БАБАЛАР АҢСАҒАН ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА
08.07.2016
2258
0

hazrat_sultan_mosqueАстанамызды Алатаудың баурайындағы ару Алматыдан Сарыарқадағы жазық далалы Ақмола өңіріне көшіреміз дегенде – о баста көпшілік үрке қараған. Небәрі 270 мың халқы бар, жылдық бюджеті 8 миллиард теңге, азынап тұратын желі бір саябыр таппайтын шағын қаланың болашағына жұрттың сенімінен күдігі басым еді өйткені. Тіпті, жаңа астананың бас жоспарын жасаған жапондық сәулетші Кисе Курокаваның өзі қала тұрғындарының саны бір миллионға 2030 жылы ғана барып қалар деп жорамалдаған. Көкейдегі күдік пен көңілдегі алаңның қарасы да қалмаған бүгінгі күні Астана жұрты миллионыншы тұрғынының кіндігін кесіп, миллиондар қаласы атанды. Осыдан он сегіз жыл бұрын әлем алдында тұсауы кесілген Тәуелсіз еліміздің бас қаласы қазір әлем назарындағы сәулеті келісті, ықпалы маңызды орталыққа айналып үлгерген. Азаттығымыз бен қазақтығымыздың ерекше символындай болған Елордамыздың айтулы мерекесіне орай түрлі маман иелері өзінің Астанасы туралы ой-толғамдарын ортаға салды.


74512Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қытайтану кафедрасының меңгерушісі

ЖАҢА ДӘУІРДІҢ СИМВОЛЫ

– БАҚ құралдарында тәуелсіз Қазақстан Республикасы астанасының Сарыарқа төсіне көшірілуін географиялық тұрғыдан түсіндіру басымдау. Меніңше, жаңа астананың салынуы – қазақ өмірінің, Қазақстан тарихының жаңа дауірге (эпоха) қадам басқанының символы болып табылады. Сондықтан мен Еліміздің астанасын Ақмоладан жаңаша тұрпатта салу шешімін тарихи даналық деп бағалар едім.

Астана қала инфрақұрылымдарының қарқынды дамуы – жаңа дәуірдегі Қазақстанның әлеуметтік өрлеуінің жарқын көрінісі, жиырма жылға жетпейтін уақыт ішінде Астана мемлекетіміздің саяси-әкімшілік, ғылыми білім беру, мәдени-спорт, бизнес-сауда орталығы болып қалыптасумен қатар, Еуразияның апайтөсіндегі халықаралық саяси-дипломатиялық, мәдени-қаржы мегаполис ретінде әлемге кеңінен танымал болғанын өмірдің өзі көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда Астана ел астанасы ретінде ұлттың болашағына қатысты заң-жарлықтар, әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары, мемлекеттік стратегиялық шешімдер қабылданатын, басқаша айтқанда халықтың тағдыр-талайын белгілейтін тылсым да қастерлі қала болып қалыптасты. Сондықтан елдің іші-сыртындағы саясаттанушылар келелі мәселелерде «Астанаға» сілтеме жасауды әдетке айналдырды. Әрине, бұл барлық елге ортақ құбылыс. Дегенмен, басқалардан айырмашылығы – Астана жаңа салынғандықтан және салыну үдерісінде қала болғандықтан, әлеуметтік сұранысқа сай аймақтардағы қарапайым қазақстандықтардың, әсіресе, жай қазақтардың Астананың тұрғыны болуына тарихи мүмкіндік тудырды. Сонымен астаналық тұрғындардың этникалық құрамы түбегейлі өзгеріп, қала мәдениетінің ұлттық түсі айшықтала түсті. Әрине, Ел астанасында сол елдің тұлға ұлтының (титулдық ұлттың) тұрғындары көпшілікке айналмайынша, мемлекеттің ұлттық мәдени сипаты анықталмайды.

Астана тұрғындарында қазірдің өзінде «астаналықпыз» деген мақтаныш сезім мен өрлік көңіл-күй қалыптаса бастағаны байқалады. Бұл – қалыпты әрі құптарлық жағдай. Өйткені, Астана тұрғындарының тұрмыстық абзалдығы мен мәдени-рухани деңгейі өзге қалалардан биік болуға тиісті. Себебі, әр елдің астаналары саяси мәдениетті ғана емес, рухани өркениетті қалыптастырушы, таратушы, әрі үлгі-өнеге көрсету миссиясын атқаратын «ақылды қала» болып саналады.

«Ақылды қала» демекші, астанамыз Астана өзінің тәуелсіздігін қайта алған жас мемлекеттің жаңа қаласы болуына қарамастан, әлемдік проблемаларды шешуге, жаһандық жағдайды реттеуде ұлы елдердің ескі астаналарының дәті бармайтын ауыр миссияларды атқаруға айрықша  белсенділік танытып, халықаралық  танымалдылығын жоғарылатып келеді. Бұған жұмсаған қаржылық, моральдық бодаудың да қайтарылымы көңіл куантады. Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып қабылданды. Дегенмен, Астанамыз Ата Заңымыздағы мемлекеттік тіл туралы заңды жүзеге асыруда өз миссиясын толыққанды орындай алмай отырғаны адамды қынжылтады. Мемлекеттік тіл жай ғана қатынас құралы емес, ол мемлекеттік стратегиялық маңызы бар маңызды саясат. Сондықтан Астанаға осы салада басқа елдің астанасымен теңелсе шіркін деген тілегіміз бар екенін айтқымыз келеді.


Т. ДорбетханДөрбетхан ТІЛЕУБЕК,
саясаттанушы

ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТТІ ЖАНДАНДЫРҒАН ОРДА

– Астана – түрлі ұлттар мен ұлыстардың достығын насихаттайтын, Шығыс пен Батысты үйлестіретін мәдениет пен дін, кон­фес­сияаралық құндылықтардың өзара түсіністік, рухани және төзім­ді­лік философиясының үлгісі. Қазір Астана мемлекетіміздің ст­ратегиялық дамуының концептуальды жүйесіне құрылған, ата-бабаларымыздың арман-мұраттарының белесі сипатты. Қазақстан мемлекеті өз тәуелсіздігін алғаннан бастап мемлекеттің тұтастығы мен саяси-экономикалық, құқықтық құндылықтарын дамытумен қатар, әлемдік өркениеттер деңгейіне жеткізу мүддесіне талпынып келеді. Бүгінде Астана Қазақстанның, оның ішінде қазақ ұлтының ұлт­тық мәртебесін арттыратын «бейбітшілік пен татулықтың» прин­ципіне негізделген түрлі конфессияаралық қарым-қаты­нас­тардың кеңістігіне айналды.

Астана – елдіктің, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың символы. Әлемдік саясаткерлер мен көшбасшыларының бірегей ұсы­ныстары мен пікірлерін тоғыстырған, өзара түсіністік пен құр­мет­тің ордасына айналды. Астана астана болғалы Еуразия кіндігінде жаңа кеңістік ашылды. Ол кеңістік – қазақтың ұлттық болмысын, тө­зімділігі мен бейбітсүйгіштігін танытатын, мәдениетаралық қа­ты­настар мен өркениеттер тоғысының жаңа стратегиялық аумағы.

Астана геосаяси, экологиялық және экономикалық, сондай-ақ, әлеу­меттік мәселелерге жаңа серпін бере отырып, кез келген күр­делі мәселелерді адамзат мүддесі үшін «бір үстел» үстінде шешуге болатынын көрсетті. Астанада әлемдік діндердің тоғысуы, әлемдік саяси-экономикалық мәселелердің Астана төрінде талқылануы, БҰҰ мінберінде халықаралық денгейде ұсыныстар мен пікірлер айту­мен қатар, терроризммен кү­рес, қарусыздану идеяларын ұсы­нуы өз деңгейінде тиісті мис­сия­сын атқарып келе жатқа­ны­н дә­лелдеді. Бұл өз кезегінде Қа­зақ­­станның, оның ішінде қа­зақ хал­­қының, оның Елбасының бе­­делі мен халықаралық мәс­е­ле­лер­дегі белсенділігінің көрінісі.

Астананың ЕҚЫҰ-ның сам­ми­тіне төрағалық етуі, Ислам Кон­ференциясы ұйымына төра­ға­­лығы, басқа да әлемдік деңгей­де­гі мәселелерге бастамалық етуі, форумд­ар ұйымдастыру, тағы да басқа түйткілді ғаламдық мә­се­лелерді дөңгелек үстел басында келісу арқылы шешу Қа­зақ­стан үшін нағыз абыройлы іс. Даулы мәселелерді өзара келісу арқы­лы, жүйелі сөзге тоқтау арқылы шешетін қазақтың дәстүрлі мәде­ние­тінің маңызы өркениет деңгейінде де үлкен орынға ие бол­ды.

Астана әлемдік өркениеттер тоғысында, бүгінгі күннің барлық са­ласын қамтыған жаһандану кезеңінде өмірлік қана емес, өзекті мә­селеге айналған болашақ үшін маңызды мәселелердің қоз­ғау­шысы. Ол Қазақстанды, оның түбірлі халқы – қазақ халқының әлем­дік деңгейде танылуы мен өркендеуінің кепілі.

Нақтырақ айтқанда, Астана өркениеттер, мәдениеттер мен кон­фессиялар, мемлекеттер аралық өзара келісімдердің қа­лып­тасуы мен орнығуына, мақсаттар мен мүдделердің ортақтығына жол салды.


ГулжазираГүлжазира ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ДАЛАЛЫҚ  ДҮНИЕТАНЫМНЫҢ ҚАЙТА ОРАЛУЫ

– Астана – талай  зерттеушілердің  ықыласын  туғызған сан қырлы феномен. Қат-қабат астары мол Астана феноменінің өзегі тарихы терең қазақ  мемлекеттігінің нышаны, қазақтың  төл  болмысы, қазақ ұлтының жасампаздық келбеті болуы тиіс және солай болып та жатыр.

Еуразияның кіндігінде жаһандық топтасудың һәм ауқымды интеграцияның инициаторы ретінде бейбітшілік пен келісім, татулық пен бірлікті темірқазық еткен Астана 18 жылдық тарихында жан-жағымыздағы алпауыт мемлекеттердің геосаяси орталықтар белдеуінде өзіндік қолтаңбасымен айшықталды. Ақорда әлемдік саяси ой-пікірлерге, саяси шешімдерге өзіндік даусымен, жаңаша серпінмен ықпал аясын барған сайын кеңейтіп келеді. Әлемде астана болғалы өте қысқа мерзімде дәл осы Астана секілді мәшһүр болып үлгерген орталықтар жоқ та шығар. Астананың әлемге беделді саяси орталыққа айналуының тарихи негізі бар. Мәселен, Ресейдің Василий Барщевский деген сарапшысы еңсе тіктеп келе жатқан Қазақстанды Алтын Орданың қайта жаңғыруымен, ал Астананы – Сарай қаласының қайта гүлденуімен байланыстырады. Ол «Мәскеу – үшінші Рим» деген қағидаға ұқсас «Астана – үшінші Сарай» деген тұжырым жасайды. Посткеңестік елдер тарихында кеңістік пен аймақтағы қайта құрылымдау, ел орталығын ауыстыру бағытында Президент Н.Ә.Назарбаевтай батыл қадамға ешкім тәуекел етпепті. КСРО елдерінің ішінде астана ауыстырған да жалғыз Қазақстан. Астананың ауысуы – ең алдымен Тәуелсіз елімізге тарихи «Мен» идеясының, далалық дүниетанымның қайта оралуы деп ұғынған жөн.

Астана идеясы – жалпыұлттық идеологияның жол бастаушысы. Бұған дейін астықты өңір мәртебесі бар Астана жобасы соңғы
18 жылдың бедерінде жалпыұлттық идеологияның құрамдас бөлігіне айналды. Астана идеясының мәні – отарсыздануға жасалған бетбұрыс, қазақтануға бағытталған ұлы көш еді. Осының арқасында мемлекет құраушы ұлтқа кең мүмкіндіктер туып, орысы көп Арқада ұлттық идеология үстемдік алып, сан жылдар сіресіп қалған құлдық сананың көбесі сөгіле бастады. Сондықтан Астана елорда болғалы Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында өрлеу басталды деуге толық негіз бар.

Сонымен Астана идеясы қазаққа не берді? Біріншіден, Астана ауыстыру тоң болып қатқан қоғамдық санаға қозғау салды, бітеу бұлақтың көзін ашты; екіншіден, ұлттың бойындағы жасампаздық потенциалын жүзеге асыруға мүмкіндік берді; үшіншіден, елордамыз теріскей мен күнгейдегі Ресей мен Қытайдың қыспағынан қауіпсіз аймаққа ту тігіп, тепе-теңдік сақтауға алғышарт жасады; төртіншіден, қалың қазақтың көшін орысы басым солтүстікке бұру арқылы елдің тұтастығы бекемделіп, Арқа өңірі қазақтана түсті; бесіншіден, жаңа Тәуелсіз Қазақстанның элитасы қалыптасып, топтаса бастады; алтыншыдан, Қазақстанның Тәуелсіз менталитетін, жаңа өмір салтын қалыптастырды. Жетіншіден, Астана – бүкіл елдің экономикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени дамуының ұйытқысы, алға сүйрейтін локомотивіне айналды. Аймақтар Астанаға қарап бой түзейтін болды, ал мәдени-қаржылық орталық Алматымен бәсекелестік орта түзді. Қос шаһардың бәсекелестігін – дамудың алғышарты деуге әбден болады.

Бір қызығы, елордамыздың ешбір елдің қаласына ұқсамайтын ерекше сәулеті аз ғана уақыт ішінде бой көтергендігі, саяси элитаның қаласына айналғаны өзімізге ғана емес, өзгелерге, тіпті өркениеті жоғары елдерге де таңсық деуге болады. Анау-мынауға мойын бұра бермейтін британдық ВВС телекомпаниясының Астана туралы деректі фильм түсіруі – соның айқын дәлелі дер едім.

Астана республиканың ұлттық ерекшелігімен ғана емес, сонымен бірге, өзінің әлемге айқара ашықтығымен және жаңашылдықты қабылдауға бейімділігімен де таңдандырып отыр.

Астананың өркендеуімен бірге мемлекеттігіміздің негізі нығайып, әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделі артып келеді. Өйткені, екеуі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Астананың алыс-жақын көкжиектегі басты миссиясы – айбарлы, салауатты һәм сауатты қазақ ұлтының бар арманын өмір шындығына айналдыру деп білемін.


Ауесбайдын КанатыҚанат ӘУЕСБАЙ,
журналист

АСТАНА ТУРАЛЫ ЖЕТІ ПАЙЫМ НЕМЕСЕ ЕЛОРДА ТҰРҒЫНЫНЫҢ КӨЗІМЕН

– Осы уақытқа дейін Алаштың үш астанасының тұрғыны болдым десем, шындықтан қағыс кетпеймін. Бұл, бір жағынан, бақыт та шығар. Туып-өскен жерім – Қарахан мемлекетінің астанасы болған Тараз қаласы. Ал­ма­тыдағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алып, қызмет жолын бастап, тұлға есебінде қалыптастым. Ал қазіргі бас шаһарымыз – Астанаға «орда бұзар отызымызда» қоныс аудардық. Қош! Осында тұрған төрт жыл ішінде қала тұр­ғыны ретінде менің елорда туралы білген-түйген өзіндік көзқарасым, яки өз пайымым қалыптасты. Астана күні қарсаңында солармен бөлісуді жөн санадым.

Бірінші пайым. Астана – өсудің, өркендеудің қаласы. «Өсіп-өніп, өрлеп жатқан қаланы көрген адамның өзі де өсуге талпынады» деп айтқан қоғам қайраткері Азаматхан Әміртайдың сөзі бар еді. Рас сөз ғой. Астанамыздың қай қиы­рына көз салмаңыз, бүгінде әр салада, әр ба­ғытта дамудың лебі еседі. Инновация, IT-технология және осы күні жиі айтылатын сәнге айналған сөз креатившілдіктің иісі сезіледі мұнда. «Ақылды үйіңнен» (smart city) көшеге шығып, «Astana bike» желісіндегі белсебетіңе отырып, көп салалы «коворкинг орталығына» (coworking center) барып, интернеттен e-gov жүйесі арқылы барлық шаруаң­ды бітіріп, кешкісін «uber» желісі ар­қылы шақырылған таксиге отырып, жөніңе кете бардым» деп айтсаң, бұл аталғандардан мақұрым, тиісін­ше ол туралы  алғаш естіген адам ас­паннан түскендей мең-зең күй ке­шері анық. Алаштың астанасының қазіргі келбеті осы таңсық сөздермен етене матасып кеткен. Заманауи астананың бұл игіліктері әзірге аста­наға ғана тән болғанымен, жыл сайын барша өңірге ортақ боларына күмән жоқ. Өйткені, замананың даму көші соған жетелейді. 1997 жылы Елбасы ас­та­наны Ақмолаға көшіргендегі аңсары, ар­маны осы мақсатқа ынтық еді: Еуразия жүре­гіндегі сәулетті шаһар әлемдік тех­нологияның соңғы жетістіктерін өн бойына қапысыз жинаған модерн қалаға айналдыру. Арада 19 жыл өтті. Елбасының елордаға теліген сол мақсат, сол аңсары іс жүзінде орындалып та жатыр.

Екінші пайым. Астана – байрағы мәңгілік жел­біреп тұрар қала. Елордаға қоныс аударған соңғы төрт жылдың ішінде бірден байқалатыны, Астананың қай мекемесінің үстіне қондырылған ту қашан да желбіреп тұрады. Әлбетте, қысы-жазы арлы-берлі уілдеп бір толастамайтын әйгілі арқа желінің арқасында тыстағы туымыз қай жерде болмасын жазылып, лайым желбіреп тұратыны әдеттегі заңдылық. Бұл түсінікті де. Елордадағы желдің орташа жылдамдығы 3,8 м/с. Бұл еліміздің өзге қалаларындағы желдің жылдамдығымен салыстырғанда әлдеқайда көбірек. Матасын арқа желі өпкен қазақ байрағының желбірер ғұмыры мәңгілік болсын ендеше.

Үшінші пайым. Қолшатырсыз  Астана. Елордаға жаңбырлы күні келген адамның бірден байқайтыны, мұнда қолшатыр ұстаған адам жоқтың қасы. Мүлдем жоқ демейміз, тек қолшатырмен жүрген жанның қарасы аз. Себебі айдан анық. Елордада жауған жауын селдіреп сирек жауады. Жау­ғанының өзі жел тұра қалса тамшылары бәрібір үсті-басыңа себелейді. Яғни қолшатырды ұста­ған­ның тиімділігі жоқ мұнда. Әлбетте, астана­лық­тар қол­шатырды мүлдем ұстамайды деуден аулақ­пыз. Мәселен, шілде мол ішіне кірген ми қай­натар ыстықта елордалықтар қолшатырды басын күннен көлегейлеу үшін ұстайтыны бар.

Төртінші пайым. Астанада қысқа әрі нұсқа сөйлеуге үйренесің. Мұның себебін, елор­да күн райының суығынан іздеген жөн.  Білуімізше, Астана әлемнің ең суық аста­насы. Дәлірегі, Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласынан кейінгісі екен. Мұндағы ең суық минустық температура екі ғасыр бұрын 1893 жылы 5 қаңтарда тіркеліпті. Сол жылы термометр шкаласы – 51 градусты көрсеткен. Күн райының қаталдығы адамдарды жұмыр сөйлеп, қысқа жауап қатуға икемдейтін сияқты. Әсіресе, тыста. Көшеде жүрген жаяу жүргіншіден бағыт сілтеп жіберуді сұрасаң, күннің суығында шұғыл әрі шолақ жауап бермегенде қайтсін? Әйтпегенде, тоңып қалады ғой. Алайда, күн райының суықтығы тұрғындарының да пейіл-ниеті салқын дегенді білдірмесе керек-ті. Бастысы, Астанада аз да саз сөйлеу дағдыға айналады.

Бесінші пайым. Астана – қазақ телевизиясының жаңа тарихи парағын ашқан шаһар. Қазақ телевизиясының айшықты, тарихи кезеңі елордамен байланысты деуге толық негіз бар. Себебі, ұлттық арнамыз тек мемлекеттік тілдегі хабарларын осы Астанадан тарата бастады. Алматыдағы мемлекеттік телеарналар Астанаға көш бастады. Кабельдік жүйеде тарайтын «Балапан», «Білім және Мәдениет», «Қазспорт»,
«24.kz» сынды телеарналар да елордамызда ашылды. Ендеше Астана қазақ теле­визиясындағы жаңа дәуірдің куәгері, тың өзгерістердің бастамашысы деп білемін. Осыны ойлағанда қаламызда «Егемен Қазақстан» газеті» көшесі деген сияқты «қазақ телеарнасы» көшесі ашылса да артық емес деп санаймын.

Алтыншы пайым. Астана – қарақаттың қаласы. Елордаға алғаш келгенде бай-қағаным, Астананың әр тарабында бей-берекет өскен жабайы қарақат өскіндерінің көп­тігі. Тіпті, гүлдеп, жидек беретіндері де баршылық. Олар мұнда қайдан келді? Кім отырғызды? Мен үшін әзірге жұмбақ. Қалай болғанда да кезінде Алматыдағы апор­­ты көшеге төгілген шаһардың сықпыты сияқты Астанада да қарақаттың кө­шет­терінен моншақтай үзіліп тұрған жидектері самсап тұрса, ғанибеті сол емес пе? де­ген ойға қалдым. Ендеше бұдан былай қарақат көшеттерін көбейткеннің артығы жоқ, меніңше. Қарақат бәйтерек сияқты Астананың тағы да бір символына айналса, нұр үстіне нұр ғой. Символдың көптігі артықтық етпейді. Мәселен, Ұлыбритания король­дігінің Бигбэн, екі қабатты қызыл автобус, пошта жәшігі, қызыл телефон будкасы сынды бір емес, бірнеше нышаны бар. Сол тұрғыдан алғанда қарақат та аста­намыздың айшықты  нышанына айналса, қос қолдап құптарлық емес пе?

Жетінші пайым. Астана қарсы алу мен шығарып салушылар қаласы. Еліміздің бас қа­ласы болғасын мұнда Қазақстанның және шетелдің әр түкпірінен келетін мей­мандардың қарасы көп. Тиісінше, оларды қарсы алып, шығарып салған астаналықтар бұл қызметіне еш бұлданбайды, қиынсынбайды да. Келген қонаққа қаланы аралатып, таныстырудан жалықпайды. Осылайша астаналықтар өздерінің қоғамдық негіздегі әуесқой «гид» жұмысын атқарып жүргенін аңғармауы да мүмкін. Әрбір астаналықтың жұмыс күндермен қоса, сенбі, жексенбідегі белгілі бір уақыты қарсы алып, шығарып салу­ға жұмсалады.

Түйіндей айтсам, өз басым Астананың келешегін қазіргіден абаттанған, шаң-то­заңнан арылған, жасыл желекке оранған, көлік кептелісінен тазарған, қала тұрғындары «астаналық» мәртебесіне сай мәдениетін сақтаған, жүздері күлімсіреген, думаны бітпеген, базары тарқамаған, өзіндік астаналық дәстүрі қалыптасқан, жастарының жүздері  балбұл жанған, қазына қариялары қауқылдасқан шаһар ретінде көргім келеді. Бұл қазір де жоқ емес. Бірақ болған үстіне бола түссе деген тілек бар. Елбасының басты қолтаңбасына айналған елорда әлемдегі ең дамыған мегаполиске айналып келеді. Қуантарлығы сол.

Дайындаған Айнара АШАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір