ӨРІСІ КЕҢ ӨСКЕН АҚЫН
12.08.2016
1725
0

Бөрғазының Өскені«Ордабасы» баспасынан жақында жарық көрген «Көңіл кілті» атты таңдамалысы көз тартарлықтай сәнді де мәнді екен. Сөз ләмін кітаптың полиграфиялық мәдениетінен бастасам оның да өз себебі бар. Кітап редакторы һәм аталмыш баспаның иесі нарзан суындай мәшһүр ақынымыз Нармахан Бегалыұлы нағыз кітаптың мәдениетті үлгісі қандай боларын тағы бір танытыпты. Жасыратыны жоқ, мұндай үлгілі кітапты баяғыда Мәскеу мен Ленинградтан шыққан, онда да Александр Блок пен Анна Ахматова сынды аузымен құс тістеген дүлдүлдің таңдамалысынан көруші ек. «Шүкір» дедік, «бізге де кезек жетіпті-ау» дедік іштей сүйсінгесін. Көк кітаптың мұқабасы алтын қаріппен зерленіпті, сол зермен қазақы ою-өрнекке қос көгершін қоныпты. Бүгінде баспа да, баспахана да жетерлік. Алайда, «Ордабасы» баспасындай сауаттысын, авторына ілтипаттысын  кезіктіре бермейміз. 


Сәрсен-Бек САХАБАТ,
ақын, түркітанушы

 

Сыртын, сәнін, сұлулығын сұқ­тана тамашалап болсақ, ішіне, мән-мазмұнына ойысалық. Ақын қайда тұрмағы ләзім. Ауылда ма, қалада ма? Бұған Мұхтар Әуезов­шілеп: «Ақын қайда тұрып жатса, төр де сонда» дей салуға деміміз жетпей даурыға береміз. Ауылсыз күні жоқ елдің баласына не болған. Теріскейдегі көршіміз де тайлы-таяғымен «деревенская проза» деп ат қойып, айдар тағып шуласты, ағым қалыптастырды. Осылайша тым саяси, тым әлеуметшіл соц­реализмнің бетін кәдуілгі шын­дыққа бұрды емес пе. Айтыса-тар­ты­са жүріп. Ақырында, осы күн­­д­ері, көше әдебиетіне, мифке, Ба­тысқа жем болып кетті бәрі де.

Өскеннің өне бойы Далаға ма­хаб­бат. Ендеше, осыған ойы­са­лық:

Далаңның шығып алып қақ төсіне,

Арынды арғымақпен шап көсіле.

***

Жаныңды емдеп баба кітабымен,

Тәніңді емдеп дала жұпарымен

Жүрегіңді емдейін еркіндікпен,

Қайыстай үзілетін жұқарып ең.

***

Қымыз исі бұрқырап өн бойыңнан,

Аунап-қунап қайтсаңшы боз далаңда.

(4-6 беттер).

Дала ойлы образ. Мына бір қа­ра­пайым шумаққа зер са­лыңыз:

Будақтап тіп-тік шығады,

Шаруа үйінің түтіні.

Жарқырап жанып шырағы,

Көңірсіп ошақ күтулі.

(9-бет).

Әлбетте, үйреншікті, тіпті тап­таурын дерлік. Алайда, ақынжүрек бұл­­қынысы. Образбен сөйлеу ше­­берлігі. Өскеннің Далаға дал­бақ­­таған «өзімшіл» мінезі. Қара­пайым штрихпен, сөзбен салынған сурет. Қара­пайым – елге түсінікті болу, етене тіл­де сөйлесу. Ақын­дар­дан талап еті­летін шеберліктің басты шарты. Символға жүгінудің зәру­лігі жоқ. Даладан шаршап-шал­дығып жеткенде сені күткен отбасы, ошақ басынан ар­тық қай жұ­­мақ­ты қалар едіңіз? Адам­ның жан дүниесіне бойлау дегеніміз осы. Қарапайым пәлсапаңыз да.

Дір етпес менің жүрегім,

Ажалға адам тік қарар.

Ешкімнің жоғын білемін,

Құдайдан басқа құтқарар.

(10-бет).

Азаматтық сарынынан жазбай­тын Өскен ақынның ойы қан­дай. Көз тоқтатарлық «Көк­жиек» өлеңіне ықылас қоялық:

Көкжиекте көлбеңдеген көк сағым,

Таусылмайды келе жатқан соқпағым.

Көзім жеткен жермен ғана шектелмей,

Келмес менің аялдағым, тоқтағым.

Өмір танытқыш өлеңнің құ­ді­ре­ті – ортаға салар ойы осындай. Бір ақынның өлеңі тыңдағанға жақ­сы, екіншісі асықпай көкірек көзімен оқығанға жақсы. Өскен осы­ның соңғысына жатса керек. Өзі­ме көбірек ұнайтыны да осылар.

Әрілейік:

Осалдыққа ойсырайды от жаным.

Жәй қаріп қуалаған қыз­дыр­ма­ға ұқсамайтын шеберлік. Ойың­ды жеткере алмасаң жаның ойсы­ра­мағанда, енді қайтпек. Ой­лан­бай­тынға мұны айтып, сөз шығындап қайтеміз.

Бірге жүріп ғайып болған достарды,

Алыс жолға сапар шексем жоқтадым.

 

 Көкжиегім қалмаса екен тар болып

 Алыста алар асуларым бар болып

 Жетейінші желіп қара нар болып.

Өмір сүрмекке құлшыныс, құнт-құштарлық дегеніміз осы. Қарапайым, ет-сүйектен жаралған пенде тілегі. Қарабайырлықтан басы жоғары ақын тілегі. Түйі-ніне тоқтала кетейік:

Іләйім де көкжиегім кең болсын,

Жайлауыма жаныма ерген ел қонсын

Кемсітпесін көкжиегі кең қоңсым,

Дәрежем де, терезем де тең болсын!

Тамаша түйін. Әсері қара­пайым­­дылығында. Өмірдің өзін­дей. Талай өткелектен өткен, сү­рін­беген, жақсылықтан күдерін үз­бе­ген. Тәуір пенденің айтары. Жай­лауға жалғыз қонсам демейді. «Жа­ныма ерген ел қонсын» дей­ді.

Өскен ақын «Жүрегім менің жа­лаңаш» сөз тіркесін ауызға алып­ты. Оның авторлық тұғыры Да­ла мен жалаңаш жүрегі екен. Не­сі бар, иланымды-ақ! Дәстүрге адал. Айтулы қазақ Шәкен Айма­нов­тың «Актер жаны жалаңаш» де­ген қанатты сөзін жас кезімде қат­ты ұнатып, жадыма сақтап қал­ғам. Соны жиі қайталап келе­мін.

«Киелі топырақ» екінші бөлім­нің нәмі. Өзіне берік Өскен ғаде­тінше сөзін Далаға арнап бастаған. Та­ныс суреттер.

Қойшы ыстықтан қорықпай

жү­рер сыртта-ақ,

Талтүсте де жүреді қойын құрт­тап.

 Көлеңкеге үйренген бастықсымақ,

Киіз үйден шықпайды… шәйін ұрттап.

(50-бет).

 

Дала перзентінің көңіл күйі бай­сын. Мына бір дөп детальға ден қоя­лық:

Ай шомылар, Күн құлап,

Жүзіне мөлдір құмартып,

Көңілімде көмбе мың бұлақ,

Сауабын алар кім аршып?!

(51-бет).

Өскеннің олжасы – «көңілімде көмбе» сөз тіркесі.

«Өлең жазып қайтесің?» – дегеніңмен,

Ерінбей жыр жазумен келемін мен.

Дарыным бар ма, жоқ па,

Ертелі-кеш,

Ел таныр еншілеген өлеңімнен.

(69-бет).

Өскенді өрге сүйреген Өлең. Оны оқыған сайын азаматтық ажары ашық бір ақынның қолтаң-басына қаныға түсесіз. Осындай сәтті шумағының біріне кезек бе­ре­лік:

Әр ұрпаққа тарихтан тиесі бар,

Әр биікке лайық ие шығар.

Ақ батасын алайық ақсақалдың,

Бізде өмірде қолдайтын киесі бар!

Ақсақалдың ақ батасы. Қыр ба­ласы қазекемнің ұлттық құжа­ты.

«Қорқыт баба әруағына» ар­наған жүрекжарды жыры:

Көңіл кілтіҚорқыт баба!

Қобызыңды сарнатшы!

Жанымды арбар саздарыңа сал, бақсы.

 

Бабасы едің бүкіл Түркі, Тұранның

Мың жылдарға төтеп беріп тұра алдың.

 

Қобыз болып Тәңірің тіл қатпас па…

Қорқыт ұстаған қобызға үйір­міз дегенді қазақтан басқа кім ай­та алады. Қалған түркі тілін жұ­тып қойғандай жым-жырт.

«Көңіл күйі» таңдамалысының ан­нотациясында бұл атауға «кі­сілік мейірім» деген тамаша мінез­демелік  анықтама беріліпті. «Атына за­ты сай» деген иек нұс­­қа­­­ма­сындай. Қал­тқысыз сендік. Кісілік мейі­рім­­нің кілтін тапқан, өлеңдегі өрі­­сін жазбай таныған ақын Бөр­ға­зының Өскеніне құрметіміз арта түс­ті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір