ЕСЕНБАЙ ҚАЛАЙ «ВОЛГА» МІНДІ
08.07.2016
2094
0

IMG_20160705_144928(ЕСТЕЛІК-ЭССЕ)

Берік ШАХАНҰЛЫ

 

Бары базарға шығып,  жиған-тергендері «жекешелендірудің» ұранымен талапайға түсіп, біреулері көз алдарында жосықсыз байып, енді біреулері жалаңаш қалып жатса да бұл ала-құла, ырбайсыз, жепкетер тіршілікті қаперіне ілмей, әлдеқандай бір ұлы үмітке иек артып,  соның  жылы елесіне ілесіп, қалың қазақтың көңілі желпінген, қасиетті Тәуелсіздіктің алғашқы, қуаныш­ты жылдары болатын. Хакім Абайдың жүз елу жылдық мерейтойы осы кезеңге дөп келді. Енді ғана Тәуелсіздік алып, жаңа ме­м­лекеттің шаңырағын көтерген Қазақс­тан­дай Елге Абайдай тұлғаның бұл айтулы тойын төрткүл дүниені елең еткізгендей дүбірлетіп өткізу абыройлы да, керек десең, аса қажет, халықаралық мәртебелі шаруа болған сыңайлы. Алдымен Елбасының өзінен бастап, қалың жұрттың бұл шараға деген ықыласы айрықша еді. Үкімет барынша мәрттігін аямады. Үлкен бауыр – Түр-кия мемлекеті, басқа да туыстас, көршілес елдер де қолдауларын көрсетіп жатты.

Бұл мерейтойдың, бұл шараның Жазушылар одағы үшін, жалпы қаламгерлер қауымы үшін, қаншалықты қымбат, етене жақын шаруа екенін сөз етіп жату, артық болар. Қазақстан Жазушылар одағы, оның аппараты той басталады дегеннен мерейтой өткенше жаз бойы күн-түн демей, аяқтары­нан тік тұрып, қызмет етті. Неше сан шы­ғар­­машылық шаралар, жиын, кездесулер, қонақ күтіп, қонақ шығарып салу, т.б. ұйым­дастырды. Соның бірі – тұңғыш рет өткізіл­ген жазба ақындардың мүшәйрасы еді.

Бұл кездегі Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының бірінші хатшысы, елгезек, зиялы, Атымтай-Жомарт табиғат, қазақтың  жаны жайсаң, сыпа мінез азамат­тарының бірі – Қалдарбек Найманбаев болатын. Мемлекеттің  қаржыландыруынан ажырап, мән, мәртебесі шамалы, толып жатқан қоғамдық ұйымдардың санатына енген Қазақстан Жазушылар одағы бұ­рын­ғы ондаған кеңесшілер мен түрлі саладағы жүздеген қызметкерлері қысқарып, бас-аяғы отыз шақты кісіден тұратын шағын ұжым болып қалған. Сол ұжымдағы жалғыз әдеби кеңесші – аға референт мен ғана едім. Басшылықтың тапсыруымен араласпайтын шаруам, жазбайтын қағазым жоқ. «Атқа жеңіл-телпекбайдың» өзі болатынмын.

Көктемнің аяғы, жаздың басы еді. Хатшы қыз келіп:

– Сізді шақырып жатыр, – деді.

Қалекең кабинетінде жалғыз өзі, те­ре­зе­нің алдында далаға қарап тұр екен. Әдемі ақсары жүзі тершіп, жадырай түсіп, қошу­ақ сәлемдесті. Өңінде көңілділік бар.

– Бүгін бір жақсы шаруа тындырдық, – деді орнына отырып жатып: – жоғарғы жақ­тың мақұлдауын алып, қазір қаланың әкі­міне кіріп, келісіп шықтым. Абайдың 150 жылдығына арналған жазба ақында­ры­ның республикалық жабық мүшәйрасын өткізетін болдық. Қаржысын қалалық әкім­шілік көтеретін болды. Тағы бір қуа­ныш­ты хабар – Бас жүлдеге қалалық әкім­шілік «Волга» автокөлігін тігіп отыр.

Бұл шындығында тосын жаңалық еді. Айтыс ақындарының «Волгасын» қайдам, апта болмаса да ай сайын кезек-кезек «Жи­гулиді» топырлатып мініп жатқан заманы. Оған кейбір көрнекті қаламгер ақындар ренішін де білдіріп қоятын:

– Бес-он минут домбырасын сабалап-сабалап, мәшине мініп шыға келеді. Біз жыл­дап санамызды сарқып, көз майымызды  таусып  жазған кітабымыздың қаламақы­сына шайтан арба да сатып ала алмаймыз, – деп.

– Шынында да жақсы хабар екен. Тарихта тұңғыш болайын деп отырған жаңа­лық қой бұл, – деп мен де ықылас білдіріп жатырмын.

– Осы шаруаның басы-қасында өзің бола­сың. Уақыт тығыз. Мүшәйраны дұрыс ұйымдастырып, тамызда Семейде өтетін үлкен тойға дейін қорытындысын шығарып қоюымыз керек. Мүшәйраның өтетін хабарын, тиісті шарттарын, тіпті, белгіленген бәйгелердің мөлшеріне дейін айтып, ертең­нен бастап газетте жариялау керек. Сонан соң мүшәйраға төрелік жасайтын арнайы Алқа құрамын жасақтап, жақын арада оны секретариатта қарап, бекітеміз. Ең бастысы – мүшәйраға қатысатын ақын­дардың ауқымы көп болу жағын мықтап ескеріңдер. Сапалы ақындарды кеңірек қатыстыруды ойластырыңдар.Келіп түскен өлеңдердің бәріне өзің ие болып, тиісті тіркеуін жасап, темір сандығыңда ұстайтын бол, – деп әбден ықтияттап тапсырды.

Кешікпей мүшәйраның хабары баспа­сөз беттеріне жарияланған соң алғашқы өтейін деп отырған айтулы шараның дең­гейі жоғары болса екен, жақсы өлеңдер кө­­бірек түссе екен деген ниетпен жасы бар, жасамысы бар, белгілі-белгілі деген қырық-елу ақынға:

– Газеттен оқыған шығарсыздар. Осы мүшәйраға қатысыңыздар, – деп өзім арнайы телефон шалдым. Және сол ақын­дар­дың көпшілігі қатысты. Бір әттеген-айы, біздің жайбасар ағайындардың біразы «өлең-конверттерін» почтаға апарып салып жүруді шаруа көріп, жолы түсіп одаққа соқ­қанда өзімізге әкеліп тастайтын болды.

– Мынаны тіркейтін жігітіңе бере сал­шы, – деп алдымен Қалекеңнің өзіне беріп кетеді.

Алғаш өлеңдер түсе бастаған кез еді, бір­де Қалекең шақырып алып, қолыма екі кон­вертті ұстатып, бірі өзі қатарлы, бірі өзінен ересектеу екі белгілі ақынның атын атап:

– Мынаны «Берікке бере салшы» деп ма­ған алып келіпті. «Оу, бұларыңыз не? Газетте мүшәйраның шарты тайға таңба басқандай жазылған ғой. Неге тәртібімен почта арқылы жібермейсіздер, – десем:

– «Шарты  сақталған. Аты-жөніміз бө­лек конвертке салынған. Тіркеуге ала берің­дер. Мен сенен бәйге әпер деп сұрап отыр­ғаным жоқ қой. Осы үшін кіріп көрме­геніме талай жыл болған почтаны іздеп жүрмекпін бе?!» деп бұлқан-талқан болып, өзіме рен­жиді. Бұларға не дейсің енді, – деп Қа­ле­кең зіл жоқ, ашу жоқ сылқ-сылқ күле­ді.

Басқа қосымша әңгіме, тапсырма айтқан жоқ.

– Тіркеуге алып, келген өлеңдерге қо­сып қой. Кейін комиссия қарайды ғой. Өз­дері шешсін. Мен бұл тірлікке араласпай­мын, – деді.

Осы «араласпаймын» дегеннен шығады. Мүшәйраға қатысқан ақындардан Қалекеңе қолқа салып, асылмаған кісілер болмады деп ойламаймын. Бірақ ешкімге бүйрегі бұ­­рып, қамқорлық танытқанын сезгенім жоқ.

Менің байқағаным, бұл шаруада ол кісі «комиссия өзі шешсін» деген ұстанымда болды.

«Мүшәйраға қатысыңдар» деп телефон шалған кісілерімнің бірі Есенбай Дүйсен­баев еді. Ол өлең салған жабық конвертін баспа үйінен Одаққа қарай келе жатқан біреу­ден беріп жіберіпті.

– Берікке бере салшы, – деп.

Сонан соң оған қайта телефон шалдым:

– Әй, мынауың қалай? Мүшәйраның шартын газеттен оқыдың ғой. Почта ар­қылы ретімен жібермейсің бе? – деп.

– Ой, онда тұрған не бар. Бар шарты сақ­­талған. Тек почта арқылы жібермесе бол­­май ма?! Тәртібіне келмейді десең, қос­пай-ақ қой. Өзің звондап сұраған соң жазып, жіберіп едім, – дейді жайбарақат күйі.

Оның мына «пештігіне» қитығым ке­ліп, тіркеуге алмай тастай салайын деп тұр­дым да, өлеңін оқып көрейінші деп ойладым. Оқып көрсем, өлеңі жақсы екен. «Қой, мынандай өлеңді қоспау обал болар» деп тіркеуге алдым.

Обалы нешік, онан кейін де біраз ақын­дар­дың өлеңдерін қолдарынан қабылдап алып, тіркеуге тура келді. Соның бірі Иранбек.

– Мүшәйраның газетте жарияланған барлық шарты сақталған. Мен қайтып барып почтадан салып жүрмеймін. Не істе­сең­­дер өздерің біліңдер, – деп тастап ол кетті. Оқып көрсем, оның да өлеңі жақсы екен.

Бас-аяғы бірер айдың ішінде облыста­ғыла­ры бар, Астана, Алматыда тұратын­дары бар, екі жүзден аса автордан өлеңдер келіп түсті. Белгілі-белгілі деген ақындар­дың көпшілігі қатысқан. Өлеңдер де сапа жағынан айтарлықтай. Жақсы-жақсы шы­ғармалар баршылық. Бірақ бәйгенің шегі шектеулі. Жақсының бәріне жетпейді.

Өлеңдерді түскен-түскенінше көшірмеге көбейтіп, комиссия мүшелеріне таратып беріп отырғанмын. Келген шығармалардың бірін тастамай бәрі оқып танысты.

Белгеленген күнге комиссияның отырысы басталды. Төраға – Қадыр Мырза-Әлі ағамыз, хатшысы мен едім. Тізімдегі бүркеншек аттары бойынша жеке-жеке оқып, әрқайсысына комиссия мүшелерінің берген бағасын (балл санын) тіркеп жазып отырдым. Қорытындысын шығарғанда ең жоғарғы балға екі автордың шығармасы ие болды. «Енді аты-жөні жазылған конверт­терді ашайық, кімдер бәйгеге ие болыпты, кімдер қалыпты» деген шешімге келді көп­шілік. Ең жоғарғы бағаға ие болған екі жүлдегер – Есенбай Дүйсенбаев пен Иранбек Оразбаев екен. Бас бәйгеге қайсысын жібе­реміз дегенге келгенде комиссия мүше­лері екеуінің өлеңдерін сол жерде қайтара оқып шығып, көпшілік бас бәйгені Есенбайға, бірінші бәйгені Иранбекке ылайықтағандай мәміле танытты. Оның үстіне комиссия мүшелерінің біреуі:

– Осы тойды өткізуге жағдай жасап отыр­ған үкіметіміз ғой. Сол үкіметтің ба­сын­да отырған Әкежан Қажыгелдиннің әкесіне тиіскен жерлері бар екен Иран­бектің өлеңінде. Осы жағы қалай бо­лады? – деген ескерту айтып қалды.

Семей жағында өткен осындай ақындар мүшәйрасына Қажыгел­диннің әкесі Төраға болған кө­рі­неді. Иранбектің бір шумақ­та­рын­да онан басқа адам та­­­­был­мады ма екен дегендей қағытпа бар болатын расында да. Бұл әңгіменің де көпшілікке әсері болды. Сонымен  Бас  бәйгеге Есен­бай­­дың шы­ғар­­ма­сын, бірінші бәйгеге Иран­бектің шығар­ма­сын ылайық деп бекі­тейік деген кезде алқа мүшелерінің бірі:

– Иранбектің өлеңдерін үшінші бәйге алатын топтың қатарына қосайық, оның да қаражаты аз емес, – деп бір бүйірден ұсыныс жасады.

Бұған біраз ел аңтарылып, біраз ел ке­ліс­кен сыңай бай­қатты. Істің беті бұлай бұ­рыла бастаған соң, мен қарсылық көрсет­тім:

– Ей, ағайындар! Бас бәйгенің балын алып отырған шығарманы үшінші бәйгеге құлату қиянат емес пе? Үшінші де емес, екінші де емес, Иранбек осы бірінші орында қалуы керек. Ол туралы енді сөз етпей-ақ қояйық, – деп кесіп айттым.

Бұл әңгіме осымен тоқтап еді. Енді ке­лесі бәйгелерді алғандарды анықтар кезде байқасақ, екі үлкен, ардақты ақын­дары­мыз­дың аты-жөні біз ынталандыру сыйлы­ғына ұйғарғандардың ішінен шыққаны, қай-қайсымыз да сыйлайтын, талантымен де, кісілік болмыс-бітімімен де, шын мә­нін­де, халықтың құрметінде жүрген қадір­мен­ді қаламгерлердің бұл санатқа қосылып кет­кеніне көпшілігіміздің ыңғайсыздан­ға­нымыз рас. Әсіресе, Қадыр аға – Төраға тұйыққа тірелгендей аңтарылып, ойланып, отырып қалды.

Біраз үнсіздіктен кейін өзінің дипло­ма­тиялық мақамына салып:

– Әй, айналайындар, сенсеңдер мына жағдай маған қиын соғып тұр. Хамаңды да, Тұмағаңды да бәрің жақсы көресіңдер. Оған күмәнім жоқ. Ал екеуінің маған қан­дай қадырлы, сыйлы екенін де білесіңдер. Өзі тарихымызда бірінші рет ақындар мүшәйрасына автокөлік тігілген екен. Әде­биетіміздің көшін бастап келе жатқан ағаларың ғой, мына «Волганы» осы екеуінің біріне мінгізсек, соның ешқандай айып-шамы болмас еді, – деп әдемі бір уәжбен сөзін түйіндеп, ортамызға ұсыныс тастады.

Төрағаның бұл сөзінің де қазақы иман­ды­лыққа (сыпайылыққа) салсақ қисыны жоқ емес,әрине. Алқа мүшелерінің көп­шілігі осы ұсынысты мақұлдаған қалып танытты. Мәселе бұлай беталып бара жатқан соң «сайтан түртіп», мен қасарыса қарсы шықтым.

– Бәріміз бір ауыздан мақұлдап, шеші­ліп қойылған мәселені бүйтіп бұзбайық. Ол әділетсіздік болады. Енді әрқайсысына бұйырған несібесі шығар дегеніме Қадыр аға да, біраз кісілер де мақұл дей қоймады. Пікірлері: «Әй, жастар осы екі ағасының бірі бас бәйге алғанына ренжи қоймас» дегенге сайды.

Алқа мүшелерінің бірі ақын Күләш Ах­ме­това еді. Жайшылықта шудадай есілген, жібек мінезді, сабырлы, орнықты, сыпайы, кішіпейіл Күләштің керек жерінде кесімді сөзін тайсалмай айтатын қайсарлығын мен сол жерде бірінші рет байқадым.

– Біз сый-сияпат үлестіріп отырған жоқпыз ғой. Оқыған өлеңдерімізге ылайық деген бағасын бердік. Енді өз сөзімізді өзіміз қайыра жұтамыз ба?! Есенбайдың шығармалары басы ашық озып тұр ғой. Неге оған қиянат жасаймыз, – деп зіл мен салмақпен айтты.

Әңгіме оған да тоқтамай, қайта жалғаса бастағанда жаңағы Күләштің сөзі дем бергендей тік мінезге басып:

– Қадыр аға! – дедім, – Өмірі бәйгеден ке­ліп жүрген тұлпарды кексе тартқан ша­ғын­да жас тұлпармен жарыстырсаңыз қай­сы­сы озар еді. Бұл сондай бір гәп қой. Не­сіне осыншама шала бүлінеміз.

Байқадым – Қадыр ағаға бұл сөзім ұна­ған жоқ. Түйіліп отырып қалды. Сәлден соң:

– Жарайды онда, дегендерің болсын. Қаулыларыңды жаза беріңдер. Мәжіліс бітті, – деп орнынан тұрып кетті.

Мен де сөзім өткен кісідей сезімде қал­мадым. «Әділетті боламын. Айтқаным­нан қайтпаймын» деген бір бағытпен ар­тықтау кеттім бе деген уайым алғаным шын. Қадыр аға шығармашылығын да, өзін де қатты құрметтейтін, іштей жақсы көре­тін кісім еді. Ол кісінің де маған деген аға­лық, тілектестік көңілін сезетінмін. Бетін қайтарғандай, жағасынан алғандай болдым ба деп ыңғайсыздандым. Онымен бірге, сөзімді жерде қалдырмаймын деген өрекпумен айтып қалған әлгі тұлпарлар туралы әңгімем де көңілімде май ішкендей кілкіп, тұрып алды. «Естісе көңілдеріне алатын болды-ау» деп қынжылдым. Хамаң да, Тұмағаң да сыйлайтын жандарым еді. Әсіресе Тұмағаң жөнінде қаттырақ уайымдадым. Хамаңмен көргенде сәлем бергеннен басқа аралас-құраласымыз жоқ. Ал Тұмағаңмен жақын аға, інідей көңіл, жа­рас­ты әңгімеміз болатын. «Мына баланың мына сөзі несі дейтін шығар. Көңіліне алады ғой», – деп біраз уақыт тайсақ­таң­қырап жүрдім. Ел ішінде сөз жата ма, ол айтқа­нымды Тұмаған естіген де шығар, бірақ жүрегі жұмсақ, кеңпейіл, әулие болмыс жан еді ғой. Кейін кездесіп жүргенде қаба­ғынан салқындық сезген емеспін. Сол баяғы ағалық шын көңілімен сәлемдесіп, сөйлесетін.

Осы шаруада әлі күнге дейін есімнен кетпейтін, мені ойландырған, «неге олай болды» деген сұраққа өзім «мына себеп шы­ғар» деген тоқтамға келе алмаған бір жағдаят болды. Алқа мүшелерінің шешімі, мүшәйраның қорытындысы сол сәтте-ақ, сол күні жұрттың бәрінің құлағына жетіп үлгерген. Ол туралы газетке беретін хабарды үйден дайындап, сәскеге таяу жұмысқа келсем Қадыр аға Одақтан шығып, есіктің алдында тұр екен. Сәлемдескен соң:

– Бері жүрші, бір әңгіме бар, – деді. Былайырақ оңашаланған соң:

– Есенбайдың маған бөтен емесін, оған жаным ашитынын білетін шығарсың. Осы Есенбайға «Волга» мінгіземіз деп соған жүз жау тауып беретін тәріздіміз. Бас бәйгеге ав­токөлік демей-ақ, мың жарым-екі мың дол­лар болса да аз нәрсе емес қой. Әкім­ші­лікке солай дейік. Мына «Волга» дегеннің сөзі көбейіп тұр. Есенбай осыған ренжімес, – деді.

– Ойбай, ағатай-ау! Құдай берген жанды құдай алады ғой. Жауығып, Есенбайға кім, не істейді?! Сонан соң не деп жауласуға тиіс. Ұрлап алып отыр ма, тартып алып отыр ма?! Есенбайдың өмірінде бір қолы жеткен жақсылығы осы шығар. Мұнан кейін оған мұндай игілік бұйыра ма, жоқ па, құдай білсін. Ініңіздің жағдайы өзіңізге мәлім ғой, – дедім қызбаланбай, өзеуремей, кішік, сабырлы үнмен.

– Өздерің біліңдер. Мен айтарымды айттым. Сені Қалдарбек іздеп отырған, барып жолығарсың, – деді де, Қадыр аға бұрылып кетті. Мен аң-таң болып тұрып қалдым. «Үлкен ақындардың біріне тимеген соң, Есенбайға қимай, әкімшілік «Волга» автокөлігін бермейтін болды ма екен» деген ой келді. Қалдарбекке кірмей тұрып соны анықтап алайыншы деп бекіндім.

Әкімшілікте осы мерейтойдың шаруасымен тікелей айналысып отырған екі кісіні білетінмін. Бірі әкімнің орынбасары Шәріп Омаров, бірі қалалық тіл басқарма­сының бастығы Ермек Демешев. Ермек Демешев әрі мүшәйраға төрелік ететін алқаның мүшесі болатын. Кешегі әңгіменің ортасында өзі бар еді. Кабинетіме кірдім де, соған телефон шалып, ойымдағы күдігімді айттым.

Ол:

– Әй, кімге бересіңдер, өздерің  білің­дер. Әкімшілік шешімін шығарып, бекітіп қойған. «Волгаларың» дайын тұр. Келіп алып кетіңдер, – деді.

Көңілді демдеп алып, Қалекеңнің кабинетіне қарай беталсам сыртта, есіктің алдында Рафаэль мен Иранбек тұр екен.Екеуінің дабырлай сөйлеген сөздерінде наразылық  лебі сезіледі.

– Әділеттілік  жоқ, – деп реніш білдіріп тұр.

Әсілі, қай мүшәйраның да, қай бәйгенің де артынан наразылық ілесіп жүретіні әдетті шаруа ғой. Олардың әңгімесін елемей өтіп кетуге болар еді. Бірақ екеуі де сәлеміміз түзу жігіттер болған соң бұрылып, қаста­рына келдім.

Иранбекке қарап:

– Есенбай қандай ақын деп санайсың, – дедім.

Ол:

– Отличный ақын, – деді шын көңілі­мен.

Ендеше ондай ақынды қолдамайсың ба? Бір-біріңнің жетістіктеріңе қуана білсеңдерші. Тілектес болсаңдаршы. Сонда бұл жолы Есенбай мінсе, келесі жолы сен мінесің машинаны, – дедім (құдай аузыма салған екен, келесі жылы Жамбылдың 150 жылдығына арналған ақындар мүшәй­расында Бас бәйгеге қалалық әкімшілік тіккен «Волганы» Иранбек мінді).

Екеуімен асығыс қоштаса салып, Қале­кеңнің алдына келдім. Ол кісі қынжылған түрде:

– Осы мына «Волга» дегеннің әңгімесі көбейіп кетті, жоғарғы жақта да бір қарсы­лық­тар бар ма қалай, – деп бастап, жаңағы Қа­­дыр аға айтқан жобада сөзін жалғас­тыр­ды. Тыңдап болған соң мен:

– Қалеке! Жаңа Ермек Демешевпен сөй­лестім. Автокөлікті дайындап, әкім­шілік есігінің алдына шығарып қой­ған «Волгасын» өздеріне қайтарып бер­мек­шісіздер ме, енді. Сонан кейін, Қалеке, қалың көпшілік «әкімшілікпен келісіп, мү­шәйраның Бас бәйгесіне «Волга» авто­көлі­гін тіктіріпті» деп Сізге риза болып жүр. Ке­рек десе Өзіңіздің абыройыңыз. Енді со­ны рәсуа етесіз бе?! – дедім.

Қалекеңнің ақкөңіл, қалбалақтаған мінездері болатын. Әлденеге аңтарылған ба­ла құсап, маған жалт қарап:

– А-а, солай ма?! – деді. – Осы сенікі дұ­рыс, Берік. Есенбай мінсінші сол «Волга­ны».  Жақсы ақын, обалы нешік. Есенбайды мен өзім жақсы көрем. Еңбекқор, қызметіне адал, өте тиянақты жігіт. Газетке хабарын бере беріңдер.

Сөз осымен бітті.

Ал менің көңілімде «Бұл кімнен, қалай шық­­қан әңгіме» деген сұрақ қалып қой­ды.

Қадыр ағаның  да, Қалекеңнің  де Тұма­ғаңмен өмір бойы бірге келе жатқан жақын жолдастығы бары белгілі. Ал Хамаң екібас­тан екеуінің де сыйлайтын ағасы. Сондық­тан­ да бұл кісілердің «Волганы» солардың бі­рі мінсе деген ниетте, көңілде болуының еш әбестігі жоқ, әрине. Ол енді заңды нәр­се. Бірақ маған бұл жерде Хамаң  да, Тұмағаң да кінәлі емес, онан басқа бір кілтипан бар-ау деген күдік ұялады.

Мүшәйраға қатысқан екі жүзден аса ав­тор­дың ішінде белгілі-белгілі біраз ақын­­­дар болды. Олардың  талай жерге шыға ала­тындары, талай кісіге сөз айта алатындары  да бар. Солардың сыпсың әңгімелерінің әсерімен пәрменді біреулер: «Әй, мынала­рың  не? Қолақпандай «Волга» автомашинасын атақ-абыройы жоғары біреуге мін­гізсең­дер болмады ма?! – деп қалды ма екен?..

Жоқ әлде… өнері мен әрекетінің бір­дейлігі арқасында көптің көзіне түсіп, қошаметке бөленіп, абырой-мәртебеге жетіп жүретіндердің; сондай-ақ «түлкі заманды тазы болып шалып», сол алымдылы­ғының, шалымдылығының ыңғайында адалды да, арамды да бірге қарпи беретін; олардың ішкі дүниесіне зер салып, үңіле қоймайтын былайғы жұрттың көпшілігі көсіле сөйлеген сөзіне, омыраулаған түріне тәнті қалып, құрақ ұшып, көсем көретіндер­дің жөні бір басқа, әрине… Ал ешкімнің тобында жоқ, сүйеуінде жоқ, «саясатында» да жоқ, тиісті қызметін адал атқарып, құдай берген қабілетіне сай шығармашылығын күйіттеп, жайымен жүрген еңбек­торы­ларына құрмет, артық жақсылық тиесілі тә­різді емес пе қалай?! Тіпті, осындай шынайы таланттарды шеттететін,  өрісін ұзарт­­тырмауға пейіл бір жағдаяттар бар сияқты ма, мына қоғамда. Есенбайлар осындай пиғылдың, есепті тіршіліктің құр­баны ма екен?!

Барымталасса ашық барымталасқан, татуласса ашық татуласқан, жақсы ісі де, жаман ісі де елдің көз алдындағы; мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан ата заң, дәстүр-салттан аттап өтпеген; табиғатында екіжүзділігі, өтірігі аз – біз қазір кешегі фео­дализм, қараңғылық, надандық қоғамы деп айдар таққан замандағы жариялылық, имандылық бұл дәуірде түнекке кеткен. Сенің мүддең үшін емес, сенің мүдде-мұра­тыңды мансұқ етіп, тамырыңды тереңнен қиюға бағытталған жымысқы, зымиян саясаттың жетегіне ілескен қалпың бар-ды. Әрі осыған көз жұма, желпіне, құлшына ілескендер қаншама.

Бұл ілескендердің ішінде шаруасын сонымен түгендеймін деген, ішкі есеппен екі жаққа бірдей «қызмет» атқаратын «еп­тілер» де баршылық. Олардың біразы көпке көсем болуға ұмтылып, ел алдында «сая­сатқа қарсы шығып жүрген ерім-ай» болып көрінуге жан салып жүреді. Ал арғы жан дүниесіндегі шындығы қандай? Оны енді өзі біледі… Бұл да ұрлық жасап, өтірік айтып жүріп, ораза, намазын тастамайтындармен пәсі бір тірлік іспетті.

Алайда, қоғамы да олардың өзіне қауіп емесін  біледі… Сайрай  берсін… қажет  тұста ертең басқаша сайрайды. Әсілі, қауіп «тіні қат­тылардан», «тектілерден». Екі жүз­ді­лікке, сатқындыққа бармайтын, айтақ­та­ғанға  ермейтін,  ұстанымынан  айнымайтын, керек болса, басын тігуге  ба­­ра­­­­­тын­­дардан. Ондайлар  қоғамының есе­бін­де тұрады. Оларды қоғам маңдайынан сипауға тиіс емес.

Не дегенімен «менің ақжүректігім» әл­гіндей әрекеттерге кедергі болған тәрізді.

«Ақжүректік» дегеннен шығады. Осы мінез, әдетімнің өзіме тигізген пайдасы көп болды ма, зияны көп болды ма, ол жағын дөп басып айта алмаймын. Бірақ өмірімде төңірегімдегі тіршіліктің ығымен санаспай, патшакөңілім дұрыс деген пікірімнен айнымай, «ағысқа қарсы жүрген» сәттерім аз кездеспепті. Сонан әдебиет шаруа­шылығына қатысты мына бірер әңгімені айта кетсем дәлелдірек болар.

1973 жылы, онда «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») әдеби қызметкер болып, жұмыс жасап жүргенмін. «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұма­баев баспаға қызметке шақырды. Қуана келістім. Алғаш екі-үш жылдай аударма бөлімінде редакторлық еттім. Сонан бірде директор шақырып алып:

– Сен, айналайын, мына жерде тиянақ­ты қызмет еттің. Жұмысқа жауапкершілігің жақсы екен. Осы бетіңнен тайма. Тәп-тәуір әңгімелер жазып жүрсің. Мына проза бөлі­мінде бір редакторлық орын босап еді. Соған сені ауыстырсақ па деп ұйғарып отырмыз, – деді.

Мен қуана мақұлдадым.

– Есіңде болсын! Ол редакцияның жұ­мысы аса жауапты. Саған сенім артып, жіберіп отырмыз. Үлкенді-кішілі, түрлі мі­нез-болмысты талай қаламгерлермен істес боласың. Авторлармен тіл табысып жұмыс жасау, ол басты шаруа, әрине. Сонымен бірге баспаның мүддесіне сай, жалпы біздің идеологиялық саясатымыздың талабына  сәйкес  туындайтын  редакторлық­ позиция деген бар. Осы жағына мықты бол. Кейбір азулы авторлардың ырқына кетіп қалудан сақтан, – деп тапсырды.

Онан кейін бұл бағыттағы тапсырманы Бас редактор мен проза редакциясының меңгерушісі тереңдетті-ай келіп. Әсіресе, редакция меңгерушісі оңаша алып қалып, бір сағаттан аса лекция оқыды. Әңгіменің түйіні – саяси қырағылық.

Идеология деген де кісіні еліктіріп, ер­те­тін, не ойын тұмшалап, ырқына жегетін әсерлі күш қой деймін. Бойында таланты бар, өзі де жап-жақсы шығармалар жазып жүрген кейбір қаламгерлердің, әлде қызмет бабының талабы солай ма, саяси қырағы­лыққа, белсенділікке бой ұрып тұраты­ны­ның талай рет куәсі болдық. Оның үстіне қатар жүрген қаламдастардың бірінің ар­тықшылығын бірі көре алмайтын қу пен­дешілігі келіп қосылса қайтерсің?! Ондайда іштен шалудың, сүріндірудің, тасада тұрып тас атудың небір түрлері іске қосы­лады, әрине.

Жаңа редакцияға келіп, қызметке кіріскен алғашқы апталардың бірінде «үлес бөлісу» болды. Бұл шаруаны редакция­дағылар осылай атайды екен. Проза бөлі­міндегі төрт-бес редактор бір бөлмеде отырамыз. Редакция меңгерушісі келіп, бас­паның тақырыптың жоспарына енген, алдағы жылы кітап болып жарық көруге тиіс шығармалардың қолжазбаларын редакторларға бөлді. Енді біз ол қолжаз­баларды тиісті кезегімен редакциялап, өндіріске ұсынуымыз керек. Редакция меңгерушісі тізімдегі авторлардың шығар­маларының кейбіреуін «мынаған сен редактор бол» деп тапсырып, енді кейбір шығармаларды редакторлар «мұны маған беріңіз» деп сұрап алып, бөліс жүріп жат­қан. Тізімнің орта тұсында Әкім Тарази­дың «Бұлтқа салған ұясын» атты романы тұр екен.

Меңгеруші:

– Мынаны қайсың аласың? – деп еді, отырғандар  тым-тырыс  қалды. Ешқайсысы «мен алайын» деп ыңғай білдірген жоқ.

Әкім Таразидың алғашқы әңгімелерінен бастап оқып келе жатқанбыз. Өзін сырттай білгенмен, шығармалары таныс. Жақсы жазушы деп аталып жүрген қаламгер.

– Мен алайын, маған беріңіз,– дедім шын ықыласпен.

Сонымен бөліс аяқталып, әрқайсымыз тие­сілі қолжазбаларды суырмамызға сал­дық.

Ертесіне жұмысқа келген бойда редакция меңгерушісі шақырып алып:

– Сен мына Әкім Таразидың шығарма­сын неге сұрап алдың. Автор өзі редактор бол деп өтініп пе еді, – деді.

– Жоқ, – дедім.

– Осы романын «Жұлдыздан» оқыдың ба? – деді.

Соның  аз-ақ алдында бұл шығарманың журналдық  нұсқасы жарияланған. Мен әлі оқи қойған жоқ едім.

– Оқығаным жоқ, – дедім.

– Ендеше бұл роман туралы біраз жайсыз әңгімелер шығып жүр. Сонан соң мен біздегі қолжазбаны екі үлкен әдебиетші-ғалым кісілерге оқуға бергенмін. Екеуі де филология ғылымдарының докторы, бірі академик. Олар «бұл романды кітап етіп шығаруға болмайды» деген үзілді-кесілді пікір жазған. Мә, екеуінің пікірімен таныс. Сонан соң, қолжазбаны оқыған соң маған өз пікіріңді айтарсың, – деді салқын раймен.

Ол кезде баспаның тақырыптық жоспарына енгізу үшін, қолжазбаны өндіріске жіберу үшін екі кісіден жазбаша пікір алу, ол пікір жазған авторларға әжептеуір кө­лемде қаламақы төлеу тиісті тәртіп болатын. Ала салысымен, екі  ғалымның пікірін оқып шығып:

– Мен өзіме не бәлені сұрап алғанмын  деп аңтарылып қалдым.

Мына редакцияға келгелі өндіріске дайындауға тиіс алғашқы шығармала­рымның бірі бұл. Мұндай даулы дүние екен деп ойламаппын. Екі пікір айтушы да ро­манның көркемдік жағына да көңілдері толмай, әсіресе, саяси кемшіліктеріне шұқшия тоқталған (марқұм болып кеткен белгілі кісілер болған соң аттарын атамай отырмын. Әрі сол кісілердің шынайы пі­кір­­лері ме, әлде тапсырыспен сілтей салған сойылдары ма екен, ол жағы да бей­мәлім). Қортындысында бұл күйінде кітап етіп ұсынуға болмайды деп түйген.

Қолжазбаны алып оқуға кірістім. Шы­ғарма Әкім ағаның қалам сілтесіне тән тартымды жазылған. Оқыған сайын күдік-күмәнім сейіліп, серги бастадым.

Менің дүниетанымымда алып бара жатқан, бадырайып көзге ұрып тұрған саяси қателер де жоқ тәрізді. Рас, романның кейіпкерлерінің бірі – қалалық партия комитеті хатшысының – партократтың болмыс, тіршілігі кісі күлерлік, кісі күлерлік емес-ау, кісі опынатындай күйде сурет­теледі. Бірақ шынайы, әдемі жасалған образ. Сонымен бірге, қоғамда, айналамызда кездесетін, өмірдің, адам игілігінің талабынан алшақ, партия талабы деген жасанды ұғымға сәйкестендіріліп жасалған парықсыз, атүсті бір әрекеттерді мысқыл емеурінмен қағытып, сынайтын, сол ың­ғай­да кездесетін «құйтырқылау», қағынып тұрған сөйлемдер, топшылаулар жоқ емес, баршылық. Бірақ романның көркемдігіне, тартымдылығына дау жоқ. Көркем шығар­маның басты қасиеті де сол болса керек қой. Сонан соң «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығудың қамымен редакторлық пікір жазуға кірістім. Шығар­маның көркемдік, құндылық жағын айта отырып, екі рецензенттің сын пікірлеріне қарсы өзімнің уәждерімді келтірдім.

Қолжазбада кездесетін өткір сөйлем­дермен, ой-тұжырымдардың кейбіреулерін жұмсартып, біреулерін алып тастау туралы авторға да өз ұсынысымды білдірдім. Бұл ұсыныстарым туындының көркемдігіне, тұтастығына еш нұқсан келтірмейтіндей ыңғайда болатын. Әрі көп қысқарту, өзгер­ту, өңдеуді талап етпейтін, шығарманың осы қалпын тұстас сақтайтындай еді.

 (Жалғасы бар).

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір