БІР АУЫЗ СОЗ
08.07.2016
2389
0

679328_337582184__________________ӘҢГІМЕ

Бекболат ӘДЕТОВ

– Әй, абыстай-ау, саған бір ауыз сөз айтып қана шы­ғайын деп әдейі бұрылдым, әйтпесе әлгі көк түйнегім үйде жалғыз қалды, – деп, салпаң төс салдуар қатын – Шәлипа табалдырықтан аттамай жатып-ақ міндет арта кірді. – Бұ заман не боп кетті өзі, көрші отырып бір-бірімізді зәуде бір көреміз (ең әрісі бұрнағы күні осында Ақылдаспен тізе қосып отырып, иіндеп тұрған самауырынды сарқып ішіп кеткені есінде жоқтай). Бүйте берсек, кәпірстан боп кетеміз ғой, түге. – Салдырлаған бойы төрдегі жұмсақ ди­ванға барып, көміле жайғасты. – Ойбай, қу жан!.. Мына тізе құрымағыр да аттап шығуға жарамайтын боп барады. Осындайға Мойылдының қара батпағы таптырмайды деседі ғой. Солай барып, әлгі арғындағы қызға салмақ салып бір жатып қайтсам ба екен деп те ойлаймын. Былтыр келгенде Рәшит құданың өзі «сөйтсеңші» деп кетіп еді. Тегі, бар ма, Құдай ниетін оңынан берген адам. Құрақ ұшып тұрады ғой, мың болғыр. Уһ! Не айтайын дедім?..

– Бір ауыз сөз, – деп Ақылдас есіне салды.

– Е, иә… Ес қалмады ғой мен байғұста. Он бір бала тауып, жеткізу оңай деймісің. Қазіргі келіндер екі ба­ланың басын құрап үй бола алмай жүр…

Онысы рас. Шәлипа осы Аталықтың табалдырығын ат­тап, бұл ауылға келін боп түскелі бері, обалы кәне, құрсағы құр жатқан емес. «Балағынан бала саулап жүреді» деп ауылдың қылжақбасы Қошқарбек айтса, айтқандай. Онымен де қоймай, «аты затына сай ағатайым» деп Аталықты мүшектейтінін қайтерсің. Әуелгі қызды-қыздымен жүріп, өздері де байқамаса керек, әбден беріде, заманның репеті бұзылып, балапан – басына, тұрымтай – тұсына дейтіндей қиын-қыстау күндер туғанда естерін бір жиып, арттарына қараса, Шәлипаның құрсағындағы кезекті нәресте оныншы бала екен. «Қой, бәйбіше, енді ұят болар, тегі. Осы ұл боп туса атын ырымдап Кенжебек деп, қыз болса Кенжегүл деп қоялық та, аттың басын тарталық», – деген Аталық бірде. Аса жақтыра қоймағанымен, Шәлипа да соған ұйыған еді. Бірақ көрейін деген жарығы бар екен, одан кейін де дүниеге Қанағат атты тағы бір ұл келген ғой. Әлгіде Шәлипаның үйде жал­ғыз қалды деген «көк түйнегі» – сол. Оның өзі жа­қында екінші сыныпқа көшіп отыр. Қолды-аяқтай аза­мат десе де болады.

– Үй болар да еді-ау, мына өкіметі түспегірің есі кі­ріп, етегін жинай алмай-ақ қойды емес пе, – деп, Шәлипа енді бір қиырға салды. – Кешегі сәбет қандай еді: яслиің – анау, балабақшаң – мынау. Тіпті ішіңдегі шарананың өзін өбектеп жүріп, жерге түсірмей қағып алушы еді ғой, обалы кәне. Тек баласын тауып беріп, жұмысын істесең болды. Енді келіп, түк таппағандай, соны да жамандадық-ау. Өзімізге де обал жоқ.

– Жамандаса, соған лайығы болғаны да, – деп, Ақыл­дас сыналап сөз қосқан болды. Әшейінде мұн­дай нейбет сөзден қарқын алып, арындап кететін Шә­липа бұл жолы өйтпеді. Екпіндеп келе жатқан ба­ғытын кілт өзгертіп:

– Келін-ау, сенің не білгенің бар, әлгі қырғыз қай­на­ғаның қаладағы баласы үйленсе керек қой, – деді, жаңа бір әңгіменің жібін тарқатардағы ерекше ықы­ласымен еміне түсіп. – Бес жүз адам шақырып, дүр­кіретіп той жасаған білем. Не істейім десе де қолынан ке­ле­ді қазір. Ішкені – алдында, ішпегені – артында, тіреп тұрған шағы.

Қырғыз қайнағасы – Аталықтың немере ағасы Қо­жағұл екені Ақылдасқа да белгілі. Әкелері отыз екінің ашаршылығында қырғыз асып кетіп, содан әбден беріде оралғанын білетін. Бірақ соның ыласы тез кете қоймай, өз ортасы – туған жұртында әлі күнге «қырғыз» атанумен келетін ғой. Әйткенмен, шетте шер­менде боп жүріп еңбекке әбден пісіп-жетіл­ген­дігінен болар, келе қолға алған шаруасының қайсысын бол­са да дөңгелентіп әкетіп, аз жылда айта қалғандай дәу­лет құрап алған. Әрі-беріден соң алыс-беріс сау­даға армансыз араласып, әкеден мұра – жұт­қыр­лығымен қаз орнына қарға қондырып, боғын боталы түйе­ге балап, аңқау елді жүндеген уқит-суқиты және бол­­ды, жасырып қайтеміз. Кілең қусирақтардың за­ма­­ны белең алғалы бері оның да мұрнынан құрты тү­­сіп тұрған шағы осы еді ғой. Өзге түгіл, күні кеше өз­­дерін шұрқырай қарсы алып, өзектерін жұлып бере жаз­даған ағайын-туғандарына одырая қарап, жүре сөй­лесетін болған. Өзі сондай болса, одан туған бала не оңсын. Жаңағы тойына ел қатарлы ескеріп Ата­лық­ты шақырмауы – соның бір мысалы ғана. Ойдан-қырдан жинаған бес жүз адамның санатына немере бауырын ілмеуін Қожағұлдың шектен шыққан әй­кә­пірлігі демей не дерсің. Шәлипа келіні қай­на­ғасының бұл қылығын өзегі өртеніп отырып айтса, айтқандай-ақ қой.

– Ел бүлінді, несін айтасың, – деді абысыны құйып берген шайды суытып барып қолына алған Шә­липа. – Ең жаманы – адамның пиғылы бұзылды. Ен­ді мұндай елмен жуықарақпанда ұшпаққа шыға қоям деу… әй, қайдам!..

Бір әңгімеден екінші әңгімеге ешбір дайындықсыз оп-оңай ауыса салуға келгенде жан баласына дес бермейтіннің нақ өзі – әйел ғой. Әрі ол, анау-мынау емес, Шәлипа болса не дерсің.

– Қой, кетейін, – деді әлден соң. – Әлгінің де ке­летін уақтысы жақындап қалған шығар. Жетеді кәзір, ақ тауды айырып, қара тауды қайырып… Сонысына қарай кәдуісекті жөргем дерлік бірдеңесі болса ғой тауып жатқан. Қайдағы…

Айтқанындай-ақ, осы сәтте есіктен едіреңдей кір­ген жарғақ құлақ сыптығыр бала:

– Апа, көкем келді! – деді, ел көшіргендей ентігіп. Оған айылын жия қоймаған Шәлипа кенжесінің бойы-басына сынай көз жүгіртіп алып:

– Әй, көк түйнегім-ау, менің мұнда екенімді қай­дан біліп келдің? – деп сұрады.

– Е, білем да!..

– Білсең, бар, тамақты жылыта беріңдер. Мен де же­тем кәзір.

Бұдан соң құдайдың күні де тұлданып, қашаннан бері бір тамшы тамбай тұрып алғанын, «сұмырай кел­се су құритынын» бірсыдырғы әңгіме ғып барып жол­ға түскен Шәлипа үйіне келгенде әкелі-балалы екеуі тамақтарын ішіп, ыдыс-аяқтарын жуып, тап-тұй­нақтай болып отырған ғой. Аталық кемпірінің жү­зіне бір қарады да ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Тіл қат­қанда не айтады? «Қабағың қату ғой» десе бітті, тұтанайын деп тұрғанын көріп отыр. Сондықтан құры­сын, тыныштық керек. Мұндайда тек бір-ақ ауыз сөз жетпей тұрады емес пе.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір