АТАЖҰРТҚА  БАЙЛАНУ
21.08.2016
1476
0

Image0001Жазушы, драматург  Ахметжан Ақсопыұлы Аширов – қазақ халқы мен ұйғыр халқының шынайы достығын көрсете білген көркем туындыларды өмірге әкелген ерекше дарын иесі, талантты драматургтардың бірі.
Қ.Қожамияров атындағы Республикалық  ұйғыр музыкалық комедия театрында драматургтың «Жалғыз Жалбыз» (Ялғуз Ялпуз) спектаклі жүріп жатыр.

Әлхисса, әңгіме былай… Бұл шығарма өзінің өміршеңдік құнын жоймайтын маңыз­ды тақырыпты көтерген еңбек. Адамзат баласына ортақ туған топырақ — Жер-Ана ту­ралы сыр толғайды. Атажұртқа тағдырын байлаған, кіндік қаны тамған ескі қонысына мықтап ше­геленген Қасқарау қарттың басынан ке­шір­ген шындығы сөз болады. Сонымен бірге, мәң­гілік тема саналатын махаббат жыры шы­ғарма өзегіне терең сіңіріліп, бас­ынан аяғына дейін тартылып отырады. Мейірім мен жауыз­дық, жұмсақтық пен дө­рекілік кейіп­керлердің мінезімен қайнасып бір­ге өрбиді. Қасқарау мен Сейіттің ара­сын­дағы достық екі кісінің арасындағы достық қа­на емес, екі ұлттың, екі халықтың арасын­дағы достық ретін­де тұлғаланып бой көте­ре­­ді. Осы аталған мә­селелер қойылым бары­сын­­да актерлердің ше­берлігі арқылы сом­­далып ашыла түседі. Қа­зақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, режис­сер Ялқұнжан Шамиев қиялы мен ав­тор­дың ой әлемінде тығыз сәйкестік бар еке­ніне көз жеткізесің. Суретші, дизайн, киім үл­гісі, дыбысталу, ұлт­тық ән-әуені жақтары да жан-жақты ой­лас­тырылған.

Оқиға Бартоғай су қоймасын салу жо­ба­сы­­ның айналасында басталады. Төменгі жақ­тағы аудан, ауылдарды сумен қамдау үшін, ондағы егіс алқаптарына диқаншылық, мал шаруа­шылығы жұмыстарына су жеткізу үшін тау­дың жоғары жағындағы қысаңнан көлемі ірі, алып су қоймасын салу керек. Со­нан соң то­ғандар тартып, елді мекендерді су­ландырып ас­тықтың өнімін арттырып, жердің шөлін қан­дыру кезекті күн тәртібіндегі маңызды мә­селе ретінде қолға алынады. Ол үшін тауды қо­парып, тасты жару керек. Қы­саңды толтыра цементпен құйып судың дең­­гейін көтеруге тура келеді. Ал ол аңғарда ежел­ден, ата-бабасынан бері қоныстанып ке­ле жатқан ауыл, бір қауым халық тұрады. Жер­дің иесі Қасқарау ақсақал бастаған қа­зақ­тар. Ол жерге төменгі ұйғыр ауылы Шарыннан Сейіт отбасымен көшіп келіп қоңсы болып қо­сыл­ған. Олардың да тұрып жатқанына біраз заман бо­лып қалған екен… Сол үшін де дәм-тұзы жара­сып, тумаса да туғандай болып кеткен жайы бар. Өздері көрші, өздері тамыр-таныс бо­лып, ас-табағы ауысып, бір үйдің адам­дарын­дай бірлігі бар жақындарға айналған еді. Міне, өстіп ұйып отырғанда жоғарының бұй­рығымен су ас­тын­да қалуға айналған ша­ғын ауылдың шыр­қы бұзылып, ұяларынан айрылу қаупі туын­дайды. Қысқасы, ауылды күштеп кө­шіреді. Жұрттың бәрін жан-жаққа қуғандай бо­лып жүгін арттырып, арқанын тарттырып ай­дайды. Бұйрық қатты, жан тәтті болған соң ел ауып қоныс аударады да, тек қана қа­са­рысқан қайсар қарт Қасқарау ғана тап­жылмайды. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұң­қырда» боламыз деген досы Сейіттің шаңы­рағы ғана көшіп кетпей қасында қа­ла­ды. Мінеки, жұртынан жылжымаған екі от­ба­сы арасындағы оқиғалар шығарманы ши­рата түседі.

Елді көшіруге жауапты болған Мура­дил әл­­денеше келіп, күш көрсетеді, қоқан-лоқы жа­сайды. Жоғарының бұйрығын айтып қор­қы­тады, үркітеді, дегеніне көндіргісі келеді. Осы­лайша Қасқарау ақсақал мен Мурадил ара­сында жанжал туындап, кісі өлімі бола жаз­дайды. Бәрі жабылып қол-аяғын байлап-ма­тап тастаған Мурадилден ендігәрі келмеу­ге аузынан уәде алып, ауылдан қуады. Қа­са­рыс­қан Қасқарау ақсақал қайткен күн­де де қоз­ғалмауға бел буады. Досын қимаған Сейіт­ те тырп етпей жатып алады.

Жоғарыдағы шым-шытырық оқиға­лар­мен қатар, Баратақын мен Бостангүлдің өмірі суырт­пақталып таратыла береді. Баратақын Бос­тангүлді еркінен тыс баса-көктеп алып қаш­қан. Күшпен көндіріп әйел еткен. Себебі, өзі содыр, өзі жуан жұдырық басбұзар Ба­ра­та­қын Бостангүлге ғашық. Ал Бостангүлдің оқыған, өзі мәдениетті жігіттің сұлтаны Жәм­шит деген сүйген адамы болған. Сөз бай­ла­сып, үйленуге анттасқан. Олар, әне-мі­не, бас құ­рау­ға жақындап қалғанда көлденең көк атты Баратақын қызды қапияда «тұт­қындап», тұяқ серпуге шамасын келтірмей, басын байлап көк­пардай тақымға басады. Екі ғашық еңіреп екі жаққа кетеді. Әне сол Бостангүл бейбақ Қасқарау атаның көршісі Сейіттің келіні. Сөйтіп жүргенде Су қой­ма­сының жұ­мы­сы бас­талып, көшкен елдің жұр­тына, құ­ры­лыстың басына прораб Жәм­шит келмесі бар ма?! Жәм­шит пен Бостангүл кез­десіп қа­лады, өткен-кет­кен айтылады… бала махаббат баян етіліп, шы­рын қиялдар жү­рек түкпірінен шым-шым­­дап көтеріле бе­реді. Оны Қасқарау қарт се­зе­ді, көреді… оқи­ғаға Сейіт араласады. Бұ­дан өзге Ба­рата­қын мен Надырдың (Бос­тан­гүлдің бауыры) ескі кегі бар, оны мүгедек ет­кен сол. Надырда құрылыс жұмысына бола Бар­тоғайдан бой көрсетеді. Оқиғалар шие­ленісе түседі. Бар­то­ғайдан көшу мәселесі, Жәм­шит пен Бос­тан­гүлдің қайта тұтанған ма­хаббаты, Бос­тан­гүл бағып алған кішкене қыз Баһаргүл­дің тағдыры бір-бірімен шым бай­ланып шы­ғарманың бұлты қоюлана б­ереді… Сәби Баһар­гүлді Бостангүл неге ба­ғып алған? Се­бебі, Надырдың атқан оғынан «жан жеріне» оқ дарыған Баратақын әке болу қа­білетінен айрылған мүгедек адам. Сон­дық­тан олар бала асырап алған. Сонда да ғашық бо­лып қолы жеткен әйелінен айрылғысы кел­меген Баратақын Бостангүлді мылтықпен қор­­қы­тып мықтап өзіне байлап алған. Қызға­ныш­­тан өлердей шерменде болып түкке жара­маса да Бостангүлге азаттық беру ойында жоқ. Күні қараң болып, күңіренген Бостангүл бол­са алғашында жол табылса жортып кету­ді ой­ласа да, кәрі ата-ененің жағдайын ойлап, жа­рымжан болып арбаға таңылған Ба­ра­тақынды жұртқа тастап кетуге ары жі­­бер­мейді. Аяушылық сезімі рахымсыз­дық­қа қа­дам бастырмайды. Бостангүл аты әйел, Ба­рата­қынның «қатыны» болса да, сол баяғы қыз күйінде Сейіт шалдың әулетінде жүре бе­реді. Күндер өтіп жатады… бір жолғы құры­лыс жұмысы кезіндегі тасты жарып, тауды құ­лату сәтінде Баратақын қопарылған үйінді ас­тында қалады. Тағдыр тәлкегіне тап болған Ба­ратақын өзі қандай оспадар, дөрекі, бұзық бол­ғаны үшін де ақыр соңында ғайыптан жа­за­ға ұшырап, ойламаған жерден өлім құшады. Осы­лайша шығармада ойыннан шығары­ла­ды.

Дәл осы тұста Қасқарау ақсақал іске ара­ла­сып, Бостангүлге бостандық беру мәселесін мық­тап қолға алады. Келіннен айрылғысы кел­меген Сейітті көндіріп, сүйген жігіті Жәм­шит­ке қосылуына кеңес береді. Бұл өзі ай­тар­ға оңай болғанымен оңайшылықпен орын­далмайды. Алғашында ақырындап ақыл­ға салған ақсақал, иілмеген Сейіттің қа­телерін кө­зін шұқып тұрып көрсетіп, баласы Барата­қын­ның неге бұлай болғанына әке­нің де жауап­кершілігі бар екенін дә­лел­дейді. «Мың жер­ден балаң болса да Баратақын жа­саған жа­мандықты енді сен жасама! Бос­тангүлдің ба­ғын байлама!» – деп бірден тоқ етер жерін ай­тып тоқтатады. Екі жастың бі­ріне келіп, тө­рінен көрі жақын қалғанда қыр­шын жас­тың тағдырына балта шаппа де­генге келтіріп, мойындатады. Осы тұста Қас­қарау мен Сейіт­тің қатты кететін тұстары бар, оны Қасқарау рө­ліндегі артист Фархатжан Даутов тамаша алып шығады. Ма­хам­бетті тағы да өзге қа­зақ­тың айтулы тұл­ғала­рын сомдаған талантты әртіс бұл рөлінде мүлт кетірмейді.

Бұл айтқандарым оқиғаның маңызды де­ген бөліктері. Мақала болған соң жіпке тіз­ген­дей баяндап шығу қажетсіз деп ойлаймын. Жо­ғарыда айтқанымдай, жалаң қыз, жігіт ара­сындағы махаббатты бейнелеуді көзде­мейді. «Көрші ақысы тәңір ақысы» деген ата­лы сөзді ұстанған қазақ-ұйғыр қатынастары арқау етіліп негізгі шынжырды осы мәселе жал­ғайды. Төсекте басы, төскейде малы қо­сыл­ған екі халықтың бірі мал бағып, құс сал­ған жауынгер қазақтың ұрпағы болса, енді бі­рі жер емшегін емген диқанның заузаты. Ди­қанға қара топырақ, сылдырлаған су керек. Шаруаға тусыған дала, жазиралы жай­лау, мың­ғырған мал, тұмса табиғат керек… Әуел бас­та жаратылған қалпындағы та­би­ғи да­ла­ның сол күйі сақталғанын армандаған Қас­қа­рау қарт жоғарының жоспарына көнгісі келмейді. Экологияның бұзылуын, мыңдаған жыл­дардан бергі келе жатқан күйінен өз­гер­туді қаламайды. Ұшқан құс, жүгірген аңның ауып кетуінен қорқады. Ата-бабасының тері мен қаны сіңген алтын мекенінің көлкіген су ас­тында қалуын жақ­тырмайды. Жақтырмау ға­на емес, үзілді-кесілді тіс тырнағына дейін қар­сы. Сон­дықтан да Мурадилді үйінен қуып шы­ғарды. Не мықтыларды жолатпай, буыр­қанып бет қаратпай тұр. Тірі тұрсам су қой­ма­сын салдырмаймын дейді. Қасқараудың бұл қи­қарлығын күтіп отырған жоғарғы жақ жоқ. Техникалар келіп гүрілдеп, дүрілдеп жер­ді астаң-кестең етіп қопарып жатыр. Тас­ты жарып құм-қиыршықты бұршақтай жау­ды­рып жеті балл жер сілкінгендей тау шай­қалып үйді дірілдетеді.

Байқасаңыз, жаңа дәуірдің, тосын заман­ның тегеуріні жақындап келеді. Көнсең де, көн­бесең де тарих тегершігі дөңгелеген доң­ға­лағын тоқтатар емес. Дауысы жақындап, құ­­лақ  түбіңде жаңғырады, ескі тамыңды шай­қал­тып құлатардай тақап келеді… Адам­ның де­гені бойынша алып адымдар таптап-жан­шып төбеңнен басып бара жатыр.

Оқиғаның соңы Сейіт пен Нұрниса (артист М.Дараев, артист Р.Саттарова) ақылға ке­ліп, Бостангүлге бостандық береді. Баһар­гүл­ді жетелеген Жәмшит пен Бостангүл жаңа өмір­ге, болашаққа жол алады. Баратақынның б­осағасына байланып еріксіз қосақталған Бостангүл араға он жыл салып сүйген жарына қосылады. Жәмшит те сабырмен күткен аяулысына қыздай жолығайын деп барады. Жас­тар үшін жан азаттығы таң болып атып, күн­дері шықты. Қарттар үшін ауылы күйреп, қо­­нысы тозуда… Бірі ұйғыр, бірі қазақ қос көр­­ші ендігі жерде көше ме? Жоқ әлде, көш­пей, су астында қала ма? Ол жағы белгісіз… Мынан­дай екпініне тірі пенде шыдай алмайтын қа­тал тіршіліктің өтінде қаншаға отырар дейсің! Қимай-қимай екі көзінен қанды жасы сор­ғалап ескі-құсқысын артып ауылдан ұзап таба­нын жалтыратар. Қаусаған қа­риялар қан­ша бұлқынса да биік таудан жөң­кіле құлаған тас­қынға қалай қарсы тұр­мақ?! Не ығысып асып-сасып қырға қашады, не қасарысқан күй­де толқынға қарық болып тау толқын­дар­дың астында суға тоғытылады. Заманның дауы­лы, дәуірдің соққан желі өз дегенін іс­тейді. Бір нәрсе анық, ол: сыртқы дүние қалай құбылса да, Қасқараудың қа­бағы қатулы, еркі мықты, ирадасы тас түйін. Неге болса да илік­пей тоң-теріс қалпымен қарсы қарап отыр. Бұл бекім — адам өлсе де, мүлде өлмейтін рух бо­лар?! Тәнің жеңілсе де, жаның жеңілмейтін жігер шығар?! Менше Қасқарау көшпейді!.. Ол өзінің байламы жолында Сейіттің отбасын да, өз кемпірін де құрбан етуден тайынбай­ды. Дәстүрді берік ұстанған. Сондай бір күн­нің туатынынан қамықпайды да! Түк бол­­мағандай табиғатқа жаны ашып, Бостан­гүл­дің ертеңінен алаңдап әр нәрсені өзді өз орнына қойып жүр. Өзі ту­­ған жері Бартоғайға мықтап байланған. Кін­­дігі кесілмеген сә­би­дей жабысып қалған жәйі бар. Қасиетті бабалар мекенін ешнәрсеге де айырбастағысы жоқ. Ол сондай асқақ рух, мұқалмас сенімімен су жұтып жан тапсырар. Бар­тоғай оның көз ж­­асы, таулар оның қабы­рына айналып мәң­гіге солай қалатын шығар! Себебі, Қасқарау атажұртқа байланған адам. Міне, осындай күрделі образ жасаған Ахметжан Ақсопыұлы Аширов мына нәрсені де ұмытпаған, ол болса, өмірде де, өлімде де бір­ге болатын, Қас­қа­раудың қасынан табы­ла­тын, табан аудармай тұра білетін Сейіттің образы. Демек, Қасқарау қа­зақ қайда болса, Сейіт ұйғыр сонда деген сөз! Мінеки, достық­тың түбі осындай теңіздей те­рең, таудан биік, көлден көлемді… Тамыры те­реңге бойлап қара жерден нәр алған. Бұл шы­ғарма осын­дай үлкен жүкті көтеріп тұр.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын,
«Илһам» сыйлығының,
түркі дүниесі халықаралық бірнеше
сыйлықтың иегері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір