КИЕЛІ КӨШТІҢ ЖАЛҒАСЫ
26.08.2016
2520
0

Абрар агаъБұл бір – қазақтың қолынан билік кетіп, басына бұлт үйіріліп тұрған алмағайып заман еді. Патша үкімімен 1822 жылы Қазақ хандығы күшпен таратылып, Арқа өңірінде орысқа бағынышты сегіз дуан (округ) орнаған кез. Әр дуанның басында орыс ұлығы, оның орынбасары болып, қазақтан сайланған ағасұлтандар отырды. Тақ мұрагері саналатын төрелердің өзі жақ-жақ болып, бұқара халық кімнің соңынан ілесерін білмей, басы қатып тұрған шақ.


 

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ

Өзге ағасұлтандар сол болымсыз мансапқа мәз болып, орысқа «ләббай, тақсыр» деп бағынғанда, пат­ша жарлығына Абылайдың қалмақ әйелінен туған Қасым сұлтан мен оның өрен-жараны ғана қарсы шықты. Әуелде көтеріліс басында Қасым сұлтанның өзі тұрса, кейін оның ісін ержүрек ұлдары Саржан мен Есенгелді, Кенесары мен Наурызбай жалғастырды. Ең ғажабы, сол төрелер ұлт азаттығы жолында түп-түгел басын берді.

Ал бұл кезеңде ел ағасы билер қандай бағыт ұстады? Бұл кезде хан ордасында бас қосып, кесімді сөз айтатын билер кеңесі келмеске кеткен. Бастан билік тайған соң әр­кім өз күндерін күйттеп, билер де амал­сыз күштілерге бас иген. Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа бидің Кенесарыға хат жазып:

Қапияда бір күні

Орға түсер боларсың,

Қайта шықпақ зор болар…

Қайда барсаң алдыңнан

Құрулы тұрған тор болар.

Райыңнан қайтпасаң,

Ғазиз басың қор болар…

Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Бұхар бар,

Жәйін болып жұтар бар.

Былай барсаң Қырғыз бар,

Ерімейтін бір мұз бар.

Артыңда қалың орыс бар,

Байқұс-ау, сонда саған қандай қоныс бар? – деп жанашырлық танытып, кеңес беретіні – осы тұс.

Бұл жылдары тығырыққа тірел­ген­дей, үлкен ой үстінде жүрген тағы бір адам болды. Ол – жаңағы Бал­ғожамен замандас, Найманның ең соңғы ұлы биі – Ақтайлақ би болатын. Ол – баяғы нардауысты Нарынбай мен қудауысты Құттыбайдың ұрпағы, отыз жасында Қазақ хандығы атынан Қытайдың Еженханына елшілікке барған, еларалық саясатқа жүйрік, сұңғыла адам еді. Ақтайлақ би іштей Кенесарыны жақ­та­ғанмен, оның жеңіске жетеріне сен­бейді… Көк темір құрсанып, бақайшағына дейін қаруланған патша әскері – анау! Бірлікке келе алмай, әркім өз басын күйттеген тө­ре­лер­дің сиқы – мынау! Басқасын айт­пағанда, өзімен дуандас Сұлта­бай­дың Барағын көрмейсің бе, ол да әскерін сайлап, Кенесарыға қарсы шаппақ. Сонда айнала қоршаған қалың жаудың арасынан хан Кене қалай жол таппақ.

Жаңадан құрылған округтердің бірі – Ақтайлақпен іргелес Аягөзде тұр. Түстікке бет алған орыс қаруы­ның алғы шебі де – осы Аягөз дуаны. Семей жақтан құйылған қалың әс­кер осында жанталасып қамал тұрғызып жатыр. Орыстар атқа же­гіл­ген зеңбірекпен бірге шіркеудің келідей жез қоңырауын қоса алып жүреді екен ғой. Аягөзде қамалмен қабаттасып, шіркеу де бой көтерді. Шіркеудің қоңырауы мұндай мазасыз болар ма, ертелі-кеш күңгірлетіп соққанда, бүкіл төңіректі басына көшіреді… Өздері сұмдық бай дейді. Қазақтың жетім-жесір, кембағал­да­рына ақша үлестіріп, шетінен шоқын­ды­рып жатқан көрінеді.

Міне, дәл осы тұста Ақтайлақ би­ге бір оқшау ой түсті. Ол ойды тү­сір­ген – орыс шіркеуінің қоңырауы: «Міне, мен келдім ортаңа! Ұйқыңнан оятуға, айдарлыңды құл, тұлымдыңды тұл етуге келдім. Ендігі ерік-тізгінің менің қолымда!» деп тұрғандай… Бұқар жырауда мынадай жыр жолдары бар еді:

Өзі сары, көзі көк,

Діндарының аты – поп.

Әулиедей көрінер,

Шеттерінен ғалым боп.

Поптары болар сазандай,

Бөріктері қазандай,

Жез қоңырауы азандай…

Аруағыңнан айналайын, Бұқара­ғаң осыдан жүз жыл бұрын осыны қалай болжаған десейші! Бейне бүгінгі күнді көзбен көріп тұрғандай… Осындай ойлар қамалаған Ақтайлақ ақырында өз ойын былай қорытты. «Түбі, ендігі майдан ұрыс даласында емес, әрбір отбасында, әр жүректің түбінде өтетін болар-ау! – деген бір күні өз үйінде отырып. – Кенесарыдан енді қайыр жоқ. Қанша батыр болғанмен, қамалаған қалың жау­дың қайсысына төтеп береді? Ендігі жерде басқыншыларды бір тоқтатса, дін ғана тоқтатуы мүмкін. Мына шір­кеу қоңырауының үнін қасиетті ислам діні ғана өшіре алады».

Оның үстіне ұзақ жылдар Жоң­ғар­ға қарсы соғысамыз деп жүріп, қа­зақ қауымы бұрын білетін азын-аулақ дін сауатынан да айрыла бас­таған. Қазір ел ішінде өлікке жаназа шығаратын, баланы сүн­дет­тейтін адам қалмай барады.

Осы байламға берік бекіген Ақ­тай­лақ дін орталығы Түркістаннан қожа-молдалар алдыруға бел байлады. Түркістан – бұл әулетке ежелден етене. Арғы бабалары нардауысты Нарынбай мен қудауысты Құт­­­ты­байдың асыл сүйектері Қожа Ах­мет Иассауидің мазарында жатыр. Жыл сайын Құрбан айт кезінде Түркістанға барып құрбан шалып, бабалар басына құран бағыштап қайту әдетке айналған. Ал осы жолғы сапарға жәй құран бағыштау емес, төтенше міндет жүктелмек. Ең алдымен, Ақтайлақ би бұрыннан таныс-білістігі бар Созақ мешітінің имамы Шахиахмет Жамалиұлына хат жазып, арнайы адам жіберді. Ол хатта қазір Арқа қазақтары елді Ислам дініне ұйытатын дінбасыларына қатты зәру екенін, егер дәл қазір Түркіс­тандағы қожалардан қырық-елу отбасы көшіп келсе, күтіп алуға дайын екенін тәптіштеп жазған-ды. Осыған қол ұшын беруді Созақ мешітінің имамынан өтіне отырып, «Қожа дегенде, бастарына сәлде ораған әшейін біреулер емес, пай­ғамбар әулетінен тарайтын қожалар болсын» деп үстемелей тапсырған.

Көп ұзамай Шахиахмет имамнан құптаған хат келді. Мұнда ол Түркіс­тан маңында сыйыспай отырған біраз қожалардың Аягөзге көшуге дайын екенін жазыпты… Осыдан кейін Ақтайлақ көп бөгелген жоқ. Өзінің ортаншы ұлы Кеңесбай бастаған оншақты адамды көптеген қомдаулы түйе, мініс аттарына қоса Түркістанға аттандырып жіберді.

Күткеніндей-ақ, сол жылы күзге қарай Аягөзге артынып-тартынған, бір салқар көш те келіп жетіп еді. Ақ­тайлақ бұларға арнап Аягөз өзені жағасына қырық киіз үй тігіп қойған-ды. Соларға келіп түсті. Бұл келгендер – Мұхаммед пайғамбардың өз кіндігінен (Қасен мен Құсайыннан тарайтын) болмағанымен, Әзірет Әлінің Мұхаммед-Қанапия деген ұлынан өрбіген  қожалар екен. Бәрі дерлік Бұхара-Шәріпте оқыған, мед­ресе бітірген оқымыстылар. Өздерін «Бақсайыс қожа әулеті­нен­біз» дейді екен. Бұларға жол азабы бөгет емес, бәрі де – Исламның алау-шырағын жер түбіне жеткізуге серт ұстаған адамдар.

Бұл, шынында да, қазақ еліне құт болып дарыған олжалы көш болды. Сол көшті бастап келгендердің бірі – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің бабасы Бердіқожа болса, екін­шісі – бүгінгі мемлекет қайрат­кері әрі ғұлама ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед­тің бесінші атасы Шейхұл-Сейіт болатын. Өздері аталас туыс, бәрі де Бақсайыстан тарайды.

Сонымен, Аягөз шаһары ойлама­ған жерден бір сәтте дін орталығына айналған. Қожалар келе сала Ақтай­лақтың қолдауымен Аягөзде мешіт салды. Сол мешіттің жанынан мед­ре­се ашылды. Ғылымға сусаған қа­зақ балалары дін оқуына құныға бас қойды. Көп ұзамай-ақ, қазақ даласына Аягөздің даңқы жайылды. Жер-жерден Ақтайлақ ауылына қожа сұрай келген адамдар… Соның бірі Құнанбай қайын жұртына келіп-кетіп жүріп (Құнанбайдың бәйбішесі, Шәкәрімнің әжесі Күңке – Ақтайлақ­тың немере інісі Ағанастың қызы), Бердіғожамен танысады да, біраз жылдан соң оны ат-түйедей қалап, тобықты ішіне көшіріп әкетеді. Ал менің бабам, төртуыл тайпасының көсемі Сымайыл зәңгі Шейхұл-Сейіт­пен достасып жүріп, кейін оның Шәуе­шекке көшуіне мұрындық болады.

Шәуешекке келген соң осының алдында Бұхар-Шәріпте оқыған Шейхұл-Сейіттің інісі Ешен-Сейіт пен үлкен ұлы Құл-Мұхаммед осындағы алғашқы қазақ мешітінің имамы болып, исламды насихаттау ісін одан әрі жалғастырды. Екінші жағынан, Имамағзам – саудамен айналысып, көп ұзамай дәулетті адамдардың біріне айналды. Құл-Мұхаммедтен төрт ұл тараған. Қожахмет, Ескендір, Сейдахмет, Әкетай (Сейітәкрам). Құл-Мұхаммед қасына ересек үш ұлын ертіп, ХХ ғасыр басында қажы­ға барып қайтыпты. Бұл сапарға жасы жетпегендіктен кенжесі Әке­тай ғана қосыла алмаған.

Сымайыл зәңгі мен Шейхұл-Сейіт арасындағы достық байланыс ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінге дейін үзілген жоқ. Сымайылдың жалғыз ұлы Күдері – Шәуешектегі төртуыл тайпасының төбе биі бол­ғанда, Құл-Мұхаммед – сол елдің бас мүфтиі болғаны белгілі.

Ал бүгін жасы тоқсанға толып отырған Абрар ағамыз – Құл-Мұхам­медтің кенжесі Әкетайдың жалғыз ұлы. 1926 жылы дүниеге келген Абрар әке дәулетінің арқасында қатарынан қалмай оқу-білімге ұм­ты­лып, ерте қанат қақты. Бұл тұста Шәуе­шек қаласы Шыңжаңның мә­дени орталығына айналған. Оған себеп, Совет Одағынан қуғын көрген зиялылар бой тасалап, шекараға жақын осы Шәуешек шаһарына шоғырланып еді. Қазан мен Уфадан, Ташкент пен Семейден ауған оқы­мыс­тылар Шәуешек гимназиясында сабақ берді. Осы гимназияда үздік оқыған Абрар Әкетайұлына «Алаш» қайраткерлерінің де шарапаты ти­гені күмәнсіз. Бір қызығы, арада оншақты жыл өткенде, сол гимназияда мен де оқыдым. Бұл жағынан Әбекең екеумізді бір ұяның балапандары деуге болады.

Тағы бір айта кететін жәйт, 1932 жылғы ашаршылықта халықтың қақ жартысы опат болып, 1937 жылғы репрессия кезінде ұлттың сорпа бетіне шығар элитасынан айрылған Қазақстан ендігі жерде ошаң етіп, бас көтеруден қалған-ды. Осыдан кейін азаттық күресінің эпицентрі Шыңжаңға ауды. 1940 жылдары үш аймақта (Алтай, Тарбағатай, Іле) етек алған Ұлт-азаттық қозғалысы – осы­ның айғағы. Ол қозғалыстың да алау отын тұтатқан – Қазақстаннан ауып барған «Алаш» қайраткерлері екені тағы белгілі.

Шәуешек гимназиясын жаңа ғана бітірген Абрар Әкетайұлын Ұлт- азаттық қозғалысы бірден өз айдынына тартып әкеткенін көреміз. Ол ұлттық армия қатарына өзі тіленіп барып, азаттық ұрыстарына бастан-аяқ қатысты. Әскери қызметін поручик (аға лейтенант) болып бастап, капитан шенінде аяқтады.

Армия қатарынан босаған соң, Абрар ағамыз Тарбағатай уәлая­тында құқық қорғау органдарында қызмет істеді. Кейін аймақтық үкі­меттің бөлім бастығына дейін кө­терілді. Бұл кезде «үш аймақ» өкіметі сахнадан тайып, қытайдың қызыл өкіметі келіп орнаған. Басында Мао: «Үш аймақ төңкерісі – Ұлы Қытай революциясының бір бөлігі» деп көлгір саясат ұстанғанымен, бірте-бірте бұрын ұлттық армия қатарында болған зиялыларға қысым көрсете бастады. Бір ғана мысал: өткенде ұлттық армияның полковнигі болған, кейін автономиялық қазақ өкіметінің төрағалығына дейін көтерілген Жағда Бабалықовты 1958 жылы «ұлт­шыл»  деген айыппен қолға алып, еңбекпен түзеу лагеріне жіберді.

Істің беті теріске айналғанын саяси сауаты мол Абрар Әкетайұлы да бірден аңғарған-ды. Қала мен қырда «халық коммуналары» құры­лып, аш-аламан жұртты ортақ қазан­ға телміртіп қойған кез. Бір тәуірі, Абрардың қолында түбінде бұл заман қалай құбылады деген сақтық­пен алып қойған Совет паспорты бар еді (1946 жылы «үш аймақ» өкіметі кезінде көңілі қалағандарға «Совет одағының азаматы» деген паспорт берілген). Ондай құжаты барлар елге қайтуға ерікті болатын. Абрар Әкетайұлы жаны қысылғанда сол паспортын іске қосты. 1961 жылы (1962 жылғы ұлы көштің сәл алдында) отбасымен атажұртқа көшіп келді. Онда да тым ұзап кеткен жоқ. Өткен ғасырда бабасы Шейхұл-Сейіт пен атасы Құл-Мұхаммед басып өткен күре жолмен жүріп келіп, шекарадан елу шақырым жердегі Мақаншы ауданына қоныстанды.

Бұл кезде Әбекең небәрі 35-ке келген, қылшылдаған жас жігіт болатын. Әрқандай қызметке қабілет жететін-ді. Бірақ орыс тілін білмеуі бөгет болды. Кәрі шешесі, әйелі, бес баласы бар-тұғын (жалпы, Абрар ағамыз бен Гүлғасыл жеңгеміз он бала тәрбиелеп өсірген. Бес ұл, бес қыз). Сондықтан бала-шаға бағуға қолайлы қарапайым кәсіптің тізгінін ұстады. Аудандық дайындау ме­ке­месі. Жұрттың қолындағы тері мен жүн­ді жинап, біршама өңдеп, өкі­мет­ке өткізесің де отырасың. Бір жағы еркін сауда. Ерінбей еңбек еткен кісіге табысы да жаман емес-ті.

Абрар ағамыз тапқан табысын шашау шығармай, балаларын кәсіпке баулып, оқытуға жұмсады. Кейін үлкен ұлы Мұхсин Семейдегі дайындау техникумын бітіріп келіп, әкесін ауыр еңбектен босатты. Бұл күнде Абрар ағамыз ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, он баладан өрбіген немере-шөберелеріне қамқор ата болып, бақуат тұрмыс кешуде.

Абрар аға екеуміздің арамыз – тұп-тура он жас. Жаңылысам дейтін емес, Әбекең  бір  биікке  көтеріл­генде, мен келесі қырқада келе жатамын. Алланың берген қуатында мүшел тойларымызды алма-кезек тойласып келеміз.

Ұзақ жыл араласып жүргенде, мен бір нәрсеге қайран қаламын. Ол – Абрар аға бойындағы биік парасат пен салауатты сырбаздық. Жан баласына қылдай қиянат жасамайтын адалдық пен қайырымдылық. Барды қанағат тұту… Бұл күнде көп адамда ұшыраспайтын бұл қасиеттер түп-тұқиян, зәу-затынан бері бойға сіңген ислам дінінің шарапаты екенінде күмән жоқ.

Тоқсанға  тоқтамаңыз, Абрар аға! Жүздің шебін бұзып өтіңіз! Ара­мызға бір белес салып, Сіздің соңы­ңыздан мен де ере берейін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір