ҚҰЙРЫҚТЫ ЖҰЛДЫЗ СЕКІЛДІ
21.08.2016
2954
0

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ ЖАЙЛЫ СЫР-ДЕСТЕ

Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Махмуд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» Халықаралық сыйлықтың лауреаты

Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір,
Бақты да, қайғыны да көтере біл.
Әбілқасым Фирдоуси.

Диск для фильмаТәуелсіздіктің құрдасы, дәуір­дің алғыр сырласы, жаным­нан артық көретін жан балам-ай – Даниярым-ай, дара туған, арман қуған Данашым-ай, сенің жү­регің соқпағалы, ата-анаң үшін өмірдің тойы тоқтағалы үш жыл. Содан бері тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген Елдің де, ел қамын жеген ердің де, өзің­сіз өксіп жүрген ­ маң­­дайы­­ның соры бес елі сормаңдай ата-анаңның да басынан талай жай­лар өтті. Жарық дүние дей­тін жалғанда армансыз адам жоқ. Төрт құбыласы түгел кім бар ­дейсің? Болды, толды дейтін, сырт көзге бақытты дейтін пен­денің де ең болмағанда жүректі өртер бір өкініші болады. Жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс ханның  да өзекті өртеген өкіні­ші көп еді. Қаһарынан қара жер қал­тыраған Наполеон да: «Мен ба­қытты бола алмадым», – деп жа­зыпты. Бір кем дүние!

Сол кемдік сенің артыңда уа­қыт­ша қалған, әзірше бір жығы­лып, бір тұрып қалт-құлт етіп жүрген, өзіңнен адасып сорлап қалған сорлы әкең менің де басымда бар. Осынша жасқа келгенше талайды бастан өткердім. Тас кедергі тағдыр мені отқа да сал­ды, тасқын суға да лақтырды. Бірақ отқа да жанбадым, суға да бат­па­дым. Дара туған даналы­ғым­нан емес, әрине. Алла та­ға­ла­ның әмірімен тура келген сан ажал­дан аман қалдым. Бұрын­ғыларын өзің де білесің, Данашым! Сен өмірден озғаннан кейін­гісін айтсам алдымен бір Ал­ланың, сосын Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың арқасында осы жылы наурыз айының 16 жұл­дызында Сеулде күрделі операция жасатып, тағы бір ажалдан аман қал­дым. Ол жайлы ел газеті «Еге­мен Қазақстанда» жария­лан­ған «Сакура гүлден­генде» ат­ты жолжазбада (1.04.2016 ж.) баян­дадым.

Осы жолдарды ауруханада жа­зып отырмын. Алда аяққа жа­салатын өте күрделі тағы бір опе­рация тұр. Құдай қаласа, одан да аман қалармын деген үмі­тім бар. Ендігі ең басты арман – сол сыннан аман өтіп, қа­­лымымен өзіңе – ұлға ғана емес, ұлтқа да қызмет ету. Анаң екеу­міз өзің жайлы үш кітап жә­не сосын «Махаббат пен мейірім­нен өрілген өмір» атты деректі кино шығардық. Сенің өмірден оз­ғаныңа тамыз айының 17 жұл­­дызында үш жыл болады. Со­ған орай ас беріп, құран оқы­тамыз, құдай қаласа.Тәтті өті­рік­тен ащы шындық артық.

Ащы да болса ашығын айтайын, анаңның жағдайы менен де ауыр. Өзін емес, өзгені ойлаумен өтіп жатқан өмір оған оңай­ға соққан жоқ. Отбасының бар ауыртпалығын бір өзі көтерумен келе жатқан ол ең алдымен сені ой­лайды, менің барлық жағ­да­йым­ды жасап нәп-нәзік болып ауыр жүкті бір өзі арқалау­мен денсаулығын да әлсіретіп алды. Өзіңнен адасып қалғалы кө­зінің жасы бір құрғаған жоқ. Со­ның салдарынан сол көзі мүл­­дем көрмейді қазір. Оң көзі де күн сайын нашарлап барады.

«Дүниеде ана махаббатынан қа­сиетті нәрсе жоқ. Оның ал­дын­­да адамда ынтықтырушы өз­ге дүниелер әлсіз» деп жазыпты Виссарион Белинский. Ба-
уыр еті баласына өзіңе деген ма­хаб­баты шексіз екенін бір АЛЛАҒА аян. Шексіз сүйіспен­ші­лік пен шексіз қайғы қа­быр­ғасын қайыстырған анаң­ның қалтыраған қаралы қаламынан өзіңе арналған толық бір кітап болатын жыр жолдары туды. Со­ның бір үзіндісі:

Какими на свете словами, 

Мне описать эти муки,

Это ноч­ные страданья,

Бессоные но­чи мои.

Ата-ана есімімен қатар тұ­ра­тын екі аяулымның бірі – өзің, бірі – сенің анаң, менің баға жет­пес бақытым Құралай Ах­мет­қызы Аққошқарова екенін өзгелер біле бермес, өзің білесің, Данашым!..

Күн сайын кеміп бара жат­қан Құралайдың денсаулығы, жат­сам-тұрсам тілейтінім, со­ның амандығы. Ол бар болса мен де бармын, ол жоқ болса мен де жоқпын өмірде. Оған деген қа­рызым шашымнан көп. Сол қа­рызымның жүзден, бәлкім мың­нан бірін өтеу үшін де, ең бас­тысы ұлға да, ұлтқа да қызмет ету үшін алдағы аса ауыр опе­ра­ция­ны сәтті өткізе көр деп тілеймін АЛЛА Тағаладан.

Өзіміз жайлы өзіңе берген қыс­қа есебіміз – осы. Ең басты – Ел­дің жайы ғой. Қысқа қа­йыр­­сам, ел аман, жұрт тыныш. Ел­ба­сы тәуелсіздіктің байрағын нық ұстап келеді. Тәуелсіздігі­міз­дің мәңгілік болуы үшін се­нің достарың, тәуелсіздік құр­дас­тары, солардың қатарында жа­ның сүйген жан жарың Анже­лика Досанова да жемісті еңбек етіп жүр.

Осынша жасқа келгенше та­лай­ды бастан өткердім. Бал да тат­тым, у да іштім бұл өмірде. Со­нын бәрін саралап, салмақтап келгенде күні кешеге дейін ба­қытты едім мен бейбақ. Мені асу бермес асқарларға алып ұшқан қос қанатым бар еді. Оның бірі – қаннан да қымбат, жаннан да тәтті – Тәуелсіздік, бірі – өзің едің Данашым!

Бүкіл әлем маған қарап тұр­ғандай,

Өзің барда бақытты едім мен қандай!

Қас қағымда өте шықты-ау сол бір сәт

Енді, міне, әкең сенің сормаңдай.

Жанымнан артық көретін Даниярым-Данашым! Сені жо­ғалту – ата-анаң үшін бауыр еті ба­ласын жоғалту, ел үшін тәуел­сіздіктің мәңгілігі үшін қызмет ететін жас қайраткерді жоғалту. Қайғы жұтып, қансыраған жү­рек­ті тұз сепкендей онан сайын ауыртатын тағы бір ауырлық – сен мен сияқты қатардағы көп пен­денің бір емес, дара туған дана едің. «Жаратқанның пенде­сіне бе­рілген үлкен сыйы – оның ар­тында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайы­рым­ды­лығы» депті Сағди. Сен өте мейі­рімді, аса қайырымды едің, Данашым. Сол қайырым­ды­лы­ғың­мен сексендегі сел­кіл­деген кейу­а­на Алтынды ажалдан алып қалғаныңды ел әлі күнге дейін сыр ғып, жыр ғып айтып жүр.

Мир держится на добрых людях,

Не на агрессии и зле.

И если доброты не будет,

То ничего не будет на земле, –  деп жазыпты Андрей Дементьев. Иә, қайырымдылық жасау­дан асқан қасиет жоқ. Жан дү­ние жасауларыңдағы өзге бай­­лықты айтпағанда, осы аса қайы­рымдылығыңның өзі бітімі бөлек бекзаттығыңды танытып тұру­шы еді-ау, Даниярым.

Дана Абай:

Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,

Мін тағар жан болмады, – деп жазыпты.

Адамзаттың  анасы – қасиет­ті қара жерді жаратқан, көк күм­без­дей төңкерілген алып аспанды шегесіз орнатқан, нұрлы, сырлы Ай мен Күнге, жымың­да­ған сансыз жұлдыздырға жан-жа­ғына үнсіз сәуле шашқызған құдіреті күшті, мейірім шапағы шек­сіз Алла Тағала толқын-тол­қын боп келетін әр ұрпаққа әр­қилы тағдыр сыйлаған. Азат­тық­ты аңсап өткен, бостандық үшін жан қиған бабалар мен со­лардың аяулы арманын арқа­ла­ған аяулы аға ұрпақтың жүгі аса ауыр болды. Ал тәуелсіздік құр­дас­тары сендер, Данашым, уа­қыт­тың өзі туғызған, заманның биік талабына сай білімді, жі­гер­лісіңдер. Ең бастысы – Тәуел­сіздік таңы атқанда өмірге келіп, егемен елдің ұланы болып ер жеткен тәуелсіздік құрдасы се­нің достарың басына бақ қонған бақытты буынсыңдар. Дей тұр­сақ та, қуанышы мен қайғысы қапталдасып қатар жүретін өзі тәтті, діні қатты өмір қашан өкі­нішсіз болған. Тәуелсіздік құр­дастарының ғана емес, ха­лық­тың қабырғасын қайыс­ты­ра­тын өзекті өртер бір өкініш – тәуел­сіздік туғызған қанатты жастар­дың кемел келешегіне жете алмай өмірден ерте озуы. Соның бірі – осыдан үш жыл бұрын адам­заттың дұшпаны арсыз ажал тым ерте алып кеткен сен едің Данашым! Тағы бірі – әйгілі ән­ші Еркеш Шәкеевтің күні ке­ше өмірден озған аяулы ұлы, талантты жас Сафар.

Наша жизнь – это зал ожидания,

От младенчества и до седин.

Сколько всяких наук выживания,

А исход непременно один, – деп жазыпты Булат Окуджава. Ал Владимир Высоцкий:

Возвращаются все, кроме лучших друзей,

Кроме самых любимых и преданных женщин.

Возвращаются все, кроме тех, кто нужней, – дейді. Осы жыр жолдарымен жа­рыса ойға Анна Ахматова­ның:
Все кого ты правду любила,
Живым останутся для тебя, – деген ойлы жыры да оралады. Үш түрлі тағдыр иесі үш ақын­ның үндескен үні менің көз алдыма сенің ойлы, мұңлы көзіңді, нұр төгілген нұрлы, жұмсақ, жы­лы жүзіңді алып келді. Сол сәт өзіңді сағынған сорлы жүрек сыздап, дене мұздап сала берді. Да­ниярым-Данашым! Сондай қиын сәтте қаламыма сүйенемін. Сондай сәттерде туған жыр жол­дарының бір үзігінде:

Айналып барам зомбиға,

Ұқсаймын қаңғыбасқа да.

Тамақтан тамақ өтпейді,

Тәбет жоқ таңғы асқа да.

 

Жылауменен өтетін,

Күнге де төзіп келемін.

Табыттай ауыр ой басқан,

Түнге де төзіп келемін.

 

Көкбөрі құсап ұлимын,

Күйіктен ішім өртеніп.

Тірі өлік болып жүрмін мен,

Аяулы ұлым ерте өліп, – деп жаздым.

Сені ойласам, се­нің құрбы достарың – тәуелсіз­дік құрдас­тары келеді көз алдыма. Соған орай:

Уақыттың жазбайтын,

Жоқ дейді ғой жарасы.

Бұл сөз бізге жүрмейді,

Улы уайым улаған

Түрімізге қарашы.

Көрге бірге түседі,

Бізбен бірге бұл жара.

Өмірге сосын келеді,

Жаңа ұрпақ гүл жара.

Солмасын деп сол гүлдер,

Көз жасыммен суарам.

Тәуелсіздік болса мәңгілік

Көрде жатып та қуанам, – деп жаздым.

Иә, келешек жастардыкі. Жү­ре­гі Ел деп соққан тәуелсіздік құр­дастары, олардың ізін басып, өмірге сосын гүл жара келетін жаңа бір ұрпақ жас құрақтай жай­қалып өсіп, тәуелсіздікке тәу етіп, ел еңсесін еңбегімен, та­лантымен биіктей бермек. Ендігі үміт соларда.

Алланың нұры түскен, айналайын Даниярым-Данашым, се­ні сағынып, шыбын жаным шыр­қырағанда сыздаған жаралы жүрегімді жұбататын бір жай – еліміздің ертеңіне деген сенім. Ол сенімнің серігі, тірегі жастар, Сенің қатар құрбы достарың – Тәуелсіздік құрдастары Кеңестің шекпенінен шыққан біз сияқты жалтақ, жасқаншақ емес, рухы асқақ ұлтшыл, елшіл, мемлекет­шіл, халықшыл. Тәуелсіздіктің мызғымас мықты тірегі де, елдің ыстық жүрегі де, қазақ хал­қы­ның келешегін кемел ететін де солар. Сендер аман болыңдар, жүре­гі ел деп соққан, Даниярым-Данашымның жан Достары – Тәуелсіздік құрдастары!

АЛМАТЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір