ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗДЫ БІЛУ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
05.08.2016
1549
0

745120(Абыз әке Тұрсынбек Кәкішұлы туралы естелік)

Әдебиеттанушы ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы туралы ой-толғамымды осыдан бірнеше жыл бұрын, ағайдың 85-ке толған мерейлі мүшелтойында жазған екенмін. Тұрсекең 7-ші мүшелін әдемі қарсы алды, әрі қарттыққа әдемі жеткен абзал жан, үлгілі тұлға болды. Оған бәріміз де куәміз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоратының мәжіліс залында салтанатты түрде аталып өткен сол жиын баршамыздың жадымызда шығар-ау! Тек әттеген-айы, ағайдың жарасымды қалжыңы мен күлімсіреген жүзін соңғы рет көріп тұрғанымыз ешкімнің де қаперіне кірмегені анық…

Біздің Тұрсынбек ағайымыздың бойын­дағы кішіпейілділік пен қара­пайым­дылық күнделікті күйбің тір­лікте кез келгенімізге керек-ақ  қа­сиет­тер. Тұр­секеңнің ешкімнің де шен-шек­пені­не қарамастан, ақ сөйлейтін тура­лығын тағы қосыңыз. Негізі, ағайдан үй­ренеріміз көп-ақ еді. Кейде ойлаймын, «ағайдың адами сипатын көзі тірі­сінде ауыз толтырып айта алдық па екен, осы?!» деп, өйткені, Тұрсекеңмен қанша рет дастархандас болсам, сонша рет кісілігі мен кішілігіне тәнті болып, таң­данумен жүретінмін. Әсіресе, аң­ғарым­паздығы, адам бойындағы мінді бай­қағыштығы, оны сол сәтте-ақ, құла­­ғыңа елеусіз ғана ескертетін әкелік қам­қорлығын айтсаңызшы! Шіркін, сол ақшаңа сатып ала алмайтын тең­дессіз кеңестерді айтқан Тұрсе­кеңдей тұлға­ның мәңгі тұрмай­тынын аңғар­маған қам­сыздығы ма, енді өкініп отырған­дай­мын.

Соңғы рет жүздескенім мүшел­тойын­да болса, соңғы рет тілдескенім те­лефон арқылы болыпты. Онда да сол бая­ғы «Не істемек керек? Қалай ойлайсыз, не айтасыз? деген сауалдармен абыз ақсақалымыздың кеңесіне жү­гін­ген екенмін. Өзінің сырқаттанып жат­қа­нынан сыр білдірмеген ағай, сол қар­лығыңқы үнімен тағы да ақылын аяп қалмады… Осы тұста Тұрсекеңнің ұлы бұл фәниді тастап, ағайдың қа­быр­ғасы қарс айырылып жүрген уа­қыты бо­латын. Мүмкін сол қабырғасын сөк­кен қайғысынан ба, әлде Жаратқан­ның өлшеп берген өмірі ме.., бұл күні ағай орта­мызда жоқ, өмірден өткеніне қыр­күйекте жыл толады. Егер ағай­дың тал­қаны таусылмағанда тамыз­дың 15-і күні 89 жасқа келер еді-ау!

Көзі тірісінде «қазақ әдеби сынының тар­ланы», «абыз», қазақтың рухы биік көк­жалы» атанған, ал менің танымымда «Ахаң мұражайы­ның рухани әкесі» болған Тұрсекеңе мерейтойлық арнау-ма­қала жазу – үлкен абырой болған-ды. Оқы­ған жұрт «мақтасып, қолпаштап» жат­қанда, едәуір көңілім өсіп қалған-ды. Енді бүгін сол рухани әкемді жоқтап жазу­ды – өзіме ұрпақтық парыз санап, ақ парақпен сырласқанымда бір жағы­нан, үлкен жауапкершілікті сезінсем, екін­ші жағынан, өмір мек­тебіндегі дәс­түр жалғастығы дейтін ата-баба­лары­мыз­дың алтын соқпа­ғына апаратын қил­ы жолда адал еңбек ету жүктелгендей күй кешуде­мін… Ағаймен ресми жиындарда кездескенде сөйлескен кездейсоқ минуттар, арнайы барып сұхбаттасқан сәттер, дастарханда дәмдес болғанда кенеттен туған күлкілі әңгімелер, Ахаң (Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлы) мұра­сын насихаттау шараларында жаса­ған арқалы баяндамалары бәрі-бә­рін, сана сүзгісіне салып, електен өт­кіз­генімде Тұрсекеңнің кескін-кел­беті, ешкімге ұқсамайтын бөлек болмысы көз алдыма «менмұн­далап» тұра қалды. Жақсы адамның бейнесі қандай жарқын болса, «жа­рық­тыққа айналған елесінің» де сондай жарқын болатынын се­зініп отырмын. Тіпті, құлақ түбінен «Ға­сыр саңлағы: А.Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты кітаптың тұсаукесерінде сөйлеген дауысы естілгендей. Жақсы адамның үні де қарлығыңқы шыққанына қарамас­тан, соншалықты жылы, әрі жағымды болады ма деймін. Әлде, бұл рухани әкені аза тұтқаннан туған елес пе екен?! Иә, бала күнімде өмірден өткен әкемді сағынып, көрпе астында анам мен бауыр­­ларыма көрсетпей қыстығып жы­лаған сәт­терде «әке бейнесін» түсімде көруші едім. Бұл тылсым дүниенің құді­ретіне шек бар ма?!

Тұр-сын-бек! Осы үш буыннан тұра­тын бір етістік пен екі атау сөз – ағай­дың бүтін болмысын сөзбен өр­нектегендей! Иә, Тұрсекең есімінің бірін­ші буыны – «Тұр»-дың мәні, оның сө­зіне берік, жасаған ісі қаққан қазық­тай нық екенін паш етеді. Мұны құрбы-құр­дастары, тәрбиесін көрген шәкірт­терінен бөлек, баласындай болып кет­кен студенттері де біледі. Ал екінші буы­ны – «Сын»-ға келетін болсақ, бұл Тұрсекеңнің тірлігінің мәніне айналған өмір­лік ұстанымы екені қазақ қоғамына мәлім. Атадан қалған асыл сөздің сын жанрын – Тұрсекеңсіз, Тұрсекеңді – сын­сыз елес­тету мүмкін емес. Оған дә­лел – «қазақ әдеби сынының тарланы» атануын айтсақ та жеткілікті. Енді соңғы «Бек» буынына келсек, мұның тұзы тіпті жеңіл. Оған ағайдың бозбала күніндегі серілігі мен ел ағасы болған тұстағы мәрттігін, қартайған шағында да тұғырынан түспей, талай жастың той-томалағында сый жасағыш қол-жомарттығы дәлел! Міне, осындай Абыз-Тұрсекеңнің айқара қасиеттері артынан ерген бүгінгі Тұрсынбектер мен қазақтың барша ер-азаматта­рының бойынан табылып жатса, қандай ғанибет десеңізші!

Тұрсынбек ағай тірлігінде мой­нындағы парызды біліп, қазақ қоғамы мен өзінің сүйікті кәсібіне арымен қызмет еткен парасатты жан еді. Абзал ағаның артында қал­ған ұрпағы мен саналы ғұмырын арна­ған әдебиетіне қарыз болып қалма­ғаны да анық. Ахаң атындағы «Саңлақ автор» медалін Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Тұран университетінің ректоры, экономика ғы­лымдарының докторы Рахман Ал­шанұлы Тұрсекеңнің 85 жасына тарту еткенде қуанышымда шек болған жоқ. Бірауыз сөзімді елеген, Ахмет Байтұр­сынұлы мұрасының жанашыры Рахман ағай Алшанұлы­ның да адамгершілігіне тәнті болдым. Бұл марапат – Тұрсекең­нің Алаш мұрасы мен Ахаңның артында қалған тағылым мектебіне деген адалдығының өтеміндей көрінді, ал сол салтанатты жиында «Ұлт болмысы» журналының бас редакторы Гүлжанар Амантайқызы екеуміз сыйлаған порт­ретті Тұрсекеңді соңғы сапарға шы­ға­рып салған қоштасу рәсімінде көр­ге­нім­де көз жасыма тұншығып, абыз-әкемен іштей бақ­ұлдасқан едім.

Өмір мен өлім айқасқан бұл тірлікте адам баласына Алла Тағала­ның бұй­ры­ғымен келетін «ақ өлімнің» орны бөлек деуші еді үлкен кісілер, тіпті оны «той» деп те жататын. Ақ өліммен ақтық са­пар­ға аттанған Тұрсекеңнің екінші мәңгілік өмірі басталғанына жыл болады. Қазақ әдебиеттану ғылымында өзін­дік қолтаңбасын қалдырған Тұр­сынбек ағайдай толық адамның толымды бейнесін жазу – бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың мойнындағы парыз. Қазақ қазақ болғалы, «бабалар мұрасына адал болуды ұрпағына аманат етіп келе жатқан тағылымы мол жұртпыз» деп мақтанамыз ғой. Ендеше, жұрт­тығы­мызға сын келтірмейтіндей келелі істің кескекті жолын көрсеткен Тұрсекеңдей тұлғаның адамдық пен әдебиет күре­сінін­дегі бөлек болмысы алда жазылатын асыл сөздің еншісін­де екені даусыз!

Райхан САХЫБЕКҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,
Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір