ТӘЛІМІН ТАБИҒАТТЫҢ ТОЛҒАҒАНДА…
08.07.2016
1411
0

488285_2030119163_unnamedӘуелай  ОСПАНОВА

 

ҚАР АСТЫНАН ҚЫЛТИЫП…

Қар астынан қылтиып көктем келді,

Көктем биыл ерекше – өктем келді.

Шелектеген жауынның түрі мынау,

Ажыратып алардай көк пен жерді.

 

Көрінбейді күн көзі бұлт жамылып,

Арагідік  жел соғар кілт жаңылып.

Жарқын қабақ танытса бұл табиғат,

Ағаш біткен қалар ед бүр тағынып.

 

Ылғалын жерге жиып қыстың күні,

Көктем қоры молайған тұстың бірі.

Таңертең, кешке салқын, бүрсеңдеген,

Шықпай қалды сайрауық құстың да үні.

 

Көк төбесі көрінді қырқа, қырдан,

Сылдыраған су ақты Іле, Сырдан.

Қарай-қарай артына ызғар да өтер,

Қыз секілді төркінін қимай тұрған.

 

КӨРДІҢ БЕ ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ОРАЛҒАНЫН

Көп болды туған жерге бара алмадым,

Сағындым, тірлігі үшін алаңдадым.

Адамдың мекеніне үйір еді,

Көрдің бе қарлығаштың оралғанын.

 

Көрдің бе ұялары бұзылмап па,

Балшықтан құрайтұғын өзі шақтап.

Көктемде келетұғын осы құстан,

Қасиет көруші еді біздің жақта.

 

Жұбымен кезек-кезек ұя басып,

Қорегін іздеп тауып, қияны асып.

Сары ауыз балапанын асырайтын,

Тамақ тосып аузына, жиі алмасып.

 

Бұл-дағы табиғаттың жаратқаны,

Тынымсыз тіршілігі таң атқалы.

Қамқорлық адамдардан күтетіндей,

Балапан жетілгенше қанаттанып.

 

Осыны көріп өстік бала-жастан,

Көктемде оралатын жаңылмастан.

Мәпелеп сарыауыз балапанын,

Күн бата құшағына ап дамылдасқан.

 

Тәлімін табиғаттың толғағанда,

Ұрпағын құс екеш құс жалғағанда.

Тастанды балалардың анасында,

Қарлығаш құрлы мейірім болмаған ба!?

 

Оралса айыр қанат жыл құстары,

Мекендер күз болғанша күн қысқарып.

Ырыс-құт әкелетін қонысына,

Қарлығаш — берекенің бір пұшпағы.

 

ОТ КИЕСІ

«Сылдырап аққан бұлағым,

Жағаға біткен құрағым,

Көзімнің оты өзіңсің,

Бағың жансын, шырағым.

 

Мойныма таққан тұмарым,

Төнбесін саған бұла мұң, —

Қосағыңмен қоса ағар,

Сөнбесін, — дейтін, — шырағың».

 

Әжем берген ақ бата —

Басыма қонған бақ бата.

Бүгінде  салтқа енуде,

Жоралғылар жатқа тән.

 

Шырақты үрлеп өшірмес,

Ошақтан отты көшірмес.

Киесі оттың бөлектеу,

Қателігіңді кешірмес.

 

Білтесін басар шамның да,

Құдірет, сірә, бар мұнда.

Тәңіршілдік тұсында,

Табынған оттың алдында.

 

Аластап үйін, түзін де,

Алауы қалған жүзінде.

Аналар өткен не дана,

Ұлағат ерген ізінен.

 

Ақ тілекті қоздатып,

Ниетпен келген аз ба құт.

Жас келін отқа май құяр,

Ошақтың отын маздатып.

 

Әр істің болар жүйесі.

Оттың да бар киесі.

Тіршіліктің бастауы — от,

Тірлікте бар үлесі.

 

«…Бағың жансын, шырағым,

Сөнбесін, — дейтін, — шырағың».

Құлақта қалған қоңыр үн,

Сол үннен ұйқас құрадым…

 

КҮРЕ ЖОЛ

Зулайды көлік,

Озбаққа біреу ұмтылар,

Ұмтыла түссең алдыңда әркез сын тұрар.

Жеңіске жету бұйыра бермес, алайда,

 Өрлеу бар кезде ұмытпа барын құлдырау.

 

Жүйткиді дала,

Кеңдік пен сезіп ерікті,

Дарқандық пенен мәрттікті бізге беріпті.

Даламыз әсем, ғажайып өзен, көлдерім,

Тауларым құзар — табиғат сыйы көрікті.

 

Жол бойы ауыл,

Ауылдан кейін қорымдар,

Бабалар жатқан топырағы торқа орындар.

Жайқалған егін, жайылған малдың қарасы,

Қалдырып артқа барлығын көлік арындар.

 

Үзілмес  жолдар,

Мұраты — жету онсыз да,

Несібе қашан бұйырған екен қамсызға.

Бұл тірліктегі жолаушылармыз, сондықтан,

Қалмайық біздер жолайрықтарда, жолсызда.

 

Бөгетсіз өтіп күре жолменен зырлайық,

Шыныққан болса шыдамды тағы шыңдайық.

Ұзақ жолдарда ой деген серік, жанға азық,

Тоқтамай тартқын, «Тәуекел түбі — желқайық».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір