ӘЛЕМДІК ӘДЕБИЕТ – ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТ
12.08.2016
2033
0

lori-0002542686-smallwwwИә, Әлібек, Алмас, Бағашар, үнсіз жатырмыз. Оқырман ретінде үн қату парызым шығар. Тіршіліктің бітпейтін күйбең тірлігінен жаздық демалысқа шығып, «уһ» дейтін шығармыз деген дәмеміз көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. «Есектің жүгі жеңіл болса, жатаған келедінің» кері келген-ау!

 

Қолыма қаламымды тағы алдым. Болмас дедім. Бұған қанша уақыт дайын­дал­ға­нымды айтпасам да болар. Жалпы, қанша жер­ден жаңа технология, ақпараттық ғасыр деп айдар тақсақ та, мен секілділерде ішкі дайын­дық болғанмен, сыртқы механизмді іске қосуға кібіртіктейді. Оған өзіндік се­беп­тер жоқ емес. Қаламы төселген жазушы, я журналист болмаған соң, ой түйткілдерін бір арнаға түсіріп жеткізу де оңай емес. Әйт­пе­се, әр нөмір келген сайын шолып шығу әдет. Көңілге хош келгенін қайта оқып, жауап жазған боламын. Алайда, сол жазған-сызғандарым компьютер парақшасында тұ­рақ­тап, «қалың ұйқыға» кетеді. Заманауи тех­никаны жетік меңгермегеннің зардабы. Бар күш-жігерімді сіздерге хат жолдауға бү­гін сәті түсті. «Оқылмадым ба?» демеңіз­дер. Оқимыз. Қажетімізді алып та жүрміз, бірақ үн қатуға сараңбыз. «Мама, газет­теріңіз келіпті!» – деген сөз – қуаныш.

2015-2016 жылдарғы газеттерді қаттап оты­рып, кейбіріне қайта көз жүгірттім. Сонымен, Әлібек Байболдың биылғы жарық көрген мақалалары «Әдебиетке оралу неме­се таразының екі басы»; «Оқу мен тоқу», «Кі­тап оқу кешірімге апаратын жол», «Ал­пы­сыншы жылдардағы әдебиет», «Ақпарат ғасырының ағаттығы», «Танылу мен табыну арасы» және жүргізген сұхбаттары үшін-ақ «Но­бель» сыйлығын тарс еткізіп бере салар едік. Публицист жазушы болса да украин­дық Светлана Алексиевич алды ғой. Әрине, ол соғыс, оның зардаптары турасында жазды.

«Екеудің әңгімесі», Алмас пен Бағашар: «Кө­кейдегіні оқитындай, жүректегіні се­зетіндей», «Астам сұрақтың жасқаншақтау жауа­бы» және Алмастың «Ауыл мен Алматы не­месе кішкентай мен үлкен», «Екінші тыныс ашылғанша» атты мақалалары мен «Екеуге хат» деген Өміржан Әбдіхалықұлы­ның мақаласы өте тұшымды һәм өткір жа­зыл­ған. Сауатты жазылған әрбір дүние адам­ға керемет әсер қалдырады емес пе. Рах­мет!

«Сынның да естісі бар, есері бар», «Ауру – ас­тан, дау – қарындастан» атты сынға тыңнан түрен салған Әмина Құрманғали­қызының мақалалары тыныштықты бұзған дауыл де­сем болар. Дей тұрсам да, шынымды айтайын, бірде риза, бірде қысылып отырып оқып шықтым. Қарындас ретіндегі даты қатты әрі ащы шығыпты. Шахановша айтсам: «Сол күн тыныш ұйықтады, Қанағаттан тағып гүл». «Рас па, өтірік пе?» деп, әдебиет ай­тысатын емес, сілкінетін болды-ау деп, кеу­демізге гүл тақтық. Әмина апайдағы бол­мыс, яғни қажыр-қайрат ер азаматтардан табылса, құба-құп болар еді.

«Өкінішті, өте өкінішті» мақаласы. Қа­жығали Мұхамбетқалиұлының Әминаға ха­ты. Дәлме-дәл, нақпа-нақ жауап. Қажы­ғали аға, нар екенсіз. Басылым бетінде алдаспандай жарқылдадыңыздар.

«Әлемде әуелеген әндер» айдарымен Илья Жақановты беріпсіздер. Өткенде Қа­зақ­стан арнасынан Мырзатай Жолдасбеков аға екеуінің сыр-сұхбатын берді. «Залымға би­лік берсең, ғалымын қаңғыртар, Ғалымға би­лік берсең, дүниені жаңғыртар», – дегені са­нада жатталып қалды.

Алтайы Оразбаеваның «Жүректегі сө­зін» оқу барысында «Қол жеткізген жетіс­тіктеріміз жетерлік-ау десек те» деген тұсқа баттитып «Қай жетістікті айтып отырсың, замандасым, жаңбыр жауса көлкіп, қайда қа­лай ағарын білмейтін, жер дүниені алатын, арық  лотогы жоқ Астананы ма?» дегім кел­ді.

Түсінемін. Алайда, тарих пен тарихшы ға­на жапа шегіп отыр ма? Айналаңа зер сал­шы. Әлібек, Алмас, Бағашарлар әлемдік дең­гейдегі шығарма жоқ  деп жүр ғой. Бәсе, неге жоқ? Алтайы, сіз айтқан кеп қой, жы­ла­сақ та, күлсек те…

Нұрлан Кенжеахметовтың «Өзіміздікін тез ұмытып, өзгелерге тез еліктейміз», Те­мір­ғали Есембековтың «Кезеңдік пікірлер за­манымен ғана қызықты» мақалалары да тар­тымды шыққан. Әлемдік әдебиет, ол – ұлттық әдебиет. Ол – Б.Майлин, М.Әуезов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Мұратбеков, т.б. Мен үшін де солай. Өзгенің іске татитынын алайық, тамсана бермей.

Соңғы сандардың біріндегі Алмагүл Мен­тбаеваға да назарым ауды. Жақсы ойларымен бөлісе келіп, ғылым-білім саласы бойын­ша «қателесуім мүмкін» деп, тізгін тар­тыпты. Ақылдысын.

Иә, ақылды жастар баршылық. Өз шә­кірт­терім кейде озық ойларымен аузымды аң­қитып қоятыны рас. Шетінен ақылды, ұл­тшыл. Жер мәселесі көтерілген тұста. «Апай, сізбен біргеміз», – деген сөздері қа­лай ғана қолқа-жүректі қозғамасын. Заң қа­заққа қызмет жасаса ғой, шіркін!

Сөз басындағы Әлібектің «Алпысыншы жыл­дардағы әдебиетінде» ме, жазушы Мағ­зом Сүндетов есімі қылаң берді, ол туралы сөз­ді кейінге қалдырыпты. «Болаттың сы­нығы» романының авторы емес пе, әлде мен қиыс кеттім бе? Алғаш көркем әдебиетке де­ген қызығушылығымды оятқан кітап бо­латын. Көзден кеткен соң, көңілден де шы­ға­рып алыппыз-ау. Алмас пен Бағашардың «Астам сұрақтың жасқаншақтау жауабына» айтарым: сөз бен істің арасының алшақ­тауын надандық пен жағынудан іздесек ке­рек. Ертай Ашықбаевтың «Өлең және өмір» кітабын қайта оқып шыққандағы көңіл-күйіңді айтыпсың, Бағашар. Расында ол кез сондай болатын. Сендерге тосаң кө­рінетін сол дәуірге мен ерекше ықылас­ты­мын. Отбасыма да, оқушыларға да жақсы жақтарын айтып отырамын. Айтпағанда ше… Қазақ әдебиетінің пішімі А-3 форматына көшетінін хабарлапсыздар. Сонда келіп-келіп дағдарыс, қаржы жетіспеушілігі қазақ­тың маңдайалды басылымына тірелді ме? Естір құлаққа ұят екен. Мемлекет қа­зақ­тың төл басылымдарының аясын тарылтып, қысқарта бергенше, үш тіл мен төрт тіл­ді тықпалағанша, қайта баспасөзді наси­хаттаса болмас па еді. Адамдар тым қара­байыр­ланып, ішкі МЕН-дері ғана алға оз­ған. Себебі, ғылым білім саласында ре­форма жасаудан, Кембридж оқу­ларын насихаттаған үкі­мет, өзгеге қол соз­ғыш үкіметтің күш-қай­­ратының түгесілгені ме? Бұл қыс­­қару – жабылумен тынбасын.

Өткен дәуір… Ол ғасыр идеологияның; бас­пасөздің дәуірі бола білді. КСРО қанша­ма қанқұйлы әрекеттерге барса, соншама жақсы жетістіктерге де жете алды. Әр үйдің шарбағына, пошта жәшігіне бума-бума газет, журналын тастап кететін. Оқымаймын дегенді оқымасқа қоймайтын. Содан да әрбір сыныпта 8, 9 оқушы кітапқұмар болып өсті. Кітап талқылағанда бірінен-бірі асып түсе­тін. Неге екенін қайдам, жоғары білім алу­ға талпынбады. Ең көп оқитын Сәуле, Қан­бибі, Күләштар тұрмыста қиын­шы­лық­тары жоқ болатын, орта біліммен шек­тел­ді. Кейде «Оралханша» ойланамын. Со­лар менің орнымда болса, нағыз кітап­құмар, ұлтшыл жастарды тәрбиелеп шыға­рар ма еді, кім білсін. Осыншама рухани құл­дырамас па едік… Ілініп-салынып жүр­ген­дердің бірі – әдіскер оқу бөлімінде, бірі – директор қызметтерін атқарып жүр. Мұн­­дайды парадокс дей ме? Аристофобия, мә­дени ақпараттық колонизация деген тер­мин­дерді сіздерден үйрендім-ау, олай болса «сақ­тансаң, сақтаймын» демекші, барынша абай болайықшы! Бесігімізді түзетуге, түті­німізді түзу шығаруға сіз-біз болып ниет­те­нейік. Көпшіліктің бетін кітап, газет-жур­нал оқуға бұрайық. Өзгенің тілін тықпалай берг­енше, қазақ тіліне, қазақ баспасөзіне оның насихатталуына күш біріктірсін, үкі­мет пен біз тамсана қарайтын ақын-жазушы аға­ларымыз.

Әдебиет – тәрбие құралы. Олай болған­да, менмұндалайтын жердің бәріне адам­гер­шілік қағидаларын, ұлт болып ұйысудың ама­лын, бірлік бар жерде тірліктің боларын ҮЛКЕН әріптермен ойып жазып қойсақ, шір­кін. Мұртымызды балта шаппас еді.

Әр жазылған сөз, әр жазылған сөйлем, әр жазылған жаңа дүниелерің, Әлібек, оқыр­мандарыңа жетуін жетіп жатыр. Өкі­ніш­тісі, самарқаумыз, қарнымыз тойса да, санамыз толмай тұр. Бір оқушым шығарма­сына былай нүкте қойған екен: «Жаса елім, желбіресін көгіңде көк байрағың, Дами бер­гін, өсе бергін, өз бетіңнен таймағын. Бо­ла­­шағың жарқын сенің, болашағың – біз­дерміз, Сен – сүт болсаң, менің елім, бізбіз се­нің – қаймағың», – деп. Әзірге сіздерге мұ­ра­ттас, мүдделес бола алатын аз топ «Қа­зақ әдебиеті» газетінің қаймағы сіздерсіздер деп үмітімізді үкілейміз. Мұқалмаңыздар! Тал­маңыздар! Хош сау болыңыздар!

Мәриям ТОЙТАНОВА.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір