ЖЕРГІЛІКТІ ҰЛТ ПЕН ЖЕТЕКШІ ҰЛТ АРАСЫ
24.06.2016
1428
0

Рамазан СалыкжановРамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтану ғылымының кандидаты,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті

Қазақ халқы жергілікті ұлттан жетекші ұлтқа көтерілуі үшін оның алғы шарттары жасалуы қажет. Ол үшін қазақ тілінің, салт-дәстүрінің, тарихының  дамуын толық қамтамасыз ету керек. Ондай жағдай әзір болмай тұр. Менің ойымша, жетекші ұлт болудың нышаны байқалмайды. Оның амалдары  қазақ мәдениетін дамыту, тілін дамыту, салт-дәстүрін дәріптеу. Бүгінгі күнде қазақ жастары қоғамның кез келген саласына етене жарқын араласып, өзін көрсетіп, өз орнын ойып алып сәтті тіршілік жасап жатқан жоқ. Өйткені, қоғамдағы дифференциация  аса бай­лардың және тым кедейлердің пайда болуына әкелді. Бүгінгі қоғам, соның ішінде, қазақ әлеу­меттік дифференциацияға ұшырап, басым бөлігі тақыр кедей болмаса да соның ар-жақ бер жағында жүр. Ауылдағы қазақтың малы мен жері жоқ, қала­дағының үйі жоқ, демек, ондай отбасында өсіп-жетілген жас ұрпақ өз кезегінде қоғамның кез келген саласынан еншілеп орын ала алады деп ойламаймын. Бұл біздің  білім гранттары мен еңбек нарығын бір-біріне сай жүйелемегеніміздің кесірі. Соның салдарынан мыңдаған қазақ жастары босқа сабылып, керексіз дипломға оқып, алғашқы игерген мамандығына сай жұмыс таба алмай, келесі мамандықты игеру жолында оқып жүр. Әрине, жақсы оқыған, ағайын-туыстың қол­дауыне ие кәсіпкерліктің немесе ғылымның жо­лында жүрген жастар бар, бірақ олар тым аз. Бү­гінгі күнде экономикаға қажетті мамандардың са­нын, сапасын бес-он жылда дәл анықтап айтып беретін маман жоқ. Тіпті, қоғамға керек маманның санын анықтайтын әдістеме де жоқ. Мәселен, былтыр құқықтық салаға 20 грант бөлінсе, биыл 20 грант  қаржылық мамандыққа бөлінеді және жылдан жылға осы көрсеткіш өзгермей келеді. Не кем емес, не ұлғаймайды. Екіншіден, нарық­тық қатынастар   әлі де болса басып қалу, дүние жинап алу, шет елдің бір жеріне апарып ақша ты­ғып, мүлік алу сияқты көп замандастардың дүние­қоңыздық пиғыл­дарды негізінде  өрбіп жатыр. «Тырнағы батқан тартып жеп, тісі батқан қарпып жейтін» әдет тоқтап, бұл мемлекет пен ұлттың мүлкі ғой,  ертеңгі ұрпақ үшін керек емес пе, деген ұғым қалыптаспай, ештеңе өзгермейді. Бай байлығын асыра береді, кедей кедейлене береді. Бірақ түптің түбінде мұның да бір шегі болады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір