МУЗЫКА ФЕСТИВАЛІ
Алматы қалалық Мәдениет басқармасының қолға алуымен Республика сарайында «Марко Поло ізімен» атты халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі ұйымдастырылады.
Орта ғасырларда Азия туралы аса бай географиялық және тарихи мағлұматтар қалдырған Италия саяхатшысы Азия даласын аралаған сапарында Азия елдерінің дәстүрлі музыка өкілдерімен де кездескен. Армения, Иран, Қытай, Қазақстан, Моңғолия, Үндістан, Индонезия және басқа елдерді аралап, жергілікті жұртшылықтың музыкалық шығармаларын аса қызығушылықпен тыңдап, әсерлерін жазып отырған.
– Этникалық жоба Еуропа мен Азия елдерінде кеңінен танымал. Идея авторы әрі жобаның көркемдік жетекшісі Франция азаматы Алан Шарльз Серж Вебер, көркемдік кеңесші Судабэ Киа, композитор Греция музы-канты Калаитзидис Кириякос. Фестиваль осыған дейін Тунис, Ливанда жүзеге асса, Азия елдерінің ішінде бірінші рет Алматы қаласында ұйымдастырылып отыр. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын азиялық өнер мерекесіне әлемнің түкпір-түкпірінен дәстүрлі орындаушылар және музыка зерттеушілері шақырылған. Қазақстанның, Иранның, Үндістанның, Армения, Әзірбайжан, Грекияның және қонақ есебінде Франция, Швейцарияның танымал музыканттары Алматыға жетіп үлгерді. Қазір қызу дайындық үстінде. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этно-графиялық «Отырар сазы» оркестрі мен әр елдің дәстүрлі орындаушыларынан құрылған оркестр және жеке орындаушылар өнер көрсетеді. Сценарий желісінде итальяндық саяхатшы Азия сапары туралы әңгімелейді. Бұл рөлді Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұлов сомдайды.
Бір айта кетерлігі, басқа елден бір-бір орындаушы келсе, шара өз жерімізде өтіп жатқандықтан, біздің мемлекет атынан қатысатын артистер саны көбірек. Мәселен, қобызшы Саян Ақмолда, сыбызғышы Талғат Мұқышев, күйші Батыржан Мықтыбаев және жыршылар атынан өзім өнер көрсететін боламын, – дейді жыршы Ұлжан Байбосынова.