«ТАМАКӨШКЕН» – ТАРИХИ ТРАГЕДИЯ
21.08.2016
2224
0

555 001АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ РУХЫНА АРНАЛДЫ

Дүниеде алай-түлей, астаң-кестең,
Бұл қазақ сан тағдырды бастан кешкен.
Баяны жоқ ғұмырда байыз таппай,
Астаң-кестең тірліктен қашқан, көшкен…
(«Тамакөшкен» поэмасынан).

Сарысу ауданының Саудакент ауылында үлкен шара өтті. Аудан ор­талығындағы Ә.Әбдіхалықұлы атын­дағы Мәдениет үйіне ел-жұрт ер­темен ағылды. Астанадан, Ал­ма­ты мен Тараздан және Қара­ған­ды облысының Жаңаарқа өңірінен кел­ген қонақтарды атақты өнер ұжым­дары мен сахна саңлақ­та­ры­ның табаны тиген қасиетті мә­де­ниет ошағына жинаған – Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқарма тө­рағасының бірінші орынбасары, қа­зақтың атақты ақыны Ғалым Жай­лыбайдың «Тамакөшкен» поэ­­­масы.

Ашаршылық жылдары Сар­ы­ар­қадан Қаратауға қарай ұлы шұ­бырындыға ұшыраған халық­тың тағдыр талайын суреттейтін дүниенің кітап болып шығуына Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер, Сарысу ауданының төл перзенті, осы ша­раны ұйымдастырушы Асаубай Май­лыбаев демеушілік жасап, Ал­маты қаласындағы «ҚазАқ­па­рат» баспасынан «Тамакөшкен» атауы­мен ресми тілге де аударылып, жарыққа шығады. Бет­пақ­далада ашаршылық құрбандарына қойылған құлпытасқа айналып үлгерген кітаптың тұсаукесер рә­сі­мі аудан өнерпаздарының театр­лан­дырылған көрінісімен ашылды.

…Әке мен бала Бетпақтың меңі­реу даласында отызыншы жыл­дардың ойраны туралы жыр ар­қылы сырласады. Әруақ бей­несіндегі аудан өнерпаздары поэ­ма­дан үзінділер оқығанда зал сіл­тідей тынып, жұрттың көз ал­ды­на Арқадан Қаратауға қарай ұлы шұбырындыға ұшыраған қа­лың елдің азапты тағдыры келді. Та­лайдың жүрегі шымырлап, жанарлары жасаурады. Ашаршылық жылдары мен автор туралы бей­не­көріністер де сәтті шыққан.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінің тіз­гінін ұстаған белгілі ғалым-өнер­паз, шежіреші Берік Жүсіпов жо­ғалтқанымызды тауып, өлге­ні­мізді тірілтіп жатқанымыз тәуел­сіз­діктің арқасы екенін, осы шара­ның өткізілуі азаттықтың бір кө­рінісі екенін еске салды. Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығы тойланатын мерекелі жылы өтіп отырғанын да атап көрсетті.

Арқаны мекен еткен тама, жа­ғал­байлы, алшын және тарақты ру­ларының қызыл империяның қол­дан жасаған қырғынға ұшы­рауы поэма тілінде сәтті бейне­лен­генін жан-жақты әңгімеледі. Бір ғана рудың немесе бір жүздің емес, бүтіндей қазақ халқының аша­ршылық жылдарындағы көр­ген қайғы-қасіреті туралы тебірене тол­ғады. Поэмадан ауық-ауық үзін­ділер оқыды.

1932 жылдың 24 қарашасында Әу­лиеата өңіріне қарай көшкен жұрт­тан 2000-нан аса отбасы Бет­пақ даласында аштан қырылды. Саудакент  ауылына ұлы шұбы­рын­­дыдан аман жеткені – 500-дей ға­на түтін.

Облыстық мәслихаттың хат­шы­сы Бағлан Қарашолақов ашар­шылықтың бүтіндей қазақ ұлтына тигізген аса ауыр зардабын атап көрсетті. Кең-байтақ Ұлы Дала әр қа­зақтың құтты мекені екенін де ес­ке салды. Кітап авторы Ғалым Жай­лыбай мен ашаршылық құр­бандары рухына тағзым ету шарасын ұйымдастырып отырған А.Майлыбаевқа және осы бір иманды тірліктің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы об­лыстық филиалының директоры, көрнекті жазушы Несіпбек Дәу­тайұлы ел бірлігі мен ынты­ма­ғы туралы тебірене сөйлеп, Абы­лай­­хан мен Кенесары сынды ұлы тұл­ғалардың ел мен жер үшін жан алып, жан беріскенін, соның ар­қа­сында Алматы облысының бір бө­лігі мен осы өңірде қазақ халқы азат елдің аясында бақытты ғұмыр кешіп жатқанын еске салды. Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуа­қа­сов сынды ұлт арыстарының ел мүддесі үшін қыршын жандары қиыл­­ғандарына тоқталды. Ұлы жұт­­тан осы мекенге аман жеткен аза­маттардан өсіп-өнген ұрпақтар ара­сында даңқты актер Асанәлі Әшімұлы, белгілі өнер зерттеушісі, атақты композитор Ілия Жақанов жә­не ақиық ақын Маралтай Райым­­­­бекұлы сынды таланттар бар екенін айтты. Адал сүт еміп, арда өскен Асаубай досы да Ар­қа­дан көшкен жұрттың ұрпағы еке­нін жеткізді. Ғалым інісін қазақ­тың аса көрнекті ақыны деп ба­ға­лады. «Ұлы бірліктен асқан еш­теңе жоқ. Тәуелсіздіктің тұрағы бір­лікте» деді. Сөздің құдіретін тү­сінетін жұрт жазушының кесек ой­лы ғибратты сөзін ықыласпен тың­дады.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас ре­дакторы Жұ­ма­бай Шаштайұлы, қоғам қайрат­кері Мұхаметқасым Шакенов, Са­­­рысу ауданының Құрметті аза­мат­тары, еңбек ардагерлері Орынтай Дүйсенов, Талас Алтайбаев поэма туралы тұшымды пікірлерін білдірді, ашаршылықтың ащы шын­­дығын әңгімеледі, шараны ұйым­­дастырушы азаматтарға ал­ғыс­тарын айтты. Маралтай Райым­­­бекұлы «Адасқақ» өлеңін оқы­ды, белгілі әнші Қайрат Жүні­сов пен облыстық  филармонияның әншісі Ерлан Ибадуллаев  әуездете ән шырқады. Сарысулықтар өнер жолында жүрген жерлестерінің өлеңі мен әнін сағынып-ақ қалған екен, дүркін-дүркін қол соғып, қо­шемет көрсетумен болды.

Берік «Тамакөшкен» поэмасы ту­ралы ұсыныстарын да ортаға сал­ды. Бірінші, ескерткіш орнату, екін­ші, драмалық шығарма жазу, үшінші, көркем фильм түсіру. Бұл ен­ді алдағы күндердің еншісінде.

Сахна төріне кітап авторы ша­қы­рылғанда мәдениет ошағының кең залын шапалақ үні жауып кет­ті. Сарысулықтар ақынға қо­ше­мет­ті осылай білдірді. Автор поэ­ма­сының қалай дүниеге келгені, оны ресми тілге аударып, кітап етіп шығару идеясы Асаубай ағасы та­рапынан түскендігін жет­кізіп, баспадан қысқа мезгілде ба­сылып шыққанын айтты. «Тамакөшкен» поэ­масы – жоғалған кітаптың жал­ғыз беті. Сондықтан ашар­шы­лық жылдары бір ғана рудың басынан кешкен азапты тағдырын көрсете отырып, барша қазақ хал­қының отызыншы жылдардың басындағы көрген зұлматты сурет­те­генін атап көрсетті. Поэманы орыс тіліне аударғандағы мақсат – алдағы уақытта осы тіл арқылы шетел тілдеріне аударып, әлем оқырмандары назарына ұсыну. Ав­тор аударуға көмек көрсеткен, су­ретпен көркемдеген азаматтарға алғыс айтты.

– Осы қаны сорғалаған тра­гедия­ны бүгінгі ұрпақтың миына шегеленіп қалатындай етіп сурет­те­ген ақын Ғалым Жайлыбай іні­ме ел атынан алғыс айтсам, артық бол­мас. Түптің түбінде әлем ха­лық­тары түсінде шошып оянатын осы бір қазақ халқын қынаша қыр­ған қанды ойранға арнап, бір ес­керткіш орнатпай, әруақтар на­за­сы басылмас. Қалай дегенмен де, әлгі олқылығымыздың орнын әзір­ге Ғалымның «Тамакөшкен» поэ­масы толтыра тұратынын тағы да естеріңізге салғым келеді…

«Тамакөшкен» поэмасы – тарихи шындық. Бұл шындық – та­рих­тың жүзіндегі мәңгі өшпейтін қара таңба, – деді кітаптың алғы­сөзін жазған А.Майлыбаев.

Осы дүниеге шолу жасаған сын­шы Әмина Құрманғалиқызы: «…Қаның тулаған қаламгер екен­сің, ел мұңын жаз. Айтылмай жат­қан ақиқатты, ашылмай жат­қан шындықты жаз. Қалай да Ға­лым Жайлыбайдың «Қара орамал», «Тамакөшкен» туындылары – ұрпақтың санасына  сәуле түсірер дү­ниелер», – депті. Бұдан артық не айтуға болады.

Ауылдағы «Саудакент» мей­рам­­ханасында ашаршылық құр­бандарына ас беріліп, Құран ба­ғышталды. Онда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашаршылық құрбандарының рухын әспеттеп, тағзым етіп жатқан мұндай иман­дылық шарасы елді ынтымақ пен бірлікке бастайтынын еске салып, ұлы жұтқа ұшыраған ел туралы тағылымды әңгіме айтты. Кітап авторы Ғалым Жайлыбайға облыс жұртшылығы атынан алғыс айтып, өзінің туған ауылы Сауда­кент­тен мешіт ашып, иманды ша­ра­лардың ұйытқысы болып, қайы­рымдылық жасап жүретін ха­лық қалаулысы Асаубай Май­лы­баевқа үлкен ризашылығын біл­дірді.

Еңбек ардагері Рсан Есенбеков, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ау­даны Ералиев ауылынан келген шежіреші қария Жақсыбай Сүлейменов, осы ауылдың әкімі Ербол Момбетов тарихтың жүзін­дегі мәңгі өшпейтін қара таңбаға айналған қасіретті жылдар туралы сыр шертсе, арқалық ақын Жан­бол Көлбосынов «Арнауын» айтты. Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов та шерлі жылдардың шежіресінен сыр шертті.

Асаубай Майлыбаев кітаптың тұсаукесерін өткізіп, ашаршылық құр­бандарына ас беру идеясы қа­зақ­тың бірлігін көксейтін, қай­рат­кер-жазушы Несіпбек Дәутай­ұлы арқылы туғанын, осынау та­ғы­лымдық, танымдық, әлбетте имандылық шараның өтуіне белсене атсалысқан азаматтарға, кі­тап авторына және Алматыдан атбасын бұрған қаламгерлерге ризашылығын жеткізді. Ақын
Ғ.Жайлыбайға, басқа да қаламгер­лерге шапан жауып, ат мінгізді, өнер­паздарға да сый-сияпат көр­сетті.

Амангелді ӘБІЛ,
Серік ЖАНБОЛАТ.
Сарысу ауданы,
Жамбыл облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір