АЗАТ ЕЛДІҢ АЗАМАТ АҚЫНЫ
21.08.2016
1542
0

СариевШөмішбай Сариевті қалың оқырманға таныстырып жату артық болар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ жырының киелі босағасын имене аттаған Шөмішбай ақын есімін бұл күнде исі қазақ оқырманы біледі. Шөмішбайдың сөзіне жазылған эстрадалық әндердің ел жүрегінен орын алғаны қай заман.

 

Жырыммен жүрекке дән ексем дедім,

Бақыттың барына да көп сенбедім.

Киелі ел – құдіретті қазағыма,

Өмірде ақын болып өтсем дедім, – дейді ақын биылғы жылы Мемле­кет­­тік сыйлыққа ұсынылып отыр­ған «Поэзия падишасы – лирика» атты жыр жинағында. Шөмішбай, Жарасқан, Кеңшілік­тер­дің өк­шесін баса келген біздің толқын да алпыстың жуан ортасына шы­ғып­ты. Зуылдап өтіп бара жатқан өмір. Алайда, сол тегеурінді топтың ішінде жүріп Шөмішбай ақын да өз талантын дер ке­зін­де таныта алды. Жастық жалынын, көңіл шуағын, жүрек  жылуын парасатты поэзияға арнады. Туған елін, туған жерін, ұлтының үміті мен арманын жырлаудан жаңыл­мады. Туған әдебиетіне көз майын тауысып қызмет етті. Қаншама сы­ни мақа­лалар жазып, қазақ жы­ры­ның көркемдік қырлары­ның құпия-сырларын ашуға ұйытқы болды. Қазақстан Жазушылар ода­ғын­да өткен әдеби-мәдени шара­лар­дың барлығына белсене ара­­лас­ты. Диссертация қорғады. Жүй­рік ақын­ның қаламынан әр жылдары туған жыр жинақтарын қалың оқырман жылы қабылда­ды. Кеңес зама­нындағы одақтас республикалар арасындағы әдеби байла­ныс­тардың жан-жақты дамуына да үлес қосты. Халықа­ралық жиын­дар­ға, фестиваль­дар­ға қатысты. Көркем аудармамен де шұғыл­данды. Шетел ақы­ндарын қазақша сәтті сөйлете білді. Өзінің де қан­шама өлеңдері басқа тілге аударылды. Қысқасы, жарты ғасырдан бергі қазақ сөз өнерінің тарихында Шө­мішбайдың да ізі сайрап жатыр. Әдетте, тұзы жеңіл, алып-ұшпа кө­рінетін Шөмішбай ақынның мәр­тебелі сыйлыққа ұсынылып отыр­ған аталмыш жинағын оқу үстінде оның сал­мақ­ты да, сабырлы, ойлы да, өрнек­ті поэзиясына куә болдым. Қалай жырласа да, Шөмішбай өзін­ше жырлайды, оның өлеңдегі қол­таңбасы өзіне ғана тән. Ақын­дар­дың кейде өзін-өзі қайталауға ұры­натын сәттері болады. Ол заңды да. Алайда, өзгені қайта­лауға, біреу айтқан ойды басқа қырынан айтып, екінші бір ақын­­ның көлеңкесіне айналып кетуден сақтанған жөн. Шө­міш­бай­дың ерекшелігі – ешкімге елік­те­ме­у­інде. Өлең өлшемін өзінше пішіп, өзінше өрнектеуге ше­бер­лі­гінде. Естуімше, Шөмішбаймен қатар, бірқанша авторлар Мемле­кеттік сыйлыққа ұсынылған көрінеді. Солардың ішінде арынды ақын Серік Ақсұңқарұлы мен алымды алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың іріктеу барысында талқылауға жіберілмей қалуы үлкен қиянат болған. Өкінішті-ақ! Бұл – мемле­кеттік комиссия құрамындағы­лар­дың таным-талғамына, ар-ұятына сын. Бұл сыйлыққа Шөмішбай да осымен бірнеше рет талап қылып, үміт артып отыр. Үміт артатын жөні де бар. Өйткені, Шөмішбай қазақ жырының ұлы додасына көлде­нең­нен қосылған көк аттылардың бірі емес, өмірін өлеңге арнаған, ба­қытын өлеңнен іздеген, шы­ғар­машылықтың шытырман жо­лынан өткен, азап-тозабын басынан ке­шірген жанкешті ақынның бірі. Рас, өлең өлкесінде бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқандықтан оның әдебиеттегі тыныс-тірші­лігін, талантқа тән тарпаң мінезін, кейде балқып, кейде шалқып жүре­тін шабытты шақтарын жақсы білеміз. Сон­дықтан да ол – Шөмі­ш­бай! Нағыз ақын алдымен өзін жырлайды. Өзі арқылы, өзінің жан-дүниесін, ішкі әлемін айнадай жарқыратып ашу арқылы кеңістік­ке құлаш ұрады. Яғни жалқыдан жалпыға көшеді. Ақындықтың шынайы­лы­ғы да сонда. Шөмішбай да шынайы ақын. Жалған сөйле­мей­ді, тұнық сезімді, ыстық махаббатты жырлайды. Тақырып аясы кең де шалқар. Нені жырласа да, жеріне жеткізе айтады. Оқыр­ма­нын ойландырады. Ойлан­дыр­маған, толғандыр­маған өлеңнің өмірі ұзақ болмайтынын жақсы біледі.

Жайсам деймін мол өркен,

Гүлдей арай жүрегім.

Озбау үшін көлеңкем,

Күнге қарай жүремін, – дейді.

Қандай әдемі айтқан. Жаман­дықты жақсылықтан, көлеңкені жарықтан оздырмай күнге қарай жүру – тазалықтың, парасаттың, адамдық асыл мұраттың белгісі. Тапқыр тілді, ұшқыр ойлы ақын­дар ғана осылай қиыннан қиыс­тыра алады. Мұндай ұтымды жол­дар, шұрайлы да шырайлы шу­­­мақ­­тарды оның кез келген жи­нағынан молдап кездестіруге болады. Біздің бұл айтқан ойымызды аузы дуалы М.Қаратаев, Ә.Тәжі­баев, Ә.Әлім­жан­ов, С.Қи­рабаев сынды әдебие­тіміздің біл­гір ақса­қал­дарының Шөміш­бай поэзиясы хақында айт­қан ба­­ғалы пікірлері бекіте түседі. Жалпы, Шөмішбай­дың шығарма­шылығын сөз еткенде, алдымен оның азамат­тық мұра­тына назар аударамыз. Елдікті, аңсап жеткен азаттықты жырлауға келгенде үнемі бел­сен­ділік танытып, ой биігінен көріне білетіндігі ұнай­ды. Біреулер сияқ­ты тә­уелсіз­дік туралы теріс-қағыс пікірлер айтудан аулақ. Азат­тықтың қадірін терең сезініп, оның арайлы сәу­ле­сін жас ұрпақ­тың санасына жырмен сіңіруге құштар.

Ұлы Дала – шөл даланың ұлымын,

Өркеш-өркеш құмнан өрген бұрымын.

Шөліркеген шөл даланың көсемі –

Құмдары аман болса, мен де тірімін, – дейді.

Иә, кез келген ақын туған то­пы­­рағының, туған елінің бір бөл­шегі. Осыны ақын жүрегі те­рең сезінеді, өлең сайын елжіреп езіледі. Бұл – шынайы ақындарға тән қасиет. Шөмішбайдың жырларынан өзінің туып-өскен Арал теңізінің ерекше лебі еседі. Елге, жерге, Отанға деген ыстық ықы­ласы, сәулелі сағынышы, ұлы құр­меті өлең сайын әдемі өрнек тауып, өріліп отырады. Ел тағ­ды­ры мен жер тағдырын ұштастыра жырлауға келгенде Шөмішбай­дың қаламы ұшқыр. Арал теңізі­нің қасіреті өз перзентін бей-жай қалдырмайды. Ұс­тазы Зейнолла Шүкіровтен кейін Арал тақыры­бын толғана жырлаған, терең жырлаған ақын біздің Шөмішбай. Кезінде Әбділда Тәжібаев ағасы: «Шөмішбай дерек­ті көзбен көріп, қолмен ұстарлық, өз сезімімен тіке­лей сабақтасатын тақырып­тар­ға келгенде айтқыр ақын. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет дейміз», – деп ақ батасын берген екен. Әбділда абыздың батасы қабыл болды! Шөмішбай бұл күнде көптеген шығармашылық жетіс­тіктерге жеткен, кемеліне келген қа­лам­гер. Көптеген жыр-жинақ­тарының авторы, оның қаламынан туған ән-өлеңдер небір белгілі ән­шілердің орындауында тыңдау­шы­ларын тамсандырып келе жат­қа­ны әмбеге аян. Сол үшін де біз оны жақсы көреміз, жырларын сүйсініп оқимыз. «Поэзия падишасы – лирика» кітабында да ақын­ның жаңа қырынан көрініп, тосын ізденістерге барғаны байқалады. Ақындық шеберлік, төгіле жырлау, егіле жырлау Шөмішбайға тәңір сыйлаған қасиет. Өйткені, ол әлде­кімдердей күшеншек өлеңші емес, ақындық сүйегіне біткен.

Лирика – поэзия падишасы,

Тасты тесіп, гүл өскен нәзік өмір,

деп өзі айтқандай, оның бұл жина­ғы­нан көркемдік кеңістікті сезіну­мен бірге, нәзіктіктің әсем сәулесін де көңіл көзінен өткіздік. Уақыт ты­нысын, заман келбетін, отан­шыл­дық рухты барынша көсіле жыр­лаған, ел болашағын, ұлт ба­қы­тын шешіле толғаған ақын­дардың алдыңғы қатарында келе жатқан Шөмішбай жырлары да жұлдызды жырлар. Сондықтан ұлы дүбір бәйгеге батыл қосылып отыр. Мұны өзі де, оқырман да жақ­сы сезінеді.  Әрине, Шөмішбай поэзиясы туралы, оның жыр жо­лындағы жарты ғасырлық еңбегін жан-жақты айтып, талдауға болады. Алайда, бәйгеге түсіп, бағын сынап отырған мына кітабына көбірек тоқталғымыз келді. Өйт­кені, бұл жинақтан оның ақын­дық болмысын, азаматтық биігін ай­қын танып-білдік. Әсіресе, оның Тәуелсіздіктің алғашқы жыр­шы­ларының бірі екендігін қадап айт­қымыз келеді:

Тәуелсіз боп артты халқым сенімі,

Мұз боп қатқан қайғы-мұңым еріді.

Ақ шыңдары – тауларымның биіктеп,

Кең тыныстап Ұлы Далам кеңіді.

 

Жер бетіне қайта шықты алтыны,

Көлдерімде жүзді Аққуы қалқыды.

Толқын атып, дарияларым тасыды,

Тау өзені, ақ бұлақтар шалқыды.

 

Тәуелсіздік жетті бізге бесінде,

Айым туды, жұлдыз жанған кешімде.

Алматыда атқа қонды Абылай,

Кенесары атқа қонды Есілде!

дей келіп, Тәуелсіздік үнінен «Ақ шың­дары – тауларының биіктеп, кең тыныстап Ұлы Дала кеңіді!» деп, «Күллі әлемдік жүк көтерді нар­ларым» деп толғана жырла­ғаны есі­мізде.

Сондай-ақ, осы кітабында:

Етегінен тауымның шыңда­рына дейін,

Жел үйірген құйынды құмдарына дейін,

Менің мемлекетім!

Бір уыс топырағы, әр тасына дейін,

Күңіренген үнсіз жартасына дейін,

Менің мемлекетім!

Нар атан түйенің ноқтасына дейін,

Әрбір қазақ отбасына дейін,

Менің мемлекетім! – деп айналасына қуанышпен жар салады Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­нылып отырған мемлекетшіл ақын­­дарымыздың бірі – Шөмі­ш­бай Сариев. Бұлай ағынан жарылып, ақтарыла сөйлеп, заңғар биік­тен үн қатуына оның толық қақысы бар. Өйткені, ол азат елдің азамат ақыны. Үлкен ақын­дар ғана осылай кеңге құлаш сермеп, асқақ сөйлеуге тиіс. Сондықтан да оның бұл кітабы – мәртебелі сыйлыққа лайық деп ойлаймын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір