АЙТЫСТЫҢ АЛДАСПАНЫ
05.08.2016
2540
0

8743-6-b_r_l_baira_k_tergen_ruЕларалық айтыстың ақжолтай бастаушысы болған Алатаудың ақиық ақыны Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Айтыстың алдаспаны» атты шалқыма-толғаудан шағын үзінді ұсынуды жөн көрдік. Аталмыш дүние кезінде ішкі істер қызметінде болған, шекара шебінде қолына қару ұстап, Отан күзетінде тұрған, полковник шеніндегі Хамза Екейбаев Тілеубайұлы атынан шертіледі. Қару мен домбыраны қатар ұстаған Хамза есімді талант иесі бұрын-соңғы ақын-жыраулардың шығармаларын судай сапырып жатқа айтатын қазына кеуде шежіре-көкірек ақеділ кісі-тұғын. Ол, әсіресе, Сүйінбай мен Қатағанның ұзақ-сонар айтысын қос ақынның өзіндік мақамдарымен майын тамызып орындайтынымен ел назарын ерекше аударды. Еларалық еңселі айтысты телеарнаға, радиотолқынға шығарып, жаздырды. Жамбыл Жабаев, Өмірзақ Қарғабаев, Әбдіғали Сариев, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Өтеп Оңғарбайұлы, Жартыбай Қырықбаев, Әсімхан Қосбасаров сияқты және басқа да халық ақындарының арқасында кейінгілерге жеткен Сүйінбай−Қатаған айтысы өте-мөте Хамза Екейбаевтың әңгімелей отырып, сом саусақтарымен қос ішекті солқылдатып шертуімен жұрттың жүрегіне хұсни хаттай жазылып қалғанын қадап айтуға тұрады. Термеші-жыршы атынан құлаққа құйылатын монолог-шалқыма ұлы Мұхтар Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегі» атаған Сүйінбай сүлей сарынымен сабақтас жыр жосыны бағзы жыраулар әлеміне құлаш ұрған күй кештіретіндей. Өрттей жанатын өнер иесін көзбе-көз көріп, қырғыз бен қазақ айтысын қалай қызынып айтатынын өз құлағымен сан мәрте естіген автор жыршы-термеші атынан монолог түрінде қағазға түсіруді жөн көріпті. Ақжарма сөз сарқырамасы аламан айтыс ақиығының айқастағы ақ бура бейнесін көз алдыға көлденең тартады…

Орысбай

 

 

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ

 

 

 

Сүйінбай сынды серімін,

Нұрғиса сынды перімін.

Қыздырған айтыс көрігін,

Жамбылдай жырдың ерімін.

Махамбет тектес бөрімін,

Исаның құйын желімін.

Алатау асқар өрімін,

Нұрсұлтан туған елімін!

 

Абыз болып толғадым,

Дауылпаз жырды жалғадым.

Сұңқардай шыңға самғадым,

Үкілі домбыра таңдадым,

Демеуші болды жан-жағым,

Қызығын көрдім олжаның,

Ақтадым елдің қолдауын,

Екпінім дауыл – домбауыл!

 

Тербедім терме не түрлі,

Халықтың мұңы секілді,

Өнерім өрлеп жетілді,

Қара тер басты бетімді,

Қабырғам бөздей сөтілді,

Мансұқтап риза етуді,

Маржан сөз төктім өтімді,

Лаулатып іште отымды!

 

Шортанбай болдым шамырқап,

Шернияз болдым дабыл сап,

Тыңдады барша таңырқап,

Жыраулық жолдан жаңылсақ,

Кешпейді соңғы сан ұрпақ,

Аламан заман ауыр шақ,

Бабалар сөзін сағынсақ,

Қасынан ұлттың табылсақ!

 

Бұқардай бұрқап, бусандым,

Иісіне мас боп жусанның:

«Алтын үйге кірсе де,

Ай нұрын ұстап мінсе де,

Өмірге тоймас адамзат» –

Деп жайқалар жыр шалғын,

Жаттап майдай жұмсардым!

 

«Қорқау көзі – қомағай –

Құйын тегі – толағай,

Құйындай соққан дүниенің,

О, дариға, шолағы-ай!

Заман әлі өзгерер,

Өзгергенін көз көрер» –

Деген Майқы би деген,

Ақылмен елді билеген!

 

Атылған сөзі сақпандай,

Көңіл кілтін тапқандай,

Асанқайғы айтқан жай:

«Қолда жүрген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсін,

Қырда жүрген дуадақ,

Су қадірін не білсін!».

 

«Бәйбіше – тантық, бай-сараң,

Бозбаласы – бошалаң.

Қырсыға туды қыз балаң,

Құсы күйшіл, ат – шабан»

Екендігін жар салған,

Ел болуды аңсаған,

Дулат зарлап шаршаған!

 

«Бақ қонады ұл таңдап,

Қонақ қонар үй таңдап.

Болымы жоқ бозбала,

Бейнеттен қашар бұлтаңдап» –

Деген Майлықожа еді,

Өлең толған өзегі,

Бұрынғының көзі еді,

Шын жүйріктің өзі еді!

 

Абай дана зор үнді,

Жеке-дара көрінді:

«Тағы сене бастаймын,

Күнде алдағыш қуларға,

Есім шығып қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма?!» –

Дегенді айтып жерінді,

Түзеймін деп елімді!

 

«Ел үшін туған ерлердің,

Алды-арты дария кең болар,

Бірлігі кетсе ағайын,

Әркімдерге жем болар!»

Деген сөзін Жамбылдың,

Шырқап жұртты таң қылдым!

 

Термені төктім күн-түні,

Ұмытып тәтті ұйқыны…

«Өздерің білер Нартаймын,

Нар да болсам қартайдым.

Арнасы бар да өзі жоқ,

Баяғы боран айқайдың» –

Дегендей үннің күркірі,

Көзіме жас та іркіді!

 

«Ырысты болар балаңды,

Мал баққаннан танисың.

Кедей болар балаңды,

Көп жатқаннан танисың» –

Деп жырлаған Кенекең,

Мол қазына кен екен,

Ұлан-байтақ берекем!

 

Бағым жыршы болғаным,

Сан ғасырдан толғадым.

Ілиястан көп алғаным,

Сара сынды талғамым,

Құлманбет дара ардағым,

Сыпыра қамтыр бар жағын.

Бақтыбайдың да аруағын,

Көтеріп көкке парладым!

 

Қандырып құлақ құрышын,

Жыр айту менің ырысым,

Ашылып демім-тынысым,

Жазылар дене құрысым,

Жазғырмас ешкім бұл үшін,

(Өлеңсіз өмір құрысын!),

Түсінер жұртым мұны шын,

Жыраулық сүйген жұмысым!

 

Сел-сел боп, ойхой, терледім,

Эпостар болды ермегім,

Құлашты кеңге сермедім,

Қысыр сөзге ермедім,

Өсек-аяң термедім,

Зәр-суға тізгін бермедім,

Ардан аттап көрмедім,

Өлеңім – өмір өрнегім!

 

Жырладым таңды таңға ұрып,

Алқалы топты таң қылып,

Аламан айтыс жаңғырып,

Қырғыз бен қазақ сән құрып,

Елестеп ерсі сан қылық,

Намыстың отын жандырып,

Құлақтың құрышын қандырып,

Мұрағат төктім мәңгілік!

 

ОЛ – СҮЙІНБАЙ МҰРАСЫ,

ТЕҢДЕССІЗ АЙТЫС РАСЫ!

 

Қия жартас қынасы,

Шой балтаның сынасы,

Кең сермеген құлашы,

Ауызында мол дуасы,

Улы тілдің уасы,

КӨНЕ ТАРИХ КУӘСІ!

 

Қазақ-қырғыз арасы –

Өлең – өнер таласы,

Егіз елдің баласы,

Екі қолдың саласы,

Нағыз айтыс данасы,

Ұқсас сайын даласы,

Ырлап өскен санасы,

Көш басында Манасы!

 

Айтыс деген майданда,

Сүйекең торын жайғанда,

Тіл-найзамен сайғанда,

Сөз төбені ойғанда,

Нақ тірідей сойғанда,

Тырп еткізбей қойғанда,

Қатаған батып қайранға,

Тіл-ауызы байланған!

 

«Кезең жерді күзеткен,

Найзаның ұшын безеткен,

Мен Қарасай ұлымын,

Айтулы елдің бірімін!» –

Деп шүйілген Сүйінбай,

Жел суырған құйындай,

Қазақтың жасыл Туындай,

Жеті өзеннің суындай!

 

«Менің атым Қатаған,

Бес жүз жылқы матаған,

Қазақ-қырғыз таңырқап,

Қатаған шайыр атаған» –

Деген Қырғыз ақыны,

Қызған кезде тақымы,

Айылдан аспай ақылы,

Таусылып тынды ақыры!

 

Өрісін таппай тарылды,

Ашудан әбден жарылды,

Қайталап ескі сарынды:

«Бектерімді айтайын,

Жаман тамақ ішпеген,

Жаман киім кимеген,

Жаман атты мінбеген» –

Деп мақтанға салынды.

 

«Ақын деп сені не етемін,

Алмас қылат қылышпын,

Сүйегіңнен өтемін,

Меніменен айтыссаң,

Тақ түбіңе жетемін» –

Деп Қатаған кіжінді,

Түсі өрттей бұзылды,

Кезек бермей қызынды:

 

«Алыстан орап келейін,

Сазайыңды берейін,

Сүйінбай, сенен жеңілсем,

Ордадан шықпай өлейін» –

Деді де үні барлықты,

Айқайға басып қарлықты,

Шұбыртып байлық, барлықты,

Өрісін өстіп тар қыпты!

 

Сүйінбай сонда шүйілді,

Көмейден былай құйылды:

«Өз сөзінен қағынып,

Қатаған сөзден жаңылды,

Қызып тұрған темірге,

Өзі келіп қарылды.

Алмас құрыш қылышпын,

Алтыннан соққан сабымды».

Осылай бастап екпінін,

Танытты түрін тектінің:

«Тұра тұрғын Қатаған,

Шығарайын жаныңды,

Мен Қазақтың атынан

Бір қағайын дабылды!» –

Деп шырқатып көкке үнін,

Төкті өлеңнің өткірін!

Тау суындай ағылды,

Айтылар жер табылды,

Ақ бурадай шабынды,

Алты Алашқа табынды,

Ашқайсың деп бағымды,

Жеті өзендей ағынды,

Сар даладай сағымды,

Жез қоңырау тағынды!

 

Күмбір көмей бүлкілі,

Бәрін бір-бір сілкіді,

Сөздің сойын іркіді,

Тайқы шеке шылқыды,

Қылыштай тіл қылпыды,

Шаққандай боп шырпыны,

Қатағанның бұл күні,

Тойды сынға құлқыны!

 

Сүйінбай сөзбен іледі,

Жаудан қайтпас жүрегі:

«Былай барсам Албаным,

Албанымды қозғасам,

Саған түсер салмағым!» –

Деп сұңқардай түледі,

Азуын айға біледі,

Қалың Қазақ тірегі!

 

«Онан былай Суаным,

Аз да болса жуаным!» –

Деп қуырды апшысын,

Жеңер тұсын тапты шын,

Нық шегелеп нақтысын,

Таязсың деп тақты сын,

Танытты да нақ күшін,

Аспандатты бақ құсын!

 

«Былай барсаң Дулат-ты,

Батырлары көп шығып,

Талай жерді шулатты.

Бетіне қарсы келместен,

Сыртынан естіп дабысын,

Талай дұшпан қурапты!» –

Дегенді айтып сестенді,

Қатаған қатты сескенді!

 

«Іле өзенін жерлеген,

Сыр суындай өрлеген,

Дұшпанға намыс бермеген,

Бақ-дәулеті кернеген

Он екі ата Жалайыр

Аршынға қолын сермеген!» –

Деп өлеңін демдеген,

Мұндай ақын кемде-кем!

 

«Онан бері Ыстым бар,

Алатаудай күштім бар,

Мен оларды қозғасам,

Қатаған, артың мұштыңдар!» –

Деген сөздің астары,

Дүр сілкінтіп тастады,

Бұға түсіп бастары,

Құлар болды аспаны!

 

«Көсегесі көктеген,

Батырлық пен ерлікке

Ешбір пенде жетпеген

Қалың жатқан Ошақты

Атамыз қойған осы атты!» –

Деген сөзі уытты,

Қырғыз көңілін суытты,

Қазақ жанын жылытты!

 

«Оған тақау Сіргелі,

О да көп жұрт іргелі,

Жігітінің бәрі де

Текежәуміт мінгені,

Дүниенің қызығы,

Тамаша дәурен сүргені!» –

Деген дүлдүл атамыз,

Дүйім жұртқа аты аңыз!

 

«Шапырашты елім бар,

Асқартаудай белім бар,

Жауын жеңген қаратып,

Тұлпар мінген жаратып,

Қай жерде менің теңім бар?!» –

Деген сайын жел есіп,

Бойы таумен теңесіп,

Болды Тәңірім демесін!

 

«Жанып тұрған жалынмын,

Сүйегіңді өртейін,

Таусылмайды айтқанмен,

Жалпақ жатқан Ұлы жүз,

Басқа жүзге жетейін!» –

Деген дарабоз ақын,

Дуда арқа қозатын,

Халқына сенді озатын!

 

«Орта жүздің бір елі –

Былай барсаң Найманым,

Құлашын кең жайғаным,

Риза қылмай жібермес,

Үйіне келген мейманын!» –

Деп қиялай көсілді,

Шым жібектей есілді,

Қарсылас сөзден тосылды!

 

«Анау жатқан Арғыным,

Арғыным атқа қонғанда,

Басыңнан аттап қарғыдым,

Одан былай Керейім,

Керейімнен терейін» –

Деп Сүйекең өртенді,

Қатаған жеңі келте еді,

Қомузын баяу шертеді…

 

«Одан былай орайын,

Тобықтыға барайын,

Байлық десең сол елде,

Барыңды әкеп салсаң да,

Көре алмайсың маңайын!» –

Дегендігі дөп еді,

Арқаның елі көп еді,

Шіреп тартқан жебені!

 

«Одан ары барғанда,

Қазақты жинап алғанда,

Тоқсан екі ұлы бар

Қыпшағымды айтайын!» –

Деп Еділдей тасынды,

Бес қаруын асынды,

Елдің даңқын асырды,

Алға тартты асылды,

Алты Алашқа бас ұрды!

 

«Тоқсанбайұлы Қоңыратты,

Әңгіме қып қозғасам,

Жүре алмассың жалғанда,

Күнің қандай болады,

Ноғайлыға барғанда?!» –

Деп Сүйінбай сермеді,

Бұтып-шатқан әр нені,

Оны бұйым көрмеді!

 

«Былай барсаң Қаңлым бар,

Қаңлы келсе өзіңе,

Бет-аузыңды қан қылар,

Кең дүниені тар қылар!» –

Деген айбат, айбыны,

Төндірді оған қайғыны,

Кездестім деп қай күні,

Қолдан берді бәйгені!

 

«Қарсы келген дұшпанын,

Қоралы қойдай жайпаған,

Кіші жүзге жетейін,

Елімнің қандай екенін,

Түсінген шығар көкейің?!» –

Деген ақын көкейлі,

Қаһарын төгіп төпейді,

Қызыл желді ЕКЕЙДІ

Жеңе алмай Қырғыз шөпейді!

 

«Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде

Бөлініп қалған жан емен!» –

Дейтін ақын ақыры,

Мың ақынға татыды,

Бар Қазақ боп жақыны,

Тапты жеңер қапыны!

 

«Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза атамыз,

«Қарасайлап!» шабамыз,

Қызыл қанға батамыз!» –

Деп қайраған намысты,

Ақын үні таныс-ты,

Терең толғап мәністі,

Жан беріп, жан алысты!

 

Сүйінбай болып төпедім,

Перзенттік парыз өтедім,

Сүйекең сүйген мекенін,

Танытты Қазақ не екенін,

Өлеңі өткір от-өрім,

Толғаумен соны өтермін!

Мұрасындай екі елдің,

Айтысын көкке көтердім!

 

Көңілім – көмбе секілді,

Өмірім – жырға бекулі…

Жауһарлар шіркін не түрлі,

Шарпиды лебі бетіңді,

Езілтер жүрек-етіңді,

Алапат айтыс-нөпірді,

Аманат етіп кетуді –

Армандап өмір өтулі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір