АЙТСЫН ДЕП АҚИҚАТТЫ ТІЛ БЕРІЛГЕН…
24.06.2016
3875
0

Конаев«ШЫНЖЫРДА ӨТКЕН ЖОЛБАРЫС…»

Жуырда Ұлттық кітапханада мемлекет және қо­ғам қай­раткері Жұ­ма­бек Ахметұлы Тә­ше­новтің 100 жы­л­дығына арналған «Дөңгелек үстел» өтті. Жиында Жұ­ме­кең­нің көзін көр­ген, қыз­меттес бол­ған кісі­лер ес­­те­ліктер айт­ты. Осы іс-шара ба­ры­сында Кәрі­шал Асан-Атаның «Шын­­жырда өткен жол­барыс…» (Сказ о закованном тигре…) де­ген кітабы та­ратылды. Қазақ және орыс тіл­де­рін­­де шыққан екен. Тек қай тілден қай тілге (қа­зақ тілінен орыс тіліне ме, әлде орыс тілінен қазақ тіліне ме) аударылғаны көрсетілмепті. Қай баспадан шыққаны да белгісіз, редакторының аты-жөні жоқ. Тек «қайта басылымы, переиздание, Москва, 2006 жыл» деп жазылған.

Өзім кезінде 17 жыл баспада қызмет істе­ген­діктен бұған қат­ты таңырқадым. Өйткені, кез кел­ген баспаның тәртібі бойынша кітапқа байланыс­ты деректер (баспаның атауы, редактордың, корректордың аты-жөні, кітаптың шыққан жылы) міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Өйткені, бұл кі­тап­қа автордан басқа да жауап бе­ретін кісілер болуы, кі­тапты оқу барысында туындайтын кей­бір сұрақ­тарға біреу жауап беруі керек. Ал енді кітап оның үстіне Москвада шыққан болса, онда жо­ғары­да айтылған қажетті деректердің көрсетілмеуі тіп­ті де мүмкін емес.

Кітапты оқып шыққан соң баспагер ретінде таң­қалған жерім осы болды. Өйткені, Кәрекең өмір­ден өтіп кеткен. Бұл кісімен ке­зінде кездесіп пі­кірлесе алмағаныма қатты өкіндім.

Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі бас­тан-аяқ мемлекет және қоғам қайраткері, үш мә­р­те Социалистік Еңбек Ері, КПСС Орталық Ко­митеті Саяси Бюросының мүшесі, Қа­зақ­стан­ды ши­рек ғасыр басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты ғай­баттаудан және 1955-60 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы және 1960-61 жылдары (11 ай) Қазақ ССР Министрлер Кеңе­сінің төрағасы болып қызмет атқарған мемле­кет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновті жер-көкке сыйғызбай мақтауға арналыпты.

 

ЕГЕР ДЕ БҰЛ КІТАПТЫ ЖҰМАБЕК АХМЕТҰЛЫ ОҚЫ­ҒАН­ДА…

Кезінде туған Отаны, халқы үшін аянбай ең­бек еткен осынау екі мемлекет қайраткерінің елге сіңірген еңбегін салыстырып, бірінің еңбегін жоқ­қа шығарып, екіншісіне бар жақсылықты үйіп-төгіп жазу үшін авторда бір бұлтартпас дәлелді себеп болуы керек қой. Бірақ та мен оны кө­ре алмадым. Жарайды, автор Дінмұхамед Ах­метұлы Қонаевты кезінде ұнатпаған шығар, бірақ та неліктен, не үшін екені айтылмайды. Мен осы кітаптың авторы Кәрекеңмен кезінде жолық­қанымда бұл сұраққа толық жауап алған болар едім деп ойлаймын.

Екіншіден, бұл кітапты Жұмабек Ахметұлы Тә­шеновтің өзі оқыған болса, Кәрекеңе: бауырым, мені мақтағаныңа рахмет, бірақ тым асыра сіл­теп жіберіпсің, деп реніш білдіретініне кәміл се­нер едім. Өйткені, қайраткерлердің қай-қайсысы да қарапайым әрі кішіпейіл болған, халық үшін еткен еңбегін ешқашан бұлдамаған, қал-қаде­рін­ше туған жеріне, еліне, халқына қалтқысыз еңбек етіп өткен жандар. Сондықтан да олар ақиқаттан аттамаған, бірін-бірі сыйлап, құрметтей білген, өздері өмір сүрген дәуірінің ауанына қарай «тар жол, тайғақ кешуде» атқарған лауазымдарына байланысты жөн-жобаны мейлінше сақтап өткен жандар.

Осы арада 1974 жылы жазда Қордайда халық ақындарының соңғы тұяғы Кененнің 90 жасқа тол­ған тойы еске түседі. Той дүркіреп өтті. Соңын­да партия, совет басшылары киіз үйде отыр­ған Кененмен қоштасып аттанбақ болды. Ал­маты облыстық партия комитетінің бірінші сек­ретары Асанбай Асқаров: Ата, тойыңыз Абай мен Жамбылдың тойынан кем өткен жоқ, ризасыз ба? – деді. Сонда бір кездері:

Келдім, міне, сексенге,

Тай үйретем тепсеңде.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де,

деген Кенекең:

– Рахмет, қарақтарым, мені Абай мен Жам­был­ға теңеп қайтесіңдер, мен Кененмін ғой, – де­генде дүйім жұрт дүркірете қол соқққанын өз кө­­­зіммен көріп, өз құлағыммен естіген едім. Міне, ұлы тұлғалар, мейлі олар ақын-жазушы немесе ғұ­лама ғалым болсын, не мемлекет қайраткері бол­сын, әрқайсысы тарихтағы өз орындарын біл­ген және бірін-бірі бағалай да білген.

 

АРУАҚҚА ТІЛ ТИГІЗБЕС БОЛАР

Ал енді Кәрекеңнің Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наевты ол кісі өмірден өткеннен кейін құдды бір ала алмай жүрген өші бардай жерден алып, жерге салып күстәналағанына қайран қалдым. Тіпті ол кісіні жер-жебіріне жетіп жамандағаны өз алдына, аруағына да тиіскенін мүлдем түсін­бе­дім. «Қонаев… Алакөлдің бойында иманы оқыл­май жан тапсырды…» (46-бет). «Димекең… өз үйінде де емес, айдаладағы Алакөлдің жаға­сын­да жаназасыз жан тапсыратынын байқұс пен­дешілікпен сезбеген ғой» (69-бет) деп ала­қа­нын ысқылап, айызы  қанғандай  қуанғанына  жол болсын!

Астапыралла! Бұл, енді, басқасын былай қой­ғанда, аруаққа тіл тигізу деген сөз. О заман да бұ за­ман, Алланы аузына алатын, Құдайға құлшылық ететін адамның аузынан мұндай сөздерді бірінші рет естуім. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» де­ген осы екен-ау!

 

***

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов аз уақыт болса да қиын-қыстау кезеңде ел басшыларының бірі болған кісі. Сондықтан ол кісі жайында естеліктер айту, кітап шығару құптарлық іс.

 

КІТАПТАҒЫ ЖАҒЫМДЫ КЕЙІПКЕР – ИСМАИЛ ЮСУПОВ

Бір қызығы, бұл кітаптағы ең бір жағымды кейіпкер – И.Юсупов. Бұл кісі Советтер Одағы сияқ­ты алып елді он жыл басқарып, оның бай­лы­ғын, халқының ризығын оңды-солды шашып, елді ашаршылыққа ұшырата жаздап, халыққа суы шығып тұратын қара нан жегізген әпербақан Н.С.Хрущевтің кезінде 1962-64 жылдары Қа­зақ­стан Компартиясын екі жылдай басқарған адам. Осы қысқа ғана кезең ішінде И.Юсуповтың не тын­дырғаны, немен айналысқаны жайында мемлекет және қоғам қайраткері  Асанбай Асқаровты тыңдап көрелік.

«…Шымкент облысының оңтүстік аудандарын Өзбекстан құрамына қосу жайлы әңгіме көтерілді. Қазақстан Орталық Комитеті мен Д.А.Қонаевтың жеке өзінің қарсы болғанына қарамастан Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандары Өзбекстанға берілді. Бұл мәселеде сол кездегі Шымкент облысының басшылары Б.А.Ливенцов, Б.Садуақасов, өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы И.Юсупов шешуші роль атқарды…» (Асанбай Асқаров. «Көзқарас», Алматы, «Жалын», 1996).

 

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҰЙҒЫР АВТОНОМИЯСЫНЫҢ ОР­ТАЛЫҒЫ БОЛА ЖАЗДАҒАН…

Ол былай болған екен. Енді халық жазушысы Ха­мит Ерғалиевтің Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наевпен кездескендегі естелігіне жүгінелік.

«– Мен бас ауруына душар болдым ғой, шы­ра­ғым, – деді, себебін былайша түсіндірді. Хрущев тың өлкесіне келген сапарларының бірінде үлкен жиыннан кейінгі дастархан басында отырып, қызара бөртіп алыпты да:

– Димаш, депті, – мына Юсупов айтып жүр­ген әңгіме менің миыма қонып тұр. Тегінде соны ал­дағы алпыс бесінші жылы заңдастыратын шығармыз (Абырой болғанда Н.Хрущев 1964 жылдың күзінде тақтан тайдырылды да, оның әлгіндей ойына не келсе соны істейтін жымысқы әрекеті іске аспай қалды – Ғ.Т.).

Димекең ол әңгімеден хабарсыз екенін айтса керек. Ендеше хабардар болыңыз депті де, «бас-аяғы жиғысыз далиып жатқан «Қазақстанды республика орталығынан басқару қияметтен де қиын» екеніне сендірмек болыпты. (Құрметті оқырман, 1920-25 жылдары Қазақ автономиялы совет республикасының астанасы болған Орынбор қаласынан Қазақ жерін басқару қиын деген сылтаумен Қа­зақ­станның астанасын Қызылордаға (бұрынғы Ақме­шітке) көшіргені, сөйтіп, ол қа­ладан айрылып қал­ғанымыз естеріңізде болар. Н.Хрущевтің түпкі ойын енді түсінген боларсыздар – Ғ.Т.). Сонда не істеу ке­ректігін тақсырыңыз бы­лайша таратып айтыпты. Солтүстіктегі астық­ты бес облыс Ресей Федерация­сына беріледі, осы­­ның алдында ғана құрылған Тал­­дықорған об­лысын түгелдей, Жамбыл об­лы­сының шығыс жақ бөлегін өзіне қосып алған Ал­маты облысы – Қазақ Республикасының құра­мындағы ұйғыр автономиясына айналады. Алматы қаласы соның орталығы болатын себепті Қазақстан астанасы Қарағандыға көшіріледі. «Зілзаладан көз ашқысыз – өзбек жерінде астана болуға қолайлы жер жоқ­тығы себепті Шымкент соған берілсе, облыс тү­гелімен көршіге көшеді. Мұнай кәсіпшілігін бір жерге шоғырландырмақ үшін Маңғыстау түбегі түрікменге беріледі (Астын сызған біз – Ғ.Т.).

– Сонда Қазақстанға шонтайы қала ма?

Осы сөздердің ауыздан шығуы мұң екен, Хрущев орнынан атып тұрып: «Бұл қарғыс атқан ұлт­шылдық қашан ғана құриды? – деп столды жұ­дырығымен қойып-қойып жібергенде, хрус­тальдар бір-біріне соқтығысып, бірді-екілі фужер сынып та кеткен. Әрине, осыдан кейінгі түні бойы шаншып, кірпік ілгізбеген мида бас ауру пайда болмағанда қайтеді? Кім біледі елім деп еңіреген есіл ердің бәлкім жүректен де алғаш алдырған жері сол түнгі ұйқысыз азап түнегі болған шығар. Өйт­пегенде ше! Республиканы өлкелерге бөл­шек­темей-ақ, бір жылша өзіміз басқарып көрелік, әлі­міз келмей бара жатса, өмір өзі көрсетер дегені үшін Тәшеновті орнынан ұшырып түсірген әмір­шіден одан да зорын күтуге болады…». («Елу жыл ел ағасы», Алматы, «Санат» баспасы, 2002 жыл, 416-417 беттер).

 

***

«1962 жылы СОКП Орталық Комитетінің Сая­си Бюросы мен Хрущевтің тікелей өзі Қо­наев­ты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бі­рінші хатшысы қызметінен босатып, Министрлер Кеңесінің төрағалығына ауыстыру туралы ше­шім қабылдады…

Түптің түбінде республика дербестігін жоюды көрінеу көзге мақсат еткен Хрущевтің партиядағы өз қызмет орнын пайдаланып, Қазақстанды өл­ке­­лерге бөлгенінің өзі не тұрады? Ұлттық рес­пуб­ликаға деген мұндай сорақы көзқарасқа Д.А.Қонаев қана қарсы тұра алды….». (Асанбай Ас­қаров. «Көзқарас», Алматы, «Жалын», 1996).

 

***

Міне, Хрущев елді басқарған кезеңдегі ұлт республикалары басшыларының тағдыры осылай болған-ды. Хрущев тіпті Октябрь революциясына қатысып, В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен бірге большевиктер (кейіннен коммунистер) партиясы мен Совет өкіметін құрған В.М.Молотов, Г.М.Маленков, Л.И.Каганович және басқа қай­рат­керлерді антипартиялық топ деген жала жауып қу­далағаны, ал өзінің билік басына келуіне мық­тап көмектескен СССР Қорғаныс министрі, атақ­ты қолбасшы, Совет Одағының Батыры атағын төрт рет алған Г.К.Жуковтың өзін орнынан алып тас­тағаны, мемлекет қайраткері, Ішкі істер халық ко­миссары, елдің қорғанысын нығайтуға елеулі үлес қосқан Л.П.Берияны заңды белден басып, тер­геусіз, сотсыз аттырып тастағаны тарихтан бел­гілі. Мәскеуде шығатын «Аргументы и факты» га­зеті «Хрущев – жулик высшей пробы» деп жаз­ған болатын («АиФ», № 26, 2007 г.).

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҰЛДАРЫНЫҢ БІРІ – ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ

Қазақтың сол кезеңдегі қайсар ұлдарының бірі Жұмабек Тәшенов 1955-60 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы, ал одан кейін 1960-61 жылдары Министрлер Со­ве­тінің төрағасы қызметінде еліне елеулі еңбек сіңір­ді. Бұл кезде Хрущев Совет Одағының Ком­мунистік партиясының бірінші хатшысы әрі Ми­нистрлер Советінің төрағасы болып, екі қыз­метті бір өзі атқаратын. Сондықтан да ұлт рес­публикалары Министрлер Советі төрағаларының жұ­мысын да бақылап отырды. Өзіне сәл қарсы шыққан адамды қағып тастап отыратын әре­кетімен алдымен Совет Одағының Министрлер Со­ветінің төрағасы Н.А.Булганинді қызметінен босатып, оның атқаратын міндетін өзі алып алды. Содан кейін ұлт республикалары Министрлер Советінің төрағаларына тиісе бастады. Алдымен Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Ж.Тәшеновті орнынан алды.

1992 жылы журналист Ерғали Ахмет Дін­мұха­мед Қонаевтың 80 жасқа толуына орай газет ре­да­кциясының тапсырмасымен үйіне келіп сұхбат алады. Сол сұхбаттан үзінді келтірелік.

« – Ел арасында сол жылдары Қазақ ССР Ми­нистр­лер Советінің төрағасы болған Ж.Тәшенов Тың өлкесіне кіретін облыстарды Ресейге қосу жө­ніндегі Хрущевтің пікіріне қарсы шығамын деп қызметінен қуылып кетіпті деген сөз бар. Осы­ның шындығын білуге болар ма екен?

– Неге болмасын, әбден болады. Бұл ел арасы­на таралған жалған сөз. Тың игеру жылдарында Ж.Тәшенов Ақтөбе облыстық партия коми­те­ті­нің бірінші хатшысы болатын. Әр түрлі кез­­­десулерде тың игерудің пайдалылығын айтып көзге түсіп, Хрущевтің  ұсынысмен, Пономаренконың кезінде болуы керек, республика Жоғарғы Советі Прези­диу­мының төрағасы болып сайланды. Бұл жұ­мыс­ты ол дұрыс атқарып жүрді. Кейіннен Министрлер Советінің төрағалығына ауыс­­­тырылды».

Хрущевтің Жұмабек Тәшеновті орнынан тез босатуы сауаты аз болса да, сасық қулығы мол әміршінің түбінде осы жігіт маған қарсы шығып, бір нәрсені бүлдіруі мүмкін-ау деген түпкі есебі болуы да ғажап емес қой.

 

ИСМАИЛ ЮСУПОВТЫҢ Н.ХРУЩЕВКЕ ХАТЫ

Мұрағат құжаттары не дейді? 1962 жылғы 21-24 желтоқсан күндерінде болған Қазақстан Ком­партиясы ОК бюросы мәжілісінің №30 хат­та­масында И.Юсуповтың КПСС ОК саяси Бю­ро­сының Бас секретары Н.С.Хрущевке өз қо­лы­мен тапсырған мына хаты қоса тіркелген.

«07.12.1962 г.

ЦК КПСС т-щу Хрущеву Н.С.

ЦК Компартии Казахстана т-щу Кунаеву Д.А.

Совета Министров Каз ССР т-щу Бейсе­баеву М.Б.

Исходя из обшегосударственных интересов дальнейшего углубления специализации и правильного размещения сельскохозяйственного производства, Южно-Казахстанский крайком партии и крайисполком, Чимкентский обком партии и облисполком просят ЦК КПСС, ЦК КП Казахстана и Совета Министров Каз. ССР рассмотреть вопрос о передаче Узбекской ССР хозяйств Пахта-Аральского, Ильичевского и Кировского районов, а также все, земли, подлежащие освоению и на центральном массиве в Голодной степи. Это позволит сосредоточить в единых руках хозяйственное освоение и развитие хлопководства в Голодной степи и создать там крупную специализированную на производстве хлопка новую административную область лучше использовать имеющиеся единые каналы, оростительную воду…

Секретарь Южно-Казахстанского крайкома ЦК Компартии Казахстана И.Юсупов».

 

НҰРЫМБЕК ЖАНДІЛДИННІҢ ӨКІНІШІ

«1964 жылы қара күзде бұрынғы бірінші босап, орнына Қонаев сайланды, – деді Нұрекең. – Бұл енді, жаңа басшы бәрін болмаса да «бұрынғылардың» біразын босатып, айналасын жаңартады деген сөз. Олардың ішінде менің де болатыным анық. Тағы да біреулер. Сондықтан уақыт оздырмай, орнынан «заңсыз» босағанына опынған бұрынғы біріншінің азғыруымен Қонаевтың үстінен бірнеше пақыр арыз жаздық. Мәскеуге, ЦК КПСС-ке. Түк өнбесін білсек те (солай болды да). Айтқандай-ақ, Қонаев біраз адамды босатып, орнына басқалар келді. Менің орныма идеология жөніндегі секретарь болып Целиноградтан шақырған Имашев қонжиды. Ол сонда өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі секретары еді. Біз жазған арызда айтылғандар қаперге алынған жоқ. Күніміз не болады деп айран-асырмыз. Әсіресе, менде зәре жоқ. Жәй қызметке де алмайтын шығар деймін. Жоқ! Бәрі басқаша болды. Бірде қабылдауына шақырған Қонаев жағдайымды сұрап: «Ал, не ойың бар, қандай қызмет істегің келеді?» – десін. Жердің тесігі болса, кіріп кетуге дайын отырған мен не дейін. «Ғылыми қызмет жарар» деп күбір етуден аспадым. Өң-түсінде реніш жоқ Қонаев жайсаң қалпымен: «О не дегенің, Нұрымбек. Сен ғалымсың, доктор, профессорсың. Сондықтан әзірше бір институтқа ректор бол. Кейінгіні көреміз. Келісесің бе?».

«Астапыралла» дедім ішімнен. Күні кеше мен үстінен арыз жазған адам бүгін маған ректор бол дейді. Сенейін бе, сенбейін бе? Қайтейін, мақұл деуін десем де, жердің үстімен барып, астымен қайттым. Жанымды қоярға жер таппай, өзегім өртенді. Қазаққа Қонаевты құдай жеткізген адам екеніне сол жолы имандай иландым. Қателігімді ұқтым. Сенімін ақтауға ниет еттім…».

Жанділдин кесіп сөйлейтін қызуқанды, өткір адам еді ғой, әлгідей деген соң тағы да: «Біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз», – деп тағы кі­жін­ді. «Сол ісіме әлі өкінемін, бәлкім, өмірбақи өкі­ніп өтетін шығармын», – деп те нығарлады. «Қо­наев қазақтың бағына туған адам» деп кейін де талай рет айтып жүрді («Нұрымбек Жанділдиннің өкініші». «Алматы ақшамы», 5 қараша, 2015 жыл).

 

***

Кемеңгер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жай­лы осы бір ой-толғамдарымды ақиық ақы­ны­мыз Мұқағали Мақатаевтың жыр шумағымен аяқтағым келіп отыр:

Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,

Сынауға тіптен құмар кім көрінген.

Бірақ та,

Білесің бе, ей, кім көрінген,

Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!

 

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір