«ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТӨРІ – ЕЛБАСЫНЫҢ ТУҒАН ЖЕРІ»
08.07.2016
2735
0

bb19ada91ccf4c42e123c07945942dae«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла»,  – десе хәкім, Ф.Достоевский: «Адам – жұмбақ. Жұмбақты шешу керек. Сол іспен өмірің өтсе, уақытым босқа өтті деме. Мен сол жұмбақтың жауабын іздеп жүрмін, себебі адам болғым келеді», – дейді. Екі данышпан нені меңзеп, кейін­гілерге не айтқысы келді деп тағы ойлай­сың. Пенде атаулының қойма-көкірегін ақтар­ғың келгенімен, оған дәрмен қайсы. Әр адам­ның тағдыры, өмір жолы өзінше жазылған тұтас бір шығармаға ұқсап кетіп жатады. Оны түсініп, өзіңше жауап іздеп жүргеніңмен, қисынын кел­тіре алмай, қиыннан қиыстыра алмай, дал боласың. Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевпен басқа қызметте жүргенде сұхбат­тасқан едік. Енді жаңа қызметке келгенде де дидарласудың сәті түскен. Адам жанына үңіліп, біз де өзімізше жұмбақтың шешуін табуға тырысып көрдік.


01Махаббат БИГЕЛДИЕВ,
Қарасай ауданының әкімі

 

– Елге «әкім» деген сөз мынандай ас­социа­ция береді. Әкім – бастық, оның тұрмысы, жұмысы жақсы. Бірақ әкім жұ­мысының өте ауыр, жауапкершілікті іс екенін толық түсінбейді. Осыны қалай сездіруге болады?

– Бұрынырақ Қарасай ауданы әкімі­нің бірінші орынбасары  кезімде  қырық-елу адамды қабылдайтынмын. Әр адамды жеке-жеке шақырып, хатшыға тіркетіп отырдым. Үш сағат уақытты тек сол жұмысқа арнадым. Тура сол күні әкімді «жер сатушы, шалқайып отырған жан» деп келген әнші Саят Медеуов та іздеп келіпті. Сол қабылдаудан кейін оның да ойы кері өзгергенін ылғи айтады. Демек, адам көзімен көргеніне ғана сенеді. «Көргенімді айтайын ба, есті­ге­нім­ді айтайын ба?» дегенде: «естігеніңде жолдан қосылған дүниелер болуы мүм­кін, көргеніңді айт» деуші еді ғой. Тура сол сияқты адам көргеніне ғана сенеді. Бүгінгі күнгі саяси ахуалға, экономи­ка­лық хәлге қарасаңыз да әкімнің атқара­тын жұмысы көп. Халыққа жер керек! Кім жауап береді? Әкім! Жоғары органдар тапсырма жібереді, соның орындалуы жергілікті әкімдікке тапсырылады. Бізге соңғы он жылда орталықтың жүз функциясын әкелген шығар… Орталық билік пен халықты байланыс­тырып отырған – ауыл әкімі мен аудан әкімі. Егер әкімнің жұмысы жеңіл деген адам болса, жаныма бір апта ертіп жүрейін. Көрсін.

Су жоқ. Жарық жоқ. Кім жауап береді? Оған да басқа біреу емес, жарық беруші мекеме мен әкім жауап береді. Жолға да. Аудан әкімі – жергілікті ат­қа­рушы билік. Міндетіне көп дүние жүк­телген. Ауыл әкімінің беделін көтеру үшін «100 нақты қадам» бойынша көп нәрсе жасалынып жатыр. Әр әкімнің өз есепшоты бар. Салығы өзіне түседі. Бұл да әкімдердің еңбегін бағалау.

–  «Семья» деген газет шығады. Соның журналисі Өзбекстанға барған екен. Жолжазбасында: «Ылғи бір назар желкеңнен қадалып тұрған сияқты сезінесің» деп жазған болатын. Тәшкенттен Мәскеуге жеткеннен кейін ғана өзін еркін сезінгенін айтады. Сонда Өзбекстанда өмір сүру қиын дейді. Еркіндік жоқ. Кейде «демократия жоқ» деген сөз де айтылып қалады. Ал бірақ бізде жаңағы журналист айтқан­дай желкеден қадалып тұрған назар жоқ қой. Соның қадірін шенеунік болсын, қарапайым халық болсын қалай түсініп жатыр. Кейде әкім болсаңыз да, еркін сөйлей аласыз? Рас па?

– Мен азамат ретінде айтайын. Бізде сөз еркіндігі бар. Қазақстан Республика­сының азаматы ретінде сен өз ойыңды ашық айта аласың, мен де. Жазуыңа да болады. Мен – мемлекеттік қызметкер­мін. Осы аудандағы «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасымен.  Менің көзқарасым мемлекетпен мүдделес, партиямен бір. Кім кіммен бірге жүрем, қай партияға кірем десе де өз еркі. Еш­кім­ге тосқауыл жоқ. Билікке қарсы сөз айтып, қара күйе жағып, көшеге плакат ұстап шығатындар бар. Олардың солай көшеге шығуларының өзі  демократия емес пе?! Кез келген адам өз ойын тура, ашық айта алады. Баяғы қысымды, тоталитарлық жүйені көрмеген адам аузына не келсе, соны сөйлейді деп ойлаймын. Кей жерлерде айтамын. Қатты айтып, мүмкін батырып айтып қоятын шығармын.

Алаңға шығып, билікке қарсы сөй­лей­тін шерулер болып жатады. Неге деп көп ойланамын. Менің көзқарасым: Әлихан Бәйменов мемлекттік қызметке көп өзгеріс енгізіп, заманға жақындатты. Мемлекеттік қызметкер екіге бөлінеді: саяси және әкімшілік қызметкер деп. Қазір  аудан әкімі – әкімшілік қызмет­кер. Мен ау­дан әкімі болғаннан кейін «ме­ні саяси қызметкер етсін» деп отыр­ған жоқпын. Мен бе, басқа адам ба, бәрі­бір. Әйтеуір аудан әкімі саяси қыз­меткер болуы керек. Сонда жергілікті билік мықты болады. Сонда халық салмақты түсінеді. Журналистің қала­мын алып алған сияқ­ты дүние ғой бұл.  Әкім беделді болса, ха­лық­тың да көңілі тоқ болар еді. Жергілікті атқарушы билік мықты болса деп ойлайсың…

– Елбасы туған жерде Президенттің мысы, салмағы сезіле ме? Осының ерек­шелігі қалай?

– Кейде облыстың алқа мәжілісінде Қарасай ауданына сын сөз айтылса, жаным шығып кете жаздайды. Осында Мәдениет үйінде үлкен жиналыс жасап: «Қарасай ауданының жаман болуға хақысы жоқ» дедім. Оның артында қан­дай салмақ тұрғанын білесің. Кез келген көрсеткіш төмен болмау керек, тыныш­тық болу керек. Біздің Отанымыздың төрі – Елбасының туған жері. Ал төр қа­шанда салтанатты, құрметті болуы тиіс.

– Елбасы туған жеріне келгенде ең бірінші  қайда ат басын тірейді? Шамал­ған­дағы мешітке Қарасай атаның атын бергенде келген сапарында батырдың суретіне ұзақ қарап тұрыпты. Ол кезде мүфти – Әбсаттар қажы. «Неге суретті төмен са­ла­сың­дар?», – депті. Екейбай деген кісі ха­лық жырын айтып, сөзінің нобайын өкпе айтқанға келтіріпті. Елбасы жұлып ал­ған­дай, қайтара өлеңмен жауап берген. Сонда қарасаңыз, сол кездің өзінде халық­тық тұрғыда жауап тауып кеткені таңғалдырады. Екеуі де ақын емес. Бірақ өлеңмен жауап алысқан…

– Аудан әкімі болғаныма екі ай ғана бол­ды. Елбасы әлі келген жоқ. Бұрын орынбасар, Жамбыл ауданының әкімі болып жүргенімде Елбасының келу үр­ді­сіне көп қатыстым. «Ауылым – алтын бесігім» шарасына келді. Елбасы туған жеріне келгенде ауылдағы музей боп тұрған мектебіне міндетті түрде барады. Сол жерде сыныптастарымен кезігеді. Оның басы-қасында болдым. Шамалған­да қарашаңырағы бар. Сонда барады. Кіндік қаны тамған Үшқоңырға міндетті түрде соғады. Әке-шешесінің басына барып, құран бағыштайды. Елбасының барлық келген сапарына қатыстым деп айта алмаймын, бірақ мен көрген кездің бәрінде зиярат етуден жаңылған емес.

– Сонда өзін қалай ұстайды?

– Өте жылы ұстайды. Әке-шешесінің басында өзін бала сезініп кететін сияқты көрінді.  Ол кезде асықпайды, малшымен де, молдамен де, елмен де еркін сөйлеседі. Ертеректе Серік Үмбетовтің басшы­лығы кезінде зират басында екі рет кездестірдім. Галстуксыз, өте жақын адамың ретінде жақсы сөйлеседі. Ауылды, елді сұрайды. «Сәлем айтыңдар» деп барып машинасына мінеді. Алдыңғы жылы мені қабылдағанда жылылық сездім. Өте тартымды, қызырлы жан, үлкен жүректің иесі екені көрінеді. Өзі­нің жүрегіне жақын жері – Қаскелең мен Шамалғанның үстінен ұшып бара жат­қан­дағы сезімін кітаптарында жазушы еді ғой. Сол сезімі көкте де, жерде де бір сияқты. Мәңгілік махаббатқа ұласқан – перзенттік сезім.

– Адам баласы көптігін істейді. Кейде кісі қадірін білмей жатамыз. Адам бір терінің ішінде кейде толады, кейде солады ғой. Сол кезде ұстанымдар өзгеру ке­рек пе? Осы біреудің қадірін білмей жа­тырмыз ба? Өз қадірімізді де сездіре алмай жүрміз бе?

– «Сабыр берсін бір Аллам, бұлтты болсын күн мейлі, Аман болсаң, Отаның әлі талай гүлдейді.  Солай екен бұл өмір, қолда барда алтынның қадірін пенде білмейді» деп жазып едім Елбасына арнаған әнімізде. Астана күніне орай «Үшқоңыр» фольклорлық-этнография­лық  ән-би ансамблінің тұсауын кестік. Аман Дәуренбаев құрып, Болат Назарбаев қаржылық қолдау көр­сетіп, іске асып жатқан дүние. Сонда айтылған әндегідей, күн бірде бұлтты, бірде жайдары. Сол арада кісі қадіріне жету де қиындап кететін шығар. Жаңағы сұра­ғың ауырлау. Халықтың тағдыры шешілетін кезде Наполеон сияқты бір адам шығады. Наполеон директорияда де­мократияның түкке тұрмайтынын біл­ді. Бүкіл Франция құрып бара жатты. Өзі шығып, басын қатерге тігіп, импера­тор болды. Егер қателессе, басы сол жерде кетер еді. Сондай тәуекелмен би­лікке барды. Қазір демократияны әр­кім әр түрлі түсінеді. Біздің қоғамда жаңа­ғы айтқандай, желкеден қадалып тұрған да ештеңе жоқ. Германиядан адамдар кеп, күні бойы қазақ радиосын тыңдапты. Сонда бір радио қызметкері Германиядан келген адамға: «қанша ақша табасың, қанша үйің бар?», – деп сұраған көрінеді. Анау ашуланып: «Бұн­дай сұрақты еш­қашан қойма. Германия­да үй деген жоқ. Бәрі арендада тұрады. Бұл Мәс­кеулік әдет. Мен онда тұрғым келмейді. Өте ауыр қала. Алматы қандай рахат, мен қалай сөйлеймін, кімге сөйлеймін өзім білем», – депті. Сондағы пейілді көр­мей­сің бе? Кавказдан Сталин уақытында жер аударылып келгендердің үлкендері әлі күнге дейін қазақтан көрген жақсы­лықтарын айтады. Осының бәрін қазір ойласақ, көз­қарас өзгерген. «Болашақ» бағдарла­масы арқылы оқу бітіргендер туралы да әр түрлі көзқарас бар. Ол туралы пікірім­ді кезінде айтқанмын. Жақсы-жаманы бар. Қайдан оқып келсе де, қазақ тілін біл­месе, қазаққа жақсы­лық жасамайды. Цивилизацияға кеткен сайын, суысып барамыз. Бұрын бір үйге нағашысы кіріп бара жатса, жиені шығып бара жататын. Қазір бір үйдің балалары ғана бір-бірі­мен араласады. Туған-туыстың балалары бұрынғыдай аралас-құралас жүр­мейді. Осының бәрі өркениеттің суық жағы сияқты. Осылай айтсаң: «дү­ние­дегіжақсылықты көрмей тұрсың ба?», – деп сөгетіндер де бар. Қалай дегенмен де, осы жағдай бүгінгі қазақтың басында бары рас.

«Қарнымның ашқанына емес, қаді­рім­нің қашқанына жылаймын» депті ғой баяғыда. Біреуге қадіріңді сездірем деп жүргенде, өзің де біреудің қадіріне жете алмай қаласың. Тынышы, кісі жақсылығын ұмытпау – қадірді білу де­ген сол.  Ал сенің жақсылығыңды біреу ескеріп, біреу ескермей жатса, оған айтар өкпе жоқ.

– Горькийдің «Женщина» деген әңгі­ме­сіндегідей біреудің тағдырына алаңдау қазір жоқ. Жаңағы өзіңіз айтқан үлкен­деріміз таулық шешендерге жақсылық жасағанда олардың ертеңі не болады деп,  болашығына алаңдады. Қазір кім кімнің болашағына алаңдап жатыр? Сұхбатта ақылды болған адам, өзі сол айтқанын орындамайды. Бірақ сөзі ақылды… Шынайылықты іздейсің.

– Адам тағдырына алаңдау – қиын. Ақылды боп көрініп, іс жүзінде жоқ болу – оңай. Шынайы болмау – өз болмысыңнан қашу. Қазір эгоизм асқынып бара жатқан сияқты. Швейцарияда өзің үшін өмір сүру деген бар. Бір-екі баладан артық таппайды. Бір жылдары біліктілікті арттыру үшін барып, оқып қайттық. Сол кезде білген жәйттер. Сондағы өлшеммен зейнетке шыққан мемлекеттік қызметкер айына жеті мың доллар алады екен. Әйелі екеуі болса, он төрт мың доллар алады. Ол кезде еуро деген жоқ. Ол елде ата-ана­ның міндеті баласын колледже оқытып, кәмелетке толғанда аяқталады. Сосын әуежайға әкеліп: «мынау сенің төлқұжа­тың, мынау бес мың долларың екі айға жететін. Мына бағыт – Азия, мына ба­ғыт – Еуропа. Қайда барсаң да өзің
біл», – деп, қош айтысады. (Біздікілер баласы өссе, немересін бағады ғой). Содан бала кеткеннен кейін әке-шешесі өздері үшін өмір сүреді. Оған дейін бала бағам деп шетелді араламаған, тауға шықпаған ата-ана қыдырып, елді аралайды. Солай бір жерде өліп, сүйегі айдалада қалады. Баласы әке-шешесінің сүйе­гін сирек табады екен. Сол бала қай­тып кеп, тура солай бала тәрбиелеп, қай­­та ұшырып жатады. Не деген суық­тық. Сондай жат дүниелер келе жатыр ма деп алаңдаймын. Баяғыда біреу әке­сін қарт­тар үйіне өткізіп жіберіп, ауылда гу-гу сөз жүріп, масқара болған. Талды­қорғанда жұмыс істегенде Теке­лідегі қарттар үйіне барсам, толған қа­зақ­­тар. «Жағдайымыз жақсы. Осы жер рахат», – дейді. Ата-анаға құрмет, бала-ша­ға­ға ізет азайып кетті ме деп қорқа­мын.

– Бізде бір жөнсіздіктерді көрсе, бәрін Елбасына жабады. Сондай бір психология қалыптасқан. Дүниежүзінде бұндай жоқ екен. Бұл Абай айтқан – «тағдырдан келген зұлым». Тағдырыңа ие бола алмай, біреуден көрудің тоқтауы бола ма?

– Ол үшін сана керек шығар. Елбасы­ның қызметі қаншалықты ауыр екенін осындайда аңғарасың. Өмірде жолы болмаса да Елбасы кінәлі ме?! Бірінші президент туралы заң бар. Түбінде әркім өз жүгін өзі көтеруі керек. Англияда екі нәрсеге тіл тигізуге болмайды. Құдайға, сосын патшайымға. Әркімнің сәтсізді­гіне Елбасы кінәлі емес қой. Өзінің өмі­рі­не өкпелі адамдар, жолы болмаған жан­дар біреуді кінәлағыш келетіні өмірден белгілі емес пе?! Оларға зор түсінушілік­пен қараған дұрыс.

– «Астана қай жерге ауысса, сол жер рухани эпицентр болады» деген сөз айтылатын. Қазір бізде рухани эпицентр жоқ сияқты. Өнердің жауапкершілігін қалай сезінесіз? Әкімдер бірдеңе жазғанды оп-оңай көретін сияқты.

– Әкімдердің жауап беретін міндеті көп. Оның ішінде өнер мен мәдениет саласы бар. Ансамбль құрып жатырмыз дедік. Бұл сөзім өнер саласын басқарып жүрген кісілерге тиіп кетуі мүмкін. Бі­рақ Қарасай ауданында мықты әнші, домбырашы жоқ екен. Қобызшы, домбырашысы бар, он төрт-он бес адам та­байық деп едік, таба алмадық. Осы жер­­ден өнер колледжі болса да, жергі­лікті тұрғындар­дың ішінде жоқ екен. Ән өнерінде Жетісу, Сыр, Арқа, Батыс ән мектебі бар. Қазақстанда Арқа мен Батыс ән мектебі дамыған екен. Ансамбль­дегі домбырашылар мен қобызшылар – Батыстікі. Әнші, бишілер – Арқанікі. Жетісу мектебінің де әнші, күйшілері осындай көп болса дейсің. Рамазан Стамғазиев, Ләззат Жанаманованың шәкірттері, Дәнеш Рақышев мектебінің түлектері­ қала­да ғана емес, аудан, ауылдарда да өнерін жұртқа шашса деп ойлаймын. Ұлжан Айнақұловадан кейін «Майтө­бені» жақсы айтатын әнші болса. Өнер ордасын басқаратын басшы қай жерден болса, сол жақтың шәкірттері көбейіп кетеді. Бұл шындық сөз. Ешқан­дай айыптау емес. Баяғыда Ақан Әбду­әли, Ержан Қосбармақов, Саят Медеуовтарды көшеден ән айтқызып тауып алмап па еді?! Қазір ондай әнші іздеп жүрген ешкім жоқ.

– Халық: «Тура биде туған жоқ, туған­ды биде иман жоқ» дейді. Абай: «Алашқа сырты күліп, іші жау боп» деген сөзді айтады. Кез келген адамда кінә бар. Түбі осылай кете беретін болсақ, қайда барамыз. Ертең қандай жағдай болады? Елдің айрандай ұюына әкімдер гарант болуы керек пе?

– Мемлекеттік қызметкер елге, Елбасына адал қызмет ету керек. Қазір біздің гарантымыз – Елбасы. Болашаққа жасалған нақты қадамдардың бәрі елдің игілігі үшін. Осыған дейін де небір асулардан өтіп келе жатқан Елбасы сол жеңістердің бәріне халықпен бірге жетті. Қазақ елінің қолдауымен қиын­дық­ты еңсерді.  Алдағы мақсатымыз да ендігі қиындықтарға сабырмен төтеп беріп, жеңімпаз болып шығу. Халық – тура би. Тура би имансыздыққа бармайды. «Сырты күліп, іші жау боп» тұрған жандардың бәріне әділ бағасын беретін – халық. «Тарих түбі ақиқатқа жету үшін жазылады» деген сөзді айтқан мен емес. Кеңес заманында арғы тарихымызды оқымасақ та, бүгін ақиқатқа көзіміз жетті. Өйткені, сондағы әділетсіздіктер­дің бәрі хат бетіне түскен еді. Сол сияқты тарихтың бұл сабағы ертеңге де ұласады. Елдің тыныштығына Елбасы жолы, сол жолмен жүрген азаматтар гарант болады деп ойлаймын. «Нұрлы жолдың» жемі­сін, игілігін көретін уақыт алыс емес.

– Қызметтің өрі мен ылдиы болады. Облыс басшысының бірінші орынбасары қызметінен ауданға қайта келуіңіз сізге қаншалықты әсер етті? Бұл төмендеу ме? Мемлекеттік қызметкердің сапалық құрамы жағынан қарағанда жоғарылау емес. Үйренгеніңіз, тапқан олжаңыз бар ма?

– Қарасай ауданына әкім боп тек жоғары жақтың келісімімен келеді. Бұ­рын­ғы әкім Аман Дәуренбаевтың бас­шылы­ғымен аудан бес жылда жақсы жетістікке жетіпті. Салықтың түсімін он миллиардқа өсіріпті. Бұл – үлкен көр­сеткіш. Облыста екі аудан датация алмай, өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Ол Қарасай ауданы мен Іле ауданы. Біз­дің ауданның облыстағы салмағы бөлек.

Облыс басшысы Амандық Баталовтан екі жылда көп нәрсе үйрендім. Қа­тал­дық­ты да, жұмыс істеуді де, жасаған ісіңді елге көрсете білуді де. Жұмысыңды  көрсете білу де – өнер. Ол да Үмбетовтен, Құлмахановтан тәлім алған.

Облыстағы екінші адамнан ауданға түсу, әрине, төмендеу. Бірақ абырой қызметпен бірге жоғарылап, төменде­мей­ді. Абырой сенің өз басыңдағы қасие­тіңе байланысты ғана өзгереді. Біз мемлекет үшін жауынгер сияқтымыз. Қолбасшыға бағынамыз. Қайда қызмет етсем де, елге, Елбасына адал қызмет ету – мен үшін бақыт. «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл!» деген Шәкәрім қажының ақ өсиетіндегі адамдық борышымды, азаматтық парызымды ұмыт­пауға тырысамын.

Президент туған топырақтың тізгі­нін ұстау үлкен жауапкершілікті жүк­тейді. Оны да жақсы сезінемін.

– Астана күнінде Еліңіз бен Елбасына не тілейсіз?

– Алтын бесік – Қазақстанымыз гүл­дене берсін. Ел ішінде татулық, бе­реке-ырыс болсын. Құдай мемлеке­темізге әр істің қайырын берсін. Асан қай­ғы жерұйықты іздегенде бүкіл қазақ­тың даласын кезіп шықпай ма? Жер­ұйығы­мыз аман болсын! Елбасының ішкі және сыртқы саясатына жақсылық тілеймін. Баяғыда бір ғұлама: «Құдай алдында қандай дұғаның қабыл болатынын білсем, сол дұғамды мемлекет басшысы үшін жасар едім» деген екен.

Ел тыныштығы, ағайын татулығы бүгінгі күні біз үшін бұрынғы кездерден де маңыздырақ. Жақсылық мол бол­ғай!

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір