АБАЙ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
26.08.2016
1568
0

АбайДубек Мұсанов – актер, әнші, жазушылығын былай қойғанда, Есболған Жайсаңбаевпен бір ауылда туып, бір оқу орнын бітірген. Сонау ауылдан Алматыға келгендегі алғашқы әсері туралы жазбасы көзіқарақты оқушының есінен кете қоймаған шығар. Назарыңызға ұсынғалы отырған әңгімесі де өз алдына бір қызық дүние. Құнанбай мен Абайдың ел аузында жүрген әңгімелерінен бөлектеу. Әсері тура «Абай жолының» жаңадан жазылған кішкене бөлігіндей.

– …Ассалаумағалей-ко-ом, – деп әндете дауыстап тығыр­шық­тай, ұзын бойлы, қызыл шы­­райлы жігіт кіріп келді. Отыр­ған­дардың пысықтаулары ұрттап үл­геріп, саспайтын сабаздары қаз­та­бан рюмкелерін аузына апа­ра бе­ріп, үстел үстіне қоя салды.

Қоя салғаны құрысын, сіле­кей без­дері оянып, жұтынып отыр. Бө­тен адамның көзінше сіміріп тас­тау ұят. «Обалсынып» мен отыр­­мын.

Мынандай бас қосу үстіне бө­тен адамның келгені көбіне ұнай қойған жоқ. «Құдайдың құл­дарына» көріну ойларында жоқ, өңшең басшылар болатынбыз. «Баяғыда өзің комсомолсың, өзің нан жейсің», – депті бір арыз­қой. Сол айтқандай-ақ, «ком­со­молдарыңнан жегенін» көргені дұрыс болмады. Ертең не деп жү­реді дегендей ғой енді… былай… Үй иесі: «Төрлет, төрлет», – деп жа­тыр. Бізде үн жоқ.

– Көп отырмаймын, кетем, – дейді күтпей келген қонақ ың­ғай­сызданып.

– Не қып асығыс жүрсің? – дей­ді үй иесі.

– Асығыстан Құдай сақтасын, осы үйдегі атама сәлем беріп шы­ғайын деп келіп едім…

– Асықпа. «Қайныңа да ба­рар­сың, қалыңдығыңды да кө­рер­­сің», – депті ғой біреу. Тізе бүк.

Дастархан шетіне келмей ди­ванның бір бұрышын жапырардай, бар салмағымен ыңырантып күрс еткізді. Диванның бар пру­жи­насы үзіліп немесе жабысып қал­ған шығар деп ойладым.

– Кел. Дастарханға кел. Сыпайы жігіт екеніңді білеміз. Кел, отыр, – деді үй иесі бізге мойын бұрып.

– Біздің жиен. Жылқы баға­ды. Бір сағатсыз зоотехник, «хооветте» сырттай оқиды. Соңғы курстасың ғой деймін?

Жігіт бас изеді.

– Мынадан?.. деп, үй иесі тыр­­­наның сирағындайды нұсқап, иек қағып еді:

– Ой, Құдай-ай, «жығылсаң, нар­дан жығыл», – депті ғой, на­ға­шы, андағыңды ыдысымен бір­ге жұтып қойсын демесең, дұрыс­тауын… деп, көзімен кіші-гі­рім бөріктей фужерді нұсқ­а­ды.

Біз таңырқауымызды білдір­ме­генсіп, бір-бірімізбен сөйлес­кен сыңай таныттық. Ол құя сал­ды ма, жұтты ма, жұтпады ма, бел­гісіз… төңкеріп тастады.

– Ал жақсы. Рахмет. Сөге көр­­меңіздер, баса-көктеп кірейін де­ген ойым жоқ, ойда-жоқта үсті­ле­ріңізге келіп қалдым, айып ет­пеңіздер. «Бұқа іздеп жүріп той­ға кез болдым» депті біреу. Ой­да-жоқта үстеріңізге келіп қал­дым. Сөге көрмеңіздер. Жыл­қышымын. Қызым институтта оқу­шы еді. Студент, соған ақша ке­рек болып тұрғаны. Жылқы са­там. Бүгін алам десеңіздер – бү­гін, ертең алам десеңіздер – ер­тең әкеп берем. Қандайы керек? Тай ма? Алты жасар ат, ту бие бар. Жеп үйренген адамдарға ұқ­сай­сыз­дар. «Жеген ауыз – жесін. Алыңыздар», – деді.

Қымызсіңділеу бет-жүзінен жаңа­ғы тартқанынан да бір леп бі­лінгендей белгі байқалды.

– Қанша? Бағаңды айт, – де­дім, етқұмар қазақпыз ғой.

– Ой, ағасы, Сізге арзан берем.

– Олай деме, қалжың өз ал­дыңа, әділін айт.

– Аға, мен сізді білем. Сіз мені біл­мейсіз. Атам сіздің жасаған жақ­сылығыңызды айтып отырушы еді. Сізбен танысқаныма қуа­нып отырмын.

– Оныңа рахмет. Алдымен ай­тарым – балаңның оқуға түсуі­мен құттықтаймын. Үлкен азамат бо­лып шықсын. Ары-бері ырғас­пайсың. «Саудада достық жоқ» деген, турасын айт, – дедім. Ол айт­ты. Мен саудаласпай, үйге ер­тіп барып, сұрағанын беріп, «жу­ғаным» деп, біреуін қалтасына са­лып беріп, қош айтқам.

Сонымен ол кетті. Мен барып ал­мақпын. Жылқышы жігіт: «Бес жасар ту бие, табан түседі», – де­ген. Ол айтты, мен сендім.

Күн әлі жылымық болып, суық түсе қоймаған соң асық­па­ғам.

Үйдегілер де, естігендер де ме­нің саудама күледі.

– Сондай да сауда бола ма? Көр­мей-білмей, сұрағанын бер­дің де жібердің. Жұдырықтай тай­ды көрсетіп, «сауда сақал сипа­ған­ша» деп қарап тұрса, қайтесің? Мүм­кін оның сондай малы жоқ та шығар. Арақтың ар­қасында ай­та салған болар. Өзін танымай­сың да ғой, – деу­ші­лер де табылды. Мен күлген болам.

– Өтірік айтатын адамға ұқса­майды және жақсылық жолына, оқудағы қызына жібермек екен, өті­рік айта қоймас, – деймін. Аты-жөнін де сұрамаппын.

Дегенмен, іштей қуыста­на­тын­даймын.

– Аға, өкінбейсіз. Түйедей. Туы­рылып түспесе, құлағымды ке­сіп берем, – деп, – «табан шы­ға­ды» дегендей, алақанын тар­байт­қан.

Оның тарбайтқанындай болса, табан емес, қарам қазы шы­ғып, қыстай майға бөгіп, күпті болатындаймыз.

Арада біршама уақыт өтті. Қараша орталанғанша жылымық болды да тұрды.

– Апыр-ай, қалай болар екен деу­мен күпті көңіл жүргенімде, қа­ра суық түсті де соғымға бару­дың реті келе қалғаны.

Бір шаруашылықта парторг едім, директорға соғым әкелуге ба­ра­тынымды және машина жі­бер­туін айтқам.

– Жарайды, инженерге айтам, жас сорпаға шақырарсың, – деп, қалжыңдап ол қалған.

Мен үйге келіп, түсер-түспес­те шарбақтап қоршалған жүн жи­найтын, мал  жинайтын дайын­­дау­шының «ГАЗ-51» машинасы пипылдай гүжілдеп, есік алдына келіп, тұмсық тіреді.

Шопыры мұрты тікірейген, таң­қы танау, кімге де тесірейе суық қарайтын Нұрғали екен, ішім­нен ұнатпасам да:

– Нүке, үйге кіріңіз, төр­ле­ті­ңіз, – деп жатырмын.

Ұнатыңқырамайтыным – бұл кісі­нің «ұзын қарындаш» аты бар. Қан­шалық  дұрыс, қаншалық бұ­рыс екенін кім білсін, дирек­тор­дың үстінен бұрқыратып арыз жа­зып, екі аяғын бір етікке тық­қа­нын естігем.

Райкомның дүрілдеп тұрған уа­қыты ғой. Директордың сөзін сөй­леген бірінші хатшының өзі­не дүрсе қоя беріп:

– «Сен кімге әділдік айт­қан­дай­сың, алдымен өз аузыңды жуып, тазартып ал. Таза болсаң, бас­­тық емес, басқа емес «за­го­тови­тель» шешенмен дос боласың ба?» – дейді Нұрғали.

Хатшы:

– Бірге өскенбіз бала күннен. Жа­ла жаппаңыз!

– Пай, шіркін! Ол «Кавказдан кел­ген. Сен қайда, ол қайда?! Со­ны­м­ен дос емеспін деші. Онымен дос қылған – қалтасы! Басқа не? – депті «дегендерді» талайдан ес­т­ігем.

Сондай адамды қу директор әдейі жіберді ме екен? – деп те ой­­ладым.

– Неден қорқам, ішіп қойған, жеп қойған түгім жоқ. Ақшама са­тып алғам, – деп, өзімді-өзім жұ­батам.

– Нүке, төрлетіңіз, келіңіз.

– Алдымен қолдарыңды жуып келіңдер де дастархан ба­сы­на, тамаққа отырыңдар, – деді шешем үстел үстіне буы бұрқыра­ған дәу табақ етті қойып жатып.

– Апа, келін қайда? Үлкен кі­сі­ні неғып жүгіртіп қойған? Тіл ал­май ма? – деп келіп, Нұрғали төр­летті.

– Келін мектептен келіп қал­са керек еді, білмеймін неғып ке­­­шігіп жатқанын, жұмыс қой. Ба­рар жеріміз шалғай алыс деген соң, етті қазаннан түсіре сала алып келдім.

– Бездетіп екі жақтап турап жеп, тойып алыңдар. Ә, міне, ке­лін де келді, «кемеші келсе, қайық­шы судан тайыпты» деген, – деп шешем келініне жол берді.

– Қайда жүрсің, тездет демек бо­лып келіншегіме «иек қағып едім, аяқ асты қонақ келе қалса» де­геннің біреуін әкеліп қоя салды.

– Әп, бәрекелді-е, келін, жа­рай­сың, балам, – деп Нұрғали ри­за болып қалды.

– Нүке, екі асап, бір тура не­ме­се жетерін білсең «жей тура» деу­ші ме еді, аузыңыз құр тұр­ма­сын. Қимылдап отырсын. Аса­ңыз. Мынаған қалай қарайсыз, «ГАИ-МАИ», – деп қорықпайсыз ба?

– Неге қорқам? Парторг қа­сым­да отырса, әкесінің құны бар ма?

Нүкем тартынған жоқ, тар­тып-тартып алды. Аңқылдақ, ашық мінезді адам сияқты.

– Әй, балам, Нұрғали, үстін­де­гі киімің жұқа екен, мына кү­пәй­кені киіп алшы, – деді шешем.

– Ой, айналайын апатай, рах­мет. Бұл енді бір киінген соң, ше­шілмей қойып жүрсе қайтем?

– Шешпе. Иығыңнан шешіп ала­ды ғой деп пе едің? Киіп ал. Өзі­ңе құйып қойғандай екен. Құт­ты болсын! Есік алды шаруаға ки­сін деп алып ем.

Тәтем Нұрғалиды, Нұрғали тә­темді мақтап, екеуі де риза бол­ды да қалды. Біз шешемізді «тәте» деуші едік. Нұрғали да «тәтелеп», туысындай көріп, ескі танысындай жақын тартып барады.

«Биссмиллә» деп жүріп кет­тік. Екеумізде де үн жоқ. Үнсіз оты­ру да іш пыстырады. Құлағым мо­тор үнінде, тап-таза, ызылдап ке­леді.

Жылдамдық ауыстырғанда да қырылдап-сырылдап қақалмай­ды. Жылдамдық алпыс пен жет­піс. Ол үндемеген соң мен де ішім­дегіні онан әрі ішке тығып оты­рмын.

– Дүке, жол қысқарсын, сөй­лей отырыңыз, – деді Нүкең.

Не айтсам екен деп ойланам. Бұл қырыс қара не білер дейсің де­ген түйсік бар ішімде. Партия­ның саясаты бұған не керек? Хру­щев туралы анекдот айтсам ба екен?.. арғы-бергі заман жайлы не хабары бар деймісің? – деген ойлар ар жағымда бұғып отыр.

– Дүке, – деді. Сыртыңыздан ес­тіп жүрем, ескілікті сөзге құлақ тү­ре жүреді екенсіз. Оныңыз жақ­сы ғой.

Менің затым – Тобықты «Абай жолын» оқыған шығарсыз. Ар­ғы түбім «Тобықты», ішінде «Көк­ше» Қаратай ауылынанмын. Қа­ратай – өз кезінде шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік атан­ған кісі. Жарықтық Құнекеңмен, Құнанбаймен дос болған, – деп бір тоқтады.

Құлағым елең етті. Еңсем ауып. Нұрекеңе бет бұрдым.

– Кітапта Құнекеңді бекер жа­мандайды, әрине, замана тарпы ғой. Болмаса көкірегінде көзі бар, көмейінде сөзі бар Мұқаң, Мұх­тар Әуезов олай жазар ма еді?

Құнанбайды ақылды деу өзі, өз заманының данышпаны да, арыс­­­таны да болған адам.

Қазақ біреуді мақтаса, «қара басы ханға тең» дейді. Бірақ сол хан­дарының бәрі Құнанбайдай ақылды болды ма екен? Құнекең – қаттылығы мен қайырым­ды­лы­ғын қатар ұстаған кісі.

Алдымен Құнанбайдың қат­ты­лығын айтайын. Аға сұлтан болып тұрған кезінде Семейден екі жүз переселен орысты қаста­ры­на стражнигін қосып беріп, Құ­некең қонысына әкеліп отыр­ғызыпты.

Орыстардың әдейі қысас қылуы да мүмкін. Айтқанға көн­бе­ген соң, намысқа шапқан Құ­не­кең төрт жүз жігітті жинап жі­беріп, полицей-молицейімен қо­сып сабап тастапты.

Арты ұзын-сүре дау болып, өзін қамауға ала жаздап, әрең құ­­тылыпты. Құнекеңнің аға сұл­тан­дықтан босау себебі – осы. Бұл – бір деңіз.

Қайырымдылығын айтайын. Бұл да сол аға сұлтан болып тұр­ған кезіндегі жайт. Ел жайлауға көшкен уақыт екен. Семейден шы­ғып, жол қысқартпақ болып жай­лаудағы ауылына жолсызбен төте тартады. Қасында жиырма шақ­ты тобықты нөкері бар. Жүре-жү­ре жол ұзап, жалғыз аяқ сорап адастырып, бір қиырдағы жер сауған диқаншының жатағына әке­ліп тіреліпті. Құнекең қа­сын­дағы бір нөкерін жұмсап жөн сұратыпты жатақтан. Әлгі бай­ғұс­тың аузына Құдай салған ба, кім білсін:

– Ағатайлар, «қуыс үйден құр шық­па», – деген, Пайғамбар тік­кен қара қос, күн ыстық сусын ішіңіз­дер, – деп, жік-жапар жа­лы­нып, аттан түсіріпті.

«Пайғамбар тіккен қара қос» де­ген соң Құнекең аттап кете ал­ма­са керек.

Кедей байғұс қолма-қол жү­гі­ріп барып, бір қойын алып келіп бата сұрайды.

– Ай, кедей байғұс, кедей де бол­саң пейілің кең екен, ризамын, соймай-ақ қой, арқандаулы екі қойың бар екен, көжеңе қатық қыл, – депті мырза.

– Уа, хан ием, мен бір қоймен байы­сам баяғыдан бері байып, жер бетіне сыймай кетпес пе едім. Сізді Құдай айдап келген бо­лар. Қыдырым боп келген шы­ғарсыз. Болмаса, аға сұлтан осын­ша серікпен жүріп жолдан ада­сар ма, бата беріңіз, Құнеке, – деп қол жайыпты.

Ат үстінен түскен соң, аяқ созып, біраз тынығып, кедейдің пей­іліне көңілі толып, ас жеп оты­рып Құнекең:

– Ер жеткен екі балаң бар кө­рі­неді. Кемпірің жүгіріп жүр, ке­­ліндерің көрінбейді. Ұлдарың үй­ленбеген бе?

– Ойбу-у, Құнеке, қайдан бол­сын-ау. Күрмеуге келмейтін қыс­қа жіп қол байлайды. Үлкені жиыр­маның екеуінде, кішісі жиыр­маға шықты. Кедейліктен бас­қа мінім жоқ. Жатаң жатып жер емеміз. Содан түскенді күз мал­ға айырбастап, қыстық тама­ғымызды айырамыз. Оның өзі көк­тен жазын тілеумен өтеді. Жауын мол жылдары жарып қа­ла­мыз да, жауыны аз жылда қалт-құлттың күнін кешеміз.

Кедейдің мұңын жақсы ұққан мырза болмыс-бітіміне қарап екі жі­гітті ұнатып қалса керек. Екеуі де бойшаң, бітімі ірі, сымбатты жі­гіт­тер екен. Тегінде мырзаның ауылында атпал, кесек бітімді мал­шы-жалшы аз болмаған.

Құнекең сияқты Абай да ірі тұл­ғалы палуан жігіттерді көп ұс­та­ған деседі. Сол жерде пейілі түс­кен мырза қасындағы екі бай­ға:

– Сен қызыңды үлкеніне, сен қы­зыңды кішісіне бересің, – деп бұйырыпты да:

– Ей, кедей, жасқанба да, жал­тақтама. Ел жайлаудан түс­кен­де тойын істейді, бас құда бо­лып екеуіне де өзім барам. Қы­зын бермесе маған айт.

Бас шұлғудан басқа кедей бай­ғұс не істесін: «Мақұл, мақұл», – дей беріпті қуанғаннан.

Екі бай қорыққандарынан үн қа­та алмай «жарайды, жарайды» де­гендерімен Құнекеңнен бөлі­ніп, оңаша шыққан соң жатып кеп жылапты. Жарайды демеске шаралары қане, бас құда боп өзім барам деп Құнанбай отырса.

– Көрдіңіз бе? – деп, бір көзін сы­ғырайып қысып Нұрекең ма­ған қарады.

– Біреуге қаталдық, біреуге қайырымдылық.

– Нұреке, бұрын мұндайын ес­тімеген екенмін, ғажап дүниеге кез болып отырмын, – дедім.

– Со-о, Дүке, Құнанбай өз за­­­­ма­нының данышпаны да, арыс­та­ны. Күллі «Тобықтыда» одан асқан адам болған жоқ.

– Нұреке, әлгі кедейіңізді аяқ­татпадыңыз ғой.

– Қазір айтам. Шынында да ол заман тұрмақ осы заманда да кедейге бай немесе бастық қой­шы­ның баласына қызын бере қоя ма?

Ол өзіме сұрақ.

– Сіңірі шыққан қу кедейге қа­лай қыз береміз? Сүйекке таң­ба болатын болды-ау. «Төріне төр­теу, есігіне екеу отырмаған қу ке­дейдің бағының асуын-ай!» – де­сіп жылайды байлар.

Ақыр аяғында ойласа келе, бұлар өздерінше бір айла тауыпты. Ел жайлаудан түскенше жан адамға білдіртпей әлгі кедейдің үйіне астыртын жасау жабдығы­мен ақ отау аттандырады, үйірлеп жылқы жібертеді. Кейін қыздар­дың қалың малы есебінде қайы­рып алмақ болады. Бәрі ағайынға күлкі болмастың амалы ғой, Дү­ке, білдіңіз бе?

«Білдімнің» орнына бас изей­мін.

– Күз түсіп, ел жайлаудан қайт­қан мерзімді уағында кедей бай­ғұс қуанышын қойнына сидыра алмай Құнекеңе келеді.

– Хан ием, құдалар қыздарын ұзатып, той қылатын болды, со­ған Сізді шақыра келдім.

Қараса кедейдің үсті бүтін­дел­ген, қай тойға барса да ұялмас­тай қалпы бар. Көзінде от ойнайды. Көрдіңіз бе, Дүке, «патшадай жарылқады» деген осы шығар. Ханға лайық мәрттік емес пе? Ке­дей қалай қуанбасын… екі ұлы бір­дей қалың бермей атақты бай­дың қызын алса.

Қыдыр Бабасы да кедейді бүй­тіп жарылқамас.

Аға сұлтан Құнекең жалғыз оты­ра ма, қасында қоштаушы, қол­даушы тобымен отыр екен:

– Жарайды, жарайды, ке­дейім. Мен Семейге жүргелі отыр едім, менің орныма бас құдалық­қа Жақып сен барасың. Бар. Жай барма. Құдалық кәдеңмен бар, – депті Жақыпқа. Былайша айт­қанда, Жақыпқа да «Бас құдалық жөнімен бар» деп салмақ салып отыр ғой, байқайсыз ба? «Абай жолын» оқысаңыз білесіз. Жақып та  анау-мынау емес, кәделі кісінің бірі.

Құдалық өз алдына, қыз алу өз алдына, кейін сол кедейдің ба­лаларын әкесінің тапсыруымен, Абай өз қамқорлығына алып, оқыттырып, қатардағы адам болып шығуына көмекте­сіп­ті.

«Құдай жоқ» дейсіздер, көр­діңіз бе, Құнанбай аға сұлтан не­ге адасады. Құдай жоқ болса, мен бірдеңе білсем, кедей байғұс­тың бағына «Қыдыр Баба бастап барған шығар», – деп, бір көзін сығырайта қысып, маған сынай қарады. Кітаптан оқығанда үстем тап өкілдерін кедейге қорлық, зор­лық көрсеткен қатыгез, қатал адам ретінде танып өстік. Мақ­тауы жоқ, даттауы көп Құнанбай жайлы тосын әңгімеге құлағым елеңдей, түріле түсті. Бір жақты жағымсыз бейнедегі адамның осыншама асыл қасиеттері барын білмегенім маған орасан қателік кө­рінді. «Білмеген у ішеді» деген осы да.

АБАЙ – АЙДОС

Барған сайын сөзіміз жарасып, бірімізге-біріміз іштей жа­қын тартып, бар дүниені ұмыт­қан­даймыз. Нұрғалидың екі қолы рульде, аузы сөзде. Кең да­ла­да алаңсыз көсілтіп келеді. Ке­­дергі жоқ.

Осыншама мол қазына ішін кер­неген ішқұста болған ол ақта­рыл­ған ақтеңдей ағытылып, ой қоз­ғайды. Өзі мен сөзі көк ма­ши­на­мен жарысардай жосылтып ке­леді. Шабыттана, құшырлана тол­ғанады. Екі құлағым Нұр­ға­лидың  аузына жабысып қалар­дай, өзім ойда, көзім жұмулы. Ол айт­қанның бәрін естіп, көріп келем. Естіп, көріп емес-ау, судай сіміріп жұтып келем. Талай рет жол бойы жанай бара жатып, алыс­тан көз тастап шолғындаған «Шың­ғыс­таудың» белестері көз алдына ке­ліп елес беретіндей. Көр­меген жер­ді көріп келем, айтушысы ке­ліссе, көзге айқын, кө­кірекке анық қона кетеді екен-ау!

– Дүке, – деді, – баяғыда Абай ауылында Айдос атты атақ­ты ұры болыпты. Ұры болғанда ке­сек алатынның өзі екен. Ол қа­сына кісі ертпей жеке жортып, Ал­тай асып: қалмақ, моңғол же­ріне өтіп, үйір-үйірімен топтап жыл­қы алады екен.

Бір күні Абай Айдосты ша­қыр­­тып алып: «Айдос, сен ұр­лық­­ты қой. «Ұры байымас, сұқ се­мірмес» деген. Бірде болмаса, бір­де қолға түсіп қор боласың. Ал­дыңа мал салып берейін, со­ған ие бол. «Адалдық жолға түс», – дейді.

– Айтқаның мақұл болсын. Қой­дым.

Айдос ұрлықты қояды. Ұр­лық­тан басқа кәсібі жоқ. Шаруа бақпаған Айдекең екі-үш айдан-ақ Абай берген малды жеп тауысыпты. Қарыны ашқан бір күні Айдос келіп:

– Әй, Абай, көріп отырсың, ме­нен шаруақор адам шықпайды, қыстама. Бар кәсібім, бар нәсібім – осы. Ұрлықтан басқа қолымнан келмейді. Біреуге жалданып мал ба­ғайын десем, мойын жар бер­мей­ді. Оның үстіне кісі сөзін кө­те­ре алмайтын ауруым бар. Бір­де болмаса, бірде байекеңе қы­лығым жақпай қалар. Олар аузына келгенін айтар, оған Айдос шыдамас, бас жарылып, көз шы­ғар. Арты дауға айналып «ит жеккеннен» бір-ақ шығармын. Аман-есенімде үйренген ауруым­ды кәсіп етейін, кінә қойма.

Абай ағайындарын жинап, тағы да алдына біраз мал салып беріп, переселен орыс ортасына отыр­ғызып, балаларын орыс мек­тебіне оқуға бергізеді. Ұры ұры­лығын қойып, орыс мұ­жық­тарынан жер жыртып, егін егуді үйренеді. Абайдың қамқорлығы арқасында балалары орыс арасында орысша білім алып, кейін Совет өкіметі келгенде бір баласы райком, бір баласы райиспом болып ел басқарды.

Нұрекең әдетінше бір көзін сы­ғырайта қысып: «Әне, Абай сон­дай кісі болған», – деп мақтан та­нытты.

Басшыларға ұнай бермейтін жағымсыз қырыс қара жаныма жа­ғып бара жатты.

Дубек МҰСАНОВ,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Алматы облысы, Ақсу ауданы, Жанұзақ ауылы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір