АСТАМ СҰРАҚТЫҢ ЖАСҚАНШАҚТАУ ЖАУАБЫ
01.07.2016
1991
0

критикаТалай уақыт болды, Күлтөбенің басы бос тұр. «Ұл – өзі болғандай, келін – өзі келгендей» бір дүние. Ешкімді ешкім тыңдамайды, кеңеске қайрылар жан жоқ. «Құрыды, су алды, заманы өтті, күні батты» деген өңкей бір кері кеткен тіркестермен ғана жолдас болып алған әдебиетке қызмет етіп (қор болып), жүйкесі жұқарып жүрген ақын-жазушы атаулының бетінен қағу – қайғы үстіндегі жанды тілдегенмен бірдей. Рас, оңай емес, – жаның ашиды. Кім үшін, не үшін жазып жатқанын өзі ғана біледі (білсе!), сол жазғанынан тауып жатқан малы, шығып жатқан атағы тағы аз… Тәуекелге мініп, уақытын, денсаулығын, жүйкесін шығын қылып, енді жазып болдым дегенде… Көлденеңнен әлдебір сыншы килігеді. Жоққа шығарады, іске алғысыз етеді. Бүкіл еңбегің – еш, тұзың – сор. Өзі тозып отырған адамға бұдан артық қиянат бар десеңіз, дәл сол сәтте сендіре алмас едіңіз. Рас, көңіл басылады, ашу қайтады. Сосын… Тағы да проблема: Кітабың өтпей жатыр, оқылмай жатыр, еленбей жатыр. Жатыр…  Сіздің соншама уақыт бойы сарылып тапқан, қағазға түсірген көркем мәтініңіз ешкімді қызықтыра алмапты. Анығында, ешкімге керек емес екен, көп жұрт хабарсыз. Былайғы жұртқа тым құрығанда хабары да жетпеген жинағыңа кеткен еңбектің өтеуін кімнен сұрарсың? Тіпті, сенің әлгі бір белгісіз кітабыңның артында зор еңбек жатқанын сезінер біреу табылар ма… Жазушы мен ақын үшін оқырманның үнсіздігінен ауыр сын жоқ екен ғой. Сол сынға шыдаған жан басқа сынды күліп отырып қабылдамас па…

 

Алмас НҮСІПАлмас НҮСІП:
– Жазушы мен сыншының арақа­ты­на­сы туралы ойласам «Төс болсаң – тө­зіп бақ, балға болсаң – соғып бақ» деген тәм­сіл есіме түседі. Төс – жазушы, балға – сыншы, бірігіп илегені – шығарма. Бі­рінсіз бірі жоқ. Екеуі де төзімділік, тү­сіністік танытқан жағдайда қайнауы жет­кен темірден шебер қолдың табы есе­тін мүлік шықпақшы. Оған қайда… Бал­ға қиыс соғады, төс тайқып кетеді… Сөй­тіп, ымырасыз тартыспен жүргенде те­мірдің қызуы басылып қалады.

…Өмірге тағы бір сұрықсыздау сом­дал­ған бір дүние келеді.

Сыннан өтудің жолы көп қой. Сын де­ген нәрсе біз ойлағандай баспасөз бе­тін­де жарық көретін жарнамалық материал (ара-тұра жеңіл-желпі өтірік ес­керт­песі бар) ғана емес. Рас, сын көркем шы­ғармашылықтың – насихатшысы,– құ­лы емес; төрешісі, – төресі емес. Бас­пасөз бетіне шығатын сын – алдымен сын­шының жеке шығармашылығы. Бұл кезде кемшілігін ойласып, қайта түзе­тейік дегеннен гөрі нақты баға беру ние­ті ғана болады. Шығарманың кем­ші­лігін түзету үшін – кітап болып ба­сыл­­май тұрған кездегі достық, жа­н-
а­шырлық пікірлер өте маңызды. Әлгі әб­ден жауыр болған «дос жылатып айтады» деген сөздің салтанат құратын ша­­ғы да осы. Ендігінің жазушысына әр жаз­ған дүниесін жарыққа ала жүгірмеуді мең­гермек керек. Басын, ортасын, соңын бір-бір парақтап шығып, «мы­науың ғажап дүние екен», – деп аузы кө­піріп мақтау айтуға ұялмайтын, әде­биет­шілік өмірінде ешкіммен «шәй дес­пеген», жақсы адам болуды – жасық­ты да мақтай беру деп түсінетін, әлде­кім­дердің көлеңкесінде, көбіне екінші нө­мір­де жүріп күнін өткізетін жансыздау жандардың мін айтпайтынын біле тұра, «бір тексертіп алу» ұшпаққа шығар­­май­ды. «Өзіңнен мықтымен дос­тас», – дейді фи­­лософтар. Өсесің. Биікке ұмтыласың. Шы­ғармашылық – жеке адамның оңаша шаруа­сы. Десе де, шынайы дос тауып, әл­гіндей шығарма­шы­лық қарым-қа­тынас орната алған жазу­шының жұл­ды­зы өзгелерден биігірек болмақ.

Шығармаң жарық көрген соң, оның соңынан айтылатын мінге, жазылатын сын­ға (мейлі жала болсын) мейлінше сал­қынқандылықпен қарамақ абзал. Жа­рыққа жеткен шығарма қолдан шы­ғып кеткен бір мүлік. Қолдан бір шығып кет­кен соң-ақ оның ендігі иесі жалпы жұрт. Соңынан қанша шырақ алып түс­сең де абырой таппайсың. Ақтай ал­май­сың. Жазушыға Бердібектік биіктік ке­рек: «Біздің жазғанымызды мазмұндап беру­ді сын деп, шығармашылық деп есеп­тейтін сыншылар…». Ауырлау сөз, бі­рақ жазушы өзін көлденең сөзден, әл­гіндей сыннан биік қоя білмесе, аты алысқа бармасы анық. Жазуың жаман деген әр сыншының жағасына жармасып жүріп ғұмыры түгесіледі.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫБағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Тұрсынбек Кәкішев: «Ол замандар­да шығарманы талдап, қызылкеңірдек боп, айтысып жатсақ та, залдан шыға бе­ре сол талқылаудағы жанжалдың бірі де есіктен аттап шықпайтын. Былай шы­ға дос-жаран қалпымызға қайта тү­сер едік. Біздің «жанжалымыз» шығар­ма­­шылық үстінде ғана еді», – деген ма­ғы­нада бір жақсы сөз айтып еді. Әде­­­­биетті шын түсінетін жандардың өзе­гі­нен шыққан әр сөзінде жеке басқа деген өкпе-наз болмайтын сияқты әсер береді де тұрады. Ал әдебиетті түсін­бей­тін, түсіне алмайтын жандардың өкпесі, ре­ніші – алдымен жеке басқа. Шы­ғар­ма­шылық әлемнен сырт қалған жанның та­лантсыздығына оқырманы, сыншысы кінәлі сияқты көрінетін шығар. Өлең жазатын, әңгіме жазатын қаламгерлердің (мықтысы болсын, осалы болсын) қай­сы­сы өзін талантсызбын десін. Керек десеңіз, шетелдерге қазақтың атынан шы­ғып жүрген кей ақын-жазушылары­мыздың өзі шын мықты болмаса да өзге елге танылуға талпынып тұрмай ма? Бұл дегеніңіз қалай болғанда да, өзіне сену­шілік. Өзін мықты санағандық! Әйтпесе «қазақтың мықты ақыны осы ма?» деп ай­тып жүрмесін, менің орныма Пәлен­шекең барсын. Сол – мықты» деген ар сөзі неге айтылмайды? Өйткені, айта алмайды! Өйткені – эгоист! Сын көтере ал­мау дегеніңіз – осы эгоистіктен. «Мен мық­тымын! Мен талантпын!» дей б­е­ретін әдетімізден. «Заманның ұлы ақы­нына» деген хатты Гетелер «маған емес шығар» деп бір-біріне ысырмайтын ба еді?! Абай да: «Жүрегімді байқасам, ине­дейін таза емес» деп ағынан жарылмайтын ба еді?! Өзінің мықты емес екенін, осал екенін мойындай алу мен мойын­да­маудың арасындағы парықтың өзі кім­нің кім екенін көрсетіп тұрған жоқ па?!

Мәселенің бәрі осы – айта алмауда. Өзің­нің осал екеніңді де айта алмайсың. Өйт­кені, талантсың! Біреудің осалдығын да айта алмайсың. Өйткені, ыңғайсыз! Есенқұлша айтқанда: «Шырқыратып шын­дықты айтсам бір жайсыз, Қатар бір­ге жүргендерден ыңғайсыз, ойнап бір­ге күлгендерден ыңғайсыз…» деген гәп.

Ал шынайылық дегеннің өзі қиын. Кей­де: «Мен өзі өтірікке жоқ адаммын» деп, сөзін өтіріктен бастайтын заман­даста­рымыз бар. Өтірікке жоқ адам, өтірік айт­­пайтынын тілге тиек етпей-ақ әңгі­ме­сін айта бермей ме? Әдебиетті түсін­бей­тін адам өтірік айтады. Роман емес дү­ниені – роман, әңгіме емес нәрсені – әңгіме, жазушы емес адамды – жазушы қылады. Өтірік сынайды, жала жабады. Бәлкім, сондай адамдардан жазушы, ақындар мезі болған шығар. Әйт­песе, сыннан қорытынды шығаруды кім ойламайды?

Алмас НҮСІП:
– Мәселе сын көтере алу деген сөздің мә­нін қалай ұғатынымызда. Сын көтере алу – беті бүлк етпейтін ұятсыздық пен сөз жемейтін тасырлықпен астасса, мұн­дай көнтерліліктен том-том жарамсыз кітапқа қор болған қайран қағаздың оба­лын ғана көрер едіңіз. «Бұлар да айта береді екен», – деп, миығынан бір күліп қоя салса да, «Менің айтпағымды түсін­бепсің», – деп, кешірімді қалып таныт­қан болса да, «Не оттап тұрсың?!» – деп, сыншысының жағасына жармасса да әр­кімнің еркі, кісілігі біледі. Меніңше, ең дұрысы – іштей қорыту. Бұл процесс сын естушінің жан дүниесінде міндетті түр­де жүреді. Қалай туласа да, былайғы жұрт­тың алдында өзін қалай ұстаса да сын­ға арқау болған ақын-жазушы өзі­мен іштей күресумен болады. Себебі, қан­дай тасыр болса да, бәрі біледі: Әде­биетке сын керек! Тіпті, бір сұхбатында әде­биетімізге жай ғана сын емес, ащы сын қажет екенін, сын болмай әдеби өмір жанданбайтынын айтып тастаған болуы да мүмкін. Менмін деген талай мық­тыңның өзі айналып өте алмаған – «кесапат». Енді міне, кезек өзіне ке­ліп­ті. Мүлде ойламаған соққы, әлде, күт­кен жау. Мұндайда ең ауыры – көл­денең жұрттың «бұл енді қайтер екен», – деп, аузыңды бағып қимылыңды қалт жібермей аңдып отырғанын сезіну. Өз ойыңша, сен бүкіл жұрттың сол сәттегі ұғымында – масқараланған, тәлкек етіл­ген мүсәпір бір жан. Шығарма иесін ең алдымен осы ой қажайды. Адам өзі­нің нағыз бейнесін сын сағатта көрсетіп ал­маушы ма еді, жаңа айтқан кісілік осын­дайда көрінеді. Әркім әр түрлі әре­кетке барады. Өзін ақтайды, жала жа­был­ғанын, сыншының әділ емес екенін ай­тып бағады. Ары-бергіге қоңырау ша­лады: жақтастарынан жұбату естиді, қар­сыластарына доңайбат жасайды. «Иістің қайдан шыққанын, желдің қай­дан соққанын білеміз! Біз де қарекетсіз, із­деусіз, сұраусыз емеспіз…». Біздің ағайын да әбден дәндеген: «Бір қызықтың басталғаны анық». Алақанын ысқылап қарсы жақтан жауап күтеді. Айғайға ат­тан қосып, төтеден жандайшаптар қо­сы­лады. Басу айтқан болып, отқа май құйып қалқада жатыпатарлар жатады.

Біреудің інісі дардай басыңа қарамай се­ні мұқатпақ болды. Артында әлгі Бі­реу­дің тұрғаны анық. Ондай іні, құдайға шү­кір, сенде де жетеді. Біреуге бірден тап беруге болмайды – білініп қалады. Ең дұрысы, алдымен інісінің сыбағасын беру. Яғни… Ол ешкім емес, әшейін айтаққа үрген, қиқуға еліккен бір делбе. Дәлелсіз, дәйексіз (!) сын жазыпты, оны­сы тұнып тұрған жала. Давай, өзіміздің Бәленжанға жаздырамыз… Ол Бәленжан әлгі ағасын (таяқ жеген шығармасын) бастан-аяқ мақтаған, «жерге түсіруге қи­май» мәпелеген мақала жазады.

Әдеби тартысымыздың түрі осы.

Былайша айтқанда, жұртқа жем болу де­ген осы, міне.

Бұл енді болған, болуы мүмкін жағ­дай. Екінші нұсқа, сыншыны қасақана көз­ге ілмей қою. Бала-шаға, бақа-шаян­ның ұсақ-түйек сөзіне бола сонша тау­сы­лар жөні жоқ.Бірді-екілі қызық­құ­мар­лардың сұрағына: «Ә-ә-ә, әлгі ма? Со­ны естідім, сосын не жаза қойды екен деп оқып ем (не мүлде оқымадым), түк жоқ. Есек не жемейді, айта берсін. Үріп-үріп қояды». Бірақ бұл үнсіздік те – то­лық жеңіс емес. Үндемей жатып алса да, тынышы бұзылғаны анық: Сыншымен іштей тартыс басталады. Айтып тұрғаны рас па, жаулық ниеттен туған жалалы пі­кір ме? Негізгі мәселе онда да емес. Жазу­шы осы сын айтылған сәттен бас­тап өзін сырттай бақылай бастайды. Жан дүниесіне үңіледі, өз талант күшін салмақтап байқайды. Боламыз ба, жоқ па? Рас па, өтірік пе? Сыншы мысал кел­тір­ген үзінділер мен тұқыртқан тұстарын еркінен тыс бір қарап шығады. Еркінен тыс әлгі кемшіліктің рас екенін мойындайды. Бірақ сыртқа шығаруға әлгі сен айт­қ­ан даладай көкірек жібермейді. Сосын, үнсіз қалады…

Осы жағынан алып қарағанда, сын­ның қандай формада да айтылып тұр­ға­ны дұрыс па деп ойлайсың. Сыншы – әдеби ортаның бақылаушысы ғана емес, әр жазушының өзіне деген ішкі бақы­лауын, талабын күшейтуші маңызды те­тік.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Біз шығарманы талдаудан гөрі ба­ға­лауға асыға­мыз. Ертеңгі тағдыры (шы­ғар­маның) қа­лай болады – оның бәрі уақыттың құзы­рын­дағы үкім. Сын­шы­ның міндеті тек тал­дап, сол арқылы жақ­сылы-жаманды же­тістігін айту. Біз­де бәрі кесіп айтуға құм­ар (категоричный). Кесіп айту да бел­гілі дәрежеде шек­телу ғой.

Әдебиетті сүю, оны сезіну – тек өлең, я прозалық дүние жазу ма екен? Сын­шының міндеті шығарманы талдау ғана ма? Кезінде бір әдеби бәйге немесе сын­шы талантты ақын мен жазушыны ашып жатады екен. Бүгінгі күні сын кім­ді таныта алды? Әбіш Кекілбаевтың Қа­сымды, Ілиясты, Мұқағали мен Тө­ле­генді, соңғысы Тыныштықбекті аш­қаны сияқты оқиға соңғы рет қашан болды екен? Әңгіме керемет мақтауда немесе тұқырта қаралауда емес. Шама кел­генше шығармашылық болмысына тоқ­талып, адам ретінде емес, ақын, я жазу­шы ретінде сен қалай таныдың, бар ар­тықшылығы мен кемшілігін жасырмау арқылы шығармашылық портретін жа­сау. Оның әр сөзіне, сөйлеміне қадалу емес, жалпы шығармаларын толық алғанда қандай қаламгер деген сұраққа өзің­ше жауап тауып көру. Сөзіне, сөй­ле­міне үңілу де сын шығар. Бірақ одан қан­дай мақсат шығады? Жалпы шығар­ма­шылықты жазғанда ғана қаламгердің болмысы көрінеді. Әйтпесе сөзден небір жүйріктердің өзі сүрініп кетіп жатқан жоқ па?

Сынды әркім әр түрлі айтады. Тео­рия­мен де, практикамен де талдап жатады. Бірақ  осының қайсысы шығарма­ны то­лық аша алады. Немесе соған жете­қа­был дәрежеге жеткізетін қай жол, қай тә­сіл екенін тамыршыдай тура басу да қиын. Толстой «Әкелер мен балаларды» оқы­ғаннан кейін: «Жаман шығарма емес. Бірақ бір деммен жазылған бір беті жоқ» депті. Осыны сезу үшін қандай тео­рия керек? Оны тек Құдай берген түй­сік арқылы ғана сезуге болады. Толс­тойлық дәрежеде сезіну үшін де қандай қасиеттің керек екенін айтпаса да тү­сінікті. Біз де осыған ұқсап, шығар­ма­ны оқыған кезде-ақ қандай көңіл-күймен жазылғанын, шығарманың ішкі ағысын ұстай алған ба, жоқ па деген сұрақтарға жауапты түйсік арқылы сезе аламыз ба? Он­дай түйсігіңіз болмаса, теорияны жақ­сы білгеніңізден не қайыр?

Бір сындар болады, автордың білген нәр­селерінің бәрі қосылған ассорти дү­ние. Бірақ ассортидің бәрі дәмді ме? Әлемдегі жұрт білмейтін терминдердің бә­рін жаттап, я тізіп сын жазып, объекті­сін құбылыс етіп көрсеткісі келетін сын­дарды да көріп жүрміз. Олардың атын айтсаң: «Бәлелі к… сияқты». Сен айт­қандай улап-шулап, артынан айтақ­шылары қосылып, үрім бұтағымен қарғап, бір-ақ тоқтайды. Ал содан әде­биетке келген пайда қайсы? Обал, сауап­ты айтып тұрып, бұрыла сап қиянат жасайтындардың әрекетін немен тү­сін­діреріңді де білмейсің. Өзіне бір сын ай­тылса, ер-тоқымын бауырына алып ту­лап, қылқынып, артынша өзі туралы жазылған бір «тамаша» мақаланы га­зетіңе жариялатқысы келетін кей жазу­шылардың қылығы ұятқа жатпай ма? Ішкі бақылау қайда қалды?

Алмас НҮСІП:
– Өз мінін көзіне шұқығандай қы­лып айтқан адамды ұнатпау бір жағынан табиғи нәрсе. Сол пендешілікті жасыра білу де үлкен күшке түсетіні анық. Ішкі түй­сік аталған кемшіліктердің бар ек­е­нін біледі, біздің мін – сол ішкі дауысты тыңдай алмайтындығымызда. Қараңыз­шы, Үлкен кісі (атағы дардай, үлкен жазу­шы) мақтаған шығармасын екі жас­тың біріне келмеген қайдағы бір боқ­мұрын іске алғысыз қылып тастайды. Автор кімге жүгінеді? Әрине, Үлкен кісіге. Біріншіден, ол үлкен кісі. Екін­ші­ден, мақтап тұр. Ал жас бала түріне қа­рамай сынайды. Қай жағынан да Үл­кен­нің сөзі – сөз-ақ. «Хан айтқан сөзді мен де айтам» дейтін құлдың жанайқайы еске түседі. Бірақ бұл жерде ауыздың дуа­сынан гөрі, мақтаудың бәсі басымдау. Жастар кітап шығарып жатады, сонда бір қатып қалған салт бар: Ақ­са­қалға ал­ғысөз жаздыру. Бата-тілек жөні­нен құп­тарлық-ақ іс. Бірақ сол алғысөзде «бо­лашағынан зор үміт күттіреді» немесе «бұл мылтықты наган кезінен бі­лем» дегеннен өзге ештеңе айтылмайды. Айтса, бірді-екілі әңгімесі ғана. Бұл аны­ғында – талантты таныту, шығар­ма­ның ақ-қарасын байыптау, жазушы­ның (ақынның) табиғатын ашу туралы талаптармен қабыса қоймайды. «Берсең балаға бер» деген кеңпейіл аталардың атүсті айтқан бір ләмі ғана. Асса, кітап­тың сәнін кіргізер әшекей есепті.

Бізде және бір түсінік бар: Мәселен, мен әлі жаспын. Демек, әзірге өз сөзімді ай­туға хақым жоқ. Отызға жетпей дү­ние­нің сөзін айтып кеткендер туралы айт­пай-ақ қоялық, сондайлық дарын деп үміт артпай-ақ қойсын, бірақ аз да бол­са құлақ қоюға болар еді ғой. Алда-жал­да бірдеңе деп қойсам (Құдай ұрып!), міндетті түрде артымда айтақшыларым тұруға тиіс. Қандай да бір пікір айту үшін аға-көкелерімнің тапсырмасын алуым керек. Объект таңдалған. Ол мін­детті түрде аяусыз жанышталуға тиіс. Қай тарапта сыналатыны да анықталып қойылған. Мен жай ғана баскесермін. Ат­қарушы жендет. Сонда, мен неге жан­дүнием құптамаған шығарма туралы өз сөзімді айта алмаймын?.. Меніңше, албырттау болса да адал сөзді жастық айтады. Ал белгілі бір дәрежеге жеткен әде­биетші пенделік есепке жүгінбей тұра алмайды. Ананың жақсылығын көр­ген, мынаның шуағына шомған, ша­рапатына бөккен (қиғаш келіп қалса, ұят болады). Немесе жастық максима­лизм­­нен арылған, шығармашылық процесті, әдеби ортаның жай-күйін салқынқандылықпен (немқұрайлы) бақылаушы дәрежесіне жеткен. Адалын айтқанда, хас талант өмір бойы максималист болуға тиіс. Олай болмаған жағ­дайда оның орнын есеп-қисап басады.Аңдап сөйлейді, абайлап айтады – түк те айтпайды.

«В диких условиях» деген биог­ра­фия­лық  көркем фильмнің бас кейіпкері кезбелікке салынып кететін. Әке-шешесі жасап берген жақсы жағдайдан, өзінде бар бүкіл дүние-мүліктен бас тар­тып. Колледжді енді бітірген жас кезбе қалтасында қалған соңғы ақшасын отқа тастап тұрып: «Ақша бізді аяншақ күйге түсіреді. Сақтаулы ақшасы бар адам еш­қан­дай тәуекелге бара алмайды», – дейтін. Ал біздің жасымыз ұлғайған сайын, «запасымыз» да қалыңдай түседі. Есенқұл Жақыпбек айтатын бір рет жаназа шығарып, мал тауып дәндеген соң, адал құлшылығына селкеу түсіп, қанша тырысса да ниетін түзей алмай қоятын молданың трагедиясы бар еді ғой. Біздің де сол молдадан айырма­шылығымыз шамалы.

Мені қазір әдебиеттегі айтыс-тартыс та бұрынғыдай қызықтырмайды. Бір кезде Айтулылар мен Азулылардың ара­сындағы майдандар мүлгіп тұрған әдеби өмірді бір сілкіп тастайтын. Енді қара­сақ, ол да уақытша нәрсе екен. Себебі, он­да эмоция мен пендешілік, мен бі­лер­мендік бірінші қатарға шығып кете бе­ре­ді. Екеуара, топ-топ, жік-жік болып, әл­дебір ақиқатты дәлелдеу үшін жеке бір мүд­делер тұрғысынан жазылған дү­ниелер сол бір оқиғамен бірге көмескі­лене береді. Демек, біздің өзімізді қор­ға­ған, жақтастарымыздың мүддесі үшін жаз­ған сыни мақалаларымыз бен қы­зыл­кеңірдек талас-тартыстарымыз ке­зеңдік әдебиеттің мәнсіздеу естеліктері ретінде ғана айтылып (айтылса!) жүріп, ұмытылады екен. Оқырманына берер танымы мен білімі жоқ дүниелер біздің «шыбық тимес шыңқ етерлігіміздің» бір көрінісі ғана екен…

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Сын мәдениеті, пікірталас мәде­ние­ті қалай болуы керектігін оқыған кі­таптарынан жақсы білетін адамдардың өзі пікірталасқа келгенде сол этиканы ұстана алмай жатады. Немесе берген сұхбаттарында, айтқан сөздерінде тым бі­лімді, мәдениетті, адал көрінетін үл­кен­дер шынайы қарым-қатынасқа келгенде сол айтқан сөздеріндегідей неге үл­гілі емес екеніне таңғаламын. Сөз бен істің арасы тым алыстаған сайын шы­найы­­лығы мен шындығы жоғалып бара жат­қанын өзі де аңғармауы ненің көрі­нісі екенін айту да ауыр.

Мерейтой қарсаңында шылқыған мақ­тауға негізделген қызыл сөзге әбден бой үйретіп алғанымыз да жасырып-жа­батын жағдай емес қой. Дүниеден өткен айтулы ақын, я жазушы туралы өз көз­қа­расыңды, жеткен жетістігі мен кемшін кеткен тұстарын тең ұстап айтсаң да, ар­тында қалған ұрпағына, көзі тірі жарына, іздеушісі боп жүрген жолдасына жақпай қалғаныңды да аңдай алмайсың. Әке, жар, дос ретінде жеке басына тіл тиген жағдайда қорғауға хақың болса да, қаламгер басына айтылған әдебиет сө­зіне араласуға не ақың бар? Шығармасы хал­қының игілігіне айналған жанды қан­ша меншіктесек те қаламгер рухы оған көне қояр ма?

Дүниеден озғанын былай қойғанда, ара­мызда жүрген үлкенді-кішілі қалам­гер­лер туралы да «қателессек те, әділ қа­телескен» сөзімізді айтуға жасыратыны жоқ, жасқаншақтап қалдық. Өзің айтқан: «тапсырыс» деп жағаңнан алып, ит теріңді басыңа қаптаған ағаның қы­лығынан безінесің. Қорыққандық емес, «аш пәледен қаш пәле» дегенге ақылға құлақ қоясың. Неде болса, сөз көтерер, кеңес­ке құлақ асар жанды жақын көре­сің. «Мың дегенмен, тіршіліктегі қани­бет­ке не жетсін!» деп Қасым Аманжолов туралы ақынның көзі барында мақала жазбағанына өкінген Тәкен Әлімқұлов­тың күйін кешкің келмей, қандай болса да бір лепесіңді арнағың келетін ақын ағаң, жазушы көкең болашақта жазылар ол туралы мақалаңды қалай қабылдар екен деп күні бұрын алаңдайтынымызды несіне жасырайық.

Осындайда тірі ағаңнан гөрі, шығар­ма­сы қалған өткендер туралы ғана жаз­ғың кеп кетеді. Рахат! Ешкім жау көр­мей­ді. Кінәсіз кітаптары ғана бар назын ай­тып, сырласады…

Дүние доңғалағы алға озған сайын, күңк-күңк сөздің, бұрқ-бұрқ эмоцияның түкке де тұрмайтынына қанша мәрте көз жет­се де, одан сабақ алған қайсымыз бар… Әйтеуір өзіміз жазған дүниенің бір ғажайып туынды екеніне өзіміз ғана ила­нып, өзіміз ғана мастанып өтіп жат­қан уақыт. Ол туралы шындық сөздің де ай­тылуына өзіміздің тосқауыл боп жүр­генімізді де ескерсек екен.

«Менің атым Қызылда» (Орхан Памук) Бекзат туралы бір аңыз-сөз айтыла­ды. Шығыстың теңдесіз суретшісі туын­дыларының астына өз атын жазбайтын көрінеді. Өйткені, туындыға қарап-ақ шы­ғарманың Бекзаттың қолынан шық­қаны ап-айқын білінеді екен. Сол сияқ­ты, жазған өлеңінен, прозалық дү­ние­сі­нен-ақ автордың өз қолтаңбасы жар­­­­қырай көрінетін шығармалар әлі-ақ жазылар.

Қолтаңбасы жазылған, пошта арқы­лы жеткен Ертай Ашықбаевтың «Өлең және өмір» кітабын қайта оқып отырып, (қай­та дейтініміз: бұл жинақтағы мақа­ла­лардың денін газет бетінен оқыған едік) бір керемет күйге түсесің. Өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі әдеби ахуалды өз басыңнан кешкендей боласың. Ешбір міндетсінусіз, таза көңілмен, ақ жүрекпен, махаббатпен талданған ақын­­дардың шығармашылығына Ер­тай­ша ғашық боласың. Кірпияз талғам ие­сінің әдебиетті, әдеби жағдайды жақ­сы білетінін аңғарасың. Бәлкім, әде­биет­ті сүю деген осы шығар. Тым болмаса осындай ағалардың алдында ұятқа қалмауды ойлайсың. Және оның аса қиын іс екенін де сезесің. Ізтай Мәмбетов туралы сөзін Аян Нысаналиннің «Кімді кім іздеп жатыр?» деген мақаласының қайтарымы ретінде жазғанын мойындап: «жасқаншақтау жұбату жауабы­мыз­дың да бір нұсқасы болмақ» деп аяқ­тай­тын. Біздің де талпынысымыз, жа­зып жат­­қан дүниелеріміз – әдебиетке адал аға­лардың үмітіне бағышталған «жас­қан­шақтау  жұбату жауабымыз» ғой. «Өрт болса, әдебиет – ішіндеміз, Серт болса, әде­биет – күшіндеміз» деп Жарасқанша се­німді айта алар ма екенбіз? Біз кім бо­ла­мыз?.. Әдебиет не болады?.. Әңгіме осы…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір