ЕСЕНБАЙ ҚАЛАЙ «ВОЛГА» МІНДІ
05.08.2016
1676
0

mediapreview (1)(ЕСТЕЛІК-ЭССЕ)

Берік ШАХАНҰЛЫ

(Соңы. Басы өткен санда).

 

«Мына ескертпелерді автор құп алып, жасап берсе, романды өндіріске ұсынуға болады», – деп пікірімді қорытындыла­дым.

Сонан соң пікірімнің бір данасын ав­тор­ға беріп, бір данасын редакция меңгеру­ші­сіне тапсырдым.

Бұл пікіріммен танысып шыққан соң бастығым маған өзінің сөзіне құлақ аспа­ған­дай көріп, соншалықты сенімсіз, жат көзбен қарап:

– Редакциялық мәжілісті мына уақытқа өткіземіз. Екі рецензентті де шақыр, қа­тыса­тын болсын, – деді.

Ол кезде жоспардағы әр шығарманың қолжазбасын дайындап, өндіріске тапсырарда редакциялық мәжіліс жасап, тал­қы­лау­дан өткізетін тәртіп болатын. Реда­кция­дағы бес-алты қызметкер, рецензенттерден басқа сырттан келіп қатысамын, пікір айтамын деген қаламгерлерге де есік ашық еді.

Бұл кезде Алматы қаласында жалғыз ғана қазақ мектебі болатын. Қазіргі Бөген­бай мен Қонаев көшесінің қиылысындағы осы оқу орнына қаланың сыртында тұраты­ны бар, ішінде тұратыны бар, ақын-жазу­шы­лардың көпшілігі балаларын осы мектепке таситын. Ақселеу Сейдімбековтің де, менің де балаларымыз бірінші сыныпқа бірге барды да, соларды әкеліп, алып қайту­да кездесіп қалып, әңгімелесіп жүретінбіз. Осының аз-ақ алдында бір жолығысқанда Ақселеу:

– Әкім Таразидің жақында «Жұлдызда» жарияланған романы туралы бізге ащы бір сын мақала келіп түсті. Суырмамда тұр. Ре­дакторы сен екенсің. Қолжазбасын оқы­дың ба? Қалай өзі, – деп сұрасын.

– Оқыдым. Жақсы шығарма. Өндіріске дайындап, ұсынайын деп отырмын. Арғы жағын білмеймін. Менен кейін басшылар оқыса не дейтінін. Ақа! Қиянат болып жүрмесін. Оқып танысамын десең мен қол­жазбаның бір данасын бүгін, ертең саған жеткізіп берейін, – дедім.

– Жоқ, қоя тұр. Егер керек болып жатса өзім айтармын, – деді ол.

Ақселеу онда «Социалистік Қазақстан» (Қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқаратын. Ақселеу тоқтатқан болуы керек, ол мақала әйтеуір газет бетінде жарық көрген жоқ. Осындай- осындайдан сақтанып, авторға:

– Осы шығарманы журналдан болсын, қолжазбадан болсын оқыған, дұрыс пікір­дегі жазушылар болса редакциялық мәжі­ліс­ке ертіп келіңіз, – деп тапсырдым.

Қолжазбаға пікір жазған екі кісіні де ша­қырғанмын. Мәжіліске бірі келіп, бірі келмеді. Автордың жақтастарынан Қали­хан Ысқақов пен Рамазан Тоқтаров қатысты.

Тәртіп бойынша мен баяндама жасадым. Қолжазба туралы, оны редакциялау барысында атқарылған жұмыстарға тоқ­талдым.

– Қазір енді өндіріске дайын, – деп қорытындыладым. Баяндамамнан кейін романның жетістіктерін айтып бірер кісі пікір білдірді. Қарсы сөйлеген ешкім болмады. Көпшілік «баспаға тапсырылсын» деген ұсынысты мақұл көрді.

Қатысып отырған рецензент қана:

– Біздің сын пікіріміз ескерілмепті. Бі­рақ өндіріске жіберілсін десеңіздер қарсы­лы­ғым жоқ, – деді.

Мәжілістен кейін редакция меңгерушісі шақырып алып, маған ашулы қабақпен қарап:

– Мына қолжазбаға қазір қол қоямын. Ал ертең бір ши шығып, не «сигнальныйы» келгенде «выдерка» жасалып жүрсе, өзің жа­уап бересің. Мен ескертудей ескерттім саған, – деді.

Ол кезде басқаларды қайдам, «Жазушы» баспасында «выдерка» деген бір «бөжей» болатын. Қолжазба баспаханада кітап болып басылып, дайындалған соң, соның баспаға жіберген «сигнальный» данасынан Бас редактор өзі оқып тауып ала ма, жоқ басқа біреулер тауып бере ме, әлгі кітаптан «саяси қатеге» жататын сөй­лем, сөздер шығып, сол қателері бар беттер жыртылып алынып, жұлынған жердің орнына түзетілген жаңа беттерді жапсыратын әуре-сарсаң болып тұратын. Қатталып қойылған 40-60 мың дана кітапты қайта ашып бұлай боршалауды әуре-сарсаң демегенде не дерсің.

Мұндайда баспаның кем дегенде жиыр­ма-отыз қызметкері апталап емес, айлап әлгі беттерді жұлып, жапсырып, баспаханада аяқтарынан тік тұрып жұмыс жасайтын. Баспа үшін бұл «бүйректен-сирақ» – бөлекше бейнет, қыруар қаржылай шығын еді.

Бір қызығы, мұндай «выдерка» қолжаз­баны редактор дайындап, онан кейін бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары оқып, қол қойып, Республикалық Министрлер кеңесінің жанындағы Баспасөзде құпияны сақтау басқармасының қызмет­кер­лері оқып, мөрін басып, рұқсат етіп, сон­дай сатылардан өтіп, кітап болып шық­қан кезде жасалатын.

Сол кітаптың беттерінен жұлдырып жат­қан сөздердің бірі «1932 жылы балалар үйіне келді» деген жай ғана өмірбаяндық дерек. Онда ашаршылық деген сөз немесе сол кезең туралы айтылып тұрған ешнәрсе жоқ. Оқырмандар үшін елеусіз ғана нәрсе. Ал соншалықты мән бере, шұқшия қараған Бас редактор «Бұл жабық тақырып қой. Несі бар оған соқтығып, басқа жыл құрып қалып па…», – деп бұлан-талан болады. Немесе жазушының жағымсыз бір кейіп­кері­нің бейнесі «көк көз, жирен сақал» бо­лып суреттелсе, онда да күдік-күмән туындайды. «Өй, мынау ұлы халықтың өкі­лі­не қарай қолын шошайтып тұрған жоқ па», – дейді. Бәрінен астар іздеген сенімсіз­дік, саяси қырағылықтың шектен шыққан көрінісі дерсің. Бірақ осыған бас шұлғып, қолдайтындар да жоқ емес, әрине.

Осындай-осындайдан әбден запыста болған баспаның директоры. Бас редактор «выдерка» жасау керек десе, жоқ дей алмайды.

Мен дайындаған қолжазба төңірегінде де редакция меңгерушісі директорға «ег­жей-тегжейлі» жеткізген болуы керек. Редакция мәжілісі өткен күннің ертеңіне ол кісі мені шақырып алып, жүзіме сақтық­пен, байыптай зер салып отырып:

– Айналайын, осы қолжазба төңіре­гінде әңгімелер көп. Сен өндіріске ұсынып отыр екенсің. Өзіңе сенімдісің бе?! Баспаға жіберуге бола ма?! Ертең тағы да бір айқай-шуға қалып жүрмейміз бе? – деді.

Мен өзіме қатысты әңгімемді қысқаша баяндап мәлім еттім.

– Ондай дауда қалдыратындай ешнәрсе жоқ, – дегенді баса айттым.

– Онда, жарайды, қарғам, – деді директор, – Менің сөзіме сенген сыңайда. Қолжазбаны тәртіп бойынша бізден кейін бас редактордың орынбасары не өзі оқыған болу керек, әйтеуір, ың-шыңсыз бас­паханаға кетіп, кешікпей кітап болып жарық көрді. Кітап болып шыққан соң да, мақталмаса, жамандалған жоқ.

Кейін бір кездескенде Әкім ағаның досы Рамазан Тоқтаров:

– Әй, мен саған бір коньяк қояйыншы. Өзіңе Әкім қатты разы болып жүр. «Шіркін-ай, артымызда Беріктей ең құрыса екі-үш ініміз болса біз бақытты болар едік», – дейді. Ол деген үлкен ықылас, үлкен баға ғой», – деп келіп арқамнан қаққаны бар.

Әкім аға дәл солай айтты ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Рахаң жанынан шығармаған болар. Ал Әкім ағаның онан беріректе – сексенінші жылдардың орта кезінде Жазушылар одағында хатшы болып жүргенде өзіме айтқан бір сөзін естігенім бар.

– Мен сенің жауың жоқ шығар. Сендей адамда жау болмаса керек деп ойлаған едім. Ең жауы көп адамның бірі сен екенсің, – деді.

Мен «оны неге айттыңыз, ол жауларым кім?» – деп қайыра сұрағаным жоқ. Адам өзінің болмыс, тіршілігін сезініп, түсіне білуі керек шығар. Мен де өз табиғатымды біршама таразылай аламын ғой деп ойлаймын. Біреуге неден, қалай жақпайтынымды бағамдайтындай түйсігім бар сияқты.

Біздің бала кезімізде ауылда аңқылдаған ер көңіл, дала мінез, әзіл-қалжыңы мен ұтқыр сөз, күлдіргі істері қатар жүретін Бәкен деген ағамыз болды. Тұлғасы нардай, зор болмысты кісі. Сол ірі жаратылысына қарамай баладай елгезек, өбектеген жан еді. Бір нәрсеге күйіп-пісіп, ашуланғанын, қапаланғанын көрген емеспіз. Жайдары, тәркі пейіл, мамыражай күйінен айнымайтын. Кейде ағайын, ауылдастарының қайсыбірі әлдене шаруаға күйзеліп, қамығып, соған ренішін бөлісіп, ақыл салғандай:

– Осылай да, осылай, – деп таусыла әңгімелеп отырса, Бәкең тыңдап-тыңдап алып:

– Әй, қиыр-шиыр дүние ғой бұл, – деп қолын сілтейтін де қоятын. Мұңын шағып келіп, қабаржып отырған кісіге көңіл білдіріп, қолдау жасағандағы тәрізі осы-ақ. Оған кейбіреулер кәдімгідей тосылып, «ащы-тұщысы аралас өмірдің кезіктірген бір кебі шығар» деп сабырға келгендей, тіршіліктің бұл теперішіне көнбістік танытқан ыңғайға көшсе; енді бірі «осыған да кісі деп әңгіме айтып отырмын-ау» деп етегін қағып, шамдана тұрып кетер-ді. Бәкең оған да аса мән бере қоймайтын. «Онда өзің біл» деген райда қалыс қала беретін.

Алайда, Бәкең айтатын осы қиыр-шиыр дүниеде өзіңді-өзің жоғалтып алмай жүру – әу баста болмысыңда бар, тегіңнен тартқан имандылығыңнан айрылып қалмай жүру қиынның қиыны тәрізді.

«Ақылдың азабы» демекші, адалдық пен имандылықтың өзі кейде кісіге жау шақырып тұра ма, қалай?! Әділ сөзің мен адал ісің үшін де біреулерге жазықты болып қалатын сияқтысың.

Осындайда жаңағы Бәкен ағамыздың тағы бір сөзі ойға оралады. Бала ке­зімізде ауылдағы клубқа анда-санда ауданнан келіп кино қойып кетеді. Бірде кино басталып жатқанда Бәкең есіктен кіріп келді де, қа­раң­ғыда бос орын іздеп жүрмей, алдыңғы қатардағы бір баланы тұрғызып жіберіп, орнына жайғасты. Артындағы орын­дықта отырған Бәкеңмен құрдас, қатар, бойлары бәке­нелеу екі үш кісі.

– Ой, құдай-ай, мына қош­қар­дай болған бәле қайдан келіп отырды. Кино көрсетпей қойды-ау бізге, – деп әзіл-шыны аралас наразылық білдіріп жатты.

Бәкең оларға ошарыла бұрылып:

– Өздерің қошқар бола алмайсыңдар да, қошқар болғанды көре алмайсыңдар ә, – деді. Жұрт ду күліп жатыр. Сол айтқан­дай-ақ, өздері адал бола алмайды да, адал бол­ғанды көре алмайтын дүние екен ғой бұл. Оған не дерсің?!

Адалдықтан кейінгі кінәң – ақымақ бол­мағаның. Кеудеңді басамын деген кісіге бастырмағаның. Пенделердің көбіне тән нәрсе, өз өресіне қарамай біреуді төмен са­нап, ақымақ еткісі келеді. Сөйте тұра жақ­сы көрген болып, көлгірсіп жүреді. Ал сен оған басыңды шұлғи бер. Ыңғайына жы­ғыла бер. Өйте берсең өз бағаң, өз құныңмен қош­тасуыңа тура келеді. Санасы сергек жан қалай біреудің бүтіндей мәңгүртіне айнал­мақ. Ал енді, кезегінде өз сөзін айтып, өз жөнін танытса, қазақша айтқанда «жуастан жуан шықса» ол оны саған кешірмейді. Жауы­ға бастайды. Не үшін? Құдай білсін. Бұл не, қарау пенделік деген осы ма?! Алайда ең өкініштісі, осы пенделердің өздерін адалмын деп, адал болып көрінгісі келіп, көсем болып көсілгісі келіп, өзін де, жұртты да алдайтынын қайтерсің. «Төбеде көріп тұр-ау. Ертең арты қалай боладыны» қа­періне ілмейді.

Осы жәйттерді сезіп, көріп тұрып, «жау­ым кім екен, қайдан» деп іздеп жатудың не реті бар.

Әкім ағадан қайыра сұрамағанымның жөні осы болатын.

Бала кезде әкем Серәлі-Шаханнан есті­ген әңгіме бар еді.

– Жарықтық, атам – Бектібай бидің жанында көп болдым. Кішкентай күнімде ауыл арасына қыдырған кезде артына мінгесіп, қалмаушы едім. Әңгімелерін тыңдайтынмын, – дейтін әкем. – Атам айтатын: «Біздің тұқымның әу бастан тұзы жеңіл жаратылған нәсіл. Арамдық іс бойымызға сіңбейді. Кісіге істеген жақсы­лы­ғың да алдыңнан қайта бермейді. Тек құдайдың көзі түзу болсын. Бірақ кісіге қайыр жасаудан тартынба».

Демек, тұзы жеңілдік – бұл да тұқым қуа­лай­тын құбылыс-кие болғаны ғой. Ендеше бұл тағдырыңа бұйырған пешенең екен. Оған жасар ылажың жоқ. Тиесілі азабын тартасың. Соған көнгін…

1983 жылдың соңғы күндері болатын. Баспа директоры шақырып:

– Айналайын, саған бір жауапты шаруа тапсырайын деп отырмын. Мына қолжазба даулы болып тұр. Қолыңдағы өндіріске тапсыратын асығыс жұмыстарыңды бітір­ген соң осыны мұқият оқып шығып, өзің­нің редакторлық пікіріңді жаз. Осы шығар­маны тақырыптық жоспарға енгізіп, кітап етіп шығаруға бола ма, жоқ па?! Тура пікі­рің­ді айт. Бір қиын жері баспасөзде жария­лау­ға рұқсат етілмей жүрген отыз екі мен отыз жеті жылдардың оқиғалары сөз болады дейді. Сенен бұрын сол өздеріңнің ре­дак­цияңдағы бір редакторға берген едік. Ол «бұл күйінде баспаға ұсынуға болмайды, кітап етіп шығару үшін мынандай-мынан­дай түзетулер мен қысқартулар жасау керек» деп біраз сын ескертпелер айтқан. Ав­тор ол ескертпелерді орындаудан ат-то­нын ала қашып, екеуі келіспей тарасыпты. Енді осы қолжазбаны сен алып, оқып көр­сең деймін. Авторы қаражаяу біреу емес. Белгілі қаламгер. Әрі лауазымды қызметте отырған кісі. Баспаның талабын өзің жақсы білесің. Тағы да айқай-шуға қалып жүр­мейік, жауапкершілікпен қара.

Қолымдағы жасап жатқан жұмыстарым­нан құтылған соң әлгі қолжазбаны оқуға кіріс­тім. Бұл Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романы еді. Көлемі 25-30 баспата­бақ­­тай болатын шығарма екі бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлімінде Алатау төңірегін жайлаған елдің арғы-бергі тарихы, салт-дәстүрі, белгілі тұлғалардың өмір шежіресі, кәсіп тіршілігі кеңінен сөз болып келіп, осы мамыражай тіршілікке өрт болып тиіп, ойран-топан қылған жиырмасыншы жылдардың «кәмпескесі», отыз екінші жылдың ашаршылығы, отыз жетінің қанқасап қара зұлматы екінші бөлімнің арқауы болған.

Ашаршылық пен «халық жауы» нау­қаны­ның небір жантүршігерлік оқиғалары баяндалған. Бұған дейін баспасөз, кітап бетінде жарық көріп, көрмеген жайлар. Осы нәубеттердің зобалаңын ең көп тартқан елдің, ауылдың баласының бірі ретінде мұндай сұмдықтардың болғанын жастай естіп өскен жайымыз бар. Осы қиянаттарды айтып күйзелген әке-шешелерімізбен бірге біздің де жүрегіміз қанжылайтын сонда. Бірақ кітаптан оқыған емеспіз. Қайдан оқисың, күні бүгінге дейін бұл жабық тақырып болса. Бұл кезеңдер туралы ашық айтуға да, жазуға да қатаң тыйым салынған. «Жабулы қазан – жабулы».

Баспаның талабын, өзім атқарып отыр­ған редакторлық қызметтің жауапкерші­лігін сезіне тұрғанмен «шіркін-ай, мына әңгі­мелер мен оқиғаларды жарыққа шыға­рар ма еді» деген ықылас-ынта жандүниемді баурап алғандай. Әрине, бұл бір менің қолымдағы шаруа емес. Менен кейін де сатылап оқитындар бар. Дегенімен автор келіссе шығармаға нұқсан келмейтіндей біраз редакциялаумен өндіріске ұсынайын деп түйдім.

Шығарманың авторы сол кездегі рес­пу­­бликадағы барлық ақпарат құрал­дары­ның көшбасшысы, жетекшісі болып отыр­ған «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы, Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Рес­публика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, идео­ло­гиямызды жүргізіп отырған кісілер­дің бірі.

Автор сол беделімен менен кейінгі сатылардан қолжазбаны кедергісіз алып шы­ғып, кітап болып, жарық көрер деген үмітім де жоқ емес.

Осыдан үш-төрт жылдан кейін 1986 жыл­ғы Желтоқсан көтерілісі болады. Оның артынша Кеңестер Одағы да, оның саясаты да ыдырап, баспасөзге де, басқаға да бос­тандық тиеді деп кім ойлаған. «Өткен күн­дердің ащы шындығы ашылмай да, айтылмай да кетер ме екен» деген қыжыл сол кезде талай қаламгердің көкірегінде жүргені анық.

Ал енді «жаман айтпай жақсы жоқ», шаруа қырсығына айналып жатса, оған да іштей дайындалдым. «Мына автор осыншама қызметін, лауазымын тәуекелге тігіп, осы тақырыпқа барып, жазып отыр ғой. Менікі, тәйірі, баспаның қатардағы редакторлығы емес пе?! Көп болса жұмыс­тан босатып жіберер» деп бекіндім.

Жеті-сегіз беттей етіп, редакторлық пікірімді жаздым. Алдымен автордың бұрын сөз болмаған тың тақырыпқа түрен салғанын құптай отырып, шығарманың ерекшелігін сөз еттім. «Кемелденген со-
ц­иал­ис­­тік қоғамда өмір сүріп отырған бүгінгі күнімізге оңайшылықпен жетпеге­німізді, осы жолда талай қиындықтар мен қателіктер болғаны партиямыздың құрыл­тайларындағы жасалған баяндамалар мен қабылданған қаулы-қарарлардың өзінде айтылып жүр ғой. Ал көркем әдебиетте осы қиындықтар көрініс тапса оның несі айып. Мына шығармада баяндалатын 20-30 жылдардың оқиғаларында саяси қате дерлік, қоғамға қауіпті дерлік ешнәрсе жоқ. Ел басынан өткен бір ауыр кезеңдер суреттеледі», – деп қорғаштай бастап, кітап етіп шығару үшін қолжазбада мынандай-мынандай өңдеу, түзету керегін айтып, ескертпе пікірлерімді тіздім.

Авторды сырттай көргенім, білгенім болмаса, кездесіп, сөйлескен кісім емес. Мінезі бірбет, тіктеу, тәкаппарлау адам деп еститінмін. Қалай болса да, жолығысып, редакторлық пікірімді беріп, әңгімелесуім керек.

Телефон шалып сөйлесіп едім:

– Қазір менің жүргізушім барады. Пікі­рің­ді де, қолжазбаны да беріп жібер. Танысып шыққан соң хабарласармын, – деді.

«Менің ескертпелерімді қабыл ала ма, алмай ма» деген де күдік-күмәнім басым болатын.

Екі-үш күн өтпей автор телефондады.

– Айналайын, қазір көлігімді жібе-рейін. Сен маған кел. Әңгімелесейік, – де­ді.

Газет редакторының кең бөлмесіне есіктен аттап кіре бергенімде Бәкең – Бал­ғабек Қыдырбекұлы орнынан сергек көтеріліп, алдымнан шығып, елгезек қа­лып­пен сәлемдесті.

Отырған соң менің жеке басымның жай-жапсарын, қайда туып, қайда өстім, қай жерлерде жұмыс жасадым, қазіргі отбасымның жағдайын үлкенге тән ықыласпен сұрастырды. Менің әңгімемді зер сала тыңдап алған соң:

– Әй, сен өзің ер жігіт екенсің, – деді көтеріңкі екпінмен, шынайы көңілмен. – Сын-ескертпелеріңмен мұқият таныстым. Құдайлығына келсем, басқа біреу айтса кітабым шықпай кетсе де ол ескертпелердің көбісіне келіспес едім. Сенің мынау редак­тор­лық пікіріңді оқыған соң сырттай өзіңе риза болып, пікірлеріңді қабылдауға шешім жасап отырмын. Айтқандарыңды түгел жасап беремін. Біткеннен кейін келіп, қолжазбаны алып кетерсің.

Ол кісінің кабинетінен мен де риза болып, көңілді шыққанмын. «Сәті түссе, жарыққа шығуға беталған шаруа шығар» деп. Ал бірақ осыдан бірер апта өтер-өт­пес­те «Жазушы» баспасында тосын жаңа­лық болды. Әбілмәжін Жұмабаевты табан астында қызметінен босатып, орнына жаңа директор тағайындалды.

«Алатау» романының қолжазбасына баспаның тәртібі бойынша бұрынырақта екі кісі пікір жазған екен. Шығарманы оқыр алдында екі рецензиямен де танысып шыққанмын. Бір рецензент жалпы романды кітап етіп шығаруға болады. Алайда, автор отыз екі мен отыз жетінші жылдар оқиғасына қайта үңіліп, мұқият зер салуы керек. Бұларды бұл бетінше кітапқа енгізудің реті қалай болар екен деген қауіп айтқан. Екінші, рецензент бұл қолжазбаны кітап етіп шығаруға мүлдем қарсы пікір білдірген.

Өзі де үлкен талантты қаламгер, әдебие­тімізге тамаша-тамаша туындылар берген, белгілі жазушының романның көркемдік құрылымы жөнінде айтқан сын-пікірлеріне құлақ асуға болар, ал отыз екі мен отыз жетінің оқиғаларын кітапқа кіргізуге болмайды деп үзілді-кесілді тұжырым жасап, бұл шығарманы мүлдем мансұқ еткеніне іштей таңданып: «Идеологияның сыйқыр­лы мысы деген осы ма екен?! «Адамды заман билейді,ә!», – деп ойлағанмын.

Осы қолжазбаға қарсы пікір жазған кісі баспаға директор болып келді. Кешікпей Бас редакторы да ауысты.

Айтқан уақытында мен автордан барып қолжазбаның өңделген, түзетілген нұсқа­сын әкеліп, редакция меңгерушісіне тапсырдым, баспаның жоспарына енгізе ме, жоқ па, енді ол басшылықтың ырқындағы, алдағы іс.

Редакция меңгерушісінен бұл қолжазба төңірегіндегі әңгімеге, менің «әрекеттеріме» жаңа директор сырттай қанық болуы керек. Бірақ мені шақырып сөйлескен жоқ. Бас редактор мен бөлім меңгерушісіне өзі­нің бұл шығарма туралы ой-пікірін білдіріп, «қалай кітап етіп шығарасыңдар» деген тәрізді.

Жаңадан келген Бас редактор Мұхтар Мағауин мені шақырып алып сөйлесті. М.Мағауин менің шығармашылығыма тілектес, өзіме жанашырлықпен қарайтын екі кісі болса соның бірі еді. Менің айтқан әңгімелерімді бөлмей, мұқият тыңдап алып, менің бұл шығармаға шыр-пыр болып, үстіне түсіп отырған қалпымды аңғарып, ойланып отырып:

– Берік, мынау бетон қабырға, – деді, – кабинетінің маңдай алды тұсын нұсқап көрсетіп. – Осыны мына жалаңаш маң­дайыңмен ұрып сындырып, ар жағына өте аласың ба?Байқа!

Және осы сөзді Бас редакторлық зілмен, бұйрықпен емес, жанашырлық раймен айтты. Мені әлденеге аяғандай, мүсіркеген­дей қалпы бар. Ес білгелі бері қаламгер ре­тінде ұлтының мүддесі үшін талай тәуе­кел­ге барып, бас тігіп жүрген М.Мағауиннің бұл сөзін мен де жаңа келіп жатқан қыз­ме­тінің жауапкершілігіне сай саяси қыра­ғы­лығы деп қабылдай қойғаным жоқ. Менен гөрі құрығы ұзын, хабары молдау кісі ғой. Кітап шығару ісіне басшылық, бақылау жасайтын жоғарғы жақтағы адамдардың араларындағы әңгімелерден мәліметі болуы мүмкін, оның үстіне тікелей бастығы, баспаның қазіргі директорының қас-қаба­ғын, ниетін көріп отыр. Оның бәрін, әрине, маған айта бермейді. Қолжазбаның алдына үлкен кедергілер болатынын мен енді сез­дім. Алдағы тірлік автордың ерік-жігеріне ғана байланысты еді.

Автор мен баспа басшылығының, тиісті орындардың арасында қандай әңгімелер болды, ол жағынан бейхабармын. Бірақ қолжазба алдағы жылдардың жоспарына ене қоймады. Сөйткенше 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бұрқ етті. Артынша сол оқиғаны жақтаушылар деп айыпталған­дар­дың санатына кірген болуы керек, Бал­ға­бек Қыдырбекұлы да қызметінен босатылды. «Алатау» романы баспаның тартпасында жатып-жатып, сексенінші жылдардың аяғында бірінші бөлімі бөлек басылып, тоқсаныншы жылдардың басында екінші бөлімі екінші кітап болып жарық көрді. Бірақ романдағы кезіндегі қаны жерге тамбай тұрған зар-заман тақырыптың бұл шығарма үшін құны түсіп кеткендей еді. 1986 жылдың оқиғасынан кейін қоғамда серпіліс пайда болып, «Ақтаңдақтар» туралы, ашаршылық пен «халық жаулары» оқиғаларын ұқсатқаны бар, ұқсатпағаны бар, жұрт жапа-тармағай жаза бастаған еді. Бұл тақырыптар бұл кезде таңсық болмай қалған. «Алатау» сол өз мезгілінде – 80 жылдардың ішінде жарық көріп кеткенде нағыз «әдеби сенсация» – дүрілдеген әңгі­менің өзегіне айналатыны сөзсіз еді.

Жазушылар одағында бұрын әр жылдары беріліп келген А.Байтұрсынов, С.Сей­фуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуе­зов, М.Мақатаев атындағы, т.б. сый­лық­тар болатын. 1992 жылы Жазушылар одағының басшылығы осыларды жинақ­тап, екі жылда бір рет белгілі мерзімде, Тәуелсіздік күні қар­саңында беріліп тұратын дәстүрлі бір сыйлық жасауға, оны Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы деп атауға шешім жасап, қаулы қабылдады. Сыйлыққа түскен шы­ғармаларды оқып, сұрыптайтын, тұрақты Алқа мүшелерін бекітті. Алқаның жауапты хатшылығы маған жүктелді.

Қай кезде де бұл сыйлыққа түсетін шы­ғар­малардың саны аз болмайтын. Мен күн-түн демей оқып, осы туындылардың қай-қайсысымен де танысып шығуға тырысатынмын. Әрі өз бағамды беріп, осы ылайық, осыған дауыс беремін деген байламымды жасап отыратынмын.

Алқа екі мәрте басқосатын. Алғашқыда түскен шығармаларға талқылау жасап, ашық дауыспен сұрыптаудан өткізетін. Кейінгісінде сыйлыққа ылайық деп Секр­е­тариаттың қарауына ұсынатын шы­ғар­маларды жабық дауыспен іріктейтін.

Алғашқы сыйлық сол 1992 жылы берілді. Мен өзім де «Құса» атты повестер мен әңгімелер жинағымды ұсынып отырған соң Алқаның ол жолғы мәжілістеріне қатысқаным жоқ.

Келесі жолғы сыйлыққа да көптеген шығармалар түсті. Осылардың ішінен өз көңілім прозадан Мархабат Байғұттың әңгімелер жинағын, поэзиядан Ты­ныш­тықбек Әбдікәкімовтың өлеңдер жинағын ылайық деп ұйғардым. Алқаның алғашқы мәжілісінде бұл пікірлерімді айттым.

– Е,Мархабат жақсы жазушы, – деп бәрі құптады. Ашық дауыспен, келесі «турға» бі­рауыз­дан жіберілді. Ал Тыныш­тықбекке келгенде кейінгі кезекке жіберуге отыр­ғандардың көпшілігі қолын көтермеді. Жазған бала қалып бара жатыр. Сонан соң отырғандарға:

– Оу, ағайындар-ау! Мына өлеңдер жинағын оқыдыңдар ма өздерің?! Ойбай-ау, тамаша өлеңдер ғой, бұларыңыз қалай?! – деп, сонан соң төрде отырған екі-үш ақын ағама қарадым.

Көп­шілік үнсіз. Жаңағы кісілердің бірі:

– Тыныштықбек жас қой, алады ғой әлі, – Сен шыр-пыр бола бермеші, – деді мені зілсіз қайырып.

Университетте бізге дәріс берген ғалым Белгібай Шалабаевтың «Өмірде не болмайды» атты кітабы бар еді. Сол айтқандай-ақ, шынында өмірде не болмайды. Осы Алқа­ның келесі қорытынды мәжілісінде тәртіп бойынша жабық дауыс беруде бір-ақ дауысқа ие болып, Мархабат Байғұттың шығармасы секретариатқа ұсынылатын тізімге енбей, қалып қойды. «Бұл қалайды?» мен сол алқа мүшелерінің өздеріне де айттым. Ертеңіне өткен секретариатта да айттым.

– Алғашқы мәжілісте Алқа мүшелерінің бәрі: «Мархабат жақсы жазушы» деп, осы шығармаға бір кісідей қол көтерген еді. Мына қорытынды мәжілісте менен басқа қолдаған жан болмапты. Бірақ дауыс алыпты. Бұл енді дұрыс шаруа емес. Алқаның шешімін секретариаттың түзетуге, өзгерту­ге құқы бар ғой. Мархабат Байғұттың шы­ғармасын сыйлық алатындардың қатарына қосайық, – деп ұсыныс жасадым.

Қалекең – Қалдарбек Найманбаев шын қиналды:

– Берілетін сыйлықтың саны белгілі. Алқа соған туралап, ұсыныс түсіріп отыр. Осылардың ішінен қайсысын алып тастап, қосамыз. Ол да ертең улыған-шулығанға ұласады. Алқа мүшелері де шешімдерін бұзғанды мақұл көрмейді. Ал қалып қойған автордың әңгімесі өз алдына бір бөлек дау. Бұл жолы Алқаның осы ұсынысын бекі­тейік. Мархабатты мен де білемін. Жақсы жазушы, жақсы көретін інім. Амандық болса, келесі жолы осы шығармаға «Алаш» сыйлығын әперуге бар күшімді салайын,– деді.

Айтқандайын, келесі жылы, кезекті құ­рылтайдың алдында, Қалекең өзі Жазушылар одағынан қызметтен кетуге ұйғарым жасап отырып, Секретариаттың шешімімен «Алаш» сыйлығы жөніндегі Алқаның мәжілісін кезектен тыс ұйымдастырып, Мархабат Байғұтов бастаған төрт-бес жазушыға «Алаш» әдеби сыйлығы берілген болатын.

Бұл естеліктер Есенбайға қатысты әңгімеге байланысты ойға түсіп кетіп, сөз болып отыр.

Негізгі айтпағымыз: Сөйтіп, қазақ тарихында, жазба ақындар мүшәйрасы тарихында тұңғыш рет тігілген «Волга» машинасын ақын Есенбай Дүйсенбаев мінген еді.

Менің жұбайым Дәріжан ол кезде «Өнер» баспасында қызмет ететін. Осы мү­шәй­раның қорытындысынан кейін сол төңіректен естіген әңгімесін айтты, кешкі шәй үстінде:

– Біреулер осы Есенбай туралы саған Әбекең (Әбіш Кекілбаев) тапсырыпты дейтін көрінеді. Рас сөз бе? – деп сұрады.

Мен іштей таңдана: «Бірді-бірге ұрмаса жүре алмайтын ағайындар-ай. Қалай-қалай «қиюластырады». Әйтеуір өзінен басқаға жақсы атты қимау ғой баяғы. Әрі Әбіштің әулие жаратылысына тағар кінәлары жоқ іші тарлардың оның атына көлденең бір сөз болса да жамап қою пейілі бар шығар. Естіген кей кісінің сенуі де кәдік-ау», – деп басымды шайқадым.

Бұрынғылар айтса – айтқандай. «Бұй­рықты іске дауа жоқ» екен ғой. «Ат шаппайды – бап шабады. Бап шаппайды – бақ шабады» деген. Әрине, әуелі Құдайдың жазғаны. Сонан соң мүшәйраға түскен шығармаларды сараптаушы Алқа мүшеле­рінің берген жоғары бағасы мен менің де азды-көпті еңбегімнің шарапаты тиген шығар. Алайда, мен өзім мынандай тұжы­рым жасадым. Біраз кісілердің ықылас, пейілі «Волга» автокөлігі алдымен осы­ларға ылайық-ау деген Хамаң мен Тұ­мағаңды ұлы Абайдың әруағы талай желеп-жебеген шы­ғар. Ол кісілер де данышпан ұстазына сыйынып, талай жетістіктерге жеткен болар, бәлкім. Ал мына тұста, мына шаруада бір «жетімегін» жүз елу жылдық мерейтойын қалың жұрты дүрілдетіп атап өтіп жат­қан ұлы ақынның өзі – өлеңнің әруағы желеп-жебеген тәрізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір