БӘРІ ДЕ – ҒАЛИЯ ҮШІН
26.08.2016
1850
0

Турсынали(әңгіме)

Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ,
ҚХР Мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

Ғалия екеумiз 7-аулада мау­сым­ның сегiзiншi күнi, сағат тоғыз­да кездеспекшi болатынбыз. Сол күнi мен оны түс ауғанша күттiм. Күдiгiм күшейе берген. Әлденендей бiр сұмдықтың боларын сезiнгендей көңілiм сол күнгi түсiм де қорқынышты едi…

7-ауланы орнынан көп қабат­ты үй түскелi жатыр. Әуелi бас­пана­ға қол жеткiзiп алайын. Оған дейiн кiтабым да жарық көрiп қалар. Ғалия да соған балаша мәз болып, қатты қуанған.

– «Көк бөрiлер қашанға дейiн ұлиды».

Сол өлеңдер жинағым да бүгiн қолыма тиген. Ғалия кешiккен сайын, ой-дүнием ойран-топыр болып, шиыршық аттым.

Өлерде ғана танитын,

Тәубесiн мына заманда.

Сондайларға налитын,

Ақын керек ғаламға.

Қиялымның аспаны түнере түс­тi. «Ғалия осыншалық кешiк­песе керек едi. 7-ауланың тас-тал­қа­нын шығарып, шетелдiк құры­лыс серiктiгi iстетiп жатқан ауыл жiгiттерi самайларынан сағал-сағал тер жосып жанталас. Мүм­кiн солардың арасында Ғалияның ауылынан жұмыс iздеп келген жiгiттер де бар шығар? Жаңбыршы бабамның көзiндей санап, өзiмiз қызығын көрмесек те, көңілiме медет болып жүрген ауланың ойран-топыры шығып жатқанын көргенде, көзiмнiң алды тұманда­нып кеттi. Өңiм бе, әлде түсiм бе, жоқ есiмнен адасып тұрмын ба? Бұл аула менiң ана тiлiм шық­қан­нан берi жүрегiмнен өзгеше орын алған. Алматыда оқып жүрiп, бұл арада ешқандай жұмысым болмаса да, қолымнан ештеңе келмесе де, осы ауланы айлансоқтап, бiр шолып қайтатынмын.

Әкем байқұс бұл ауланың тарихын менiң құлағыма қаршадай кезiмнен құйған. Жаңбыршы бабамыз дәулетi лықсыған, қара­көктiң тұқымы екен. Алаш арыс­тарымен тiзе қосқан ұлт­жан­ды кiсi болыпты. 1937 жылғы зо­ба­лаң­да осы Алматы түрмесiнде жыл­ға жуық жатып, қала сыртына шығарып атыпты. Қазiр сол бейне менiң де көз алдыма елестей бередi. Шаңырағы ортасына түсiп, бұзылып жатқан мына екi қабат жер үйдi сол бабамыз өзi сал­дырып, отбасы он жылға жуық­  отырып, бiр дәурен рақатын да көрiптi. Халық жауының үйi де, дүние-мүлкi де ұрпақтарына бұйырмайтыны түсiнiктi. Ұясына жылан  жұмыртқалаған торғайдай тозып, отағасынан айрылған сорлылар Аягөз жақтағы туыстарын паналап кетiптi. Ол кезде Жаңбыршы бабамыздан қалған жалғыз ұлы Қойбағар үш жасқа еркiн тола қоймапты. Қойбағар­дың шешесi де ұзаққа бармай, дүниеден озыпты. Еңсесiн көтере алмаған шерлi жетiм Қойбағардан, менiң туған әкем Жылқайдар дүниеге келiптi. Әйтеуiр Қойбағар отбасының алдыңғы көрген азаптарының бетi берi қарай бас­та­ған. Алматыдан әке-шешем­нiң  баспанаға қолы жетпей, студенттерге арналған ұядай жатақханада тұрыпты. Менiң жөргектегi кезiмде, 1986 жылғы желтоқсан көтерiлiсiнде, әкем қызыл әскер­лердiң соққысынан оң аяғы қара­ санынан кесiлiп, мүгедек болыпты. Қазiр ауылда.

– Менiң жазғалы жүргенiм, тарихи шындықты бейнелеп жеткiзбекшімін, – дедім әкеме.

– Жаза ғой, балам! – дейдi әкем мәз болып.

Жауабын таппай қиналам,

Ойларымды дат басып.

Бұзылған екен бұл ғалам,

Атажұртты жат басып…

Әкемнен қазақ жерiне зорлық­пен қоныс аударылып, iрге тепкендер жайлы әңгiменi естiп отырып, ойыма жазбақшы болып жүрген шығармамның сюжетi оралады. Меңiрейген түңiлiстi әлпетiмдi байқап қалған жуан қара бас-аяғыма бадырайған үлкен көздерiмен сүзе қарап:

– Iнiшек, бұл арада нағып осын­­ша уақыт тұрдың? Бiр сұлу­мен кездеспекшi ме едiң, әлде? – деп, жеңiл әзiл айтты.

– Иә, – дедiм мен. Әкемнiң айтуы­на қарағанда, Жаңбыршы бабамызға өлiм жазасы берiліп, Алматыдағы баспанасы қолдан кеткеннен кейiн, 7-аула үкiмет меншiгiне өтiптi. Сонан берi оған қа­зақ та, орыс та, немiс те, еврей мен өзбек те, ұйғыр да отырыпты. Ал Жаңбыршы тұқымынан бұл ауланы ешкiм маңайлай алмапты. Тұсынан өтiп бара жатып темiр қақпаның сыртындағы Найман таңбасына көздерi сү­рiне­дi екен. Қақпадағы таңбаны көрген Найман тұқымы iштей тыныпты. Таңбаның табы бiр ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлi айшықты бадырайып тұр. Сол қақпаның қос қанатын жуан қара жiгiт өзiне икемдеп жүр. Соған қарағанда, ол да Найманның  бiр руынан сияқты. Мен өз жөнiмдi айтып, бабамнан қалған таңбалы қақпаға қолқа салайын десем, оны қайда апарып сатпақ­шы­мын? Аягөзге қайтып жеткiземiн? Алматының маңында үйiм тұр­мақ, алақандай жерiм де жоқ.

«Әй, Ғалия саған не болды? Ендi қанша уақыт күтпекшiмiн сенi? Бәлкiм отырған поезыңда шырғалаң шығып қалды ма? Қал­та телефоны жабық тұр ғой? Әлденендей суық хабарды Құдай маған естiте көрмесiн! О, аққа­натты перiштем-ау!

Сен үшiн ғана жылаған,

Сезiмiмдi уатқам.

Жүрегiмдi тонаған,

Ақылымды жұбатқам…

Мен Ғалия үшiн алғашқы алған жарым Ажардан, бүлдiршiн­дей сүп-сүйкiмдi, сәби қызымнан айрылғанмын. Екеуiн де сенiң махаббатыңның құрбандығына шалғанмын. Бiздi қосқан құдай өзi айырмаса, өзге жұмыр басты пенде ажырата алмайды!..

Мына 7-ауланың орнынан түсетiн көп қабатты үйден бiзге пәтер қашан тиерiн Құдай берсе, бабамның ауласының орнынан бой көтергелi жатқан көп қабатты үйден тиетiн пәтермiзде де ұр­пағы­мыз жалғасар. Желтоқсан көтерiлiсiнде әкемнiң соққыға жығылып, қан мен жасы аралас аққан Республика алаңы да осы Алматыда ғой?Сенi қыздар инс­титутының қасындағы дәмханада тұңғыш рет кезiктiрген күнi-ақ, саған құлай ғашық болғанмын. Сен де маған ғашық болғандай сыңай танытқансың. Әлде сенi жақсы көрiп қалғандығым үшiн, тұнжыр қара көздерiңмен маған қиыла қарағаның да, жүрiс-тұрысың да ғажайып сезiлетiн болар. Бәлкiм, сен мен үшiн жа­ралғандықтан таңғажайып сұлу көрiнетiн шығарсың. Сенiң жүре­гiң де, жаның да, тәнің де сұлу, Ғалияш!..».

– Сенсiз жерде жарық дүние маған қараңғы көр сияқты, – де­ге­нсiң сен, маған ең алғаш кездескен күнi. Сол сөзiңдi дәлелдеп келесiң. Махаббатты да Алла таға­ла адамның өзiмен бiрге жарат­қан ғой, сiрә. Өлгенде де өзi­мен қоса жерленетiндей. Ғалия екеумiздiң көңілiмiз тоғысқан күнi мен оған бұрын үйленгенiмдi айтпағанмын. Бiрақ Ғалияға ғашық болғаным шын едi.

–Сiз менi шынайы жақсы көргенiңiз рас па? – деген ол.

– Онымды қалай сендiре аламын саған? – дедiм мен.

– Лапылдап  жанып тез сөне­тiн махаббаттың талайын көрген­мiн… Сiзше мәңгiлiк нәрсе бар ма, бұл жалған дүниеде?

Менiң жүрегiме жылан орала түскендей дiр етiп қалды. «Менi қара басып, осындай жеңiл жүр­iстi әйел затына шынымен ғашық болып қалғаным ба?» деген ой сап ете түстi. Бiрақ өтер iс өттi.  Бiр күнi бөлмемде жалғыз отыр едiм. Ғалия кiрiп келдi. Тiзесiне жетер-жетпес тар шалбар мықынын шала жасырып тұр. Жағасыз, қыс­қа, күлгiн түстi жейде киiптi. Ерлерше жасалған қара шашын ақсары түске боятыпты. Мейлi ол қандай киiнсе де, қалай жасанса да  бәрiбiр маған. Құдай тағала оның пешенесiне сұлу ажар, сымбатты дене бiтiм сыйлағандықтан да болар, бәрi де ұнасымды. Ға­лия­ның аппақ сазандай аршын төсi, жартылай ашылған қос күмбездей омырауы, жұп-жұмыр балтыры ағараңдап, жарқ-жарқ етедi. Атжақтылау, ақ дидары толықсыған айдай алаулап, шаралы қара көздерi балбұл жанады. Ол үнсiз күлiмсiреген қал­пын­да менiң мойнымнан құ­шақ­тай алып, бетiмнен, аузымнан өзi бастап сүйдi.

– Жаным, Ерден! Сенi бiр күн көрмесем қатты сағынып қала­мын! – дедi маңдайымнан жұп-жұмсақ, сүйрiк саусағы ұлпадай алақанымен сипап.

– Мен де өзiң сияқты… Сағына бiлмеген адамда махаббат та болмайды.

– Сен ше қалай?

– Қосылмай кеткен ғашықтар­дың махаббаты мәңгiлiк болады екен ғой.

– Ал бiз қосылғалы тұр  емеспіз пе?

– Маған жаңа ой түстi.

– Айта ғой ойыңды!

– Бiр басыма жетерлiк күнәм бар… Сенiң жас жұбайыңнан, сәби балаңнан айрылуыңа себеп­шi болдым. Мұнымды Алла да кешiре қоймас.

– Жоқ, оған сен кiнәлі емессiң, Ғалия, өзiм…

– Жарайды ендеше, кiнәні де, күнәні да бөлiсiп алған бо­л­айық.

– Ал сонда қайтуымыз керек?

Осы ойынды доғарсақ қайтедi? – дедi Ғалия менiң құшағымнан су жыландай сусып шықты да, қатарыма қаздиып отыра қалды. Менiң ойыма кенет бiр шумақ өлең оралды:

Қызғыш мұң кеулеп үскiрiк

Өлкемде боран гулейдi.

Айдаһар сезiм ысқырып,

Жүрекке маза бермейдi…

Ғалия менiң жүрегiмнiң лүпi­лiн тыңдап, оң жақ шекесiн көкi­ре­гiме сүйеп, солқ-солқ жылады.

– Ой, неге жыладың, Ға­лияш?!

– Сенiң ажырасқан келiншегiң менiмен ханбазарда ұшырасып қалып бетiме түкiрдi. Аузынан ақ ит кiрiп, көк ит шықты.

– Сен не дедiң оған? Ол сон­шалықты бейшара емес едiғой.

– Мен оған ләм-мим деп, жағымды ашпадым. Өйткенi ол – жаралы жолбарыс қой…Қыз­ға­ныш атты қорқау жанын жегiдей жедi емес пе?!

– Өзiңде кiнә жоқ екенiн неге айтпадың? «Бәрiне күйеуiң кiнә­лi, оның жүрегiне ие бола алмаған өзiң де кiнәлiсің», – десең болмай ма?

– Мен оның бетiне шапшитын түз мысық емеспiн ғой? Әйе­лiң де, сәби балаң да жазықсыз емес пе? Сенiң отбасыңа лаң салып, ұя басқан торғайды арбаған жылан болғаныма, менiң де жүй­кем онан арман тозып тұр, Ерден.

– Сен сезiмнiң пендесi екен десем, ақылдың да иесi көрiнесiң. Ғалия сықылықтап, күмiс қоңы­раудай сыңғырлады. Екеумiз бұл жолы да құшақтасып, сүйiсiп, бi­рi­мiздi-бiрiмiз қимай ажырас­тық.

– Құдай бұйырса, Жаңбыршы бабамның тiрлiгiнде шаңырағын көтерген 7-ауланың орнынан түскелi жатқан көп қабатты үйден тиетiн пәтерiмiз қолға түскен күнi, үйлену тойымызды жасаймыз, – дедiм Ғалия есiктен шыға бере.

– Пәтер тимесе, үйленбейтiн болдық па, олай болғанда? – дедi ол.

– Баспана тимей тұрып үйле­нiп алсақ, далада қалмаймыз ба?

– Бүгiн кеште қайда боламыз?

– Бақша аралаймыз.

– Онан соң кафеге тартамыз ба?

– Менің қалтам таяздап қал­ды.

– Олай болса мен бүгiн сенi қонақ қылайын…

Сол күнi кеште алдымен менiң жатағыма жақындау жердегi бақшаға бардық. Төрт кiсiлiк орын­дықты екеумiз ғана ием­де­нiп, ұзақ уақыт құшағымыз жазылмай, сүйiспеген жерiмiз қалмады.

Толған ай сүттей жарық. Ала­таудың биiк шыңына қонақтаған ақша бұлттар неше қилы көрiнiс берiп, мүлгiп тұр.

– Сөйлесеңшi, Ерден! – дедi Ғалия бiр кезде.

– Не айтамын? Айтатын еш­теңе қалмаған сияқты.

– Сен осы ажырасқан келiн­ше­гiңдi жақсы көрмесең де алған ба едiң?

– Жақсы көрсем де, сендей жұлдызы ыстық болмаған.

– Егер екеумiздiң ойыны­мыз­дың үстiнен түспегенде, әйелiңмен ажыраспайтын шығарсың?

– Әрине.

– Солай болғаны әбзел едi!

– Неге?

– Айтып едiм ғой, қосылмаған ғашықтардың махаббаты мәңгiлiк болатынын.

Мен үндемедiм. Бiз бақшадағы ойынымызды тәмамдаған соң, Ғалия қоярда-қоймай, менi Ал­ма­ты­ның дәл ортасындағы мей­рам­ханаға бастап барды да, ауаша үстелге жайғастық.

– Не iшiп, не жейсiң? – деп сұрады менен Ғалия.

– Қалтаң қалыңдап қалған-ау деймiн?

– Мұнан бұрын менi талай жол ойнаттың. Мен де сенi бiр кеш ойнатуым керек қой.

– Жарайды ендеше, азырақ сыра iшейiк. Жейтiнiмiз жеңiл болсын.

Ғалия даяшы қызға менiң тiле­гiм бойынша тамақтың тiзiм­дiгi жазылған дәптерден қарап, балық, тауық етi қуырда­ғын бұ­йырт­ты. Iштiк, жедiк, би биле­дiк… Биге шыққан қыздар­дың қатарында да небiр сұлулар бар екен. Бiрақ Ғалияның қасында бәрi де жолда  қалады. Жiгiттердiң көзiнiң құрты Ғалияға түскенi­мен, бәрiнiң иесi бар, жұп-жұбымен.

Түн ортасы таяғанда, қарта­мен құмар ойнайтын төрт-бес жiгiт пайда болды.

– Ендi кетейiк, – дедi Ғалия маған.

Әйтеуiр аман-есен менiң жа­та­ғыма жетiп алдық. Жатағымның дәл бүгiн ауаша болғанына, менен гөрi Ғалияның қуанғаны оның жанарындағы көңiлдi ұшқын, езуiндегi жылы жымиыс бетiнiң әдемi шұңқырына дейiн жүгірді. Толық ай жатағымның терезесiнен күмiс тозаңын төгiп тұр. Қыз­ғанышы асқынып, ажы­расқан әйелiмдi, сәби қызым Ба­қытты ойлап та үлгердiм. Ме­нiң көзiмдегi кiреукеленген мұң­ды Ғалия бай­қап қалғандай. Оның да жүзiне кiрбеңдiк қон­ды.

– Сенiң де өлеңiңдегi жаңа идеялар бас көтере бастады. Тарихта атыңды сол қалдырады, – дедi. Оның шырайы дереу өзгерiп, жүзiнде жеңiске жеткен жанның жымиысы бiлiндi.

– Кiмде-кiмнiң тапқырлығын басқалар бiлсе ғана, аты әлемге жайылады ғой. Менiң өлеңiмдегi жаңа идеяны сен сезiнгенiңмен, өзгелерде әлi үн жоқ.

Ғалияны қапсыра құшақтай алып, ұлпадай жұп-жұмсақ ерiн­дерiн емiп, тәттi тiлiн сорып сүйдiм. Үйреншiктi ойынымыз жалғаса бердi…

Осыдан жарты ай өткен соң, Ғалияның Шымкент қаласы маңындағы ауылына өзiмен бiрге бардым. Ауылдың жүдеулiгi сырт­қы көрiнiсiнен де байқалып тұр. Күндiз қабағат ыстық едi. Кешке таман ауа райы кенет бұ­зыл­ды. Желiнi сыздаған бұлттар аспанды әлем-тапырық етiп, азан-қазан боп, күркiрей жеттi де, көз жасын төге бастады. Ер­неуiн жалаған өзен шылп-шылп, сыр-сыр етiп, бүйрегi бүлкiлдеп, көсiле жосиды.

Ғалияның қолындағы азын-аулақ төрт түлiк малға сүйе­­нiп, күн көрiп жатыпты. Қан­­нен-қаперсiз қалқиған жал­ғыз үй өзге түтiннен ауаша отырыпты. Оның әке-шешесi, аға-жеңгесi бәр-бәрi бiр шаңырақтың астында екен.

– Бұрынғы күйеулер ата­сының табалдырығын, ұрын келгенде ғана аттайды деушi едi. Сен ондай салт-дәстүрді баса-көктеп келе жатырсың. «Етiк тартар», «шаш сипатар», «қол ұстатар» сияқты «жеңгетайлық» жора-жо­сыннан да құтылып кеттiң, – дедi Ғалия үйiне жақын­дай бере.

– Бiздiң заманымыз басқа ғой, – деп күлдiм мен. Әкесi бар-мәзi­рiн жалғыз қызының оқу қаража­тынан аямай, Ғалияны  институт  бiтiргенше оқытыпты. Ол оқу тауысқалы, екi жылға жуық­та­ға­нымен, Алматыдан жұмыс орнын таба алмай, ауыл­дық мектепте iстеуге көңілi соқ­пай, Алматы мен Шымкент ара­лығында сабылып жүргенде, бағы жанып, маған кез болыпты. Мен оның отбасындағылардың жәй-күйiн осы жолы ғана ұғын­дым. Әкесi де, ағасы да малсақ, қаражон еңбекшiлер екен. Көне дүниелер­ден көзiме түскенi – керегенiң басында iлулi тұрған күмiс кiсе болды. Ғалия­ның  әке­сiнен сұрап көрсем, осыдан үш ғасыр бұрын жасалып, арғы аталарынан қалған ескiкөз мұрасы көрiнедi. Болашақ қайын атам­ның үйiне бiр қонып, кебе туған бағыланның етiн жеп қайтқан­мын. Ғалия үйiнде қалған.

Мен сол жолғы тiлшiлiк сапарымды Шымкентте жалғасты­рып, «Алтын орда» газетi редакциясында iстейтiн сабақтасыма жолығып, бiрер күн сонда аялдадым.

– Ғалия, нағыз сезімнiң адамы ғой. Бiрақ ақылы да, кiсiлiгi де бар. Байқауымша оның қо­лынан бәрi де келедi, – дедi ол.

– Жөргегiнде кеткен кiшкене қызымды сағынып жүрмiн!..

– Әйелiңдi сағынбадың ба?

– Ғалия оны сағынуға мұрша бере ме?

– Қызғаныш деген – арыстан. Ол адамның өзiн немесе қарсыла­сын мерт қылмай тынбайды, Ер­ден. Осымен тынса жақсы-ау!..

– Сен – талантты  үмiт күткен жас ақындарымыздың бiрiсiң. Сезiмге де байсың.

– Нағыз достың сөзiн айттың. Мен ылғи да сезiмнiң жетегiнде кетемiн…

– Ғалия ажырасқан әйелiң туралы не айтады?

– Оны аяйды. Жаны ашиды.

… Ал бүгiн бұзылып жатқан 7-ауланың қасында  Ғалия екеу­мiз табыспақшы болған едiк қой.  Түсiмде Ғалия Ертiстiң суына ағып кеткен. Өзiм де өзенге қойып кетуге оқталып тұрғаным­да, шошып оянғамын. «Әй, Ғалия тегiн емес!..» деген ойға келдiм. Соның арасынша қалта телефоным жылан шағып жыла­ған баладай шыр ете түстi.

– Алло.

– Даусымнан танып тұрған шығарсың?

– Таныдым. Ажарсың…

– Танысаң, мен шерiмнен шығып, арманыма жеттiм.Кереметтей рақаттанып отырмын қазiр!..

– Ол не дегенiң-ей?!

– Сенiң аспандағы ай-күнiң, ақ  перiштең менен кешiрiм сұра­ғалы келiптi алдыма.

– Сен не дедiң оған? Кешiрдiң бе?

– Кешiргенде қандай, алдына дастарқан жайып, екеумiз ауаша отырып сырластық. Әңгiмемiз ұзаққа созылды. Iштiк, жедiк… Шылқа мас болдық. Әсiлi кегiмдi сенен алуым керек едi. Бiрақал­ғашқы махаббатым, барымды сыйлаған жан жарым болған­дығың үшiн, саған қолым барма­ған…

– Үй, не деп кеттiң, Ажар?!

– Не деушi едiм? Ғашығың мас болып, қылжиып қалғанда, қара жүрегiн қақ жарып, тұйық сапты, екi жүздi пышақты бойла­та перiп қалдым көкiрек тұсы­на…

– Ей, мынау, жынданғаннан саумысың?!

– Сенсең сен, сенбесең қой! Салған пышағымды суырып алып, қанын ғашығыңның  шашына сүртiп отырмын, мiнеки!.. Милицияға да телефон соғамын қазiр.

– Ой, менi ақымақ еткелi тұрған боларсың?

– Ендi абақтыда шiрiсем де арманым жоқ. Жазықсыз сәби қызың ұйықтап жатыр, еш қамсыз… Ие боларсың!? Бақытты бол!..

Ажардың үнi күңiрене күрсi­нiп өштi. Төбемнен жасыл түс­кендей болып, есеңгiреп қал­дым мен. «Тәңiрiм-ау, өңiм бе, түсiм бе бұл?… Ой, сұмдық!..».

О, Ғалияш!

Сен өлмедiң, мен өлдiм тек!

Бұдан өткен сұмдық үкiм болған ба?!

Махаббатты жеңе алмайды жауыз кек,

Қызғанышқа жүктi пәни жалғанда.

Сен соншалық адам өлтiре­тiндей жауыз ба едiң, Ажар-ау?!  Ғалия сенен кешiрiм сұрап, басын иiп, алдыңа жүгiнгенде, оған пышақ салуға қайтiп дүркiнiң барды?! Пай-пай, пәлекет қыз­ға­ныш-ай! Ажар момын едi бұрын… Ашынған екен, иә!..». Ал Ажар да пенде емес пе? Ажардың маған шын ғашық екенiне көзiм ендi жеттi. Ғашық болмаса, менен қызғанып, кiсi өлтiруге батылы бара ма? Мен Ғалияға ғашықпын! Егер ол менiң көзiмше бiреу­дiң құшағында  мiз бақпай отырға­нын кезiктiрсем, өзiм қайтер едiм? Жан жүрегiммен берiле ғашық болған Ғалияға семсер сiлтеуге батылым бара қояр ма? «Қосыл­май кеткен ғашықтардың махаббаты мәңгiлiк болады» дегенсiң. Сен менiң жүрегiмдi о дүниеге өзiңмен бiрге ала кеттiң. Махаббатты да жалған дүниеге тастамай, шын дүниеге жөнелт­тiң. Жаның жәннатта болсын, Ғалия­шым! Сен үшiн Алматым­дағы Жаңбыршы бабамның ауласының орнынан түсетiн көп қабатты үйден пәтер алуға ас­ғып-ақ едiм. Ал сен жоқсың ендi маған! Оған кiмдi кiргiзе қояр­мын? Ажар түрмеде қанша жыл отырар? Қанға боялған адам өлi­мiн көрiп, қаршадай қызым шошынып қалмаса игi едi! Менiң мейманам тасыған екен. «Көк бөрiлер қашанға дейiн ұлиды?» атты кiтабымды Ғалия екеумiз жаңа пәтерiмiзде қоныс тойы мен тұрмыс құру тойын бiрге өткіз­бекші болып едiк-ау!  Арманда­ры­мыздың асыл дiңгегi ортасынан опырылғаны ма, тә­ңi­­рiм-ай!..».

Менiң сенделектеп қалғаным­ды байқаған жуан қара жiгiт қа­сыма келiп:

– Не болып қалды, бауырым? – дедi.

– Әншейiн, – дедiм сасқаным_нан.

– Әй, сен шыныңды айтпадың ғой деймiн?

– Сiздер бұзып жатқан 7нө­мiр­лi жер үй, менiң Жаңбыршы бабамның бiр ғасырдың алдын­дағы меншiгi екен. Қақпа сыр­тындағы Найман таңбасын көрiп, көңiлiм бұзылып тұр!..

– Мен де Найманмын. Маған қимасаң, өзiң ал бабаңнан қалған бір ғасырлық қақпаңды!

– Мен оны қайда апарып сақтай алармын? Сiз ала берiңiз, қадiрiне жетiп, мұра қып сақтай бiлсеңiз болғаны. Бабамның ауласы күйрегенiне ғана құсаланып тұрмын!

– Күйремеген не қалды мына заманда?!

– Рас айтасыз…

Жуан қара үндемей жұмысына қарай бет бұрды. Қайда барарымды, не iстерiмдi бiлмей, сенделектеп сәл аялдадым. «Ой, ендi мен Ғалияның өлімін өз қолым­мен жерлеуiм керек қой. Ең бол­ма­ғанда топырақ бұйырсын ға­шы­ғыма!..» деген ой сап ете қа­лып, бұзылған ауланың қа­сы­нан жынын алдырған бақсыдай боп, жылжи бердiм. Ой, құдiрет-ай! Жаңбыршы бабамды түсiмде ғана көргенмiн. Әкемнiң альбомында суретi ғана бар. Сол кiсi қазiр қарсы алдыма келiп, елес­теп тұр.

Мен Ғалияны жерлеуге асы­ғып, 7-ауланың бұзылған үйiндi­сiнің қасынан қазтұрған баладай тәнтiректей басып, алыстай бер­дiм. Жаңбыршы бабам ақбоз атына мiнiп, алдыма түстi…

Мен ендi Ғалияны жерлеуге, сәби қызым Бақытты тапсырып алуға кетiп барамын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір