1.«АБ-077»
24.06.2016
1804
0

802049_301085577_98898989Нұрша КӘКЕНОВ

Әңгіме

 

«Алматыдағы атқамінерлердің бәрі Астанаға бақтарын сынап жұмысқа кетті, сонда бар», – деп әкесі айтқан соң Әбу кон­курсқа түсіп, министрлікке қызметке тұр­ғанына үш жыл болды. Бөлім басшысы қыз­метіне тұрғалы екінші рет министр ауы­сып, тағы да кадр сапырылысы ба­с­тал­ған.

Сіркесі су көтермей, суырмадағы құ­жат­­тарды реттеп, тазалап отырған. «Оу, шеф, неге жүк буып жатырсыз, жаңа министр сізбен бір институтта оқыптығой?!», – деп Алдаберген кіріп келді. Іле телефон шыл­дырап, «министр шақырады» деген соң кабинетіне кірді.

Министр қатқыл дауыспен: «Менің ре­­формамды сен: «мемлекетте қисық ба­ған мен сым ғана қалды. Қойдың басын бір дөкей мүжіп, құйрығын біреуге сорғызып, ал қара қазаққа боқ ішегін қалдырыпты» де­п­сің ғой, аузыңа неге ие болмайсың «Архимед!». Тым ақылды екеніңді білеміз», – деді. Жеткізген екен ғой бір жағымпаз – пысық. Үлкен министр басымен өсек жи­нағанына ызасы келіп:

– Айтқамын! – деді. Көмір разрездары, ірі жылу-энергетика кешендері акция­сы­ның бір үлесі мемлекетте қалмаса, тарифты қалай төмендете аласың. Бизнесмендер, ми­нистрлер келеді де кетеді. Салмақ ха­лыққа түседі. Су ағады, ал тас қалады.

– Сен көп оттамай әрмен кетші! Тауық­сыз да таңым атқан. Бар! Шық!

Мәжит ашуланып қаламсабын столға лақ­тырып жіберді. «Топас, торпақ», – деп іш­тей бір жекіп алып, кабинетке бөлім қыз­меткерлерін жинап: «Сау болыңыздар! Мен жұмыстан кетіп барам», – деп қош­тасып далаға шықты.

Бейбітшілік көшесі бойымен басы сал­бырап, жаяу келе жатыр. Жаңбыр там­шы­лары бетке ұрып, жол шетінде тұрған жеңіл автокөліктен күй әуені қалықтайды. Сәлден соң Құрманғазының «Кішкентай» күйі төгілді. Ауылға, әке-шешеме қайтсам ба… Әбу толғаныс үстінде.

Көңілінде кемсіте сөйлеген ескі курс­та­сы – «шала піскен» министрдің сөзі.

«Ақылды екеніңді білемін» дейді, ә! Біл­гішін «торпақтың!». Осы «ақыл» деген қай кеңістіктен екен. Философтар неге ту­ра анықтама бермеген. Әлде есіме түспей тұр ма. Дүниежүзінің ең білімді ғалымдары ко­лайдерде протон бөлшектерін соғыс­ты­рып, тіршіліктің пайда болу құпиясын аш­пақ. Қызық, адам денесін материя десек – Сана, ақыл антиматерия болғаны ма? Ша­ла піскен миллионерлер… ақылды «тор­пақ» сияқтылар. Ми солқылдап, құ­лақ шыңылдап не болдым өзі. Бірақ «Ақыл жастан, асыл тастан» демей ме. Жо-оқ, ол философиялық тұжырым емесі анық. Адам төбесінен жоғары – арман мен қиял кеңіс­тігі десе болады. Адам миынан бір ка­льций, ақ құм жиналатын түйіншек та­уып­­ты, оны «үшінші көз» дейді екен. Әлде суперкомпьютер ме екен?.. Не ойлап кет­тім. Осы мен шын ақылдымын ба, әлде «ту­поймын» ба?.. Осы Мәжитті студент ке­зімізде «торпақ» деп күлетінбіз. Бекер айтылмағаны ғой… Онда түсінік, заман бас­қа-тын.

Басын көтерсе, Кенесары ханның ес­керт­кіші алдына келіп қалыпты.

– Ой, жалған-ай! Мына күйкі тірлікке түңіл­ген жалғыз мен бе десем… Ханекем де атының артын көшеге беріп теріс қарап тұр. Осыны орнатқан адамдар қай басымен ойлаған. Қаладан тік жолмен өзенге шық­қан адам алдымен темір аттың төгілген құйрығы мен салбыраған екі енін көреді. Ба­сына дуылға, аяғына етік неге кигіз­бе­ген?.. Хан ием, орыс патшасы күлсалғыш жа­сат­қан бас сүйегің туған топырағыңа қайт­паған соң түңіліп, бетіңді көрсете ал­май тұрсың ба?! Ренжімеші, ханеке! Мі­не, сен соғысып ала алмаған қорған орнына жаңа Астана тұрғыздық, ол да сенің жеңісіңнің үлесі! «Ойпырым-ай, өзім жұ­мыссыз қаңғырып жүріп не айтып тұрмын! Қол шатырдағы жаңбыр суын сілкіп төгіп тастады. Әкей мені Астанада дөкей қызмет жасап, «қырып жүр» деп ойлайды-ау! Жас отыз екіге келді, не пәтер, не отбасым жоқ. Құрсыншы бәрі». Кері бұрыла беріп, ал­дындағы қараағашқа жабыстырылған ха­барландыруға көзі түсті. «N» фирмасы дені сау ер адамдарды аталық ұрық – сперма тап­сыруға шақырады. Бағасы өте жоғары»… Мырс етіп күліп, біреуін жұлып алып Ке­не­с­арының атына қарап: «Кім біледі, Тәңір бе­рем десе темір тұлпардың екі дорбасынан да берер!» деп, енді кетпекке бұрыла бер­генде:

– Әбу сен бе, сен? Алдында сәнді киін­ген курстасы Ғани келе жатыр. Екеуі ­құшақ­таса кетті.

– Кездесу деп осыны айт, қане жүр, «Ту­рист» қонақ үйіндегі бөлмеде сөйле­сейік. Кеттік, шерімізді бір тарқатайық, – деді Ғани. Жайлы нөмірге мейрамханадан тапсырыспен дәмді тамақты алдырып, үйіп тастады.

– Қызылорданың қара қазағына мүлде ұқ­самайсың ғой.

– Шетел фирмаларымен жұмыс істеген соң вариант осы, досым!

– Неше тіл білесің қазір?

– Ағылшын, қытай тілдері. Жұмыс ту­­ралы ештеңе сұрама. Мына ұялы теле­фон­ға, қонақ үйдің бөлмесіне де сенуге бол­майды. Балконға шығып сөйлесеміз…

Екеуі студенттік өмірдің қызықтарын, дос-курстастарын естеріне алып, әңгіме-дү­кенді қыздырған.

– Мен бүгін министрліктен жұмыстан кет­тім… «Торпақ» министр болып келген, рен­жісіп қалдық…

– Ештеңе етпейді. Осы уақытқа дейін «ка­рьера жасаймын» деп, уақытты босқа өл­тірген өзің. Жүр балконға, шылым тар­тайық.

Балкон есігін қаттырақ жауып: «Сото­вый телефонды қалдырдың ба?» – деп сұра­ды.

– Мен, жекеменшік фирмада шетелге конт­рактпен мұнай сатамын. Оның иесі Иса, дөкей ағасының көмегімен лицензия алып, бір күнде миллионер болған жер­ле­сім. Ертеректе кезде сыра сатып, тиыннан пай­да тауып Иса байып алған соң, енді мұ­най кенішін шетелдерге сатам деп жүр. Ма­ған бар жұмысын орындатып, өзі та­быс­қа кенелді. Тасқаны сонша, жас то­қал­дарының көзінше жер-жебіріме жетіп боқтап, әбден кемсітетін болды. Сен Әбу, ма­ғ­ан сенім хат, куәлігіңнің көшірмесін бер. Фирма ашайық. Бәрі заңды болады, тә­жірибем жетерлік… Мұнайдан да, кеннен де, ата-бабамыз қорғап бар қазаққа ми­расқа қалдырған жеріміздегі  байлықтан да біздердің алар үлесіміз  бар ғой. Үлесімді өзім тауып, тартып алсам, еш обалы жоқ. Адал еңбегім бағаланса үндемес те едім! Екі күннен соң жаңағы ескерткіш жанына түс­ке қарай келетін бол.

 

***

 Кенесары ескерткіші түбінде Ғани са­ғатқа қарап қойып, асыға тосып тұр екен.

– Неге түрің біртүрлі, – деді Әбу сүріне же­тіп.

– Сәлем, мә, сенің атыңа офшордан фир­ма «…..» сатып алдым. Флешканы ал, жо­ғалтпа, аузыңды ашпа, құпия сақта. Есеп шоты Берн қаласында, ертең банкке ақша алуға барғанда құпия кодты жазасың. Ғани жан-жағына сезіктене қарап, қалталы телефонды, портфеліңді  әрірек қойып, бас әріпі «К», әрі қарай өз атыңды теріс оқып жаз деп сыбырлады. Қоштасуға қолын бе­ріп: «Или голова в кустах, или груд в крес­тах» деуші ме еді орыс казактары соғысқа ат­танарда. Алға, достым!

– Ғани, не болса соны айтасың… Бәрі се­нікі… Маған ештеңе…

– Жо-оқ, елу де елу пайыз. Кел, төс со­ғы­­сып, уәделеселік. Сатқын емессің. Бе­тіне айтқан соң министр Мәжит сені жұ­мыстан қуды.

Әуелі Аллаға, сонсоң саған ғана се­не­мін. Ал мен кеттім! Хоп!

Тез-тез көшенің арғы шетіндегі тосқан ав­токөлікке асықты.

«Аман бол, Ғани!». Ішінде бір қимастық се­зім… «Сол баяғы мәрт мінез», – деп ой­ла­ды. Досы артына бұрылып қараған да жоқ.

Флешканы қалтасына салса, үзіп алған ха­барландыру саусағына тағы жабысты. «Осы қағаз неменеге іліге береді» деп телефон нөмірін терді.

– Фирма «N» сізді тыңдап тұр.

– Кешіріңіз, хабарландыру бойынша еді…

– Өте жақсы, мына адреске келіңіз. Са­­­раптама тегін. Қорытынды шыққан соң өзіміз хабар береміз. Бәрі құпия, – деген әйел дауысы шықты.

Фирманы тауып алып бар, айтқан ана­лиздерді тапсырып шықты. Пысықсып не­ге істеген, өзі де білмейді. «Уақыт өте бер­­сін» дегені. Орыс медбике «АБ-077» де­­ген көкшіл визитканы беріп: «Жоғалт­па­ңыз, шақырғанда осы кодпен келесіз», – деді.

– Ылғи кодқа түстім-ау, «АА» болмаға­ны­на тәуба! – деп қояды.

Қараса сағат үш. Автобуспен мешіт жақ­та­ғы базарға тартты.

Ығы-жығы сапырылысқан жұрт. Алма, жү­зім, құрма, банан жайдақ сөрелерге ор­на­ласқан, жәшік, қаптар үйіліп жатыр. Шет­тегі таныс қызыл апортты көріп таянып еді:

– Алма алыңыздар, арзан беремін! – деп сұңғақ бойлы әдемі, аққұба қыз күлім­сі­рей қарады.

– Алмаңыз апорт па? Алматыдансыз ба?

– Мен емес, алма ғана Алматыдан. Өте дәмді, кеше әкелгемін. Міне, ауыз тиіңізші. Кішкентай бәкімен кесіп ұсынды.

– Атыңыз кім, қарындас?

– Атымды қайтесіз. Алма алуға ма, әл­де танысуға келдіңіз бе? Әуре болмаңыз. «Тиімді» қалыңдық емеспіз. Аласыз ба, жоқ па?! Басқа адамға бұрылып:

– Апай, келіңіз!.. Арзан алма, Алма­ты­ның тәтті апорты… – деп сатушы қыз лез­де «ұмытып» кеткендей. Сонда да бай­қас­тап жігітке көзін салып қояды. Алсам ба, алмасам ба, – деп ойланып тұрғанда:

– Привет шеф! – деген дауысқа жалт қа­­раса, орта бойлы орыс жігіті.

– Танымадыңыз ба, мен ТОО «Кварта­дан» Сергеймін ғой. Үш ай бұрын түсті ме­талл сынықтары жайлы құжаттарға қол қой­ғансыз.

– Иә, сәлем, Сергей! Ол күш қазір мен­де жоқ. Кеше жұмыстан кеткенмін.

– Сол да сөз болып па, фирмада доку­мент­терге, құжаттарға бас менеджер бо­лыңыз. Бірге еңбек жасалық, сізден артық оны кім біледі. Жұмыстың жүретініне се­ніп тұрмын.

– Жарайды Сергей, келістік, – деп екеуі қол алысты.

 

МАЗАСЫЗ ТҮН

Ол шаршап, ерте жатты. Ғаламторды да, теледидар да қарағысы жоқ. Жаңа жұ­мыс қалай болар екен деген уайым басым. Тү­сі екен. Өзі өскен туған жері. Тау ете­гін­де бұлақ ағып жатыр. Халық оны «Босаға бұлақ» деп атап кеткен. Ертеде осы бұлақ маңында үлкен атасы колхоз малын бақ­қан. Мұны «Мен туған бұлақ» дейді екен. «Нива» автокөлігімен тоқтап, айналаға қа­рап, «Әкем де бір керемет жерде туған екен-ау», – деп ойлады.

Төбеге шығып бара жатыр еді, сұрғылт, екі бүйірінде қара жолағы бар, басы үп-үш­кір бір жылан қызғылттау жақпар тасқа қы­сылып шыға алмай тұр екен. Әбуді кө­ріп ысылдайды.

– Обал-ай! – деп тасты көтеріп, жылан­ды босатып жіберіп еді, жылан құйрығын тік көтеріліп, жігітке басын иіп, тағзым ет­­­­кендей болды.

– Өлтірмеймін, жөніңе кете бер, – деді де бұлақ басына қайтып келді. Су ішіп, бе­тін, мойнын шайды. Суықтығы тіс жарады! Шым-шым қайнарынан майда ақ құм бүлкілдеп шығып жатыр.

Бұлақтың арғы жағындағы қызыл ит­мұрын­д­арды көріп, жинап алып апама апа­рып берейінші деп, арықтан аттай бере сү­рініп кетіп, маңдайын тасқа ұрып, есі­нен танып, етпеттей құлады. Есін жиып, мойнын сипаса оралған жылан тұр.

– Қорықпа, – деді жылан.

– Сен менің есімді жиғыздың ғой? Аз­дап тынысыңды ашқам… Мен осы тау ас­тын­дағы оқ жыландар патшасымын.

– Неге адамша сөйлеп тұрсың? Жы­лан­дардың да аты болады деп естігемін.

– «Сап» деуіңе болады… Бағана мені тас­тан босатқансың. Бұлақ асты біздің ме­кеніміз. Ордамыз бар. Сенің миыңда ше­шіл­меген мәселелер, уайым, күдіктер мол екен. Еш жерде жолың болмай жүрген жан екен­сің. Саған көмектесейін. Маған да жақ­сылық жасадың.

– Небәрі жіп-жіңішке жылансың. Жұ­та­тын айдаһар болсаң, кімді жұтуың кере­гін айтар едім, – деді жігіт күліп.

– Күлме, көмегіме көзің жеткен соң та­ғы бір тілегімді орындайсың. Тек бұлақ суын ішіп, теріс қарап отыр. Оқ жылан жер­ге секіріп түсіп, қазықтай қақайып, ысыл­дап тұр.

– Әй, жарайды ант етемін, уәде!

– Өкінбейсің ғой!

– Жоқ! Айттым бітті!

Онда қазір ақ күміс шынжырға айнала­мын. Мойныңа тағып ал. Бұйрығымды орын­дайсың. Орындамасаң, мойныңда ажал тұрғанын ұмытпа! Лезде Әбудің мой­ны­на күміс шынжыр ілінді.

– Сап, менің қандай кемшілігімді кө­ріп тұрсың?

– Жетерлік. Боз өкпесің. Арақты көте­ре алмайсың, еркектік белің әлсіз, кім кө­рін­генге сенесің.

– Сонда «түкке жарамайтын» болдым ба?

– Бұлақтан бір кесе су ал, соған уымды та­мызамын. Әбу кесеге судытолтырып ал­ды. Оған жыланның тісінен тамшылаған уы қосылып, лайланғанын көріп ол қор­қып кетті.

– Неге ішпейсің? Ішпесең, шағамын. Өле­сің! – Іше сала тілі күрмеліп, бойы ауыр­лай бастады.Оқ жылан тасқа сүйкеніп қа­бығын сыпырды да: «Мә, мына бір үзімін асық­пай шайнап жұт», – деді. Жұқа бол­ғанымен терісі қатты екен пәтшағардың. Шай­наңдап, өңешінен зорға өткізіп, жұ­тып салғанда денесі бір дір етті.

Оқ жылан қызыл тырбық тікеннен до­малақ қатты үш дәнін нұсқап, шайнап бұ­лақ суымен іш деп бұйырды. Ішкізген соң:

– Енді мына жалпақ тасты иығыңа сал да, шаршағаныңа қарамайтөбе басына жү­гіріп шығып, төмен түсесің. Тасты қо­лың­нан жерге түсірсең, шағамын, – деп ыз­­барлана ысылдады.

Әбуде зәре қалмаған. Есі шыға, жаны мұ­рнының ұшына тығыла жүгіріп жүр. Қара тер судай ағып, екі шекесі солқылдап, ерні кеуіп, қалай жүріп келе жатқанын да сезер емес. Әбуден шаршағаны сонша, төмен түс­кен бойда отыра кетті. Жылан тағы да мойнынан шынжыр боп қысқанда танауынан түйір-түйір қою қара қан ағып, есі­нен тана құлап түсті. Көзін ашса оқ жылан жылтырақ киімімен жігіт бейнесіне еніп жанында отыр.

– Есіңді жинадың ба?

– Миым түгел ағып кеткен жоқ па өзі?

– Жоқ, аздап қалды, тыныс жолы, та­мақ­пен бойыңа сіңген қоқыс залалдар шық­­ты. Мә, мына кеседегі суды іш, қызыл ит­мұрын жемісін шайнап қостым.

– Тағы уладың ба? – Үндемеді. Мой­нын­­­да ажал тұзағындай тағы да күміс шын­жыр  ілінген. Оның  ұсынғанын амалсыз ішіп алып, бұлақ суына тағы қана ішті. Сәлден соң керген қуығынан қандай қып-қызыл кіші дәрет кетті.

– Сен нағыз мықты жігіт болдың.Ша­ғын шынжыр ретінде мойныңда тұр­ған­мен жай сипасаң, қасындағы адамның бар ойын оқып отырасың. Ал кімнен бас­тай­мыз, айт!

– Ым…ым, Ғабиттан. Оқ жылан бір-екі рет бұлқынды да сені ат қылып жегіп алып, еңбегіңді бермей жүр екен ғой, кет­тік.

– Тоқташы Сап, әуелі тендер құжат­тарын тап­сырған Қали мырзаға кірейін, – Сәлден соң Қалидың кабинетінде тұрды. Ол бұған ұнатпай қарады.

– О, Әбу сен бе?! Әлі комиссия болған жоқ. Неге ерте келдің?

– Ғабит телефон соқтым деген еді.

– Ол айта береді… Сол кез күміс шынжыр Қалидың мойнына оралып, қысып қал­ғанда оның дауысы қырылдап…

– Әбу, бәрін мен шешпеймін ғой. Біз­дің сұмырай шефтің ерке тоқалының ер­тең туған күні. «Он мың доллар тап» деп ме­ні қинап отыр, қарызға тауып бере тұр­шы.

– Жарайды, Қали, тендерге жазған құ­жат­тарымды бұрмаламай, дұрыс қарай­мын деп уәде бер.

– Уәде! Тек түске дейін әкелші… Ана шеф собака қысып барады. Қаншық қан­де­гі күйлеп жүр, көмектесші Әбу!

– Енді қараса Ғабиттың офис кеңсесі.

– Ғабит, он мың доллар керек, тап!

– Не, менде қайдан ақша болады.

– Алдыңғы екі тендердің ақшасы қай­да?

– Жұмсалып кетті. Офис жөндедік. Өзің көрдің.

– Ертең ақша тауып берсек, 50 миллион теңге тұратын күрделі жол жөндеуге тен­дер ұтып аласың. Ғабиттың көзі жыпы­лықтап, қипақтап отыр.

– Менде түк те жоқ, бұйырмасын, құ­дай­дай шыным! Сен өзің достарыңнан қа­рызға тауып ал, бірден түскен ақшадан қо­лыңа беремін. Не, сенбей отырсың ба, айт­тым, берем! Алдыңғы екі тендерден еш­­кімге ештеңе бере алмадым, рас. Виновать! Сен досым, өзімсің ғой. Шығын аз емес. Аяққа енді тұрып келеміз. Білесің бәрін.

– Жарайды Ғабит, соңғы рет.

– Хоп, уәде!

Әбу бизнесмен досына барып қарызға ақша алып, Қалидың тапсырысын орындап, бір қуантты. Олар көрсеткіштері жо­ғары болғандықтан онсыз да тендер ұтып тұрған.

Арада бірнеше күн өткенде іздеп барса, Ғабит орнында тағы жоқ. Қашып жүр, уә­десін тағы да ұмытты. Араға аз уақыт са­лып, Ғабиттың кеңсесі тағы келді.

– Ғабит, бар тендерлерді ұттың, ақша то­­лық түсті, жұмысың жүрді, менің ең­бе­гім­ді төле.

– Әбу, ақша әлі түскен жоқ қой! – деді Ға­бит сазарып. Сол кез шынжыр Ғабиттің мойнына барып оралып, буып қылқын­дыр­ғанда ол басқаша сөйлей бастады.

– Кешір, кешір! Ақшаңды екі рет бер­гім келген. Мен қызтекемін, түнгі гей-клуб­тарға барамын. – Жылан тағы қатты қысып қалғанда: «Мә, мә, бес миллион тең­гең, жаңа құрылысшылар әкелді, ал, ал­шы; баршы… ке…шір!..». Ых-ых! – деп га­зетке мұқият оралған бума-бума ақша ұсынды.

– Қызтеке болғаның не, СПИД-тен өле­сің, сұмдық қой мұның! Ғабит көзін тө­мен салды…

– Оны қайтесің, мүлде біткен азғын адам. Еңбекақыңды  алдың ба, кеттік! Енді менің тілегімді орында, – деді оқ жылан. Сол сәтте шынжыр екіге бөлінді де Әбу де кәдімгі сұр жыланға айналып, бұлақ ағып жатқан жартас астындағы қуыстан жыландар ордасына енді.

Орда ішінде қазықтай тізілген жыландар адам иісін сезіп, шақпақ болып ысылдайды кеп. Сап қатты бір рет ысылдап, биік­теу жерге көтерілгенде бәрі басылып, қуыстан жіптей жіңішке әлжуаз жылан шықты.

– Әке, міне, адам ертіп әкелдім, шағып қа­нын іш,– деді Сап.

– Не, мен өлемін бе?

– Ант ішкенсің! – дегенде бар жыландар ысылдай жөнелді.

– Жарайды, мә, саусағым. – Жіп жылан жабысып, қанша қажалағанымен тісі еш өтер емес. Оны көріп баласы: «Әке, ауру әбден қартайыпты.Мен адамның саусағын тас­қа үйкеп қанын ағызамын, жалай бер, – деді Сап әкесіне.

Қып-қызыл тамған ыстық қанға той­ған сайын жылан оқтаудай болып, басын тік көтеріп қаһарлана ысылдады:

– Рахмет саған, батыр жігіт! Нағыз аза­мат екенсің. Ешкімнен қорықпай, өз Құ­дайыңа сыйынып, бақытты өмір сүресің! – деп, баласына түсін суыта бұрылып қа­рап: – Бар, сыртқа шығарып сал! – деді ыз­барланып.

Екеуі ирелеңдеп іннен далаға шықты. Әбу өз бейнесіне еніп, ал Сап жылан:

– Енді мені таспен ұрып өлтір! – деп жа­лынды.

– Не, не айтып тұрсың, Сап?

– Түсін, жылан ордасында бір ғана пат­ша қалады, – кел Әбу, екеуіміз жары­сайық, төбеге мен сенен бұрын озып шық­сам бар айтқанымды орындайсың, – деді жылан.

– Жарайды, келістім, – деді Әбу кү­ліп.

Екеуі жарыса жөнелді. Озып бара жатып, табаны астынан бір тас тайып төменге домалап, оқ жыланның басын мыжып өтті.

– Ыһ! – деген дыбысқа бұрылып, таяна бергенде өлген жыланды бір құс тістеп алып, аспанға көтеріліп ғайып болды.

– Қап, тағы маған бір тілегін айтамын деген еді, – деп өкінді Әбу.

Шошып оянса қара тер басып, су болып жатыр екен. Мойнын сипалап, шын­жыр­ды іздеп еді, жоқ, айнадан қараса қы­зыл жолақ ізі қалыпты.

Не өңі, не түсі екені белгісіз. Шекесін си­пады, көгерген кішкене томпақ тұр… «Қайда құладым?!» деп ойлайды, ештеңе түсінер емес.

Ғабитпен бірге жұмыс істедім, ақшаны әлі төлеген жоқ. Әйелімен екі ай бұрын айы­­­рылысып кеткен деп естігем.Қалта те­­ле­фонының нөмірін терсе, «бұл нөмір біз­дің жүйемізде тіркелмеген» деген жауап ке­леді.

Киініп, пәтер есігін жапса, тұрғын үй тө­лемін төлейтін құжаттар қыстырулы тұр екен. «Пәтердің төлем ақысы бар, барлы­ғына ақша қайдан табамын?» деген уайым Әбуді тағы қинады.

 

ЖАҢА ЖҰМЫСТА

Фирма кеңсесі қаланың шетіндегі жал­ғыз элеваторға таяу жерде екен. Сергей жы­лы қарсы алып, жұмысымен таныстырды. Жеті, сегіз адам қызмет етеді. Ескі те­мір сынықтарын жинап, кесіп сататын кә­сібі бар екен. Тез тіл табысқан, Әбу:

– Жиналған түсті, қара темірлердің сы­­нықтарын ірі фирмаларға өткізбей, Қы­тай­ға сатайық, мен лицензия алып көрейін, – деп ұсыныс жасады. – Ол үшін әуелі бір­неше вагонға жүк болар темір қор жинап алайық, – деді Сергей.

Темір сынықтарын жинауға жігіттер жан-жаққа кетті. Сергей ақшасы жетпей, та­ныстарынан қарыз іздеп жүгірді.

– Кабулович, бәрін ұйымдастырамын! – дейді ынталанып. Керек құжаттарды түс­ке дейін реттеп, Әбу банкоматтағы ақ­ша­сының азайғанын көріп, ойланып отыр. Жұмысқа шыққанына бір күн болмай жа­ла­қы сұрағаны ұят. Министрлік есепшо­ты­на әлі жалақысын аудармапты.

Қалталы телефонын ашып, кімнен қа­рыз сұрасам деп ойланып отырғанда те­лефон шылдырлады.

– Әбу Кабулович, бұл «N» медициналық ор­­­талығынан. Сіздің тапсырған сарапта­ма­­ларыңыз өте жақсы. Келе аласыз ба біз­­­ге?

– Жарайды, жарты сағатта жетемін. – Қуа­нып кетті.

Өткен жолғы медбике:

– Абу Кабулович, өткен жолы ескерт­кен­дей ешкіммен төсекте болған жоқсыз ба? Гормоналдық дәрілер, қоспалар ішкен жоқ­сыз ба?

– Жоқ, жұмыстамын ғой.

– Мен берген көк визитка «АБ-077» бар ғой. Онда мына кабинаға кіріңіз. Сонда шыны ыдыста «АБ-077» деп жазылған.Тол­ған кезде қызыл кнопканы басасыз. Асық­паңыз. Бұл өз еркіңізбен беретін аталық ұрық. Бала көтере алмай жүрген әйелдерді жасанды әдіспен ұрықтандыруға пайдаланамыз. Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық болмайды. Белгі код өзімізге ғана керек. Бергіңіз келмесе, қазір бас тар­тыңыз.

– Жоқ, ақыры келдім, тәуекел, ұрпақ­сыз адамдарға көмек болсын, бала сүйсін әрі қаражат та керек болып тұрғаны.

Әбу аздап қиналғанмен, әйтеуір жұмыс­ты орындап шықты-ау!

Сәл уақыттан соң Валентина Ивановна: «Сіз құтыны шамадан тыс толтырыпсыз», – деп әзілдеп, ақшасын санап берді. «Не істеп жүргенімді жұмыстағылар білсе өлім-ау!», – деп, көрінбей тез кетуге асық­ты.

 

АЛҒАШҚЫ ЭКСПОРТ

Фирма  жұмыскерлері зыр жүгіріп жү­ріп, бірнеше вагон түсті металл қалдық­та­рын жинады. Әбу өзінің бұрын жұмыс іс­те­­ген министрлігіне  лицензия алуға кел­­ді.

Лицензия бөлімін Алдаберген бас­қа­рып­ты. Есіктен кіргеннен:

– Әбу Қабылұлы, саламатсыз ба! – деп өте жылы амандасты. – ТОО «Квартаға» жұ­мысқа тұрыпсыз . Дұ-ұ-ұ…рыс!

– Алдаберген, сенің де қызметің құтты бол­сын!

– Әбеке, өзіңіз құрып беріп кеткен тір­лік қой. Тек… бұрынғыдай емес. Әр шаруа­ның «тормозы» бар… Команда  жаңа, тәртіп бас­қа.

– Түсінемін ғой, «Рұқсат-лицензияға» қа­жет құжаттардың бәрін әкелдім.

– Ие-ие, Әбеке!.. Мына жазуға қараңыз, – деп ақ қағазға бір сандарды жазды. Ертең өзіңіз осыны… әкеліп, алып кетіңізші. Рен­­­жімеңіз, басқа амал жоқ менде.

– Ашық айтқаныңа рахмет! Абай бол, «ше­лек жалаған тұтылады» дегенді ұмыт­па!

– Амал который, шеф!

Сергей екеуі бірігіп «Рұқсат-лицензия» құ­жаттарын реттеп алған соң, жұмыс қар­қынды жүре бастады.

 

ҚҰРМАНЫҢ ҚЫЗЫҒЫ

Арада үш жыл зымырап өте шықты.Әбу екі бөлмелі пәтер, оң рулді көк «Тойота» автокөлігін сатып алды. Демалыс күнін пайдаланып бой жазуға көк базарға келсе, ығы-жығы адам, арба сүйреткен арбакеш жігіттер. Аралап жүріп құрма сатып тұрған орыс қызына:

– Какие цены? – дей бергенде:

– Арзан, шоколад дәмді, ағай! – деп Лена қазақша сайрай жөнелді. Аласыз ба, қазір ана жәшіктен салайын. Вера апай, менің солдаттарымды арбасын қозғап, тербете салыңызшы…

– Неге менен сұрайсың әкесі келіп тұрғанда.

– Әкесі?! – Лена жігітке қарап, сасқанынан қолындағы тегештегі құрманы түсіріп, шашып алды. Егіз ұлы сәл сарылығы болмаса, Әбудің тура көшірмесі. Сол жақ қасы тұсындағы жапырақша қызғылт қалдары да бір аусайшы.

– Кешіріңіз! – еңкейе берген Ленаның ішінде бір темір арқан сым шарт үзіліп кеткендей, денесі босаңсып, дауысы әлсіреп қалды. Жігіт еңкейіп, құрмаларын жинасты.

–Жоқ, бұл кір, қазір тазасын салып беремін сізге. Қазір! – Есі шығып, қолдары дір-дір етеді. Құрма сатып алған жігіт ба­лаларға бұрылып қараған да жоқ.

Жігіт кетісімен Лена Санияға бірден телефон шалды.

– Сания, сұмдық!

– Әй, не болды?

– Сұмдық болды, сұмдық! – деймін.

– Айтсаңшы, ей қыз!

–Маған базарда Ерік пен Серіктен аумайтын бір жігіт келді. Құрма сатып тұрып аузым ашылып, бәрін шашып алдым. Аумайды-ау, аумайды! Сол жақ қасы үстіндегі қызғылт қалы – копия!

–Не, не? Онда менің ұлымда да сондай қал бар. Жанардың қара ұлында да… Әй, сонда не болды, Лена?! Ол кім өзі?

–Тоқта, мен қазір Жанардан сұрайын. Алло! Жанар  сәлем! Сенің Теміржаныңның қасының тұсында қалы бар ма?

– Дұрыстап қарап көрмеппін. Бар сияқты, бірақ онша үлкен де емес. Ұлым сәл қара торы болған соң онша білінбейді де. Не болды сонша?

– Не болды, тағы бала болды.

– Не, екіқабатсың ба?

– Жоға-а! Лена, базардан үшеуміздің ұл­дарымыздан түрі аумайтын бір жігітті кө­ріп, талып қалыпты. Жанындағы қа­тын­­дар шелекпен су құйып, есін зорға жи­на­тыпты.

– Рас па, талып қалғаны?

– Бәрі рас, біздің үйге келіңдер, тез ақыл­дасайық.

 

БІР АПТАДАН КЕЙІН

Келесі демалыста Әбу құрма дәмі ұна­ған соң, өткен жолы сатып алған жерге кел­се, аққұба, сәл толықтау жас келін­шек:

– Келіңіз, құрма алыңыз, тәтті құрма. Тәш­кеннен келген, –деп иілді.

– Өткен жолы алдым, дәмді екен. Сату­шы орыс қызы еді.

– Ол – Лена ғой, бүгін «точкада» мен, Са­ниямын. Сіздің атыңыз кім?

– Әбу!

– Әбу?! Бұрын сізді бір жерден көрген сияқ­тымын ба?

– Оқасы жоқ, қанша құрма салайын?

– Бір-екі келі…

– Неге аз, үйде жеңгей, балаңыз жоқ па?

– Отбасым жоқ.

Сания іштей қуанып кетті.

– Жалғыз адамға қиын ғой, менің де от­басым жоқ.., ұлым ғана бар. Күнкөріс осы. Қажет болса үйіңізді жуып берейін. Керек болса… ғана.

– Айтса да ұялып барады. Өткен жолы дос­тары қыздар келсе, «амалдап таныс» деп тапсырған.

– Келесі сенбіде келіп көмектессеңіз бо­лады. Еңбегіңізді төлеймін. Еш қорық­паңыз, мен тәртіпсіз емеспін, қарындас.

– Рахмет, құрмаға төлемей-ақ қойыңыз. Кейін алам ақшасын, – деді Сания. Жігіт ке­тісімен қалталы телефонын ашып: «Таптым, іліктірдім қармаққа Әбуді, – деп ма­­­саттанды.

– Кімді дейсің? – деді Лена, – Әбу
ма – Ап-ума! – Телефоннан сыңғырлай күл­ген келіншектердің дауысы естілді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір