КӨРМЕС КӨЗ, СЕЛҚОС ҚҰЛАҚ
17.06.2016
2241
0

Қаржы саласындағы әлемдік дағдарыс азуын  айға білеген мемлекеттердің өзін әлекке салып жатқан жайы бар. Осы тұста әр ел дағдарыстан шығудың тиімді жолын іздеп, түрлі әрекетке баруда. Соның салдарынан жағадан алған дағдарыспен қатар туған түрлі мүдделер қақтығысы да ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін түрі бар. Осындай сәтте ел үшін де, ер үшін де сын сағаты туғанын түсініп, жұдырықтай жұмыла жұмыс атқару керектігі түсінікті. Көбіне шикізат экспортына сүйенетін, экономикасы әлі де тұғырына нық бекіп үлгермеген қазақ халқына әуелі осы шикізаттық психологиядан арылу қажет секілді. Қойнауы қазба байлыққа толы деп мақтанатын жерімізге, мұнайымызға осы уақытқа дейін арқа сүйеп келгеніміз­бен, «Аспаннан киіз жауса да, сорлы ұлтараққа жарымайдының» күйін кешіп қала бергеніміз жасырын емес. Кезіндегі бабаларымыздың «еңбек түбі – қуаныш, сауда түбі – реніш» дүниетанымы бүгінгі қазақ үшін жат ұғымдай көрінеді кейде. Қазір керісінше, базарда тұрған қазаққа қызыға қарайтын түсінік пайда болған. «Қазақ жалқау» деп санамызға сыналап құйған идеология салқынынан әлі күнге арыла алмай, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп байып кеткісі келетін жұрттың бүгінгі жағдайы, өңірлердегі қауымның тұрмыс-тіршілігі –  «Дөңгелек үстеліміздің» кезекті тақырыбы.  

– Еліміздегі өңірлердің қазіргі ты­ныс-тіршілігін қалай бақылап келеміз? Біз мұ­­найлы өлкелердегі халықты бай са­най­мыз, ол қаншалықты шындыққа жа­на­сад­ы? Жалпы, Қазақстанда қай аймақ та­бысты, ал қай өңір «күріштің арқасын­да су ішіп отыр­ған күрмектің» күйін ке­­шіп отыр?
Әйіп ЫсқақовӘйіп ЫСҚАҚОВ, ҚазҰАУ-дың шет­елдермен байланыс және инвестиция бойынша проректоры:
– Бұқаралық ақпарат құралдары ар­­қылы, әлеуметтік желі арқылы ұлан-бай­­тақ еліміздің түкпір-түкпірлерінде бо­­лып жатқан жағымды жаңалықтарды, әр­ түрлі оқиғаларды бақылау оңай бо­лып тұр ғой. Сондықтан бұқара халық өңір­лердің тыныс-тіршілігімен жақсы таныс деуге болады. Қазір кез келген кө­зі ашық адам үшін елдің даму деңгейі оның табиғи ресурстар байлығымен анықталмайтыны анық. Керісінше та­биғи ресурстарға тәуелді болып қал­ған елдерде тұрақсыздық болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан мұнай не­гізгі табиғи байлық болып санал­ға­ны­мен, оны иеленген халықтың бай болуына кепіл бола алмайды. Ең басты мә­селе мұнай өндіру бұрғыларының кімге тиесілі болуы мен одан түскен қар­жының қалай бөлінуінде, оны ел эко­номикасын дамытуға орынды пай­да­лануда жатыр. Өкінішке орай, то­та­литарлық режим орнаған, жемқорлық жай­лаған елдер халықтарының бай-қуат­ты болуына мұнай қорының мол­дығының еш әсері жоқ. Нигерия елі осы­ған мысал бола алады. Еліміздің ба­тыс аймақтары мұнайлы аймақ бол­ғандықтан басқа өңірлерге қарағанда табысы мол келіп, олардың дамуына септігін тигізетіні рас. Алайда, мұнай бағасының төмен құлдырауы мұның бәрі уақытша екенін көрсетіп отыр. Ел дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шикізатқа тәуелді емес салаларын молынан дамыту керек. Әсіресе, көпшілікті жұмыспен қамтамасыз ете­тін ауыл шаруашылығын дамыту, ол өн­діретін өнімдерді өңдеу өндірісін же­тілдіру, жалпы ел экономикасының тұрақты дамуын анықтайды.
Кажы АюбиҚажы Акбар Аюби, экономист, даниялық қазақ:
– Шетелде жүргендіктен Қазақ­стан­ның ішкі жағдайы, экономикасы жайында нақты еш нәрсе айта алмаймын.
Ал Данияда мемлекет бюджеті екі түр­лі салықтан жиналады.
1. Қалалық салық – қаланың өзінде қа­лады. Демек, қала бай аймақта ор­на­лас­са, қаланың тұрғындары байлау бо­лады.
2. Орталық билікке баратын салық. Бұл салықты бүкіл мемлекет ішіне бө­ліп береді.

 

 

Абзал КуспанАбзал ҚҰСПАН, адвокат, БҚО адвокаттар алқасының мүшесі:
– Батыс Қазақстандағы (Ақтөбе, Аты­рау, Маңғыстау және Орал) төрт об­лыстың Оралдан өзге үшеуінде ха­лық­тың өмір сүру деңгейі шын мәнінде жоғары. Адвокат ретінде ол маған оңай байқалады. Жұмыс бабымен Атырау мен Маңғыстауға жиі барамын. Мұ­най­лы өңірлер халқының жағдайы жақ­сы дегенге Атырау мен Маңғыстау айқын дәлел. Ол аймақтықтар өзге өңірлерге қарағанда Алматы мен Астанадан қорғаушы шақыруға жағдайлары жетеді. Бір байқағаным, ондағы жұрт­тың мінген көлігі, тұратын үйі, жасаған той шығындары, киген киімдеріне дейін ақшаның бар екенін білдіріп тұра­ды. Себебі, әр отбасында жоқ де­ген­де бір адам мұнайдың немесе газдың ай­наласында жұмыс жасайды.
Ал табысы аз аймақтар деп Орал, Қы­зылорда өңірлерін есептеймін. Се­бебі, бұл жерлерде халықтың өмір сүру деңгейі өте төмен. Алайда, бір мұндағы жұрт азды қанағат тұтып үйренген. Мұн­да жалпы халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік арзан.
Әлемде мұнай қарғысы (невтяное про­клятие) деген ұғым бар. Яғни аз жұмыс жасап, көп қаржы табуға әбден дағдыланып кеткен және бір салаға ғана маманданған халықтың өзге еңбек түрлеріне икемсіз боп қалуы. Бұған мы­сал болатын елдер аз емес. Арабтың бір шейхы: «Менің атам түйемен жүрді, ме­нің әкем түйемен жүрді, мен «Rolls-Royce»-пен жүрмін, менің балам да «Rolls-Royce»-пен жүреді, ал бірақ ме­нің немерем қайтадан түйемен жүруге мәжбүр болады», – депті. Яғни мұ­най таусылғанда қолымыздан еш­қан­дай жұмыс келмейтін, ақсаусақ бо­лып қалған біз қайтадан таз қалпы­мызға түсеміз дегені.
– Қарап отырсақ, өнімді өзі өндіретін ел­дердің өкілдері қарапайым келетін секілді. Ал бізде қолына сәл ақша бітсе, кө­­кірек керіп, мұрын шүйіріп шыға ке­летін  әдет басым. Өндіріс пен өнеркәсіпке икем­ділік жағынан көрші отырған қыр­ғыз халқы бізден басым тұрғаны рас. Мүм­кін бізге әуелі өндіруші ұлттардың пси­хологиясын зерделеу керек шығар.
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Тұрмыстың сананы билейтіні бел­гілі. Осы орайда тез әрі оңай баю адамның дандайсуына жол береді. Өкінішке орай, мұнай бағасының бір кездері шарықтап дамуы арқасында елімізде қаржы жағы шаш-етектен тө­гіліп, соның нәтижесінде кейбір адам­дардың сіз айтқандай «көкірек керуіне» себеп болғаны рас. Бірақ мұны жалпы қазақ халқына тән, біз көрші халық­тар­дан өнеркәсіпке икемділік жағынан қалыспыз деп айта алмаймын. Мәселе ха­лықты ұйымдастырып, жұмысқа жұ­мылдыра білуде. Жемқорлықты тіз­гін­деп, өтірік ақпарат беруді тоқтатып, ха­лықтың еркін еңбек етуіне жағдай жасалса мәселе өздігінен-ақ шешіліп қа­лар еді.
Қажы Акбар Аюби:
– «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөз бар. Расында да дамыған елдердің хал­қы қарапайым келеді. Ал қарапайым­ды­лық ең алдымен білімділіктің бел­гі­сі. Білімсіз адамдардың көбі «мен бә­рін білем, менікі жөн» дегендей менмен келеді. Сондықтан білімсіз адамға бай­лық және мансап бітсе, өркөкі­рек­теніп, шалқайып шыға келеді. Өкініш­ке қарай, Қазақстанда билік пен бай­лық білімсіз адамдардың қолында деп ойлаймын.
Жаңа бизнес көзін тауып, оны ин­дуст­риялық өнімге айналдыру, алын­ған өнімді шетелге экспорттау кез кел­­­ген мемлекеттің экономикасын да­мыту­ға әсер етеді. Сондықтан мемле­кет­тің экономикасы үшін тиімді болатын Жаңа индустрияның пайдалы тұс­­­тарына нақты дәлелдер келтіріп, тоқталып өтуді жөн көрдім. А) Жаңа индустрия пайда болған елде, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер күрт өсе­ді және халықтың тұрмыс-тіршілігі де өзгереді. Егер халықтың сатып алу қуа­ты артса, онда басқа бизнес орын­да­ры­ның да ашылуына мүмкіндіктер туады. Мем­лекет үшін ең бастысы – сапалы са­лық төлеушілердің саны артып, «табыс салығы» жиналып, әлемдегі ал­дың­­ғы қатарлы мемлекеттер қатарына кіру­ге мүмкіндіктер жасалады.
Б) Жаңа индустрия пайда болған елде, сол индустрия тектес басқа да индус­триялар пайда болып, олардың әрі қа­рай дамуына мүмкіндіктер ашылады. Жаңа­дан пайда болған индустрия­лар­дың екі түрі болады. 1) Бәсекелес индустрия, ғылыми орталығы қалып­тас­қан мемлекетте білім мен технология тез дамып, тез тарап, ұқсас өнім­дерді  бірнеше  компаниялар шығара бастайды. Сол кезде олардың арасында өзара бәскелестік пайда болады. 2) Екін­ші жа­ғынан қосал­қы индус­трия­ларға  жол  ашылады. Жаңа  құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз ететін компаниялар. Мы­са­лы, аяқ киім шығаратын фабрика пай­да болса, оған бояу қажет. Яғни нарықтағы сұраныс бояу индус­триясына жол ашады. Сон­дықтан экспорт ар­қылы жаңа индус­триясы пайда болған мемлекеттің әлем­дік рейтингісі көтеріліп, даңқы артып, танымал бола бастайды. Ең бастысы – табыс салығы ұлғайып, мемлекетті әрі қарай  индустрияландыру  процесіне жол ашылады. Тек жер асты қазынасын сатып ба­йып отырған ел, мешел ел боп қала бер­мек және ол қазіргі тілмен айтсақ, тұ­тынушы мемлекеттер  қата­ры­на жатады, ал әлемдегі мықты мемлекеттер арасына қосылғысы келген ел өндіруші де болу керек.
Абзал ҚҰСПАН:
– Атырау, Маңғыстау жақтың хал­қы қай тұста да қалталы екенін бай­қат­қы­сы келетіні рас. Негізсіз шығынға көп бататындары да өтірік емес. Ал шын мәнінде маңдай терін төгіп еңбек ете­тін, еңбекке үйір елдердің халқы қа­рапайым келеді. Олар біз секілді даң­ғазалыққа бармайды. Мәселен, Орал қа­ласында шағын зауыттар бар. Сол жер­де жұмыс атқаратын қызметкерлер мен мұнай саласы қызметкерлерін салыстыра алмаймыз. Адамның тұрмыс-тіршілігі оның мінез-құлқына міндетті түрде әсер етеді.
Абай: «есектің артын жу да, мал тап» де­мей ме. Яғни елдің бәрі бірдей өнер адамы немесе ақын-жазушы, фи­лософ бола алмайды. Сондықтан негіз­гі көп­шілік ауылшаруашылығына, өн­­діріске, ең­бекке дағдылануы тиіс. Алыс­тан іздемей-ақ кешегі тарихы­мыз­ға үңілсек, кеңестік кезеңде еңбек адамына деген құрмет ерекше еді. Ол кездегі әдебие­т­тер­де еңбек адамының психологиясы, қа­рапайым жұмыс­шы­ларға деген іл­ти­пат, еңбекке баулу өте жоғары дең­гейде суреттелетін. Және одан біз ұтылдық дей алмаймын. Ауыл­дың әлеуеті жо­ғары еді, мал шаруа­шылығы да, егінші­лік те дүрілдеп тұр­ды. Алайда, ол тұс­та­ғы оқырман мен қазіргі оқырманды са­лыстыра ал­маймыз. Қазіргі оқыр­ман­ның көңілі алаң. Ертеңгі күні қа­лай болатынын білмей отырған адамға әде­биет туралы, еңбек­тің пайдасы туралы айтудың өзі бекер. Егер жұртты еңбекпен қамта­масыз етсе, олардың бо­лашаққа деген сенімі артар еді. Ер­теңіне сенімді адам бар шаруаға дұрыс көңіл бөле бастайды. Мен «Болашақ» бағ­дарламасымен мұхит асып кетіп жат­қан жастардың көбін Өзбекстанға жі­беру керек» деген пікірімді біраз жер­де айттым. Себебі бізге олардан үй­ре­нетін нәрсе көп.
– Еліміздегі сүт фермалары сүттерін тон­налап далаға төккенін, құс фабрикалары бәленбай тауығын бауыздау сал­­­дарының кесірінен саусақпен санар­лық өндіріс орындарының жабылып жат­қанын көріп жүрміз. Себебі, халық шет­елдік тауарларды тұтынуға дағ­ды­ла­нып кеткен. Мүмкін біз халықтың ру­хани портретін дұрыс жасай алмай жүр­ген болармыз? Нағыз өндіргіш, ин­же­нер адамдардың қиындық пен қай­шылыққа толы тағдыры туралы шы­ғар­малар біздің әдебиетте жоқтың қасы. Қиындыққа төзбейтініміз, сәтсіздікке тез мойитынымыз әдебиет арқылы дұ­рыс мінез қалыптастыра алмай жат­қа­ныдығы­мыздан болар бәлкім?
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Шынымды айтсам, сүт фермалары сүттерін тонналап төккені туралы ес­тімеппін. Бәлкім, қолдануға жарамай, қауіпсіздік критерийлеріне сәйкес кел­меген өнім болуы мүмкін. Ал бір кез­дері құс тұмауы кезінде тауықтардың жойылғаны рас. Сіз меңзегендей бұның бәрі халқымыз шетелдік тауарларды алып, өз өнімдеріміз амалсыздан жо­йы­­лып жатыр дегенге мен келісе ал­май­мын. Әрине, тұтынушыға алдымен керегі сапалы әрі арзан тауар. Сон­дық­тан бұл жерде тұтынушыны кінәлау қиын. Тұтынушыға ауыл еңбеккерлері жұмысының қиындығын жазып, оның көңілін аулай алмайсыз. Тек қана баға­сы да, сапасы да жақсы өнімді жарнамалап, оларға қолжетімді қылсаңыз ғана жағасыз.
Қажы Акбар Аюби:
– Әр мемлекет заң арқылы өндірісті қол­дап және сырт елден келетін тауар­лар­ды қадағалап тұруы керек. Заңы әлсіз мемлекетте өндіріс алға жүр­мей­тіні белгілі.
Бұл күні Қазақстанда жемқорлық кең етек жайып тұр. Пара арқылы ғана ісіңді алға бастыра аласың. Мұндай ор­тада отандық және шетелдік әде­биет­тің маңызы мен мәні туралы айту­дың өзі артық сияқты.
Абзал ҚҰСПАН:
– Мен бұл сұраққа оқырман ретінде ғ­а­на пікір білдіре аламын. Қарап
отырсам, кеңес заманындағы әдебиет бел­гілі бір идеологияға қызмет етті. Бі­рақ бұл шығармалар қазір көркемдік маңызын жойып алған секілді көрінеді. Себебі, сол дәуірде оқыған шығарма­ла­­рым менің жанымды тебіренте алмады, жадымда жатталып қалмады. Шы­ным­­ды айтсам, сол кезде оқыған кі­тап­­та­рымның ішінде ең әсерлісі – Абай шы­ғармалары еді. Әдебиеттің негізгі мақ­саты – «Мен кіммін?», «Бұл өмірге не үшін келдім?», «Өмірдегі мақ­сатым не?» деген сұрақтарға жауап іздеу деп ойлаймын. Ол кезеңде дінге қатты шек­теу қойылғандықтан діннің, ру­ха­нияттың орнын әдебиет басты. Әде­биетші болмағандықтан мүмкін бұл пікірім қате болар. Бірақ менің ойымша әдебиет адамның рухани болмысын қалыптастыруға қызмет етуі тиіс.
Мәселен, егер сіз базарға барсаңыз, бі­рінші кезекте «маған не керек» деп ой­лайсыз. Сатушы да «мен не сатам» деп емес, «мына тұтынушыға не керек» деп ойлауы керек. Сонда оның кәсібі дөңгеленіп кете берер еді. Ал егер ха­лық­тың сұранысымен санаспай әркім өз бетімен жұмысын жүргізе берсе, іс­тің алға баспасы анық. Сол секілді, мен оқырман ретінде кім не жазса, со­ны оқи бермеймін. Өзіме қажет нәр­се­лерді ғана іздеп оқимын. Яғни мәңгілік сұ­рақ­тарға жауап бере алатын, жан дү­ниеңді тебірентіп, рухани байытатын туындылар қашан да оқылымды ке­леді. Сондықтан белгілі бір идео­ло­гия­мен жазылған шығармалардың маңызы аса зор бола қоймайды дер едім.
– Қазақтың қазақтан басқа досы жо­ғы белгілі. Қазіргі күні халықтың ең­бек­тегі, өндірістегі ынтымағы бізге ауадай қажет болып тұр. Кәсіпкерлер ақ­ша­ны оңай табатындай көретініміз рас. Алайда, бізге ұлттың өндірісшіл қалыбын дамыту үшін тар аядағы түсініктерден арылатын уақыт келген секілді.
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Біз бір нәрсені түсінуіміз керек – би­знесте ұлт деген ұғым жоқ, онда тек пайдалы ма, жоқ па деген ұғым ғана бар. Сондықтан қазақ кәсіпке бейім­де­ліп, іскер болса оның достары да көп бо­лады. Әрине, кешегі кеңес заманында орталықтан басқаруға үйреніп қал­ған ұлтымыздың нарық заңдарына бейі­м­делуі оңай жүріп жатпағанын мойындаймыз. Дегенмен, жас ұрпақ үл­кен бетбұрыс жасап, нарыққа бейім­делген заманауи жаңа түсініктер қа­лып­тас­ты­рып келе жатқаны анық. Оның мысалдарын БАҚ-тан байқап та отыр­мыз.
Қажы Акбар Аюби:
– Экономикада табыс пен тәуекел қа­тар жүреді. Қазақстанның экономикасы әлі күнге дейін тұрақты жағдайға ке­ле алмай отыр. Сол үшін мұнда ақ­ша­ны табу қалай оңай болса, жоғалту да сондай оңай. Өндірістің дұрыс да­мы­мауының бір себебі, бұл салаға ин­вес­тицияның тартылмауы. Бөлінген ин­вестицияны қайтару үшін де біраз уа­қыт қажет болады. Өндіріске жұрт­тың көп бармауының негізгі себебі осы экономиканың тұрақсыздығы. Яғни мемлекет тарапынан дұрыс жағдай жа­салмағандықтан өндіріс орындарын ашу тиімсіз болып отыр.
Абзал ҚҰСПАН:
– Біз ұран ғып айта-айта көп сөз­дердің қадірін кетіріп алдық. «Па-
триот» деген сөз бар. Бұл сөзді қолдана-қол­дана жауыр қылдық. Ал негізінде шын мәніндегі патриоттық тәрбие біз­ге ауадай қажет. Бір мысал келтірейін, Жа­пониядағы кезекті қаржылық дағ­да­рыс кезіндегі халықтың ауызбіршілік танытуы үлгі аларлық еді. Сол тұста өз­дерінен өндірілетін күріш ауа райы­ның қолайсыздығына байланысты лас, сапасыз болып шығады. Бірақ бағасы қымбат еді. Ал көршілес Қытай елінің кү­рі­ші сапалы, тап-таза әрі арзан бола­тын. Сонда жергілікті жапондықтар өз­д­ерінің күріш өндірушілерін қолдау үшін қымбат әрі сапасыз күрішті сатып алған екен. Шынымды айтсам, халық­ты осындай ынтымақ пен ауызбірлікке жеткізу үшін қандай жұмыс жасау керек екенін білмеймін. Әрине, ақыл айту өте оңай. Ол тек қана биліктің не­­­месе БАҚ өкілдерінің қолынан ке­ле­тін шаруа емес екені анық. Бұл жерде кешенді іс-шара жүргізілуі қажет. Ха­лық­тан талап ету – оңай, ал халықты жұ­мылдыра білу – өнер. Мен бүгінгі кү­ні де КСРО тұсындағыдай жалаң ұран­шылдықты байқаймын. Жас отан­­дықтар пионерлерді есіме салады. Бәрі жасанды, құрғақ, бояма. Жасап жат­қан шаруаларының жүректен шық­пағандығы көзге ұрып тұрады. Бұндай дүниелер адамның патриоттық сезімін емес, жиіркеніш сезімін оятатыны жасырын емес. Толстой бір сөзінде:
«Біз – толқынбыз, – дейді. – Мен өзім­нің за­мандастарыммен күресіп көрдім. Олар еш түзелмейді екен. Яғни олармен күресу тиімсіз. Біздің соңымыздан ер­ген жастар бар. Ұлтына шын қызмет етем деген адам сол жастармен жұмыс жасауы керек. Бізге сапалы жастардың тол­қынын дайындау қажет», – дейді ол. Мен де осы тұжырымды қатты ұста­на­тын адаммын. Алмағайып заманда буыны қатқан біздің толқынды өзгерту қиын. Олар қазақ руханиятына қаржы салуға аса құлықты емес. Кейде кәсіп­керлерді қайырымдылық жасауға билік мәжбүрлеп көндіретіні жасырын емес. Біз оларды үгіттеп те, қорқытып та, алдап та бұған көндіре алмаймыз. Сон­дықтан жастар тәрбиесіне осы бас­тан дұрыс көңіл бөлу керек. Біз қай са­лада болсын кешенді жұмыс жүргізуі­міз қажет. Оқырманда «елге ақыл айтады, өзі не тындырыпты?» деген сұрақ тумауы үшін айтайын. «Мен қазір қа­ра­жатымды ел руханиятына арналған кітаптарды шығаруға арнап жүрмін. Бір ғана үйім мен көлігім бар, бай да емес­пін, бірақ ұлттық құндылықтарды ұлық­тайтын дүниелерге демеушілік етейін деп алдыма мақсат қойдым». Әрбір мемлекеттік ұйымға, партияға өз ісін сапалы, нәтижелі атқаруға талап қою керек. Құрғақ ұран мен жасан­ды­лықтан халық шаршады.
– «Егер мемлекет 25 пайыз азық-тү­лік­ті сырттан алатын болса, бұл ел азық-түлік қауіпсіздігінен айырылады» деген ға­лымдар байламы бар. Ал біздегі көр­сеткіш бұл межеден асып жығылатыны бел­гілі. Жыл сайын тонналап ет, сүт, ауыл­шаруашылық өнімдерін шетелге шы­ғардық деп есеп беріп жататын ми­нистрлеріміз бірінші кезекте өз өні­міміз­бен өз өлкелерімізді қамтамасыз ету жағын неге ескере бермейді деген сауал туады.
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Өте орынды сұрақ және өзекті мә­селе. Алдымен шетелге тонналап сүт, ет шығарып жатқан деген сөздің қан­шалықты шындыққа сай екенін бі­ліп алған дұрыс. Ол көрсеткіш ішкі на­рыққа зиян келтіретіндей көлемде емес екені анық. Біздегі ең басты мәсе­ле – ауыл шаруашылығы саласының жал­­пы өнімділігі мен еңбек өнімді­лі­гі­нің өте төмен деңгейде болуы. М­е­нің­ше, осы мәселені шешпейінше азық-тү­лік қа­уіп­сіздігі мәселесі де ше­­­­­­шілмейді. Әлем­де тоғызыншы орын ала­тын территориямыз бар, ғаламат та­биғи ресурс­тарымыз бар, соған қа­рамастан азын-ау­лақ халқымыз  үшін шеттен азық-түлік тасу деген елдігімізге ұят нәр­се.
Қажы Акбар Аюби:
– Өкінішке қарай Қазақстанда таяқ­тың екі ұшы болатынын ескере бер­мейтін секілді. Тек бір жақты ойлау б­а­сым. «Аса байлық жанға қас» деген сөз бар. Қазақ жерінің байлығы  әзірге ха­лық игілігі үшін жұмсалып жатпа­ға­н­ы байқалады. Қазірше ол қаржы бі­рін­шіден, білімсіздер  мен  жағым­паз­дар­дың лауазымды орындарда оты­­руы­на мүмкіншілік тудырып  отыр. Екін­шіден, халықты жемқорлыққа итер­мелеп жатыр. Үшіншіден, жұртты тас жүрек етіп, ақша үшін бір-бірін  өл­тіруге дейін баруға мәжбүрлеп тұр. Қа­зір Қазақстанда бай мен кедейдің ара­сы жер мен көктей.
Абзал ҚҰСПАН:
– Менің ойымша, азық-түлік қауіп­сіз­дігі деген бер жағы. Бұл – ұлттық қауіп­сіздік. Бұрын аллергиямен ауыра­тындар сирек кездесетін. Қазір екінің бірі осы дертке шалдыққан. Мен бұны сол әр елден келетін азық-түлік сапасы­нан көремін. Марқұм әкем еш уақытта біз­ге ет сатып алдырмайтын еді. Ауылда отырып, етіміз бітті-ау деген уақытта бір малын сойып беріп жіберетін. Бұ­рын мұның мәнісін аса түсінбейтінмін. Кейін Т.Шармановтың еңбектерін оқы­ғанда көп нәрсеге көз жеткіздім. Біз етті жеудің өзін ұмытып қалған екен­біз. Базарға барып қойдың өзімізге қа­жет бөлігін сатып аламыз. Ал дұры­сында бір қойды сойып алып етін ше­ті­нен толықтай жеуіміз қажет екен. Көп нәрсені біле тұра, зиянын көре тұ­ра тұтына береміз. Себебі, етіміз үй­реніп­ кеткен. Заманында Қазақстанның бо­лашағы ауылшаруашылығында деген түсінік бар еді. Біз оны мойындамай, қалаға бет бұрып кеттік. Енді қай­тадан ауылшаруашылығын қолға ал­сақ, болашағымыз жарқын боларына се­немін. Мұнай Қазақстанды ұшпаққа шы­ғарады деп ойламаймын. Әлемдегі ең таза өнімдерді бере алатын санаулы мемлекеттердің бірі – біздің еліміз. Жур­налистер қауымы Т.Шарманов секілді ғалымдардың еңбегін халыққа таныстырып, жергілікті өнімдердің пайдалы екендігін, шетелден келетін кей өнім­нің ағзаға зиянын ашып көр­сетіп отыр­са жақсы болар еді. Ме­нің ойымша, бізге жеке бастың пайдасын емес, ел мүддесін ойлайтын уақыт келді. Жұрт­тың бәрі тез байып кеткісі келеді. Сон­дықтан өндіріс орындарын ашудан гөрі саудамен айналысқанды жөн са­най­ды. Бізге жанқиярлық жетіс­пейді. Жан­қиярлық болмаса, ешбір кәсіп ал­ға жылжымайды.
Сопылардан қалған сөз бар. «Адам өмі­рі – амал, әдет, мінез, тағдыр деген төрт бөліктен тұрады. Егер әдетіңді өз­­герткің келсе, амалыңды дұрыста. Егер амалыңды дұрыстамасаң, әдетіңе айналады. Ал әдетіңді түземесең, ол се­нің мінезіңе айналады. Мінезіңді тү­зей алмасаң, тағдырыңа айналады» дей­ді. Осы бір сөз адамның бүкіл бітім-бол­мысын анықтайды. «Менің мінезім сон­­дай, әдетім сондай» деп ақта­ла­тын­дар өзіне қандай зиян келтіріп жүр­ген­дерін білмейді. Сондықтан әркім күн­де­лікті амалын қадағалуы керек деп ой­лаймын.

«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір