МЕНІҢ «МЕНШІКТІ СЫНШЫМ»…
17.06.2016
2543
0

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы


Тыныштықбек ӘбдікәкімұлыЖақында, «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті нөмірі (№ 23. 3-9 маусым. 2016) қолға тиді. Ол тұтастай Әдеби жыл Қорытындысына арналыпты. Оқып шықтық, әдебиет туралы әдемі Кеңес. Ал поэзия жөніндегі баяндаманы Аманхан Әлімұлы жасаған екен. Дұрыс-ақ делік. Алайда, оның нендей сипатта, қандай дәрежеде болатынын да, оның ішінде міндетті түрде менің аты-жөнімнің аталатынын да оқымай тұрып-ақ, автоматты түрде, бірден біле қойғанымды қалай жасырайын. Кәдімгідей, шартты рефлекс. Неге?

Өйткені, баяндамашының «сыншы» ретін­дегі тыныс-тіршілігі өз басыма соң­ғы ширек ғасыр бойы жақсы таныс. Оның үстіне, Әбекең осы жылдар бойына, үнемі, менің «меншікті сыншым» болып та келе жатыр. Әбекеңнің поэзия жайында мерзімдік баспасөз бетінде жария­лаған «сыни» жазбаларының бәрі­нің бас­ты нысанасы – мен. Әйтеу, жазға­ным­ды ылғи «сойып салады» да жатады. Сондағы мықтап ұста­натын «ғылыми теориясы» – әде­би-мәдени сын ғылы­мына үш қайнаса сорпасы қосыл­май­тын өзінің пенделік жеке көзқарасы, өзі «сынап» отырған авторға деген кіжіністі эмоциясы. Реті келген жерде, ол өзінің сон­дай «соқыр со­йы­лымен» мені жылдар бойы «сабап кетіп» жүрді. Шыдап бақ­тым. Бірақ шыдамның да ше­гі бар ғой. Ақыры, 2008 жылы, оның тағы да өзімді басты нысана еткен «Түйсік тамшылары» («Қ.Ә.» № 52. ) атты кезекті, көлемді «сы­нына» жа­уап беруге тура келді. Яғни «Түйсік тамшыларына» – «Ес тамшылары». Ол мақалам «Қазақ әдебиеті» газе­тінің 2009 жылғы екі санына бір­дей (№№2-3) жарияланды. Аманхан «сыны­ның»күл-талқаны шықты. Ең бастысы, онда мәнісі «Поэзия» деген ұғымнан да жоғары тұра­тын «Өлең» аталмыш рухани ғажап құбы­лыстың Қазақ Жанынан Тәңіріге дейінгі мәні мен маңызы жайында талай-талай соны Ойлар қозғалды. Бір әріптестерім қалжыңдап, «Ты­ныш­­тық­бектің «Ес тамшылары»-нан кейін, Аманхан қайтыс болып кетті» дегенді де айтып жүрді, сол мақаладан соң. Сөйтсем, «меншікті сыншым» өлмепті, «тірі» екен. Араға жеті жыл салып, міне, ол тағы да, сол баяғы «сойыпсалма со­қыр» әдетіне қайта басыпты.
Қош. Әбекеңнің бұ жолғы «сынына» әйгілі Ақсұңқарұлы мен бірнеше тегеу­рінді талант иелері де қоса ұшыраған. Оларға айтылған «сын­ның» бәріне төрелік еткендей болуым дұ­рыс болмас. Сондықтан өзіме «тиесілісін» ғана айтайын.
Сонымен, баяндамашымыз, алдымен, «қазіргі қазақ поэзиясының үш мінін анықтап» алған. Маған қатыстысы — «екіншісі»:
«…сана-сезімдегі поэтикалық-поэ­зия­лық хаос және логикалық қарама-қайшылық пен жүйесіздік, шашыраңқы да сусыма сынаптай сырғыған абстрак­циялық, тұманды, кешіріңіз­дер, ыстығы көтерілген сәби сандырағындай көңіл-күйдің көрінісінде өлеңдердің тенден­цияға айналып бара жатқандығы».
Мұндағы әдеби сынға еш қатысы жоқ «ша­шы­раңқы да сусыма сынаптай сыр­ғы­ған», «тұ­манды», «ыстығы көтерілген сәби санды­ра­ғындай» деген көпірме сөздерді алып тастасақ, Аманханның қазіргі Қазақ Поэзиясына тағып отырған «екінші міні» былай болып шығады:
«…сана-сезімдегі поэтикалық-поэ­зия­лық хаос және логикалық қарама-қайшылық пен жүйесіздік, абстрак­ция­лық, көңіл-күйдің көрі­ні­сінде өлең­­дердің тенденцияға айналып бара жат­қандығы».
Осы абракадабраның сынға нақты қатысты тұсы – «логикалық қарама-қайшылық пен жүйесіздік» деген тіркес қана. Ал енді, «сана-сезімдегі поэти­ка­лық-поэзиялық хаос» деге­ніңіз – сана-сезімнің көсем де көркем ойлау жүйе­сі­нің бей-берекетсіздігі, яғни кәдімгі дән­­дүріс сана-сезім. Ондай сана-сезімге тән сөздерді Аманханның түсініксіз өз теория­сы­ма­ғынан келтіреміз: «абстрак­ция­лық, көңіл-күйдің көрінісінде өлеңдер­дің тенденцияға айналып бара жатқандығы».
Баяндамада біздің екі өлеңіміздің Аманхан тарапынан «сынға» алынуы – оның  «Ойының орнында емес екенді­гінің» кезекті бір белгісі. Себебі, ол екі өлең – Фейсбуктегі біздің жеке па­рақ­ша­мыз­дан алынған. Оларды сондай әлеу­мет­тік желілерде сынауға болатын да шығар. Ал жеке парақшамдағы жеке меншігім болып табылатын сондай кез келген жазбамды заңсыз көшіріп алып, мәртебелі рухани орган ретіндегі Жазушылар одағының қасиетті мінберінен сынауға Аманханның да, басқаның да еш қақысы жоқ. Иә, аталмыш өлеңдер «Әдебиет пор­­талында» жарияланды. Бірақ мен ол «Пор­талға» да жариялауға рұқсат берген емеспін.

КӘДІМГІ ҚАРАПАЙЫМ
АҚИҚАТ
Оның әулие болғысы келеді.
Бола ала ма?
Ой тұтқынында әбден қамықты арман…
Бола алмайды.
Көкірек Көзі ит тірліктің көтіне бағытталған.
Құрдан-құр жабықпасын.
Жан нұрын Тәңір Нұрына бағыттасын.

Осыны мұндар да біледі.
Діндар да ескермейді.
Көт сасыған Сана Жұмақтың қошын қош көрмейді.
Аманханды осындағы «көт» деген сөз қоз­ды­рып жіберді ме екен? Олай болса, бекер қоза­ды. «Ұлы Сөзде ұяттық жоқ», – орынымен қол­да­нылса.

ЭВОЛЮЦИЯ
Менің Түп Атам – икс-вирус.
Содан бері жәндік те болдым.
Тышқан да болдым.
Қорқау да болдым азулы…
Тіпті, маймылдық дәуренім де –
маңдайымда жазулы.
Қазір де Адам  емеспін, хайуанға ұқсас пендемін.
Өйткені, кемел Ойлардан әлі де кендемін.

Иә, менің Түп Атам – Х-вирус,
Миы – Тәңір нұрынан себілген бір өскін.
Сол миды жетілдіре жүріп,  тіршілік үшін күрестім.
Ол – бүгін де шикі жеміс-дүр.
Тілім – кеміс тіл…
Болашақта, миым жұпар аңқып әбден піскенде,
Тілдесу оңай – періштелермен де, құспен де!..

Мен солайша ұдайы құбыла жаралам.
Тәңіріме жасампаз Нұр боп оралам!
Сонымен, осы екі өлеңге қатысты Аман­хан «сынының» сықпыты мынадай:
«Міне, тыңдап, көріп отырсыздар, осы өлең­дердегі жылтыр сөздер мен сөй­лемдер жиын­тығы, мағынасыздық, біз көрсеткен қазіргі қазақ поэзиясындағы екінші міннің толық көрсеткіші». Яғни Әбекең өлеңнің архитектоникасын, көр­кемділігін, образдылы­ғын, филосо­фия­лық мән-мағынасы мен тағы­лым­дық қадір-қасиетін кәдімгі сыншыға тән білімдарлықпен, әділдікпен талдап-жіктеп жатпайды, мінін дәлелдеп көр­сет­пейді; мәнсіз-мағынасыз өз теория­сымағының «қағидасына салып», ұрады да жібереді! Ал біз сол «екінші мін» жө­нін­дегі Аманхан «қағидасының» қан­дай сандырақ екендігін жоғарыда айтып кеттік. Енді ол сандыраққа Аманханның осындағы «жылтыр сөздер мен сөйлем­дер жиын­тығы» деген қызыл сөзін де қосып қоямыз, әрине.
«Сыншы» Аманхан санасының «кі­жі­ністі хаоста» екендігіне қатысты, пси­хогендік мынадай да бір маңызды мәселе бар. Әбекеңе баяндама жасауға мандат берген – Жазушылар ода­ғы. Оның төл газеті – «Қазақ әдебиеті». Баян­­дама сол газетте жарияланды. Дәл сол газеттің биылғы 3 наурызда шыққан нөмірінде менің «Тәж тоқып жүрек нұрынан…» деп аталатын топтама өлеңдерім (№№9-10. 11-б.) де жарық көрген. Баяндамаға арнайы дайындалған Әбекеңнің көлемі тұтас бір бетке жетеғабыл ол топтаманы өзі апта сайын оқып отыратын Одақ га­зе­тінен көрмей қалуы мүлде мүмкін емес. Ендеше, соны неге сынамаған? Қалай сынасын, одан сынайтындай өлең я сөз тұрмақ, бір үтір де таба алмас еді ғой ол.
Осы тұста, кейбір әріптестерімнің психикасы мен этикасына байланысты мына бір жағдаятты да айта кетпесем болмас. Фейсбук дегеннен шығады, жақында сол желінің «тас­пасын» әдеттегідей шолып отырсам, «АМАНХАН АҚИҚАТЫН АЙТТЫ!..» түрінде «айқайлай сүйінші сұрап тұрған» бір жазбаға көзім түсті. Біз айтып отырған Әдеби жыл Қо­рытындысы хақындағы қысқаша ғана хабар. Авторы – өзім бұрыннан сыйлап жүретін Жұмаш Кенебай ағам. Мен сол «хабардың» нақ­ты өзіме қатыстысын ғана сөзбе-сөз келті­рейін:
«…Былайша көпшілік көңілінен шығып жүрген ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы поэзиясының да қазақ поэзиясына тән көр­кем­діктен көп төмен түсіп жатқанын баса айтты баяндамашы. Айтпақшы, баяндамашы Аманхан Әлім Тыныштықбек шығармашылығы туралы айтып жатқан кезде, менің қасымда залда отырған ақын досым Мырзан Кенжебай жұлып алғандай: «Тыныштықбектің ақын­дығынан гөрі оның шизофринеясы басым», – деп айтып салды. Бір назар аударарлығы – осы әдеби жыл қорытындысынан тарап жатқан­дар­дың дені: Аманхан ақиқатын айтты… – десіп айтып жатты… 27. 05. 2016 жыл».
Өз сөзін: «айтты … десіп айтып жатты» – деп, орашолақ түйіндеген Жұмаш ағамыздың сол «хабарындағы» басқадай да сауатсыздықты мен айтып жатпаймын. Тек, оның Мырзан Кенжебай деген досы екеуінің «шизофринеясына» қайран қалам. Себебі, ҚЖО-ның мүшесі ретін­де, екеуі де – өздерін ақынмын деп, білімдімін деп ойлайтындардан ғой. Солардың әлі күнге дейін «шизофрения» деген қарапайым терминді де білмей, дұрыс айта алмай жүріп, баянда­ма­шы­ның жөнсіз пікірлеріне қыбы қанып, өз әріптестері ретіндегі мені еш негізсіз кекете-мұқата мазақ етулері, ақындық һәм азаматтық ар-намысыма шабуылдаулары несі екен? Өзде­рінің «шизофринеялық» мінез-құлықтарынан емес пе екен, ә?! Күндестігі де қоздамалы көк­до­лы әйелдер болса, бір сәрі, түсінер  ем ғой. Ұят енді… Сондықтан алдағы уақытта ондай «фринеялармен» сот алды арыздасқым да, Сөз Өнері турасында Ой жарыстырғым да келмейді. Ондай құрметтің салмағын олардың көтеріп жүре алмайтындықтарын жақсы білем, өйт­кені.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір