ӘЙЕЛ АБЗАЛ – АТҚАРАТЫН ЕР ІСІН
08.07.2016
1373
0

DSC_5756Жазушы жары деген атты иемденген біздердің әрқайсысымыз отағасыларымыздың қасында өте бақытты ғұмыр кешіппіз. Ол заман басқа болды ма, әлде жастықтың өзі «айхай, дәурен» бе, әйтеуір өткен күндерді еске алсақ, сәулелі, шуақты сәттердің көп болғанын ұғынасың. Әдебиет, сөз ерекше қастерлі болған сол уақытта, біздердің қолымыздан келгені – үйдегі кісілеріміздің қаламын сыйлап, жазғанын тірнектеп жинау болатын. Одан кейінгі міндет – «сен де бізге жат емессің» деп еркелеткен, аға буын ақын-жазушылардың алдынан қия өтпеу еді. Той-томалақта дастархандас бола жүріп, қаламгерлердің үйлеріндегі шырақшыларымен де туыстасып алдық. Ендігі жерде олардың сыры – біздікі, біздің мұң – олардікіне айналып кете барды. Мәкиза Дайырбайқызымен де әдебиет деп аталатын үлкен дастарханнан дәм татысып жүріп, дос, туыс, жақын болдық. Текті атаның қызы еді. Басынан небір қиын күндерді өткерсе де, үгітіліп кетпеді. Өмірдің бақытты, нұрлы шақтарында да, асып-таспады. Қашан көрсең де сұлу, көркем қалпын жоғалтпай, «жазушы жары» деген атты лайық алып жүрген жан­ның бірі – Мәкиза Дайыр­бай­қызы дер едім.

Біздер үшін Мәкең ақылшы ана, бауыр­мал туыс болды. Жар күтудің қиын­дығы мен қуанышы қандай бола­тынын да өзіндік бекзаттықпен, тек­ті­лікпен ұғындырар еді. Құрсағынан Аман, Күлшара, Ақтоты сынды балалар өрбітіп, тәрбиеледі.

Белгілі жазушы Рахметолла Ра­йым­құловқа Ақтотыдай перзент сүй­гізді. Рахаңның өзі: «Барым да, нарым да – Ақ­тоты», – деп отыратын. Ақтоты да тәр­биесімен, инабатымен ана мен әке се­німін ақтады: жасынан биязы, ақыл­ды, қылықты қыз болып өсті. Көз ал­дымызда құлыншақтай құлдыраң­даған ерке қыз осы күні ата-ана үлгісін бойына сіңірген әдепті, иманды бала болып, марқұм әкесінің де, қырық күн бұрын бетін бақиға бұрған анасының да үмітін ақтады деп ойлаймын.

Мәкиза Дайырбайқызы жарын қа­лай күтсе, перзентін де солай аялай білді. Бүгінде қазақ компози­тор­ла­ры­ның ішіндегі ең танымал тұлғалардың біріне айналған Ақтотыны төрт жасынан музыкаға бейімдеп, шетелдік әде­мі күйсандық (фортепиано) сатып әпе­ріп тойлағаны, Ақтоты алғаш мектеп табалдырын аттаған сәтте ата-ана­сының ерекше қуанғаны күні бү­гін­гідей жадымызда сайрап тұр. Өздері жүріп өткен жолдың бұралаң-бұл­та­рысын емес, сәулелі-шуағын көбірек көрсін деген ниетпен бала қуанышына ерекше мән беретін.

Мәкиза Дайырбайқызы сонымен қа­тар, білікті қызметкер де еді. Жоғары бі­лімі мен өмірлік тәжірибесі, қажыр-қай­ратының арқасында мәдениет са­ласындағы әр түрлі қызметтерді мінсіз ат­қарды. Осы салада жеткен жетістік­тері үшін кезінде тиісті органдардан, құ­зырлы мекемелерден жоғары мара­паттарға да ие болды.

Жаны нәзік Мәкең сонымен қатар, ән­ді де тамылжытып салатын. «Бая­науыл­дың ақ қызы» атанған ол биді де мың бұралып билейтін. Бір басында бір адамға жетерлік сонша білімі мен өне­рі бола тұра отағасын қадірлеген мі­незінен бір танбады.

Біздің үйдегі кісі – Қалижан Бек­хо­жиннің маған арнаған бір өлеңі бар. Меніңше, ол барлық әйелге, ең алдымен барлық жазушы жарына арнал­ған­дай болып тұрады:

Әйел абзал – атқаратын ер ісін,

Кестелейтін несібенің өрісін.

Сүйсінемін көріп білгір әйелді,

Көркі, ісі – бірдей тапқан келісім.

 

Ардақтаймыз әйелдердің әз атын –

Саусақтарын, сын-сипатын, ләззәтін!

Қартайғанша әйел даңқын жырлаймын,

Жаңғыртатын адамдардың зәу-затын!

Бұл өлең әдебиеттегі ағалары «Мә­кі­жан» деп еркелеткен Мәкиза Дайыр­бай­қызына да арналғандай.

Райымқұловтар әулетінің алтын қазығы, шырақшысы болған анамыз­дың жаны жәннатта, арты той болсын! Ұрпақтары аман-сау болсын!

Зайда ЖАНАЙҚЫЗЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір