бір рет сабырмен операция жасап, болашақ ұрпақтың өміріне араша түсіп жүрген, бүгін жастарға  бә­туәлі сөз айтатын, түйінді ақыл-кеңес беретін, үлгі өнеге болған, Абай  атамыз айт­қандай, ақылы­мен, ғылымымен, арымен, мінезі­мен  ерекшеленген Камал Сәруар­ұлы Ормантаев биылғы қыркүйек айында 80 жасқа толғалы отыр.

Камал Сәруарұлы бақытты адам, өйткені, ол  балалар денсау­лығын қорғаған, ғылымды да­мыт­қан, ерен еңбегі ел кәдесіне жара­ғанын  сезінген және еңбе­гінің зейнетін көрген адам.  Өмір туған адамның  бәріне беріледі,  бірақ қартайғанда  өмірдің зей­нетін көру әр пенденің басына жазыла бермеген шығар.

Сондықтан балалардың ден­саулығын қорғауға  өз ғұмырын сарп етіп, жұлдызы жанған,  абыз Камал Сәруарұлына денсаулық, Алланың берген олжасы ретінде ұзақ өмір, Отанымызды өркен­дететін ұрпағымыздың денсаулы­ғын қорғауда әліде рухы зор болсын деп тілейміз!

Қапан ТҰРСЫНҰЛЫ,
Қазақ Ұлттық Медицина университетінің
балалар хирургиясы кафедрасының профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір