ЕРЕУІЛТӨБЕ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН
05.08.2016
2040
0

Қарқара 100 жыл (0)7Шалғыны мен қызыл, сары, көгілжім гүлдері самалмен тербелген, мамыражай Қарқара жайлауы бүгінде жайқалып тұр. Бір кездері Қарқара жәрмеңке­сімен сән-салтанаты асқан, кейінгіде Қарқара көтерілісімен айбаты артқан, соңыра Қарқара қасіретімен күллі қазақтың көз жасы мен қанын қойнауына сіңірген бұл өңірдің қазаққа айтар сыры мен мұңы зіл-батпан. 1916 жылы дәл осы жайлауда жазалаушы отрядтың жендеттері мыңнан аса қазақты атып, асып, шауып, өртеп өлтіргендерін мақтанышпен айтып «жоғарыға» рапорт беріп жатқан еді. Осы күні қойнауын гүл көмкерген өңір ғасыр бұрын зар мен налаға, қан мен жасқа шыланған болатын. Бүгінде «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» екенін дәлелдеп, тәуелсіз елдің өткенге деген құрметін білдіруге жиналған үлкен астың қонақтарын жүзге тарта аңшаңқан үйлері айнала тізілген қалпында баба ерлігіне тәу етуге жиналған халықты күтіп алды…

1916 жылғы Ұлт-азаттық  көтерілістің 100 жылдық мерейтойы Алматы облысы әкімдігінің тікелей  қолдауымен кең көлемде аталып өтті. Алматы облысы, Райымбек ауданының орталығы – Кеген ауылында «Тарихқа тағзым» мемориалды кешені ашылып, онда алғаш сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев осы шараға орай жиналған елді мерейлі мерекесімен құттықтап, облыс басшысы Амандық Баталовтың ыстық ықыласын жеткізіп:

– Елдік, отансүйгіштік сезімдер ең алдымен туған жеріңді сүюден, туған топырағыңа тағзым етуден, құрметтеу­ден, өскелең ұрпаққа рухани қолдау көрсетуден бастау алады. Осы ретте «Туған жерге тағзым» атты акцияның шеңберінде жетісулық нағыз патриот жандардың демеушілігімен аймағымыз­да көптеген әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілді, тұрмысы төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді. Сол игі істердің жал­ға­сы болған «Қарқара- Ереуіл» қорының бастамасымен салынған бұл тарихи ескерткіш тәуелсіздікті аңсаған бабаларымыздың рухына құрмет деп білемін. «Қолы ашықтың – жолы ашық», – дейді дана халқымыз. Жанболат Әкебай­ұлы бастаған азаматтар Жетісудың ғана емес, бүкіл қазақтың қамқоршылары. Сіздердің бұл баста­маларыңыз жастарға үлгі-өнеге. Осыдан 100 жыл бұрын болған Ереуілтөбедегі оқиғаны ұмытпай, тәуел­сіздігіміздің тұғырлы болуын паш ететін бұл ескерт­кіш баршамыз тәу ететін киелі орынға айналады деп сенемін, – деді.

Ескерткіштің авторлары – белгілі сәулетші, КСРО Архитекторлар, ҚР Сәу­летшілер одағының мүшесі, архитектура кандидаты Жамбыл Кекілов пен мүсінші Бекен Қасетов. Ескерткіште доға тәріздес керегеде тақырыптық бес барельеф тақта орналасқан. Бұл тақ­таларда қазақ халқының бұрынғы мамыражай заманы, патшаның бұйрығы бойынша әскерге, жұмысқа адам алуына қарсы наразылық, патша жен­деттерінің салған ойраны, 1986 жылғы оқиға және тәуелсіздік аясындағы өмір бейнеленген. Ескерткіш стелласының биіктігі – 17 метр, барельеф тақтаның ұзындығы – 32 метр, биіктігі – 4,5 метр.

Ескерткіштің ашылу салтанатында КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов орамды ойын ортаға салды. Театр өнері­нің тарланы, сол аймақтың төл перзенті Есмұқан Обаев та тас тұғырдың сәндік үшін тұрғызылмағанын жеткізді. «Қарқара-Ереуіл» қорының басшысы Жанболат Жөргембаев та атқарылған жұмыс жайлы ақтарыла сөз сөйледі. Сонымен бірге, жиналған дүйім жұртқа ауданның Құрметті азаматы Совет Оразаев ақсақал бата беріп, еңбек ардагеріне лайықты құрмет көрсетіліп, иығына шапан жапты. Бұдан соң алыс-жақыннан жиналған жұрт Қарқара жайлауын бетке алып, Ереуілтөбеге құран бағыштауға аттанды.

Ереуілтөбенің басына орнатылған балбалтастың жанында Райымбек ауда­нының имамы Құран аяттарын оқып, бабалар рухына арнап дұға жасады. Сонымен бірге, жиналған жұрт дәл ескерт­кіштің қасы­нан ашылған дала төріндегі мұражайға кіріп, тарихи жәдігерлерді тамашалады. Осы арада сөз алған әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеу­бек­ұлы Ереуілтө­бе­нің тарихына арнайы тоқта­лды. Ерлан Жүніс, Жұматай Әміреев, Думан Бәзілжанұлы сынды ақындар өлең оқып, көпшілік көңілін отты жырмен серпілтті.

Бұдан кейінгі үлкен ас, үлкен той Қарқара жайлауында жалғасты. Жағалай тігілген киіз үйлердің дәл ортасындағы сахнада мерекенің салтанатты бөлігі басталды. Көпшілік Алтынбек Қоразбаев секілді өнер қай­рат­керінің, Бауыржан Бабажанұлы сын­ды ақынның, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжанның, «Қарқара-Ереуіл» қорының басшысы Жанболат Жөргем­баев сияқты ел азаматының  жүрекжарды сөзін ұйып тыңдады. Көпшілік Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония әртістерінің және де шараға арнайы барған өнер иелерінің концертін тамашалап, мерекелік көңіл-күймен қауышты.

Осы мерекеге орай Алматы облысы әкімінің өкімімен Кеген Мәдениет үйі мен Ереуіл ауылындағы мектеп ғимара­тына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, атшабар алаңына спорттық мұнара орнатылған екен. Сондай-ақ, Ереуіл ауылының ауызсу жүйесі, Ереуілтөбе ескерткіші, ауылдың орталық көшелері жөндеуден өткізіліпті. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар Қарасаз ауылында өткен облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауымен бас-талып, Талдықорғанда қылқалам ше­бер­лерінің байқау-көрмесі, респу­бли­калық жыршылар байқауы да өткен. Ал алдағы қыркүйек айында Алматы қала­сында өтетін ғылыми-практикалық конференция Қарқара көтерілісін ғылыми тұрғыдан пайымдауға мүмкін­дік бермек.

Ас пен тойдың сәні– бәйге мен көкпар. Қарқара өзенінің аңғарындағы кең жазыққа орналасқан атшабарға жиналған көпшілік алдымен теңге ілу,  қыз қуу, көкпар секілді тартыстарды көрді. Одан соң қалың жұрт «Құнан бәйгені» (Бәйгеде Ала­көл ау­даны, Үш-арал қаласының жүйрігіне мінген шабандоз Диас Жұмаш «Лада гранта» автокөлігін иеленді); Жорға бәйгені («Лада гранта» автокөлігін Қырғыз елінен келген Таңатбек Мейрамқұлұлы қанжығасына байлады); 16 шақырымдық «Топ бәйгені» (1 орынды Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген Ақжол Жұматай жеңіл автокөлік иелен­ді); 25 шақырымдық кіші аламанды (Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны Ақпар Өсербаев  «Уаз Патриот»  көлігін ен­шіле­ді); 43 шақырымдық  ұлы аламанды (Шабандоз Диас Жұмаш жол талғамайтын «Уаз Патриот» автокөлігін иеленді) тамашалады.

Бұл  бәйгеге қатысып, 2, 3, 4, 5 орын ал­ған өзге жүйріктер де бағалы сыйлық­тар­мен, қомақты қаржымен марапатталды.

Шілде айының соңында Қарқара жайлауын дүбірлеткен ұлан-асыр тойда Алматы облысының әр ауданы, Райымбек ауданының әр ауылы мен мекемелері жеке киіз үй тігіп, үлкен асқа қолдау біл­діріпті. Әрбір шаңырақта құран оқылып, азаттық жолында бақилық болған жандардың рухына құран бағыш­тал­ды, алыс-жақыннан келген қонақ­тарға арнап ас берілді…

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір