АСПАНДЫ ТӨБЕМІЗГЕ ЖАҚЫНДАТЫП…
05.08.2016
1673
0

d56fe9e0fb518ad52029ef8a7eff08f9Тізімбек АНАШҰЛЫ

 

ОҚЫРМАНҒА

Қайдасыңдар, сендер?

Қайдасыңдар, сендер?

Көкіректе шайқалған бір көлден

жапырағын күнге жайып өнген

тамырымнан тарқалған бұл сөздер.

Туыстығын жасыра алмай саған,

мәз болады менің балаң санам.

Мен мәңгілік сезімдерден көктеп,

мен мәңгілік сенімдерге қонам –

қайдан шықтым, қайда барам демен!

Қаламымды аймалаған Өлең

сендерді іздеп табарына сенем,

Сенетін жан қаларына сенем.

Құдайымның қуатындай жанған

жанарымның ішінде бір арман,

Сол ғой мені саған бастап барған,

Ол сөнгенде сөнеді бұл жалған…

Сені маған бастап келген жолдар

бізді және бір Тәңірге жалғар.

Алла тағалам жолдарыңды оңдар,

Алла тағалам, жолымды өзің оңғар!

Жаралса да жер-әлемге сыймай,

парақтарға сіңіп кеткен судай

жебе тырнақ, жез тұмсықты “шимай” –

Аспан жаққа ұшып кетсе бір күн,

басыма кеп тұрыңдаршы,ә, қимай?!

 

ЖЫЛУ

Жандардың арасында қарапайым,

мекендеп қалған соңғы бақтың дәмін –

Апам жаққан отынға бүйрім қызып

жатқанда пеш түбінде таттым, жаным.

 

Жолығып бірі жолда, бірі алыста,

демемек болады олар (көңіл қандай!).

Бағзы ғасырлардан бізге жеткен

бір жәйлі нұрға жаның малынғандай…

 

Қаладан үйге келген баласына

қарақтап әке-шеше жәй сұраумен…

Қамалап қарашықты келіп қалған

аласың көздің жасын тартып әрең.

 

(Құдай-ау, қу да барған, сұм да барған

ду-дуда бұлар қайтып мұнда қалған?!)

Маңқиған ескі қырда кірпіш үйдің

желкесі көкке қарай шудаланған.

 

Ішіне жанарының мұң ұялап,

қаладан келген бала – кәдімгі ақын!

Қарасұр пиғылдардың арасында

Ол қалай пештің түбін сағынбасын!

 

Не деген кішкене еді мынау ауыл!

Батады кішілігі расында.

Өзі жаққан түтінді өзі жұтып,

сөнердей мәңгілікке қыр астында.

 

Не деген кішкене еді осы жандар!

Ешқашан үлкен қауіп ойламайды.

Өзіне мәңгілікке қарыздар ғып

бір жылу өн бойымды аймалайды.

 

Имандай сенеді олар барлығына,

сенімнің күштілігі – әлсіздіктей…

Ауылда таң бозынан басталатын

жұмыстың кетем ертең артын күтпей.

 

Аллаға қайта-қайта аманаттап

оларды мен, мені олар ішімізден.

Иә, Тәңірім, барлығы өзіңе аян,

білдірмеген боламыз түсімізден…

 

МЕН БӘРІН ЕГІП КЕТКЕМ ӨМІРІҢНІҢ КӨКТЕМІНЕ

Екеуміз қыдырғанда біздерге серік болған

қуатты жан жылуын бір жұмбақ беріпті Аллам.

Сол жылу құйылғандай сөзіме менің әрбір!

Соншалық сағынсам да, көргім жоқ сені қазір.

Көрмей де тілдесемін руxтың тіліменен:

Көл болып төңкерілем, бұлт болып күңіренем,

орман боп көрінемін, жаңбыр боп төгілемін,

Өйткені, мен бәрін де жүрекпен сезінемін!

Жүрекпен тыңдағанмын, көргенмін, есім кеткен,

Мен байтақ қиялыма даланы бесік еткем.

Сондықтан менің далам, сондықтан менің қалам,

мен сенің, білесің бе, әсершіл өзің болам!

Әр рет жандағы асқақ сезімің бүрлегенде

айналып кеткеніме сенесің нұрлы Өлеңге.

Сен сүйіп жүрген барлық сұлулық – менің еншім,

Менікі екендігін білгенде, еңірерсің!

Айта алмай қалғандығым болмаса сүйгенімді,

мен бәрін сүйгенмін ғой, сүйгендей күй мен жырды.

Аспаннан алма бетке құлаған әппақ қардай

әсемдік құлап өлер  өз-өзін тоқтата алмай.

Мен сенем, құнын оның асырған қысқалығы,

қысқалық – сұлулықтың ең ұлы ұстанымы.

Тәңірім жазған екен мұтпауға мені мәңгі –

әр сөзім жүрегіңде атом боп жарылады.

Ол және шақырады сені сол өткен күнге,

мен бәрін егіп кеткем өміріңнің көктеміне.

Сен мені сағынасың, сағынам мен де өзімді

ұмытып кеткенде де өмірге келгенімді…

 

САҒЫНЫШ

  1. Төлегенге

Алтайға желтоқсанда жауған қардай

бір өлең жазсам деген арман қандай!

Алтайға желтоқсанда жауған қардай

сол Өлең ағаларға сауғам болғай.

 

Ұмытып өздеріңді өмір кешпен,

Өлең бар көктен жауып, көңілде өскен.

Жоғалған адамдарды сағынамын,

барлығын тірілердің сезінбестен.

 

Жоқ, аға, мен өмірден түңілмедім:

әліге арлы сөздің тініндемін;

Түбіне жүрегінің мен түнеген

қыздардың жанарында дірілдедім.

 

Әр уақ есігімді Өлең қағып,

Аруақ еске алғандай елең қағып,

мейлі, елдің Жан әлемін Күз жайласын,

мен соның Көктемінде өлем жанып.

 

Бармақпын есті жұртты Өлеңге алып,

ол Өлең – желтоқсанда жауған қардай!

Бауырым, ағаңдағы арман – балдай!

Ағасы бар әлемнің ішіндегі

інілер бұл арманға таң қалмағай!

 

Бұл арман тым сұрапыл ұйқыдағы

Алашты Ар алдында жұлқылайды!

Сен сонда есіңе алып бір Құдайды,

ойлайсың дала жайлы, жылқы жайлы,

ойлайсың аға жайлы, ағалардың

Бейіште жылқы көңілі шұрқырайды!..

 

  1. Ініге

Қалаға ұйыған түн дірілдейді,

шырадай жанған көзім ілінбейді.

Шалдығып төсегіме жантайсам да,

шалдықпас жанның нұры жыр іздейді.

 

Сағынған бауырымның сағынышы

кеткендей мені өзімен алып ұшып.

Тым адал жүрегіңе тұрақтайды

арлы Өлең – жер бетінің тағы құсы.

 

Айтылмай қалды менің көп әңгімем,

айтылмай қалды сенің көп әңгімең,

айтылып бітпесе екен әңгімеміз,

артылып қалмаса екен Өлең бізден.

 

Аспанды төбемізге жақындатып

жіберер бір ұлы күш жатыр тасып.

Мәңгілік сол әлемге жер бетімен

келеді ұшып кеткің бақұлдасып.

 

Арманға басымыздан жұмақ жасап

жыр жазсақ, жұмыс болмас мұнан ғажап.

Сонан соң мұнан ғажап болар еді –

Құдайдың жұмағына кіре алмасақ.

 

Қиятын қиянатқа жақсы ағаңды

ғайбатқа жаның талай ноқталанды.

Білмеймін, Әлихандай ағасы жоқ

«бауырлар» тым ұсақшыл боп барады.

 

«Жылқыдан малың болсын!» деген қазақ

«Жақсыдан досың болсын!» деуші еді ғой.

Ұйқыңды бұзып жүрген сенің дертің

мені де талай рет өртеді ғой!

 

Шын жылап, шын қуанып, шын күлісіп

өтетін шын жақсының бір күні үшін

өзің де, өзгелер де Өлең болып,

жылынып сол Өлеңге тұрды ма ішің?

 

Бауырым, шіркін, сол бір ағаларды-ай,

қасқайған жел өтінде қарағайдай!

Біздегі ұлан-ғайыр сағынышқа

қалады жердің беті пана болмай…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір