ЖАҢА ҚАЗАҚТЫҢ МОДЕЛІ ЭТНОСТЫҚ ЕРЕКШЕЛІККЕ НЕГІЗДЕЛСЕ
24.06.2016
1642
0

М.ПерленбетовМұқан ПЕРЛЕНБЕТОВ,
психология ғылымының докторы, профессор,
Қазақ психологиялық қоғамының президенті

 

Алдымен жетекші ұлт деген не, осы сұраққа жауап берейік. Жетекші ұлт (титульная нация) дегеніміз – мемлекеттің атын анықтайтын негізгі ұлт. Қазақстанда ол қазақ ұлты. Қазір қазақ халқының тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітіліп, айқындайтын атрибуттары, мемлекеттік рәміздері заңды түрде әлемде мойындалған.

Дейтұрғанмен, қазақ ұлты жетекші ұлтқа айналды ма деген сұрақ бәрімізді толғантады. Сырт көзге бәрі дұ­рыс сияқты, ал түп тамырына үңілсек, жағдай жақсы емес екенін көруге болады.

Біріншіден, «құлдық сананың психологиялық зарда­бы». Ол дегеніміз, бодандық саясаттың кесірінен са­наға сіңіп кеткен, «қожайынның шешімін күтетін», жал­тақ­тық, қорқақтық, әлжуаздық. Шешім қабылдай алмайтын адам сыбайлас жемқорлықтың алдын ала алмайды. Се­бебі, біреудің айтқанына көніп үйренген са­на өз ер­кімен ештеңе шешпейді, сыртқы ойға, ше­шім­ге тәуел­ді.

Екіншіден, қара нәсілділерге тән, жағымсыз үр­діс­тер, «мақтаншақтық» және «бос мал шашпақтық». Қара нә­сілді адамдарда әркез өзінің ақ нәсілділермен тең еке­нін дәлелдегісі келетін комплекс бар. Сондықтан олар үлкен көлікке, зәулім үйлерге, жылтырақ, ақ түсті нәр­селерге қызығады екен.

Бізге мұның не қатысы бар десеңіз, ол сол баяғы «құл­дық сананың» зардабы. Қатардан кем болмау үшін, құдалардан, көршілерден ж.т.б. кем болмау үшін жүз­де­ген адамды жинап той жасау, әкесінің бейітін өзге­лер­ден биік тұрғызу, жер сатып, джип міну, өзі квартирада тұрса да кредит алып, қымбат көлік міну, қымбат телефон ұстау және сол сияқты толып жатқан, бұрынғы ата-баба­мыз­дың ойына келмеген жайттар қаптап кеткен. Бұл – қазақ ұлты­ның этностық ерекшеліктерін жойып, тексіз, жеңіл­тек сананың орнығуына әкеп соғуда.

А.Маслоудың қажеттіліктер иерархиясының ең тө­менгі сатысы, физиологиялық деңгей болса, қазіргі қа­зақ сол ең төменгі қажеттіліктер сатысында тұр. Бұл де­ге­німіз, тек қарын тойса болды деген тұрпайы психоло­гия.

Үшіншіден, ол – тіл мәселесі. Тіліміз мемлекеттік бол­ғанымен, ол өз міндетін толыққанды атқара алмай отыр. Осы тіл мәселесіне бөлінетін қаржының мөлшерін ес­тісеңіз, өте көп. Бірақ одан қазаққа да, оның тіліне де пай­да келген жоқ. Керісінше, қазақ тіліне қазір қауіп төн­ді. Себебі, ағылшын тілін енгіземіз деп, қазақ тілін құр­тып жатыр. Керек десеңіз, қазақ тілді мектептер бол­мауы да мүмкін, бәрі «аралас» болады дейді. Мектеп ди­ректорлары мен ұстаздар баяғы «сананың» шеңберінен шы­ға алмай, жалпаңдап, «біз үш тілді кіргіздік» деп есеп бе­реді. Қазақшаны білмей жүрген бала, үш тілде қалай сайрайды.

Қазақ тілінің өрісін кеңейтпейінше, оны нағыз ме­мле­кеттік тілге айналдырмайынша, жетекші ұлт боламыз деу қиын.

Төртіншіден, тәрбие мен денсаулық мәселесі. Қазақ бұрында баланы үш сөзбен тәрбиелесе «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген, қазіргі кезде әкесі – Фейсбук, шешесі – Ватсап. Егер мұны тоқтатпасақ, же­текші ұлт болмақ түгіл, мәңгүрттеніп кетеміз. Ал ондай адам құл болуға дайын тұратыны белгілі.

Дамыған отыз мемлекеттің арасына кірдік дейік. Ал психологиямыз қандай деңгейде? Суицид, кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік, әйелдерге көрсетіле­тін зорлық-зомбылықтың көбеюі, жас от басылардың ажырасуы, ата-ана мен бала қарым-қатынасының бұ­зылуы, интернет аддикция секілді толып жатқан ке­лең­сіз әлеуметтік психологиялық проблемалар елі­міз­дің іштен шіріп бара жатқанын көрсетеді. Сондықтан Қазақстанда тез арада «Психологиялық денсаулық» туралы Заң қабылдануы керек. Әйтпесе, ұлттық дегра­дацияға ұшырап, халқымыздың ғасырлар бойы жиған құндылықтарынан айырылып, жетекші ұлт емес, «көмек­ші» ұлтқа айналып құримыз.

Және де осы мәселелерді зерттейтін Психологиялық ғылыми зерттеу институты ашылуы тиіс.

Қазіргі жастарға бірден сипаттама беру үшін олардың жүріс – тұрысына, тәрбиесіне, зияткерлік қабілетіне, бір сөзбен айтқанда, тұлғалық қасиеттеріне тоқталу ке­рек. Тұлғалық қасиеттерге қабілет, темперамент, дарын, мі­нез – құлық жататын болса, ойды осылардың төңіре­гін­­де өрбітейік.

Қазіргі жастар арасында арагідік келеңсіз жайттар кездескенімен, жалпы айтқанда, ұрпағымыз жаман деу ағат­тық. Оларда «құлдық сананың» белгілері аз, еркін ой­лауға, өздері шешім қабылдауға тырысады. Оны дұрыс жолға бағыттайтын ата-ананың өмірлік ұстаным­дары мен тәрбиесі. Әр үйде белгілі бір құндылық ­басым ке­леді. Кейбір отбасында ақшаға, мансапқа, енді бірінде білімге, ғылымға табыну, кейде дінге табыну сипаты басым. Бұл – баланың әлеуметтік иммунитетіне тікелей әсер етеді.

Қазақ халқы дарынды адамды қадірлей білген. Қа­зіргі жастардың арасында дарынды ұл-қыздардың кө­бей­гені байқалады. Олардың қызығушылығы мен ар­ма­ны ата-аналарынан бөлектеу. Сондықтанқоғамның әр саласында басымдық алу мүмкіндігі өте жоғары деуге ­болады. Осыған байланысты жас ұрпақты тәрбиелеуде Мем­лекеттік бағдарлама жасап, жаңа «қазақтың» моде­лін қалыптастыру қажет. Ол қазақтың бойында қандай ұлттық сипаттар болуы тиіс, қандай этностік компонеттер басым болуы керек екенін көрсеткен абзал.

Мұндай іс қолға алынса, қазақ психологиялық қоға­мы­ның мүшелері атсалысуға дайын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір