БАҚЫТСЫЗ ДА БОЛМАДЫМ, БАҚЫТТЫ ДА…
01.07.2016
1748
0

12548894_1740125709579238_8825075400466260946_nЖангелді НЕМЕРЕБАЕВ

 

Тағдырымды алмадым сатып, құрап,

Ешкімге де бармадым жақұт сұрап.

Бақытсыз да болмадым,бақытты да,

Тек өзімді сезіндім бақыттырақ.

 

Өміріңді өрнектеп сәндесе де,

Арман-ойлар адамда бар нешеме.

Кең дүниеге кездер бар сыймай кеткен,

Сыйып жүріп тар бөлме, тар көшеге.

 

Шын сүйесің бір жанды сағынасың,

Қуанасың, сол үшін жабығасың.

Өзге әлемге соны аңсап сапар шегіп,

Бір жоғалып қайтадан табыласың.

 

Бағаламай гүл атқан көктеміңді,

Мекен еткің келеді көкте күнді.

Шың биікке шығам деп байқамайсың,

Шын өмірден алыстап кеткеніңді…

 

БІР БЕЙНЕ…

Жүректе бір сезім гүлдей ме?

Жанымды кернейді жыр кейде.

Әйтеуір күндіз де, түнде де,

Көзімнің алдында бір бейне.

 

Сол бейне ерекше мүсінді,

Ескексіз еселер күшімді.

Өзіне ынтызар еткізіп,

Ілгері жылжытқан ісімді.

 

Ол енді өлшеусіз көлемі,

Бақытқа жанымды бөледі.

Өлеңнің шыңына сол бейне,

Жалықпай жетелеп келеді.

 

Есімнен тандырған, сүйдірген,

Жүректі жандырған күйдірген.

Өмірдің ақ пенен қарасын,

Бір ғана тағдырдан түйдім мен.

 

Тәңірдің бір өзі танытқан,

(Өзімнен жоқ өзге жан ұққан)

Сол бейне жоғалса қайтемін,

Жаңылып қалам ғой бағыттан…

 

ТҮС

Түсіме енді керім қыз ерке,

Кейіпкеріндей «мың бір түн».

Қуанышпенен оянып ерте,

Көңілдің сырдым мұң бұлтын.

 

Бұл көрген түсім өңімдегідей,

Сәл бірақ одан көңілді.

Тамаша бәрі өмірдегідей,

Шынайы болып көрінді.

 

Көктемнің салқын көрік таңында,

Жанартау болдым жалынды от.

Ешкімге айтып, жорытпадым да,

Өзіме ғана мәлім боп.

 

Үзілген түсті жалғастырса ғой,

Жұмбақтың көбін шешетін.

Өң менен түсті алмастырса ғой,

Бақытты-ақ едім кеше түн…

 

СӨЙЛЕЙТІН ГҮЛ…

Мен бір гүлді сүйіп келем,

Тұла бойы – тұнық АР.

Өзімді де биік көрем,

Оның да өз шыңы бар.

 

Құшақтаймын төзімменен,

Күйретпей еш күлтесін.

Тамызған соң сезімменен,

Жүрегімнің білтесін.

 

Жапырағы жасыл мәңгі,

Айдай мүсін қияқты.

Сұлулығын жасырғанды,

Қалайтын да сияқты.

 

Мен сол гүлді сүйіп жүрмін,

Гүл болса да ұғынар.

Кейіпкері киік жырдың,

Сөйлейтұғын тілі бар…

 

КАМЕЛИЯ

Ақ қардың арасында тауда көшкен,

Тап-таза шаң-тозаңнан аулақ өскен.

Камелия дейтұғын гүлді көріп,

Бір сәтке айырылып қалғам естен.

 

Көп гүлдер көркіне оның тең келмеген,

Керімсал неткен сұлу мен көрмеген?!

Сағағы самал желмен ырғалғанда,

Менің де жүрегімде тербелді өлең.

 

Арудай алатұғын күліп қарсы,

(Кейпіңнен кербезденген сыр ұқсамшы).

Көзіндей жәудір қыздың мөлдіреген,

Жапырақ жанарыңда тұнық тамшы.

 

О, Камелия! Жаралған ерек мөлдір,

Сезіміңмен жанымды қоректендір.

Жетер ме екен өзіңе, бекер ме әлде,

Саған дейін сан түрлі мен өпкен гүл?!

 

***

Қайықсыз қасіретті кешіп ерен,

Шер жұтып, мұңға батты-ау есіл өлең.

Сәбиін жүрегімнің жұбатайын,

Өмірге өкпе артамын несіне мен.

 

Сыйласқан артта іні, алдымда аға,

(Еркелікпен сайран да салдым дара).

Кей-кейде түсірсе де шырғалаңға,

Түсінікпен қарадым тағдырға да.

 

Достықтың өлкесінде өрісі кең,

Таныдым тілектесті көп ішінен.

Қас қылған дұшпанға да кектенбедім,

Құндырақ өмір маған сонысымен.

 

Қиялмен мініп талай ерттеп елік,

Сезіммен түстім қанша өртке келіп.

Махаббат машахаты жеңе алмаған,

Ақын едім сүю мен сертке берік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір