МЕН АҢСАР ӘУЕН…
24.06.2016
1761
1

KmfozOxM7B0Назым ӘБДІҚҰЛ

 

* * *

Алдану. Сағыну,

дұрысы сол ғана – Жол.

…Сезім?

Несіне?! Бәрі бір

сүйеуім болмаған соң,

Өзің.

 

Жөні де жоқ, бәлкім,

Ауырлық еселенді.

Бірақ…

Ал сосын жоқтар кім,

Біз жүрген көшелерді жылап?!

 

Білмейсің. Білмеймін.

Ұқпаған не қалды сонда да?!

Шынында, Сендей кім

сүйді екен…

Сүйейтін мен ғана.

 

Баратын, келетін

жолдарда Аз ғана мұңайып,

шаттыққа сенетін,

бар шығар…

Тағы да сұрайық!

 

Оралшы Сен бірақ

Күтпейді деймісің жолыңды?!

Түс болса…

Сандырақ!

Ал неге қысасың қолымды?!

 

Өртенді жел демі.

Тұншықтым!

Сабырым шашылды!

Қимашы Сен мені,

Мен де енді қимаймын шашымды…

 

Жабықтым, сірә, мен…

САҒЫНШЫ!..

Бола тұр жанымда!

…Тарылмас мына Жер,

Әлемде Өзіңнің барыңда!

 

***

…ал, сенің күйің қалай екен?

(күзден де көңіл қала ма екен?!)

ұсқының суық…

Бұлт секілді

түнергім келмейді алабөтен.

 

Жаздан ғой жаңбыр қалған жырақ

Жазға да мәз боп алданды бақ…

Назы бар көктем, сен секілді

алданғым келмейді, арман құлап.

 

Көзіне тұнған жоғалып нұр

(Кетпейді енді оңалып бір…)

Сап-салқын жауын, сен секілді

жылағым келмейді, оранып мұң.

 

…Сағынышың ба?..

шөлдедім тек…

Сезімнің, білші, жеңгені деп.

Менімен күліп, ойнаймын дейді,

Жеңілмей жүрген сендегі дерт.

 

* * *

«Қай қылығың болды екен: келмегенің,

Қай қылығың болды екен: сенбегенің?

Сезім кешіп сағыныш жағалауын,

Мен басамын бақыттың пернелерін.

 

Жөн екен ғой Арманның алданғаны,

сосын бекер Үміттің жалғанбағы…

Айтылған түс, аңызға сенер болсақ:

«Біздің ғұмыр үйрену – Армандауды».

 

* * *           

…ауыр-ақ бәрі…

Көңілдің қалды құлап тұмары,

сонан соң, қыздың телміріп Айға

жылап тұрары…

ауыр-ақ бәрі…

 

Бұлт мұңы дәйім

сонша ма шерлі… ұқтырып жайын

телміре беріп,

мұң шағатыны – ол бұлтқа уайым.

 

Түн келсе ұдай

көше кезеді… сезімге құлай…

жанында «біреу»,

үні де таңсық: «егілме бұлай!».

 

Жұбаныш шығар…

(жұбануға да қыз емес құмар!)

Жаңбырдан сұрап… күлкіні, бақты…

…басқаға шыдар!

 

…Көше кезеді…

телміріп Айға… қиял кезері…

сағымға сыяр,

ұрланды бақтың неше кезегі?..

 

Арманшыл көкке

тілекті төгіп, қалған шын өкпе,

тек бұлтқа ғана (!),

жұбатпай кеткен, келші енді, кетпе!

 

Ұмытшы бәәәрін…

сезеді жаңбыр… тынып шыдарын

жап-жасыл әлем,

жап-жарық ойлар күліп шығарын…

сезеді жаңбыр…

ұмытшы бәрін…

 

* * *

Көктем сені ұмытты,

Көктем мені ұмытты.

Бұлттың мұңы тыныпты,

Жаңбыр кеше күліпті.

 

Іздемейді сені де,

Іздемейді мені де.

Қуантады мені не,

Мұңайтады сені не?

Тілек қалды көктегі,

Рахым етіп өбпеді.

Сезім қалды: сөкпеді,

Жүрек қалды: жетпеді.

Неге?

 

* * *

Ұмыта алмайсың мені,

Суыта алмайсың мені

Жалғыздық жалықса сенен –

Төзімнің үзілер демі.

 

Мейлі ғой, несі бар ұғар,

Мейлі ғой, несі бар жылар?!

Қымсынар несі бар елден…

Несі бар?! Несі бар, шыдар!..

 

Сезімді ақылың жеңіп,

Ұмытам деуіңе сеніп…

Бәрібір ойлайсың мені,

Жүрген соң түсіңе еніп.

 

Келмесе көрудің жөні,

Ұзаса естелік легі…

Түстер ғой, бұзады бәрін,

Ұзатпай, ұзатпай мені…

 

Жалғыздық жалықса сенен…

Жалғыздық жалықса менен…

Жол бар ғоооой!..

Бүгін де, ертең…

Тоғысар! Тоғысар, сенем!

Жерде ме, Аспан ба – мейлі,

Тоғысар! Шертіп Сол күйді…

Ал мұнда Мұң ғана сіңіп

кеткендей…

Көктемдей бейне.

 

Қамықпа, өртеніп жаның,

Өксітіп сезімнің нәрін…

Өмір ғой… Өмір деп айтты,

Талғамай Жазатын бәәәәәәрін…

Қамықпа, өртеніп жаның…

 

* * *

Ақ бұлттар мені сүйеді,

мен болсам күзді…

Қала жаңбырды сағынды…

мен болсам сізді…

Ұяңдық құйған сезімі жанымның ізгі.

 

Тамыз да өтті…

Жаныма аялдамады.

(О, неге сонша жалғыз мұң аялдап алды?!)

Тағы да күттім күзетіп аялдаманы…

 

Салқын леп соқты

кетті ме сол желге еріп…

Тоңдырды ма екен, көңілге көлеңке келіп?

…шатасып сүйді,

сезімді ол ерке көріп…

 

* * *

Көңілім алаңды ұмытса,

Аяз да жанымды жылытса,

Көктемнің кей күні суытса,

Сіз келетін сияқтысыз.

 

Жапырақ аз ғана сыр айтса,

Жаңбырлар жанымды тыңайтса,

Көктемнің кей күні мұңайтса,

Сіз келетін сияқтысыз.

 

Қызарып көкжиек күн батса,

Сонан соң қара аспан тіл қатса,

Оқылмай үстелде жыр жатса,

Сіз келетін сияқтысыз.

 

Сенімдер күдікке арбалса,

Үзілер үміттер жалғанса,

Беймезгіл көктемде қар жауса,

Сіз келетін сияқтысыз.

 

 * * *

Жалғыз-ақ жүріп,

Қосылып күліп…

Мұңайып кеткім келеді!

Мәнсіз-ақ келіп,

Себепсіз өбіп…

Қуанып кеткім келеді!

 

Сауысты сүртіп,

Сезімді түртіп…

Торығып кеткім келеді!

Ай мен Күн дейді…

Кім екен олар?

Жолығып кеткім келеді!

 

Көгершін болып

(торда да болсын!)

Телміре бергім келеді!

Келмейтіндерге,

(бар болса, яки)

Сендіре бергім келеді!

 

Түнге, (гүлге де!)

Көңілді төсеп,

Бұл қала тағы демеді!..

Баққа да емес,

Жатқа да емес,

Ән сала бергім келеді!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.09.2019 | 15:59

Өлеңді өте жақсы көріп оқитыным бар, бірақ баға беруге, пікір айтуға кәсіби маман емеспін. Өлеңдеріңде жастық шаққа тән өрнек бар, сыршылдығы да бар. Қаламың ұштала берсін, жазудан талма, өнерің құлашын кеңге жайсын, Бізбике!🌹🌹🌹

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір