ҚАЙРАН ДҮНИЕ, МЫҚТЫ ЕКЕМ ҒОЙ МЕН ДЕГЕН!..
21.08.2016
1717
1

фотоСақыпжамал ӨТЕҒАЛИЕВА

 

КӨҢІЛ ДЕГЕН КӨК ДӨНЕН…

Бір адамды жұбата алдым мен бүгін,

Өзім-дағы қуаныштан гүлдедім.

 

Бір адамның жасын сүрте алғаным –

Көңіл сәтке қыран болып самғады.

 

Бір адамның сырын тыңдай білдім мен,

Сәбидейін сәл жымиып күлдім де.

 

Сыр дегенің – аманат-ты, асыл-ды,

Сол асылды маған сеніп тапсырды.

 

Бір адамның мұңын қуып арылттым,

Сәл де болса, көзін тауып жарықтың.

 

Өзім содан бақыт құшып шалқыдым,

Ақша бұлтпен жарысып бір қалқыдым.

 

Қайран Дүние, мықты екем ғой мен деген!

Қалай ғана өзіме-өзім сенбегем?

 

Қалай ғана өзімді-өзім көрмегем,

Бас бермеуін, көңіл деген көк дөнен!..

СӘУЛЕЛІ БАҚ

– Бақыттымын мен бүгін,

Себебі, сізді көрдім.

– Шын айтасыз ба, құрбым?

– Ие, жаным, шыным.

– Апырай-а…

Бақыт деген

Соншалықты оңай ма?!

 

Бақыт дейді…

Ол не өзі? Ешкім дұрыс білмейді.

Бірақ… бірақ есі дұрыс бар пенде,

Армандамай, оны аңсамай жүрмейді.

 

Бақыт дейді…

Асыл тас па көз тартатын жалтылдап,

Байлық па әлде, арбап алар жарқылдап.

Махаббат па мұң боп, сыр боп, елес боп,

Ғайып болар қолың созсаң жақындап!

Бақыт дейді…

Кім біледі, қай жақта оның мекені,

Болды ма екен сол мекенге жеткені?

Сәулелі бақ шығар мың сан сұрақтан,

Арашалар – жаныңа нұр сепкені.

 

Қайдам, қайдам?!

Өзімді айтам. Өзгелерді білмедім.

Сәулелі бақ! Ондай мекен көрмедім.

Жалқын нұрға бөленбеді жүрегім.

Іздемедім… сенделмедім… сенбедім.

Бақыт мені өзі іздеп келмеді.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.07.2021 | 19:43

Таза,боямасы жоқ жүректен шыққан өлең.Қандай керемет!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір