«ӘЙ, ДҮНИЕ-АЙ!» КІТАБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
08.07.2016
2997
0

«Әй, дүние-ай!»«Әй, дүние-ай!» және тарихи шындық Алматыдағы Жазушылар кітапхана­сында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына байланысты көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеевпен кездесу өткізді. Кездесуде жазушының осы жылы жарық көрген «Әй, дүние-ай!» кітабы туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Автор бірнеше ай бойы мұрағатта отырып, 1916 жылғы Жетісу жерінде болған ұлт-азаттық көтеріліс туралы деректер жинаған.

«Шығармаға тарихи құжаттардағы деректерден  артық  дерек қосқан жоқпын. Фон Берг өзінің отрядын бастап келіп, жарты түнде қамсыз ұйықтап жатқан халықты қынадай қырады. Жоғарыға «көтерілісші халықты бастық» деп мәлімет береді. Бұл деректер архивте тұр. Мен тек көркем деп әдеби тілмен жазып шықтым», – дейді. Романдағы бас кейіпкер Шәйі 1916 жылы уыздай жас еді. Небәрі он алты жасында 1916 жылдың ылаңын басынан өткереді. Шырт ұйқыдағы әке-шешесін, ағасы мен бауырын Фон Бергтің әскері тірідей өртеп кеткеннен бастап, 1932 жылғы аштықты, 1941-1945 жылғы соғыстың зардабын тартады. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде 16 жасар шөбересінің қаза болғаны Шәйінің жанына қатты батады. Сан жылдар бойғы қазақ халқы бастан кешкен тар жол, тайғақ жылдарға куә Шәйі Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғанын естіп, «Уһ! Құдай бар екен ғой!», – деп жан тапсырады.

Кейіпкердің ғұмыр бойы күткен азаттық күннің қадірін жазушы оқырманға қарапайым өмірмен қатар өрілте отырып ұғындырады. Бас қосуға жиналғандар жазушыға көтеріліс төңірегінде сұрақтар қойып, шығарма туралы пікірлерімен бөлісті. Романның не себепті «Әй, дүние-ай!» деп аталғаны туралы сұраққа жазушы, қазақтың еш сұраусыз, еш себепсіз қынадай қырылғанына, жазықсыз қорланғанына қарап бұдан басқа сөз айту мүмкін емес, деп жауап берді. Кездесу барысында Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жазылған мақалалар мен кітаптар көрмесі қойылды. Сонымен қатар, кездесуге жазушы Әскер Тойғанбек қатысып, өзінің «Қайран, елім» атты кітабын таныс­тырса, әнші Еркін Нұрханов 1916 жылдары жазылған тарихи әндерді орындады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір