ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМІЗ?
24.06.2016
1775
0

КітапКөп жылдан бері қазақ тілін оқыту, оның әдістемесін жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Осыған орай «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру.

Осы құжатта «Бағдарламаның бірінші бағытын іске асыру арқылы Қазақстанның барша азаматтары­ның мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөнін­дегі жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді. Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы әлі де болса тіл үйрету мә­се­ле­сіне жаңаша көзқарастың қажет екенін аңғар­та­ды. Қазақ тілін мектепте, жоғары оқу орындарында оқыту әлі де жайы мардымсыз болғандықтан елі­міздің әрбір облыс орталықтарында, қала берді, аудандарында Тіл үйрету орталықтары жұмыс істеп жатыр. Нәтиже әлі де нашар. Осы тұрғыдан алғанда біз мемлекеттік тілді қалай оқытып жүрміз деген заң­ды сұрақ туындайды. Соңғы кездері қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты ғылыми әдебиеттерде, бұ­қаралық ақпарат құралда­рында  «қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту» және «қа­зақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту» деген мәсе­лелер көтеріліп жүр.

Сонымен қатар, қазіргі тіл меңгерту бойынша жа­са­лып жатқан алдыңғы қатарлы ғылыми-теория­лық зерттеулер негізінде құрылған қазақ тілі оқу­лық­та­рын жарыққа шығару өзекті мәселелердің бірі. За­ман талабына сай жазылған оқу құралдары теор­ияның практикадағы көрінісі екенін дәлелдеп келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситеті, ЖОО дейінгі білім беру дайындығы факультеті, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру да­йын­дығы кафедрасының  әдіскер-зерттеу­ші­лері көп уақыттан бері бұл мәселені шешу жолын ойластыруда. Аталған кафедрада қазақ тілін шет тіл ретінде оқытудың ғылыми негізін сала отырып, өзге тілді мең­гертудің мәселелерін зерттейтін ғылыми-әдіс­темелік мектеп қалыптасқан. Оқу бағдарла­ма­лары Білім беру стандартына сай, Еуропалық тілдік портфельге жуықтатылып жасалған. Қазақ тілін шет тіл ретінде оқытуда оқу материалын беруді алгоритм деп ұйымдастыру студенттік аудиторияда мол мүмкін­дікке ие бола алады. Осының айғағы ре­тінде көп жыл­дар бойы ғылыми зерттеу мен практиканы ұш­тас­тыра білген шетелдіктердің тілдік және жалпы бі­лім беру дайындығы кафедрасының доценті,  әдіс­кер Гүлбағиза Мұсаеваның «Қазақ тілі шет тілі ретінде» оқулығы жарыққа шықты.

Тіл үйренушінің коммуникативтік құзірет­тілі­гіне қол жеткізу үшін әлеуметтік-мәдени, тілдік, сөй­леу мүмкіндігін қалыптастыруға бағытталған бұл оқулық қазақ тілін терең меңгеріп, қарым-қа­тынастың бар­лық саласында еркін қолданамын деуші азаматтарға арналған.

Райхан ДҮЙСЕНБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультеті,
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім кафедрасының аға оқытушысы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір