ҚАЛАМЫНА СҮЙЕНГЕН
21.08.2016
2128
0

МаралДүниеден Мәкең, Марал Хасен өткені жөнінде Қарағандыдан қаралы хабар жетті. Жазған-сызғандарын көп жарияламай, саяқ ғұмыр кешкен адам болғандықтан қарапайым жұртшылық түгілі, көзіқарақты оқырман қауымның өзі Марал Хасендей қаламгерді біле бермейді.

Марал аға екі тілде қатар қалам сілтейтін әрі өте шебер, көркем жазатын озық ойлы, қаламы жүйрік журналист еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары облыстық «Орталық Қазақстан» газетін жазушы Жайық Бектұровтың саяси қуғын-сүргін жылдары жайлы жазған естеліктерін, ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері мен эсселерін және публицист Марал Хасеннің саяси шолулары үшін оқушы едік.

Журналистикадан қол үзген соң, бірден аудармамен айналысуға ден қойды, әрі жаны сүйген бұл іске қитықсыз араласты. Өмірінің соңғы он жылында  көптеген шетел классиктерінің әлем жұртшылығы үздік деп таныған озық туындыларын қазақ тіліне бірінен соң бірін толассыз қотаруға кірісті.Бұл жылдары Мәкеңді дерт меңдесе де, тағдыр тауқыметіне бой ұсынбады, жанына батқан дертпен арпалысып жатып, әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне ағыл-тегіл аудара берді. Осы жылдар ішінде тек Нобель сыйлығының лауреаттарының өзінен 15 жазушыны қазақ тілінде сөйлетіпті. Атап айтқанда, Иван Буниннің «Зұлматты күндер»; Эрнест Хемингуэйдің «Килиманджаро қары»; Альбер Камюдің «Үнсіздік»; Габриэль Г.Маркестің «Бальтасардың өміріндегі ұмытылмас бір күн»; Ясунари Кавабатаның «Сәулеленген Ай»; Элиас Канеттидің «Конфуций өзінің «Сұхбаттарында»; Александр Солженицыннің «Матренаның албары»; Кэндзабуро Оэнің «Қарттықты қадірлеу апталығы», «Соғыстан соңғы ұрпақтың кескін-кейпі»; Генрих Белльдің «Ирланд күнделігі», «Мәліметке ілікпеген махаббат»; Нагиб Махпуздің «Кешіңді сенің жасаған Алла қайырлы еткей»; Видиадхар Сураджпрасад Найполдың «Араздастық», «Джордж және оның қызғылт сары үйі», «Әсте бейімділік», «Ч.Вордсворт», «Тит Хойт, баклавр»; Орхан Памуктың «Терезеден көз салу», «Әкемнің шабаданы»; Эйвинд Юнсонның «Жаңа жолдың үстінде», «Дегбірі кеткен сол күндер»; Пауло Коэльоның «Алхимик» атты шығармалары; Қаламгердің ең соңғы аударғаны былтыр ғана Нобель сыйлығын алған беларусь жазушысы Светлана Алексиевичтің шығармасы болатын.

Марал аға «Орыс тілін ана тіліндей, ана тілін орыс тіліндей, екі тілді өзі жаратқандай білетін» (ақын Қадыр Мырзалиевтің Ісләм Жарылғаповқа берген бағасы) аудармашы Ісләм Жарылғаповты ұстаз тұтып өтті. Өзі ұстаз тұтқан Ісләм Жарылғапов ағасы сияқты Марал аға да кедейшілікте ғұмыр кешті. Сөйтіп отырып, ол кітаптарын өз қаржысына шығаратын. Бір жолы барсам, мемлекеттік тапсырысқа іліктім деп қуанып отыр екен…

Ол ешкімнің алдына кішірейіп бармаушы еді, ешқашан атақ дәме етпейтін, жалынышты боп ешкімге сыр бермеуші еді. Тек өзіне сенді, қаламына ғана сүйенді. Жалғыздықты жолдас қылып, кісікиік ғұмыр кешті. Содан да болар, Қарағандының әдеби ортасы да Марал Хасенге келгенде еш «сыр бермеді». Соның айғағындай, облыстық баспасөз беттерінде Марал Хасеннің бірде-бір аудармасы жарық көрмеді. Тіпті алдыңғы жылы «Сарыарқа сериясымен» шыққан Қарағанды қаламгер­лерінің 100 томдығына Мәкеңнің бір шығармасы кіргізілмеген соң, не сұрайсың?! Биылғы журналистер күнінің қарсаңында облыс әкімінің «Нұр сұңқар» сыйлығы таратылады деп естіген едік. Сонда қаламгердің жұбайы Рымкеш апай «Осы сыйлықты Марал ағаларыңа қиса, ауру меңдеп, күн санап отырған қамкөңіл жан облыс журналис­тикасына 45 жыл сіңірген еңбегім текке кетпепті ғой деп бір жасап қалар еді, егер алда-жалда алып жатса, ақшасын ағаларыңның дәрісіне жаратар едім», – деп арман қылып еді.

Қайсыбірін айтайын… Қайран аға, қашан барсам 5000 кітаптың ішіне көміліп алып (Кітапханасында 5 мың­нан астам кітап болатын) жазу жазып, не шұқшиып бірдеңе оқып отырушы еді.  45 жыл бойы қолынан қаламы түспеген, өмірінің соңғы он жылында бойын меңдеген ауыр дертпен арпалыса жүріп, Нобель сыйлығының 15 лауреатын аударған жанкешті жазушы Марал Хасен өтті өмірден…  Жалған өмірдің базарынан жылап кетті. Біз де жылап отырмыз. Бақұл бол, аға!

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
әнші.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір