Өтеген КҮМІСБАЕВ
01.07.2016
3284
0

Профессор КумисбаевҚазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 78 жасқа қараған ша­ғында көрнекті ақын, шығыстанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, ұлағатты ұстаз Өтеген Күмісбаев дүниеден өтті.

Өтеген Күмісбаев 1939 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұрат­баев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, аудандық га­зетте әдеби қызметкер болып істеген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің филология факуль­те­тін бітірген. «Социалистік Қа­зақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қа­зақ әдебиеті» га­зет­терінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеді. 1969-1974 жылдары Мәскеудегі КСРО ҒА-ның Шығыстану институтында оқып, осы институттың аспирантурасына түскен. 1974 жылы «Тұр­ма­ғамбет Ізтілеуов және оның «Рүстем-Дастаны» деген тақырыпта кан­ди­даттық  диссертация қорғады. Көп жылдан бері әл-Фараби аты­ндағы ҚазМҰУ-да ұстаз. Филология ғылымының докторы. Он­нан астам өлең, әңгіме, повесть, ғылыми кітаптардың авторы. Өлең­дері орыс тіліне аударылып, «Солидарность», «Литература и ты», «Мы – молодые» секілді Мәскеуде шыққан жи­нақ­тарда басылған, шет елдер тіліне аударылған. Парсы-үнді классигі Әмір Хұсрау Дех­ле­ви­дің «Жұмақтың сегіз бағы» дастанын түпнұсқасынан, сон­дай-ақ, М.Рыльскийдің «Раушан мен жүзім» өлең-поэмалар кітабын тәр­жі­малады. Р.Ғамзатов, Вс.Рождественский, Явухулан жырларын қазақ­ша­лаған. Поляк революционері Янушкевич жөнінде роман жаз­ған.

Шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің өзара байланысын зерттеуге арналған «Терең тамырлар», «Абай және Шығыс», «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» монографиялары бар. «Тұңғыш», «Алақан», «Менің кішкентай үйрегім»,«Жапырақтар түсіп жатыр», «Ақбота», «Ақ шолпан», «Ауылдан шыққан жол», «Горный кумыс», «Степная рапсодия», «Екі перне», «Ортақ арна», т.б. кітаптары жарық көрген.

Оның шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қазыналар санатында.

Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Өтеген Күмісбаевтың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.

 

ЖАНЫ АҚЫН, АСЫЛДАРДЫҢ КӨЗІ ЕДІ…

Қасиетті рамазан айының жұмасында 77 жасында белгілі шы­ғыстанушы ғалым, иманы жүрегінде тұнған ақын, ұстаз Өте­ген Кү­місбаев дүниеден өтті. Ғылым жолына бар ғұмырын арна­ған ұстаз еңбек жолын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­­титутында бастап, өмірінің соңына дейін әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университетінде қызмет істеп, елімізде шы­ғыс­тану саласының қалыптасып, дамуына өз үлесін қосты. Көңі­лі пәк, жүрегі таза, жүзі мейірімді Өтекең асылдардын көзі,  то­лық Адам еді. Жаны жайсаң, тәкаппарлық пен менмендіктен ада, кішіпейіл, қарапайым, ақкөңіл, адам баласына қиянаты жоқ жан болатын.

Өтеген Күмісбаев елімізге танымал ақын болды. Лирикаға то­­лы нәзік жырлары жырсүйер қауымның көңіл түкпірінен орын тауып, талайдың жүрегінде ән болып тербетілді. Ол көрнекті шы­ғыс­танушы ғалым еді. Оның ғылым жолындағы сүбелі із­деністері, қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Қазақтың сүлей ақы­ны Т.Ізтілеуов шығармашылығын егжей-тегжейлі зерттеп, шы­ғыс поэ­зия­сы мен қазақ ақындық дәстүрі арасындағы Алтын кө­пірге ай­налды. Ол тамаша аудармашы болатын. Оның аударма са­ла­сында да атқарған еңбегі өз бағасын алды. Сонау кеңес зама­нын­­да Шығыс шайырларының інжу-маржандарын қазақ тіліне аударып, қазақ поэзиясында жаңа қырынан танылды. Ол ұла­ғат­ты ұс­таз болды. Оның алдынан жүздеген шәкірттер түлеп ұшып, тәуел­сіз еліміздің ғылым-білім, дипломатия саласында қомақты қызметтер атқарды. Осындай ардақты ағамыз қасиетті рамазан айында мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Оның жарқын бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің санасында қашанда сол қалпында қалады. Жары мен балаларына, немерелеріне, сондай-ақ барша ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Топырағы торқа, жатқан жері жайлы, барар жері жұмақ болсын!

Қасиетті рамазан айында жамбасы жерге тиген жаны ақын, жүрегі алтын адам, бақұл бол!

Әбсаттар қажы
ДЕРБІСӘЛІ.

ЕСІМІ ЕЛІМЕН БІРГЕ ӨМІР КЕШПЕК

Жыл өткен сайын алдымыздағы қалам ұстаған ағаларымыздың қатарының сиреп бара жатқандығы қатты ойландырады. Жан­ға батады… Марқұм Өтеген ағамызды жуықта ғана көргенмін. Жылы жүзбен аман­дасып, амандық-саулығымызға ті­лек­тестігін білдіріп, өздеріміз еңбек ете­тін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетінің «Әл-Фараби» кітапханасына бір шаруаларымен кетіп бара жатқаны кү­ні бүгінгідей көз алдымда.

Белгілі шығыстанушы ғалым, филоло­гия ғылымдарының докторы, профессор Өтеген Күмісбайұлы еліне алдымен ақын ре­тінде танылды. Ол «Тұңғыш» атты ал­ғаш­қы жинағынан «Гүлсана бағы» жыр кіта­бына дейінгі  көркем шығармашылық жо­лында белгілі ақын ретінде, «Жапы­рақ­тар түсіп жатыр» туындысынан «Тіршілік то­қтамайды» кітабына дейінгі әр алуан жанрдағы прозалық кітаптарында қара сөздің кесте тіккен шебері ретінде танылды. Оның бірсыпыра туындылары орыс, ағыл­шын, поляк, украин, қырғыз, баш­құрт, т.б. тілдерге аударылса, өзі әрідегі Әмір Хұсрау Дехлеви, берідегі М.Рыльский, Р. Ғамзатов, Қ.Құлиев, Вс.Рождест­венский сынды әлем оқырмандарына бел­­гілі әдебиет алыптарының шығар­ма­ла­рын қазақша сөйлетті. Ол ғылыми жол­да да сол әлем әдебиетінің небір жұлдызды тұл­ғаларын өмірге келтірген парсы әде­биетіне аса іңкәр болатын. Оның Тұр­ма­ғам­бет Ізтілеуовтің «Рүстем-Дастанынан», «Абай мен Шығыс», «М.Әуезов және әлем әдебиеті», «Қазақ әдебиеті және Шығыс», «Иран әдебиетінің тарихы» секілді іргелі ең­бектерінің өнбойынан – шығыстық ре­не­санстың биік тұғырнамалы шығар­ма­ла­рымен қазақ әдебиетінің рухани бай­ла­ныс­­тары жайын ашсам деп ең­бектеніп өткен және сол жолда елеулі табыстарға жет­кен ғалымдық, азаматтық болмысын та­нимыз.

Ардагер азаматтың жиырма жылдық өмі­рі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қабырғасында өтті. Ол академик Зәки Ахметов, әдебиет та­ри­хының терең білімпазы, ұлттық ака­де­мия­ның мүше-корреспонденті Әнуар Дер­біс-
ә­лин­нің қарамағында қызмет етті. Ака­­­­демик Серік Қирабаевтың институт дирек­торы кезінде директордың орынбасары, филология ғылымдарының докторы атағына диссертация қорғататын маман­дандырылған кеңестің  ғалым-хатшысы болды. Сол уақыттың өнбойында оның біреу­мен сөзге келіп, қабақ шытысып жат­қан жайсыз кезін көрмеппіз. Осы мінезімен ол өмірден өткенге дейінгі қызмет еткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шы­ғыстану факультетінің әр алуан басшылық қызметінде жүрген кезінде де айнымағаны даусыз. Оны сол жайсаңдығы үшін де әріп­тестері ерекше сыйлайтын. Бір сөзбен айт­қанда, ол өзінің барша саналы өмірін хал­қына қызмет етуге арнады. Марқұмның ал­ды пейіш, соңы кеніш болғай!

Жұмат ТІЛЕПОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті және
әдебиет теориясы кафедрасының профессоры.

 

ТАҒЫЛЫМДЫ ҰСТАЗ, АҚЫЛШЫ АҒА ЕДІ…

Еліміздегі шығыстану саласының көшбасында тұрған абыз-ұстазтарымыздың бірі Өтеген Күмісбайұлы дүниеден өтті. Алла алдынан жарылқасын!

Өмірінің соңына дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінде қызмет істеп, болашақ шығыстанушылардың қалыптасуына өз үлесін қосты. Шығыс мұсыл­ман әдебиетінен, соның ішінде классикалық парсы әде­бие­тінен оқыған дәрістері барша шәкірттерінің мәңгілік есінде. Фир­доуси, Хафиз, Омар Хаям секілді парсы ақындарының шы­ғар­машылығы туралы дәріс оқығанда Өтеген ағай жан-тәнімен бе­рі­­ле ой қозғап, барша аудиторияны баурап алатын қасиеті бар еді. Сол үшін де студенттер ол кісіні жақсы көретін, дәрістерін асыға күтетін.

Өтеген ағай ұжымымыздағы жасы үлкен ақсақалымыз болған­дық­тан да, басқа оқытушылар сол кісіге қарап бой түзейтін. Униве­р­ситетіміздегі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі бола жүріп, кейін­гі буынға ақыл-кеңес беруден жалықпайтын. Ол кісінің бойын­дағы қарапайымдылығы мен ізеттілігін, кішіпейілдігі мен адал­дығын оқытушылар қауымы қашанда өздеріне үлгі тұтатын. Қабақ шытуды білмейтін, жылы жүзбен күліп жүретін жаны жайсаң жан еді. Расында да қазақтың нағыз ақсақалы еді ғой.

Ағайымыз сексеннің сеңгіріне қарай қадам басқанымен қа­шанда өзің тың ұстайтын. Факультетімізде өтетін барлық іс-шараның бел ортасынан табылатын. Арнайы іссапармен келген шетелдік қонақтардың алдынан алып шығар асыл туымыз еді. Арабпен арабша, ирандықпен парсыша, түрікпен түрікше еркін сөйлесе кететін. Әсіресе, сол халықтың ақындарының өлеңдерін түп­нұсқадан оқыған уақытта ресми қонақтарымыз  көңілденіп сала беретін.

Өтеген ағайымыздан қапыда айрылып қалғанымызға қабыр­ға­мыз қайысып отыр. Енді студенттерге тәлім-тәрбиеңіз, оқыту­шы­ларға ақыл-кеңесіңіз жетіспейтіні өкінішті. Ажалға қарсы тұрар шама бар ма?!

Факультет ұжымы атынан аяулы жары Бөлек апайға, балалары Арман мен Бағланға қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Баян ЖҰБАТОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Шығыстану факультетінің деканы.

 

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНЕ АЛТЫН АРҚАУ ЕДІ

Жазмыш кесімі, тағдыр ісі десек те, қатарды ойсыратып, орнын үңірей­тіп, ортамыздан аяулы, абзал азаматтарды алып кететін құшағы салқын өлім қи­сынына жан көндігуі мүмкін емес. Бүгін де сондай бір хал. Өтекең, Шығыс поэ­зиясының хош иісті хошуақ лебізін қазақтың жусан жұпарлы даласына жал­ғаған шұғылалы ақын  Өтеген Күмісбаев өмірден озды. Тағы да сол, жазмыш бұйрығы…

Бұл заманда өскіндері өркенге құлап, «Батыс-Шығыс» деп айшықталатын әлем-дүниеге тамырын терең жібере бастаған Қазақ әдебиетіндегі Жарат­қан­ның жаһан кеңістігіне өріс кеңейтсем деген елеулі талпыныстар өткен тарихтардан бастау алып жатыр. Бұл талап – өзімізде барды өзгеге ұқсатып ұсыну, өз­ге әлемнің құнарынан талғап-таңдап сусындау мақсаты ғой. Өтеген Күміс­баев, сонау өзі әдебиет табалдырығын аттаған ХХ ғасырдың екінші жартысын­да осы бағытты алғаусыз өмірлік нысана, шығармашылық мұрат етіп таңдаған сияқ­ты. Бұл тағдырлы таңдау бағдарында, жарық жұлдыздар сипатты Абай, М.Әуезов, Т.Ізтілеуов, Қ.Шаңғытбаев сынды өнеге мысалдары тұр еді оның маң­дай тұсында.

Сол жолда, ақын поэзиясынан бөлек, «Терең тамырлар», «Абай және Шы­ғыс», «М.Әуезов және әдебиет әлемі» атты ғылыми кітаптар өмірге келді.
Р.Ғам­за­тов, Қ.Құлиев, Вс.Рождественский өлеңдері қазақ тілінде, тағы бір қы­рын­да сөйледі. 500-ден астам ғылыми, зерттеу мақалалары жарық көрді.

«ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ және парсы әдеби байланыстары» деген та­қырып­та докторлық диссертация қорғалды.

Әлем әдебиеті мен мәдениетіне қазақ топырағынан тартылған алтын көпір сон­дай жауһарлармен кемелдене түсті. Бұл үдерістегі Ө.Күмісбаев арқауы аса елеу­лі құбылыс еді. Кейінгі, ғылым жолына түскен ізбасарларына, ілім-білім қу­ған қазақ жастарына бұл еңбектер – мол мағлұматты, болмысы терең қа­зына-кеніш ретінде енді.

Ол, ең алдымен, жаны жайсаң, көңілі дархан, кеудесі кең азамат болатын. Осы­ның бәрі Өтекеңнің қарапайым жан-табиғатынан бастау алып жатқанын сезін­беу мүмкін емес еді. Өзі туып-өскен Сыр өлкесіндей игілікті, Сыр ағы­нындай нәрлі, терең болмыс еді ол табиғат.

Жаратқан да жақсыларды ұнатқан деседі ғой…

Өтекеңнің алды – пейіш, арты – кеніш болсын деп тілейміз енді.

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ.

 

ҰСТАЗ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Қасиетті рамазан айының мүбарак жұма күні 77 жасында ұс­та­зымыз Өтеген Күмісбайұлы дүниеден өтті. Отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз!

…Бір күні Әлішер Науаи жолдың бойында ойнап отырған бір кішкентай баланы көргенде атынан түсіп, баланың үсті-басын қағып, құшақтап, аман-саулығын сұрап болған соң, қайтадан аты­на мініп жүре беріпті. Сол сапардан қайтып келе жатса жаңа­ғы бала сол орында тағы да ойнап отыр екен. Науаи қайтадан аты­нан түсіп, баланы құшақтап, бетінен сүйіп: «Үйдегілер аман-есен бе, қарның тоқ па?», – деп қайта жолға түсіпті. Сонда бұл жағ­­дайға таңданған шәкірттерінің бірі Науаиға қарап: «Иә, ұстаз, бұл баланың келешекте ел билейтін патша немесе ғылым әлемін ба­ғындырар ғалым, әлде ахлақ тәрбиесін бойына сіңірген әулие бо­латындығы Жаратқанның тылсым күшімен көз алдыңызға көрін­ді ме?», – дегенде, Науаи көзіне жас алып тұрып: «Жоқ, бұл ұстазым – Әбдірахман Жәмидің немересі. Ұстазымыз бізге білімнің жолын үйретті, ғылым әлеміне сыналап енуімізге көп септігін тигізді һәм көркем мінезді бойымызға сіңірді, содан ол кісі ізгі жандар қатарында дүниеден өтті. Сондықтан да осы шаңырақ қашан да мен үшін қастерлі, бұл әулеттің үлкен-кішісі мен үшін ұстаз», – деп жауап берген екен.

Өтеген ағайдың сабақ арасында айтқан осы ғибратты әңгі­ме­сін бүгін ұстазымыздың шаңырағына қарата айтып отыр­ға­ны­мыз өкінішті-ақ.

Шығыс мұсылман жұртында «Ғибратты ғұмыр, әдемі өлім» деген сөз бар. Бұрынғының ізгі жандары қасиетті рамазан айы­ның мүбарак жұма күні Жаратқанның жамалымен қауышқанды қош көрген екен…

«Туу – сүннет, өлу – парыз» дегенімізбен де, адам баласын өлім­ге қимайтын пендеміз ғой.

Марқұм ұстазымыздың топырағы торқа, жатқан жері жайлы, ба­рар жері жұмақ болсын! Жаратқан Алла артында қалған ұр­па­ғына ұзақ ғұмыр берсін!

Шәкірттері атынан
Төрәлі ҚЫДЫР.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір