АРДЫҢ ҚҰЛЫ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ
24.06.2016
2024
0

Софы_сматаев_01Рухы асқақ, ерік-жігері қайсар азаматтың жүрек лүпілімен жазған шығармаларын тұшына оқыған сайын қарымды қаламгердің ұлт мұратына адалдығына, ұлы Абайдың, Алаш көсемдерінің асыл қасиеттерін бойына сіңірген, пір тұтқан, қара тасты жарып шыққан тектілігіне тәнті боласыз. Тума талант өзінің кім екенін танытпай қоймайды. Қай кезде де туған халқының мұң-мүддесіне ортақ болады ол. Шындықты тану бар, оны қалың қауымға жеткізу бар. Ақиқат айтылуымен құнды екенін біртуар тұлғалар ешқашан жадынан шығарған емес. «Жазғаныңды ұнап оқытам десең, жылап отырып жаз», – дейді Софы.

Автордың өзі айтқандай, «Елім-айла­ған!» даңқты ата-бабаларымыздың ізімен атойлап ілесіп, елдікті, елін ұр­пақ­қа шығарған ерлікті жырлауды мақ­сат тұтқан, халқымыздың басынан өт­кен арғы-бергі қилы тағдырын ұр­пақ­тан-ұр­паққа жеткізуді көздеген жанкешті тұл­ға терісі сыпырылған ақ табанының қанымен «Елім-ай» романын жазды. Ұзақ жылғы тайталастан соң діттеген арманы орындалғандай болды. Жел-кіл­деген ала туын азаттықтың асқар шы­ңына бекітіп қадаған ханды­ғымыз­дың кешегісі мен бүгінгі халқы­мызды табыстырмақ болып «Елім-ай­дың» қол­жаз­басын баспаға ұсынды. «Тұтамдай сүйегім қалғанша тартынбай сөйлеймін!» деген қаламгерді сенделткен сергелдең басталды. Еркіндікті ке­шір­мейтін билік кітапты жоспарға енгіз­діртпей тастады. Әділетсіз қысым жанды жараласа да, өршіл намысты мықтап таныды.

Оқырман оянды. Төрт аяғына тік тұр­ған сарабдал туындыға сұраныс кө­бей­ді. Романның жарық көруін талап ет­кен зілді дауыс әр түкпірден дүркін-дүр­кін естіліп жатты. Ақыры халық қоз­ғалса, хан тағында тұра алмайтыны сияқты үш томдық тарихи «Елім-ай» романы қалың жұрттың қолына тиді. Көпшіліктің көңілінен шыққан, елдің ризашылығына бөленген тарихнамалық құнды еңбек Мемлекеттік сыйлыққа да үш рет  ұсынылды.Бірақ жоғары лауа­зым­­да­ғылардың қас-қабағына қарап жал­тақ­­таған жағымпаздар сыйлық беру түгілі «Елім-айды» кең насихаттауға да жол берген жоқ. Софының шындықты жазған шығармаларын елеусіз қалдыруға барынша тырысты. Түрлі тосқауылдар, кесірлі кедергілер ардың құлы болған қайратты жазушының денсаулығына нұқ­сан келтірді. Жүрегіне салмақ тү­сірді.

«…Көз алдымнан көше берді дүние

Естігенде жаман атын дертімнің…

Қылтамақ!..

Қандай суық, қандай қорқынышты, кеудеге үрей сызын үскіріктен бетер айдап енетін сөз!», – дейді автор.

Өмірге құштар Софы ауыр науқас­танса да еңсесін түсірген жоқ. Қандай қиындық болса да жеңетініне кәміл сенді. Оны отбасы мен қолдағы қамқор ағалар, қайырымды інілер рухтандырды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, дер кезінде ота жасалды. Ақынның:

Жеңе аламайды еш құдірет рухымды,

Жеңе алмайды кең даланың қазағын! –

дегені рас болды. «Өлмес ұлдың өшпес жарығы аспанда жарқырайды дегенге сенем, – дейді ол. – Жұлдызым өше бе­ріп қайта жанды ма, жарығым сөне беріп қайта тұтанды ма, мынау Дүние деп ата­латын жарық Жалғанның есігін екінші рет аштым. Сұлық кірпіктер жыбыр-жыбыр тіріліп, тас денеме діріл жүгірт­кенде ернімнен «Елім!» деген жалғыз сөздің үзіліп шыққанын сеземін».

Иә, Софының үлкен жүрегі үнемі «Елім!» деп соғуда. Қаламын нық ұстап, ұлтының ар-намысын қорғауға барынша атсалысуда. Жан түршіктірер сырқат келмеске кетті. «Қаламды қалқанмен де тойтара алмайсың, Қалқанды қалам айқара тіліп өтеді», деп өзін-өзі жігер­лен­­діріп, қайраған арқалы жазушы «Мұңлы ойлар» кітабында қазақ халқы­ның, төл тіліміздің тағдырына, ұрпақтар келешегінің бұлыңғырлығына қатты алаңдайды. Қоғамдағы келеңсіздіктерге сыни ашық пікірлер айтады. Әрине, оның шындықты жайып салуы билік тұтқасын ұстағандарға ұнамайды. Батыл жазушы-ақынның өткір ойларын басылымдар жариялауға именеді. Зияны тиіп кете ме деп қорқады, бәлкім.

«Бүгінгі күннің азабын, тозағын тарт­қан қандастарымның күйін, күйіні­шін өлең қылып жаздым, дастан етіп аттандадым. Мақала қып маңырадым. Елең еткен ешкімді таппадым», – деп жалтаңкөз тірлігімізге налиды.

«Қаны сорғалаған шындықты еш­кім­нің бетіне қарамай тура жазу – сирек кездесетін құбылыс.

«Елім-ай!» трилогиясының тарихымызды танытудағы шындыққа шыңдал-ған жазушы шеберлігі «Софы Сматаев – ғасыр перзенті» дейтін арнайы журналда талғамды, толғамды мәрт жүйе­леніпті. Бұл басылымның құндылығы бір төбе.

Халқымыз «Ұрпақ жолы – ұстаздан»; «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп, адамзаттың көкірек көзін ашатын, санасына сәуле түсіретін тәрбиеші, абзал ұстаздарды қайсыбір билік басындағы әпербақан, даурықпа, ашкөз, өзімбілер­мен шардақтан артық санаған. Болашақ­қа бағыт сілтейтін бағдаршам ретінде таныған. Ұлтымыздың ұлы бағдаршам ұстаздары әл-Фараби, Абылай, Абай, Шоқан… Мұндай данышпан кемеңгер­лерді дүниеге әкелген халық ешқашан қор болмайды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкей­хановтың орны бір бөлек. Алаш арыстарының идеясын жалғастыру­шы­лар­дың тобы әлі де арта береді. Солардың бірі және бірегейі – Софы Сматаев.

Софының рухани биік шыңға шы­ғуына халқымыздың өткен-кеткен тамыры терең тарихын жетік білуі, ғасыр­лар қойнауындағы әдеби, мәдени алтын қорларымыздан нәр алуы, өзінің табиғи талант-дарыны, пәк жүрегінің ұлтым, елім, жерім, тілім, дінім, ділім деп соғуы басты ұйытқы болған. Ол абзал қамқор­шы­лары­ның ақыл-кеңесін қалт жібер­мей тыңдап, олардан ғибрат алды.

Софының қаламгерлік қарымын ерте таныған Мұхтар Әуезов 1961 жылы: «Сарыбала, сен жазушы болам деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қабыл ал­саң, қапы қалмассың…

Қатаң ескертерім: темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырата­тын кесірлі кеселдің ең зияндысы.
Бұл – бір.

Жазушының өте бір баға жетпес құн­дысы – уақыты. Осы құндының қас жауы – қарта дейтін азарты мол ойын… Сондықтан картадан аулақ бол.

Үшіншіден, біздің жасаған қателік­те­рімізді қайталамаңдар… ұлттың ұлы­лы­ғын сақтау өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз», – деп үш зияндыдан сақтануға тілек білдіріпті. Софы ұлы ұстаздың кеңесін өміріне арқау етті. Орындады. Игілігін көрді.

Дінмұхамед Қонаев 1991 жылы: «Тарихқа адалдық сендерде, Жазушыларда болғаны қандай жақсы. Мұхаң, Есенберлин енді сен қазағымның жоқ­тау­шыларысыңдар…

Кезінде Орталық Комитетте жүрген­де кітабыңды маған бермегенің бекер­ші­лік болған. Талай кездескенде өзгелер­дің өзіңе жасаған қиянатын айтпағаның өкінішті. Айтқаныңда, мүмкін бір «Әт­те­ген-айымыз» азаяр ма еді» деген өкіні­шін Софының дилогиясын оқып шыққаннан кейін білдіріпті. Ойға бат­қанын, толғанғанын, тебіренгенін айтыпты. Қазақ «Елім-айыңды» ардақ тұтады» депті.

«Республиканың үш басшысымен іс­тес болдым, – деп еске түсіреді Софы. – Ди­маш  аға  Қонаевтың  адамгерші­лігіне, әділдігіне әлі күнге сағынышты құрмет­пен бас ұрам». Иә, Димаш аға кең еді. Тұрған бойы тұнған ұлылыққа толы еді. Алатау тұлға биіктен асқақтап «Қай­ратты қазағым, жасыма, жеріңе, еліңе, тіліңе ие бол!» дегендей мейірін төгеді.

«Бүгінде тыңдар құлақ табу үшін әлгі құлақ иесін тынымсыз мақтау мен мадақ­таудан аузыңды босатпауы қажет-ау… «Әйтпесе…», – деп өткен ғасырларда ғұмыр кешкен дана, ғұлама абыздарымызды елестете, жан-жағын қармана толғанады Софы.

Намысым, арым, пірім – ұлтым, елім!

Халқыммен бір көктедім, бір түледім.

Ойда Аллам, бойда иманым, қаным – Алаш,

Қажымас қазақы – жан, түркі – демім, –

дегеніне құлшына түсіп, құп алып сене­сің.

«Абылайханмен сұхбаттасу» дастанында арқалы ақын:

– «Алдияр ханым!

Айтатын сізге датым бар.

Ұлт үні боп сөйлейді десек ақындар,

Алашың емес.

Өткенде ғана төреден шыққан жақындар.

…Жұртпыз-ау, аға, бағалай білмес асылды.

Теке ғып қойдым лақтан да әлсіз масылды», –

деп мұңын шақса, үш жүздің басын қосқан ұлы Абылай:

Табанға түсіп жалтақтай берме ешкімге,

Оралмас онда өңіңнен шапшыр сес мүлде.

Аңырап тұрсаң,

Бақырып қашар «мықтың» көп,

Шуағы барын ұмытпа салқын кештің де», –

деп басу айтады. Философиялық ойға құрылған бұл дастан талайдың көкірек көзін ашуымен аса құнды.

Талантты ақын Мұхтар Шаханов «Азаматтығы мен пендешілігі ылғи да итжығыс түсіп жататын қазақтың ұлы әдебиетінде сөзі мен ісінің арасына шекара қоймайтын, Шалқар дарынын, ұш­қыр парасат-пайымын адамгершілігі жетелеген Софыдай қанатты тұлғаның болуы – ұлтымызға мақтаныш» екенін, қазір­гі­дей алмағайып, аласапыран заманда ұлт мүддесіне адал, әділ, қайсар тұлғалардың ауадай қажеттігін жеткізіп отыр.

Әдебиетіміздің барша жанрында та­бысты, жемісті тер төгіп, сом алтындай шығармалар жазған, соның бәрінде де қаны сорғалаған шындықты әйгілеуді мақсат тұтып, қоғамдағы келеңсіздіктер­ді жаны күйіне, жүрегі сыздай саралап, талдап берген әдебиетіміздің ақтаңгері, Алаштың жазушысы, сардар ақын, шебер драматург, тәржімәші, шешен, өз хал­қының қамын жеп, мұңын емген халықтың Софысы – ұлттың ұлы үшінші жиырма беске тың жетті. Шапқан сайын екпіні үдей түсетін қазанаттай шалдық­пай жетті.

Қалың жұртыңыз Сізді әлі-ақ алақа­нына салып, ардақ тұтып, төбесіне көте­ре­тініне сенімдіміз. Сіздің ғұмырыңыз өте ұзақ, мағыналы, мәнді…

Назарбек ҚАНАФИЯҰЛЫ,
Шоқантанушы ғалым,
публицист,

Нұрипа ЕРКЕБАЕВА.


ҚҰЛАҚҚАҒЫС

Көрнекті қаламгер, қазақ әдебиетінің классигі, белгілі қоғам қайраткері
Софы Сматаевтың
75 жасқа толуына арналған кеш
27 маусымда сағат 16.00-де
М.Әуезов атындағы театрда өтеді.
Келем деушілерге есік ашық.  

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір