МЕНІҢ ФАРИЗАМ
24.06.2016
2395
0

ФаизаЗулаған күндер, шулы тіршілік… Біз 1974 жылдың жаңа жылын қарсы алуға дайындалдық. Қысқы демалыста елге балалар келеді деп, Фариза үйге шырша алғызды. Мен кезекке тұрып, ойыншықтар түгелдеп әуре (ол кезде бәріне кезекке тұратын едік қой). Асқар, Айвар, Гүлнардың келетіні анық. Гүлнар менің еншімдегі қыз деп келісілген. Өткен жазда келгенде ылғи маған ілесіп жүрді. Сол қызыма сыйлық іздедім. Ол кезде бала киімін табу өте қиын. Барахолкадан колготки мен бантик тауып, мәз болдым. Фаризаға сол кезде мода платформа табаны бар қоңыр ботинка алдым. Ол да балаша қуанды. Екеуміздің аяқ өлшеміміз бірдей. Балалар Ғабдрахиммен «Медеуге» барса, менімен циркке барады. Оны Фариза өзі ұйымдастырып отырды. Ең қызығы, бірге билет алмайды. Тамақтандыру – менің міндетім. Бұл жолы да Ғабдрахим «Мантың да, бауырсағың да тәтті екен» десін. Ол сөздерін ерекше бір дірілмен айтады, қиылып айтады, менің жүрегімді қобалжытып айтады. Бәлкім, маған солай естілетін шығар.


Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

Билетіп бойды сезімге,

Құрбыға өтіп сөзім де,

Өзімнен жасы кішіге

Ақылшы болар кезімде

Жанарға тәтті толып мұң,

Өзімнен өзім қорықтым,

Есейтпей ессіз махаббат,

Сен келіп маған жолықтың, –

деген жолдар тіліме оралып, әлі қағазға түсе қойған жоқ еді.

Қысқы демалысқа келген балалар ке­тіп жатырғанда менің анам Ағзила келді. «Қызым-ау, мен сені сағынып кеттім ғой», – деп, бұл жолы мені бейне жоғалтқалы тұрғандай сезімде болды.

Ана жүрегі ғажап қой, менің ойыма ха­лық аузындағы екі аңыз бірден түсті. Бірі – бір ұлды екі сарай үшін бөліп берем деген хан әрекеті кезіндегі тумаған ана­ның «Жарты баланы алам» дейтіні, туған ана­ның «Бөле көрме, құлыным аман жүр­сін!» дейтіні. Екіншісі – анасының жүре­гін сүйген қызына алып келе жатқан бала құлағанда «Бір жерің ауырып кеткен жоқ па?» деп, алаңдаған «Ана жүрек» аңызы. Ен­деше, ана құдіретті адам ғой. Менің қа­зіргі хал-жәйімді алыстан сезген-ау деп ой­ладым… Қатты толқыдым. «Ана жүре­гі», «Ана махаббаты» деген екі аңызды бір­ден жыр жолына айналдыра бастадым.

Фариза үш баланы Гурьевке өзі алып кет­ті. Ол да Қалима мамасын сағындым д­е­ген. Арада екі-үш күн өткесін Жазушылар одағының алдына жұмыстың алдына Ғабдрахим келіп тұр екен. Екеуміз прос­пектімен үнсіз жоғары көтерілдік. Қазіргі Абылай хан (бұрынғы Коммунистер) прос­пектісі мен Шевченко көшесінің қиы­лысында аптека бар еді, СовМин поликлиникасына қарасты (қазір емханаға қосылып кетті). Сол бұрышқа келгенше үнсізбіз. Ол менің қолымнан батыл ұстай алды да, «Жүрші, мына аптекада менің туған қарындасым жұмыс істейді, таныс­тырайын», – деді. Мен ере бердім. Алды­мыз­дан жымия күлген, ақ халатты қа­рын­дасы Маруся шықты. Бауырмал қыз екен, екеумізді де шүп-шүп екі сүйіп ал­ды. Студент кезінде тұрмыс құрып кеткен екен, «Бауканы садиктен алатын едім, кеш қалып барамын», – деп, тез-тез қош­тас­ты. Екеумізге кезек қарап, жымың-жы­мың етіп, сүйсіне қалғанын сездім. Мен «Мамам күтіп қалады» деп үйге асық­тым. Ғабдрахим трамвай аялдама­сын­да қалып қойды. Мен оның бірге оты­рып, бірге жүргенін қалайтын сияқты қи­май кетіп барамын. «Асығыспын, ке­тем-кетем» деген өзім ғой, жалпы, қыздар қы­зық халық…

Сонымен, Фариза келгенше ол мені күн­де жұмыстан шығарып салды. Бір кеш­­те анаммен сырластым. Мені өзің көр­ген, өткен жазда сенің де немерелеріңді Фаризаның інілерімен бірге қыдыртқан, сол үйде домбыра тартып, қонақ атқары­сып жүретін Ғабдрахим деген жігіт ұна­тады», – дедім. Мамам оны «Әбдірахим» дейді. Тыңдап болып, «Қой, қызым! Мен құп көрмеймін. Фаризаның інісі ғой», – деді.

Фариза келгесін бізді Әбіш Кекіл­баев­тың анасы Айсәуле шешеміз шәйға ша­қырт­ты. Ол топқа Қайрат Жұмағалиевтің ана­сы Жаңыл апамыз қосылды. Үш кем­пір әңгіме айтып, біз де біраз хикаялар ес­тіп, көңілді апта өткіздік. Жаңыл ана­мыз­дың шәйі шулы болды. Қайраттың ал­ты қызы маза бермейтін, бәрі кіш­кен­тай, тетелес еді ғой. Көп жата алмай, «Аз­дап бой жаздым» деп, пойызбен елге кетті. Ол кезде «Алматы – Мәскеу» пойызымен жүр­ген бір дәурен еді. Тәртіпті, таза, адам­дар қайырымды, жер көріп, шәй ішіп, мәз болатын анашым.

Сонымен, анам менің сезімімді құп­тамай кетті. Енді Фаризаға айтуым қал­ды. Айттым. Ол қиналып тыңдады, күр­сін­ді. Сырттай құптағандай болды, іштей қар­сы. Тіптен, мені қызғана бастағанын өзі де түсіне алмады.

Наурыз айы. Көктемнің шуағы бас­тал­ды. Менің де көңілімде бір шуақ бар. Ол «Мені бір адам шын сүйеді» деген ұлы сезім шуағы еді.

Көктем шыға, Фариза іссапарға кеткен. 1974 жылдың 18 наурызы күні таңер­тең есігімнің қоңырауы басылды. Ғабдра­хим екен.

– Біз Қаршыға Ахмедияровтың үйінде таң­ға күй тарттық. Маған «Көркем ханым» күйін он бес рет ойнатты. Сол күйді тартс­ам, көз алдымда сен тұрасың. Түн бойы саған арнап күй тарттым мен, – дей­ді.

Аздап ішкен, батылдау, көңілі кө­те­ріңкі екен.

– Рахмет, барып демал, – дедім.

Қызмінез, жуас деп жүрсем, батыл­ды­ғы да бар екен, бас салып, сүйіп алды да, жалт бұрылып кете барды.

Ал мен қарсылық білдірмедім, бойым­ды діріл билеп, тіліме өлең оралды:

Жарқырап кетті аспаным,

Көгімнен шықты басқа күн.

Қарсылық еткен досымның

Сөзіне құлақ аспадым.

 

Әсем ән тұрды үнімде,

Бір шаттық тұрды түрімде.

Қарсылық еткен анашым

Көнерін білдім түбінде.

Сәуір айының бір сенбісі күні ботаника бульварында біраз қыдырдық. Орын­дықта менің қолымнан ұстап отырып, әкесіне хат жазғанын, жауабын кү­тіп жүргенін айтты. Бар әлемдегі бақытты жан өзі сияқты. Сол айда жұмыстан қайт­қан мені үйімнің алдында қарсы ал­ды. Қолында әкесі Жаңбырбаев Маралдан деп жазған Дамба поселкесінен келген, адресі айқын хат тұр. Жүзі сонша жарқын, өзі сонша қуанышты. Маған хатты ұстата салды. «Папамнан хат келді!», – деді ентіге сөйлеп. Маған бүгін ол мұғалімінен «бес» алған мектеп баласын елестетті. Әкесі Марал: «Қабделжан, қалауыңмен көр­ген Ақұштап, кәдімгі өлеңін оқып жүр­ген нәзік ақын қыз болса, мен құп­таймын. Өз сезіміңе сен! Мен де анаң Қа­­ламқасқа ғашық болып қосылғанмын, түсінем. Өзің сүйсең, бақытты бол! Мен қалауыңа ризамын. Әкең Марал» деп жаз­ған екен. Одан кейін де ол кісінің маған жазған хаты архивімде сақтаулы.

Май, июнь айларын Фариза үшеуміз бірге өткіздік. Бірде көңілді, бірде көңілсіз Фаризаның мінезіне де үйрендім. Әке қол­дауы мен үшін үлкен сый болды, енді Ғабдрахимді өзім терең біле түсуім керек екенін білдім. Менің ақын мінезіме қалай қа­райтынын зерттеуім керек еді. Ойыма Жазу­шылар одағының әдеби қорының ди­ректоры Ахметов Әбдірашит деген әкем­дей көретін кісі түсті. Сол кісіге жо­лығуды шештім. «Жұлдыз»  журналындағы Шер­хан Мұртаза ағама айтсам, «Күйеуді қой, партияға өт!» дейтінін білем. Ал Әб­ді­ра­шит ағай көрген жерде «Сендей қы­зым болса ғой. Сен бақытты болуың керек, сен тұрмыс құруың керек», – дейтін еді ылғи.

Сонымен, барып, «Аға, биыл маған жазу­шылардың демалыс үйіне баруға екі пу­тевка керек болып тұр. Ұнатқан жігітті танып қайтуым керек, оңаша сөйлесуім керек. Бірақ жеке бөлме болсын», – дедім. Ол кісі қуанышты түрде июль айына екі пу­тевка тауып беретінін айтты. Бұл менің төрт жылдан бері Фаризасыз қабылдаған шешімім болатын. Ол менен мұндайды күтпеген еді.

Сонымен, Рига жағалауындағы «Дзин­тарас» жазушылардың демалыс үйіне Мос­ква арқылы ұшып кете бардық. Екеу­міз екі бөлмеге қондық, телефонмен оят­ты ол мені. Қуанышында шек жоқ. Ер­тең­гі тамақта балалар ақыны Әнуарбек Дүй­­­сенбиев әйелі Рабиғамен шәй ішіп отыр екен, шұрқырасып табыстық. Жасы­ра­тын несі қалды, мен Әнуарбек ағаға Ғаб­драхимді таныстырдым. «Бұйыртса, күйеу балаңыз болады», – дедім. Ғабд­ра­хим­ға оның көпке таныс өлеңін оқып бердім.

Әппақ, әппақ, жапалақтап,

Қар жауады тынбастан.

Қалың орман қар жамылған,

Маужырайды түнгі аспан, –

деп едім. «Бұл өлеңді білемін» деп Ғаб­дра­хим да елпілдеп кетті. Бұл танысты­ғы­мыз ұзақ жылдарға созылған, сәтті бол­ды. Кейін туған інісіндей көріп, Ғаб­драхимға машинасын айдатып, қо­нақ­қа шақырып, бірге алып жүріп, мәз болып отыратын. Ол кезгі жолдамалар 21 күндік болатын. 21 күн бірге болу екеумізге үлкен сый сияқты. Теңіз де ғажап, табиғат та сұлу, өзіміз де ұшарға қанат жоқ, ғажайып сезімде болдық. «Бақыттылар уақытты байқамайды» деген рас. Бір-бірімізден кемшілік те таппадық, өйткені ондайда көз де көп нәрсені көрмейді екен ғой…

Көктемде басталған өлең жолдары жалғаса түсті. Бәрі көкейімде.

Жүректің алау қалпымен,

Іңкәрлік сезім салтымен,

Асауға шаптым қорықпай

Аударып кетер қаупінен.

 

Не болар демей алғы күн,

Не сыйлар демей тағдырым,

Жаныма жайлы дәуреннің

Құрбанға шалдым барлығын.

 

Күтті не алдау, не сенім,

Күтті не өмір, не өлім.

Сен бірақ бәрін ойлатсаң,

Махаббат атанар ма едің?!

Демалыстан қайтарда Ғабдрахим өзін­ше шешім қабылдады. Тура Москвадан Гурьевке ұшамыз деді. «Осылай қол ұста­сып ұшамыз, мен әкеме сюрприз жа­сағым келеді», – десін. Мен болсам, «Әкең анам­ның алдынан өтсін», – деймін. Ол ай­тады: «Мен таптанды жолмен емес, өз жо­лыммен жүргім келеді. Сені алып барып, таныстырам, келесі күні әкем Орал­ға ­барады. Анаң мені таниды, әлі сенен де жақ­сы көріп кетеді мені», – деп бой бер­мейді. Көнуге тура келді. Шалқая беретін несі бар?! Шын сүйетініне көзім жетті.

Сөйтіп, екі жыл бұрын Фаризамен ке­ліп, әжесіне бата оқыған үйдің алдында тұрмын. Анасы жүгіріп шығып, қайта жү­гіріп келіп, орамал әкеліп жатты. «Біс­милла» деп табалдырық аттатты. Кіші бөл­­меге ендім, бұрышта отырмын. О, қыз-тағдыр, қандай қиын ең?..

Абыр-сабыр, ығы-жығы ағайын жиналды. Жаңбырбай атасының қарында­сы­нан туған жиен Батырбаев Мақсот өте мәрт адам екен. Нағашысынан да, оның тұң­ғыш немересін де қатты сыйлайтын бол­са керек, келесі күні «Әппақ келінге ақ түйе сойып әкелдім» деп, артынып-тар­тынып жетті. Олар сол баяғы атамекен – Фариза мен Ғабдрахим аңсайтын Манаштан да әрі Каспий жағасынан көшпей қалып қойған.

Сонымен, екі күн тойлап, үшінші күн Орал­ға аттандық. Әкеміз Марал қоржы­нын жинап, баласын ертіп, «Беломор ка­налын» үсті-үстіне тартып, толқып, ме­нің анам мен ағаларыма келді. Ауыл-үй ағайынмен шағын той өтті. Біздің демалысымыз да бітіп қалған, бәрі асығыс, абыр-сабыр болды. Анам бір күлді, бір жы­лады. Ғабдрахим екеуміз бірге ұшып, біз­дің үйге бірге келдік. Сонымен, үй­лен­дік. Ендігі басты шаруа – Фаризамен кез­десу еді.

Бақыттан бас айналып, жұмыстан үй­ге асықтық. Бір әңгімені Ғабдрахим өзі бас­тап, «Шынымды айтсам, осы кезге дейін шын ғашық болмаған екенмін. Осы кез­ге дейін мен емес, мені ұнатқан қыздан қа­шып өмір сүріппін, өзімді-өзім алдаппын», – десін. Мен оны жақсы көрген қыз­ды аядым, тіліме өлең оралды:

Махаббаттың болмайды жолы жаңа,

Қыз үлесі – қашанда болу ана.

«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер,

Өзі сүю – қыздардың соры ғана, –

деп жаздым блокнотыма. Бұл – менің өз жү­регімнен кешкен, көзім көрген өмір шын­дығы еді.

Сонымен, жазғы демалыстың бір айы ме­нің бүкіл тағдырымды шешті. Фариза ме­нің кеткенімді естіп, Кавказға минерал су ішуге барып қайтты. Өзімізбен-өзіміз жүріп жаттық.

Бір күні «Жұлдызға» келді. Қабағы қат­қыл, демалғаны көрінбейді, шаршаулы екен. Үндеген жоқ. Әдеттегідей Жазу­шы­лар одағының алдына Ғабдрахим кел­ді, үшеуміз тағы Фаризаның үйіне бет ал­дық.

Көріспеген бір айда мен жадырап, ол жа­бығып қалған, қатты жүдегенін бай­қа­дым. Екеуміз үндемей ере бердік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір