ҚАРА ЖҰМЫСҚА БАРҒАНДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ ӘЛІ ЗЕРТТЕЛМЕДІ
05.08.2016
2615
1

Berik_Abdigali1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тарихының ашылмаған деректері көп. Ел болып патша жарлығына қарсы шыққан сол жылдардың 100 жылдық мерейтойында атқарылар басты іс – тарих қатпарында қалып қойған заманның бары мен жоғын түгендеу ғой. «Июнь жарлығымен» қара жұмысқа алынған қазақтардың майдан даласындағы және кейінгі тағдыры жайлы зерттеулермен айналысып жүрген ғалым Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫМЕН сұхбатымыз осы төңіректе өрбіді…

– 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің ұл­тымызға берген басты сабағы қандай? Егер пат­ша жарлығын мүлтіксіз орындағанда қайтер едік?

– 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске қа­тысып, патша жарлығына қарсы шыққан халық жасағының ерлігін бәрі­міз құрмет тұтамыз. Ел арасынан шыққан батырлар бес қаруы сай патша әскеріне қарсы шы­ғып, ұлттың қайсар мінезін, өрлігін көр­сет­ті. Бұл – азаттық жолын­дағы орны бө­лек, ірі оқиға. Шынымен де, Кенесары қозғалы­сынан кейін, белгілі бір топтардың ғана емес, тұтас халықтың отарлаушы билікке қарсы шығуы, би­ліктің халықпен санасуын талап етуі – ұлт қайсарлығының ең ірі көрсеткіші еді. Әрине, Ұлт-азаттық көтеріліске дейін де патша билігіне деген жеке-дара қарсы­лықтар байқалатын. Бірақ бұл нара­зылықтардың ешқайсысы да жал­пы­ұлт­­тық сипат ала қоймады. «Июнь жар­лығы» – ұлтқа қауіп төнгенде халық­тың ұйыса алатынын, бірігіп бас көтере ала­тынын дәлелдеп берген ірі оқиға болды.

Енді екінші мәселе – сол кездегі зиялы қауымның көпшілігі бұл көтерілісті бірден қол­даған жоқ. Алаш арыстары – Әлихан Бө­кейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Бай­тұрсыновтар, керісін­ше, «Майданға ба­райық, тіпті, қара жұмысқа емес, қо­лы­мыз­ға қару алып, әскерге барып, орыстардан әскер өнерін үйренейік» деген пікірді айтты. Сол кездегі зиялы қауым неге бұл қадамға барды? Шын мә­нінде қазақ халқы­ның Ресейдің патша­­лық билігіне қарсы шығуға күш-қауқары, қару-жарағы, дайын әскері жоқ екенін олар білді. Әрине, бір жақтың пікірі дұрыс, екіншісінікі бұрыс болды деп эмоцияға беріліп, пікір айтуға, ол кездегі оқиғаға төрелік жасауға біздің ешқандай құқымыз жоқ. Бір анығы, «Қара жұмысқа бала бермейміз» деген тарап та, «соғыс өнерін үйреніп келейік» де­ген жақ та, түптің түбінде қазақтың қа­мын ойлаған еді.

Мысалы, Алаш зиялылары «Қара жұмысқа кеткендермен бір­ге еріп баратынын айтып» қана қоймай, ар­найы комитет құрып, майдан дала­сын­дағы қазақтардың жай-жапсарын анықтап, түгендеумен болды.

– Бұратана саналған халық қарсы­лы­ғына басқыншы халықтың қатты шамданып, қырып салуға дейін барған астам­шы­лы­ғын қалай түсінуге болады?

– Он алтыншы жылдың, патша жар­лы­­ғына қарсылықтың бір ерекшелігі – қа­зақ­тар ес жинап, жер жайын, ел жайын ой­лай бастады. Егер сол қалпымен қала бер­се, ұлттың арғы тағдырының не боларын жеке адамдар ғана емес, халық болып алаңдады. Жетісу өңіріндегі халық­тың қатты қарсылық көрсеткені де дәл сол ай­мақ­тағы жер патша шенеу­ніктерінің қо­лына көптеп өтіп жатқан­дықтан еді. Оған қо­са, ел арасындағы әділетсіздіктер, пат­шаға қарсы жеке көтерілгендердің аяусыз жазаланған тарихы жаңғырып, байырғы ескі жараның да аузы ашылды.

Патшалы Ресей үкіметінің үлкен қа­те­лігі – өкпе-реніші үдеп тұрған елге түсін­діру жұмыстарын жасамады, бұрынғы­сын­ша өктемдік көрсете береміз деп ойлады. Тү­сіндіру жұмыстары жүр­гізілмегенін кейін бәрі, тіпті орыстардың өзі мойындады. Түркістан аймағына тексеруге келген үкімет басшылары «түсін­діру жұмыстары мүл­дем жүргізіл­мегенін» айтты.

Тағы бір мәселе – қара жұмысқа алын­­ған қазақтың бәрі тұтасымен майдан дала­сына кетпепті. Соғысқа кеткен орыс мұ­жық­тарының орнына ресейлік зауыттарда, ауылшаруашылық салаларында еңбек еткендері де бар екен. Тіпті, мұжық­тарсыз қалған, ауыр жұмыс ат­қаратын еңбек күшінен айрылған Донбасс, Мәскеу, Қазан вокзалдарда «жүк тасушы» болып жұмыс істегендердің де бірлі-жарым дерегін тап­тық. Яғни қара жұ­мысқа алынған қазақ, өзбек, қыр­ғыз­дарды соғыс комитетінің тапсырысын орындайтын мекемелерге бөліп-бөліп берген.

Нақты дерек – Батыс майданындағы қа­ра жұмыста он үш жарым мың қазақ бол­ды. Бұл деректер Әлихан Бөкейхан өзі бастап барған тексеру комитетінің есебінде бар. Қалғаны Оңтүстік-Батыс, Солтүстік майданына жіберіліпті.

Негізі қара жұмысқа нақты қанша адам кеткені белгісіз. Екі жыл болды, Мәскеу, Минск, Киев архивтерінен қара жұмысқа алын­ған қазақтардың дерегін іздестіріп жүрмін. Орташа есеппен қара жұмысқа 100 мыңдай қазақ шақырылған. Майдан даласының қара жұмысына шамамен 20-30мың қазақ кеткен. Қалған­дары зауыттарда еңбектеніпті, каналдар қазыпты.

Майданның қара жұмысына алынған қазақтар белгілі бір тәртіпке, нақтырақ айтсақ, Шыңғыс хан құрған әскери тәртіп негізінде топбасы, жүзбасы, мыңбасыларға бағынған. Мыңбасылыққа ел арасында белгілі, сауатты адамдарды тағайындаған. Мысалы, мыңбасы болған Төлебаев деген кісі кейін Алаш әскерінің сапында болды. Әр дружинада бір молда болып, жұмыс­шылар жұма намазына барып тұрған. Қа­зақ, өзбектер қатерлі бүлік бастап кет­песін деп,тамақтану мәселе­сінде де жағдайларын жасауға тырысыпты. Мәселен, әр топтың сол ұлттан тағайындалған жеке аспазы бол­ған. Жұмысшылар қара нан жемейді, ақ нан жейді, шошқаның етін адал ас санамайды деген талап-тілектеріне дейін ес­керген екен. Тіпті, қандай кітап оқиды де­­ген мәселе де болған сияқты. Архив дерек­терін қарап отырып, «Қазақ жұмыс­шылары арасында «Қазақ» газетіне сұраныс бар» деген ақпаратты кездестірдім. Қара жұмысқа шақы­рыл­ған­дардың денсаулығы да арнайы тек­серісте бол­ған. Одан өзге, майдан даласында ең­бек етіп жүрген қазақтарды Алашорда инс­­пекциясы арнайы тексеріп отырған. Патша үкіметі шенеуніктерінің қара жұмысқа алынған қазақтардың көңі­ліне қа­рауының себебі – артында қаралы елі, сұрау салатын жұрты барын ұлт-азаттық көтеріліс пен Алаш инспек­циясының жұ­мысынан соң түсінген болатын.

Тағы бір айта кететін мәселе – майданда қару  алып соғысқан Азия халықтары да болған. Мәселен, 400 адамнан құрылған түр­кіменполкі. Қазақтар арасынан да әс­керге баруға арыз жазғандар болған. «Бұ­ратана халықтың арасында мылтықты жақ­сы қолдана білетіндер өз еркімен со­ғысамын десе, әскерге алынсын», – деген Пат­ша жарлығы шықты да, түркімен пол­кінде «Қырғыз взводы» пайда болды. Взводтағы отызшақты әскердің жиырмасы қазақ деуге толық негіз бар. Түркімен пол­кін басқарған атақты генерал Корнилов ақ пен қызылға бөлініп жатқан орыс­қа сенбей, жеке қорғаушысы қылып түркі­мен­дерді таңдап алған. Оның төрт жеке қор­ғаушысының үшеуі түркімен, біреуі қыр­ғыз деп жазылған. Ол кезде қазақтар­дың қырғыз деп жазылатынын еске алып, оны қазақ деп айтуымызға толық негіз бар.

– Ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандар арасынан және кейін жазалаушы отрядтың қолынан қанша қазақ қырылды?

– Өзбекстандағы Жызақ көтерілісінде бір­неше мыңдаған орыстар қырылды. Қырғыздардың қолынан екі жарым мың орыс өлді деген дерек бар. Бұл дерек патша өкі­метіне жаға қойған жоқ. Сондықтан бо­лар, жазалаушы отряд негізінен қырғыз­дарды қынадай қырды. Әрине, қазақтың да жоғалтқаны көп. Әсіресе, Жетісу өңі­ріндегі көтеріліс ошақтары асқан қаты­гез­дікпен басып-жаншылды. Ал қанша қа­зақ осы көтерілісте қырылды – әлі нақ­ты дерек жоқ.

Ұлттың басын ұйыстырған көтері­ліс­шілердің рухына арнап ескерткіш тұр­ғызып, сол қырғында қаза тапқан, патшалы Ресей әскерінің аяусыздығынан көз жұм­ғандардың атын атап, түсін түстеп тас­қа қашап жазғанымыз жөн.

– Қара жұмысқа кетіп, ол жақтан орал­мағандар жайлы не білеміз? Кері орал­ған­дардың кейінгі бастан өткерген тарихы жай­лы не айта аламыз?

Иә, түрлі аурудан майдан даласында қаза тапқандар болған. Кейбірі ауруханаға жатып, қара жұмысқа жарамай қалған соң, елге кері қайтыпты. Жалпы, қара жұмысқа қанша қазақ барды, қаншасы кері оралды – толық тізімін жасай алмай жүрміз. Әрбір облыс, уезд бойынша тізім бар, енді кімнің қайда кеткенін анықтауға кірістік. Жүз жыл­дық мерейтойға үлгереміз бе деп едік, қар­жы жағы қолбайлау болып, жұмысымыз тоқтап тұр. Ендігі жылы кімнің қайда кет­кені, нендей жұмыс атқарғаны, молдасы кім, аспазы, топбасы, жүзбасы, мыңбасы кімдер болғаны толық анықтап, арнайы кітап қылып шығармақшымыз.

Біз бір нәрсені мойындауымыз керек. 1916 жылы қара жұмысқа барғандар пат­ша­ны жақтағандар, Алаш әскерін қол­да­ғандар болып есептелді де, КСРО тұ­сында олар туралы көп мәселе қозғалмады. Осылайша олардың дерегі жадымыздан өшіп кет­ті. Он алтыншы жыл туралы айтқанда – қара жұмысқа барғандардың тағдыры әлі зерттелмей жатқанын мойындауға тиіс­піз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІРЛЕР1
Жақсылық 07.11.2016 | 18:42

«Ұлы Отан соғысы» деп аталған соғыста да қара жұмысқа барғандар бар. Олардың тағдыры да зерттелген емес. Зерттелмек түгіл айтылған емес. Мысалы, 1895 жылы туған менің атам Кемеровке шахтаға салынған. Оншақты адам барып, соның 2-3 қайтыс болған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір