НАР ТӘУЕКЕЛ КӨРЕЙІН САМҒАП БИІК…
08.07.2016
2078
0

IMG_7981Нұрхан СҰЛТАНБАЙҰЛЫ

 

ШАБЫТТЫ ШАҚ

Ақынның бақ жұлдызы – шабытты шақ,

Онсыз оған ашардай табыт құшақ.

Өлеңі өр серпейді ой-теңізде,

Толқынмен жағаласқан балық құсап.

 

Көк теңіздей көңілдің төккен шері,

Жағасында жауратып көктем желі.

Толқынды иірімдер тартып ішке

Санамда сабылысты-ау көптен бері.

 

Санамда сан бір ойлар сабылысқан,

Пырақтай тым шалғайға алып ұшқан.

Бір шетіне шығайын есен-аман

Хақ Тағала сақтай көр жаңылыстан.

 

Қарындаштай ақын тұр арын ұштап,

Хақ Тағала сақтай көр жаңылыстан.

Нар тәуекел көрейін самғап биік,

Ақ сұңқардай аспанды жарып ұшқан.

 

Ұшып барам, қай әлемге мекендеймін,

Қай әлем жағдайына етер бейім?

Күндерге қош айттым ба шыныменен,

Мес қарын қой торымен тепеңдейтін.

 

Ұшып барам, қай жерге қонар екем,

Қай мекен өз үйімдей болар екен?

Бақыттан шын айналып басым менің

Құшағым алуан гүлге толар ма екен?

 

Ақынның бақ жұлдызы – шабытты шақ,

Онсыз оған ашардай табыт құшақ.

Өлеңі өр серпейді ой-теңізде,

Толқынмен жағаласқан балық құсап.

 

ШАҢ…

Кеудемді бара жатыр дүбір кернеп,

Көктем келіп қалды ма гүлін зерлеп.

Өмір!

Өмір!

Тайталас таңғажайып,

Біреу ертең, ал біреу бүгін жеңбек.

 

Япырмай, жалған шаттық, жалған үміт,

Қылымсып шыға келед алдан күліп.

Мәңгілікке сөнбестей пәни шамы,

Дүние-жалған әрнеге алдандырып.

 

Алдандырып таң атып, күн батады,

Алдау менен арбалар қымбат арың.

Қуаныш пен қайғысы қатарласып

Қатарласып біздерге тіл қатады.

 

Мың түлеп,

Мың жүдеген далам жұттан,

Амалсыздан харам жеп,

Харам жұтқан.

Баласы сүйіншілеп, өмірге кеп,

Анасын жерлеп қайттық мазарлыққа.

 

Кеудемде шаң шұбатқан қандай дүбір,

Құлақта байғыз құстың зарлайды үні.

Талай қасқа-жайсаңдар алып кетті-ау,

Бақиға өздерімен жан-қайғыны.

 

Ақиқат неткен алыс, ардай тұнық,

Сабырлыға жетпей ме таңдай күліп.

Өмірден өткенін де сезбей қалар

«Дүние!» деп жүргенде алмай тыным.

 

Зырлайды таң, тағы да зырлайды күн,

Қауашағын ашар гүл алмай тыным.

Домбыра, сыбызғы мен қобыз болып,

Жетті үні кешегі зар-қайғының.

 

Кім көтерсін өмірдің тынбай жүгін,

Таусылмас Сырдария – сырнайлы жыр.

Өтеді екен бұл жалған да бықсып-жанып

Қуыршақ махаббат,

Қурай-ғұмыр.

 

Шабыт!

Шабыт!

Шарқ ұрып самғады ерек.

Өмір саған өтейін арнап өлең.

Мың арғымақ кеудемде салды дүбір,

Әз жанымның аспанын шаңға бөлеп.

 

ТҮП ТАМЫР

Таң қаламыз биікке бой таласқан көкпенен,

Жеткізбейді-ау көңіл деген көк дөнен.

Биік шыңда талай батыр жер құшты,

Төбешіктен атылған бір оқпенен.

 

Биік,

Биік!

Пана ма ықтағанға,

Қараған әр биікке жұрт таңғала.

Тау келбетін кескіндеп тұр дейсің бе,

Шың басында шілдеде құрттаған қар.

 

Биіктерден бұлбұлдар сайрап бітті…

Уәдеге болды жыл, айлар жүкті.

Тау басынан құлаған тасқа бықпай,

Шыдаған не бар екен сайдан мықты?

 

Ойлы көзбен жүрсеңіз барлап нағыз,

Жер-анаға айтқан ба арнап алғыс?

Бұтағы көк арманның дірілдейді,

Бұтағына қонғанда бармақтай құс.

 

Айналған жер бетінің алыбына,

Осылай алыптардың халмына.

Қайыспас қасиеті қара еменнің –

Тереңге тебіндеген тамырында.

 

Топырағым бар нәрін иіп берген,

Қаңсырап қашып барад киік белден.

Шығуға кейбір кезде қаймығамын

Күн қағып, жел мұжыған биіктерге.

 

Күдіктің сейілтетін көк тұманын,

Топырақ – құдірет күш, жоқ күмәнім!

Алыптарға бір арнау айтар алдын

Еске алайық өсірген топырағын.

 

ТАНУ

Қайрат-жігер етпесе биік үстем,

Таусылар ем құсалық күйініштен.

Түнегінің түбіне тартты-ау мезгіл

Ит екеш иттің түлеп жүні түскен.

 

Есіркеді біреулер…

Қорлады да…

Жанарым жасаураған толған мұңға.

Ортамыз да асып тұрған жоқ еді ғой,

Тасып-шалқып онда мұндай…

 

Жоқшылықтан сан жерде жерленген ек,

Ер басынан не кетіп, нелер келед?

Ханзададай таңғалтқан төңірегін

Етік кисе бір бала елден бөлек…

 

Бұрқасынды шақтар-ай құйындаған,

Қыс-өткелден өту де қиын маған.

Қалқам-ау, жылы киім былай тұрсын

Жылы сөз де ол кезде бұйырмаған.

 

Құр қайттық Қызылтөпе қырманынан,

Мазақ боп масақ тердік (кім жарыған?)

Ата-ана, аға-бауыр жатқанда шұрқырасып

Жанарымды мұнартып мұң қарыған.

 

Әкең – қуат екен ғой, анаң – шуақ,

Болмаған соң амалсыз, тұрам шыдап.

Бейшара қорғансыздың күйін кешіп

Босағадан қайттым-ау жыламсырап.

 

Бүгін болдым азамат айбатты ер,

Мекен барсам

Кетердей сайрап түгел,

Жетімекке жетілу үшін Құдай

Беред екен өлшеусіз қайрат-жігер.

 

Бала десе үзілед ет-жүрегім,

«Жетім қоғам болмасын!» деп тіледім.

Көргенде тау-тау болған дүниені,

Тілімді кәлимаға келтіремін.

 

ШЕҢБЕР

Таным-тақия, киіп алған миықтап,

Талай қақты-ау, талай қақты-ау сыйлықтан.

Үмітпенен үкілеген керігім

Шапқанында шаң қаптырып құйғытқан.

 

Бала шақта шеңбер сыздым шимайлап,

Еске алсаң азаптайды-ау мұндайда.

Қағыларын қайдан білсін келешек

Талай-талай шеңберлерге сыймай қап.

 

Мұндайда самғау қайда құстай болып,

Жүйріктей кісендеулі күш-қайратың.

Жаныңды бебеулетіп, бел асырмай

Суңкуңнің* құрсауындай қысты-ай келіп…

 

Жаңа әлсіз, болар кейде көне мығым,

Өміріңді өр серпітер өрелі ілім.

Мен бүгін дәл солардың ұрпағының

Жасаймын бәйгелерде төрелігін.

 

Таным-тақия, киіп алған милықтап,

Шибөрідей шуласты өңшең шибұттар.

Шуағына шыдамай күн көзінің

Көбік қардай ғайып болған сыйлықтар.

 

Уақыт мені биіктермен теңгеріп,

Қауыштырды шаттық шақпен ең керім.

Жаратушым болмаса егер аққа жақ,

Бұзып-жарып шығар ма едім шеңберін?

 

Жаңа әлсіз, болар кейде көне мығым,

Өміріңді өр серпітер өрелі ілім.

Мен бүгін дәл солардың ұрпағының

Жасаймын бәйгелерде төрелігін.

Суңкуң* – Қытайдың классикалық романы негізінде жасалған. «Батысқа сапар» киносындағы Мүрит туралықтың жолында адамдарға жақсылық жасаса, оның басшысы сопы Таңсың оған қарғыс-дұғасын оқиды. Оқыған сайын Мүриттің басы айналып, жан ұшыра жер тепкілеп, тыпыршиды.

 

ТӨБЕЛЕР

                           1

Жан шықса бірге шығар от денеден,

Одан қашып құтылған жоқ көреген.

Талайлар таңқалысқан Тәңір ісіне,

Жер ортасы келгенде Көктөбеге.

 

Қарға адым жер басу мұң ары қарай,

Жалт беріп

Жақындамас жаныңа арай…

Сағым дүние сайтанның отындай боп

Сұрайтындар шанда бір «қалың қалай?»

 

Жаңылып жүрісінен жорға үміт,

Аттамастан көбейіп жолда күдік.

Қу медиен далада қалғандайсың

Жалғандығын пәнидің сонда біліп.

 

                          2

Алдаған құрақпенен, қиқымменен,

Пәни жалған аспайды-ау сиқыр сенен.

Төбесінің бояуын оңдырса күн,

Жаңалап жабар тағы шифрменен.

 

Ойлай алмас болса да озбыр-залым,

Білсін қайдан сан қилы жол тұрғанын.

Жыл сайын жаңаласын ол төбесін

Тоса алмас күн көзінің оңдырарын.

 

Ететіндей жайым жоқ оны мақтан,

Шейіттердің қаны мен соры ма аққан?

Оқ осқылап алдымен төбелерді

Жүндей түтіп лезде додыратқан…

 

                          3

Аспан жерге керіліп есінеген,

Есінесе төгілген несібелер.

Құдіреттің күшімен аман тұр-ау

Аспанның да төбесі тесілер ед.

 

Беріктігі болса егер босағаңның,

Боз даланы боямас боздаған үн.

Семей – халық төбесін бомба тесіп

Күңіреніп, күйін кешті есалаңның…

 

Алдаған алуан түрлі қиқымменен,

Пәни жалған аспайды-ау сиқыр сенен.

Біреуге жаңа қоныс

Қуанғаны-ай!

Біреудің жайлаған сары жұрты дер ем.

 

Сұлулықтың сенде ме бал-бұлағы,

Жұтқан сайын қанбайды-ау жан құмары.

Өлең деген тұлпардың тұяғынан

Шаш сиреп,

Төбем де жалтырады.

 

ТАУЫМА ТАРТҚАН ШЫҒАРМЫН…

                      1

Бұралаң жолды пендемін,

Бұралып өскен жасынан.

Татқызса өмір кермегін

Кім сипасын басынан.

 

Бұралаң жолды пендемін,

Булығып өскен, булығып.

Қаңбақ-тағдыр

Сенделіп,

Сергелдең болған бұл ғұмыр!

 

Көжесін берді шулыққан,

Төгуге мүмкін қимаған.

Күңгірт пиғыл,

Күңгірт жан,

Аяғым жерге сыймаған…

 

Бұралаң жолды пендемін,

Өртенген іші өксікпен.

«Нұрланад деп ертеңім»

Ертегідей көп күткем.

 

Бедеу мезгілмен белдесіп,

Ғұмырым-ай жалғасқан.

Бидайыңмын шөлде өскен

Жаңбыр суымен жайқалған.

 

Тағдыры ауыр ақынмын,

Жер жүдесе жүдейтін.

Қиялым мен ақылым

Жер түлесе түлейтін.

 

                    2

Найзадай ұшы шыңдардың,

Бұлттарға жатқан қадалып.

Менің де сондай сұрағым

Көкейді тесіп барады.

 

Өтіпті-ау бәрі қас-қағым,

Көңілде мирас жырым тұр.

Мен туған таудың аспаны

Болатын ылғи бұлыңғыр.

 

Таңқалдырып аумағын,

Тәкаппарланып шіренген.

Бұралаң жолы таулардың –

Тұйыққа барып тірелген.

 

Жігер-қайрақ жанимын,

Ол барда қалай сынармын?

Тағдырыма несін налимын

Тауыма тартқан шығармын.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір